Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:26

Қазақ кикбоксингінің аңызы Сабыржан Махметов дүниеден өтті

Сабыржан
Фото: ашық дереккөз

Әлемдік жекпе-жек өнеріндегі ең беделді бапкерлердің бірі, қазақстандық кикбоксингтің аңызы, КСРО құрамасын басқарған жалғыз қазақ – Сабыржан Махметов өмірден озды. Қаралы хабарды журналист Қанат Ескендір мәлімдеді.

Сабыржан Махметов – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жекпе-жек федерациясының негізін қалаушы әрі жетекшісі. Оның есімі Қазақстанда ғана емес, шетелде де кеңінен танымал болды. Ол жауынгерлік өнердің дамуына зор үлес қосып, жоғары деңгейдегі спортшыларды тәрбиеледі.

Бапкер өз өмірінің кәсіби спортпен біте қайнасқанын жиі айтатын.

«Саналы ғұмырымның барлығы кәсіби спорт әлемімен байланысты. Бұл салада екі-ақ жол бар: жеңімпаз болу немесе жеңілу. Мұнда жалғандыққа, жағымпаздыққа орын жоқ… Спортта да, өмірде де талай сынақтан өттім. Үнемі төзімділік пен сабыр сынға түседі. Тек өз күшіне сенетін, сараптай білетін, қабылдаған шешіміне жауап бере алатын және Отанға шексіз адал адам ғана биікті бағындырады», – деп жазған еді Махметов.

Ол сондай-ақ мінезі мен жетістіктерінің қалыптасуына әкесінің өсиеті мен ата-анасының тәрбиесі ерекше әсер еткенін атап өткен.

«Әкемнің ақыл-кеңесі эмоциямды тежеп, мақсатқа шоғырлануға және жүздеген сәтсіздікке қарамастан нәтижеге жетуге көмектесті. Ата-анам әрдайым: өзіңді кейін ұялмайтындай ұста, себебі әр адам арқылы халық пен туған елің бағаланады, – деп үйретті. Туған жерге деген махаббатты жүрегімде өмір бойы алып жүрмін», – деген болатын ол.