Қазақ кино, театр өнерінің бір кезеңімен қоштастық
Асанәлі Әшімов десе қай қазақтың да көз алдына Бекежанның болмысы келері анық. Сонау жетпісінші жылдары бала кезімізде алыстағы ауылда жатып-ақ Асанәлі атамыздың әртістік шеберлігімен етене таныстық.
Кейін оқу іздеп Алматыға келген кездері Әшімовтің дүркіреп тұрған шағы еді. Өзімен жеке таныспас бұрын Асанәлі ағамыздың ұлы Сағи Әшімовпен театрда қатар жұмыс істедік. Ағамыздың алғашқы жұбайы Майра Айманова театрда сопрано дауыста опера әншісі боп қызмет атқарды. Біз миманста, яки көмекші әртістер құрамында жүрдік, ал Сағи біздің екі жылдай жетекшіміз болды. Сағи институтта актерлік мамандықты тәмамдап, әртістік жолын бастап жүрген шағы еді. Сағи арқылы Асекеңмен танысып, одан соң Майра апамызбен жақын араласып кеттік. Кейін театр сыны саласындағы жолымды бастаған шағымда Асекеңмен тығыз араласып, жақсы қарым-қатынас құрдық. Талай фестивальдерде бірге жүріп едік, төраға ретінде біздің пікірімізге құлақ түріп отыратын. Кәсіби шеберлігі мен ағалық ақылын айтып, бізге жөн сілтеп отырушы еді. Асекең деген кезде – күні кеше бір ғасырды артқа тастап, 100 жылдық маусымын бастаған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры еске түседі. Асекеңнің шығармашылық ғұмыры дәл осы Ұлттық театрымыздың бір кезеңімен тұтас сабақтасып, байланысып жатқаны рас. Асекеңмен қоштасу арқылы біз қазақ кино мен театр өнерінің бір кезеңімен қоштасып жатқан сияқтымыз. Бүгін жеткен қайғылы хабар бізге осыны меңзейді. Студенттік кезеңнен бастап қазақ киносына араласып, қазақ өнерінің тұтас бір тарихты, дәуірді жасаған Асекеңді танымайтын, білмейтін қазақ кемде-кем. Жап-жас, бозбала шағынан кино өнеріне араласса, алпысыншы жылдардың басынан бастап театрдағы жолы басталды. Кино мен театр өнерін қатар алып жүру, екі салада да абыройлы рөлдерге ие болу екінің біріне бұйыра бермейтін, қажырлы еңбек пен шынайы дарынды талап ететін үлкен бақ. Бүгін тек театр не кино өнері ғана емес, күллі қазақ руханияты орны толмас қазаға ұшырап отыр.
Асанәлі Әшімовті қазақ театр өнерінің тарихымен астасып кеткен ғасыр адамына балауға болады. Себебі Асекеңнің сахнада жасаған рөлдері мен сомдаған образдары оны Ұлттық театрмен тығыз байланыстырып жіберді. Тіпті Асекең сексенінші жылдардың соңында Ұлттық театрда басшылық қызмет те жасады. Күні бүгінге дейін театрдың көркемдік жетекшісі болып, тыныс-тіршілігінен хабардар болды. Сахна өнері мен қазақ театрына Асекеңнің қазасы ауыр тигені анық. Дәл осы Ұлттық театр сахнасында Асекеңнің сан салалы образы сайрап жатыр. М.Әуезовтің «Абайында» Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Иосиф Татаевич, Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Юлий Цезарь, М.Фриштің «Дон Жуанның думанында» Дон Жуан, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен терінде» Еламан, И.Вовнянконың «Апатында» бас кейіпкер, тағы да басқа көптеген қойылымда көрнекті актердің айшықты өнегесі мен өрнекті ізі қалды. Қазақ сахнасында актерлік өнерді бір белеске көтерген тұлғалардың бірі де, бірегейі. Тіпті өмірінің соңына дейін сахнаға деген адалдығын бір сәтке ұмытқан емес. Соңғы жылдары өзіне арнайы қойған қара шаңырақ сахнасындағы соңғы күрделі жұмысы Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузен бейнесін сомдады. Өзінің жасына, қалпына сай келетін образды сомдап шықты. Күні кеше 100 жылдыққа байланысты Республика сарайында өткен мерейтойды да осы образымен ашып берді.
Асекеңнің талантын тек актерлікпен өлшеу жаңсақтық болар. Анығында, Асекеңнің Ұлттық театрда режиссерлік еткен қойылымдары да арнайы зерттеуді қажет ететін күрделі тақырыптардың бірі. Театр сахнасында Гогольдің «Ревизорын», «Амангелді» сынды спектакльдерді де қойып, көрермен жүрегіне жол таба алды. Театрдағы Асанәлі Әшімов феноменін біржақты қарауға болмас, әрі актер, әрі режиссер, әрі көркемдік жетекші бола алған тұлға. Асекең жасаған рөлдердің сан салалы, қатпарлы, түрлі болуы тұлғаның психологиялық тереңдігін білдірсе керек. Қазақ киносы мен театрын, ұлттық өнерді халықаралық деңгейге көтере алған ірі тұлға ретінде біздің жадымызда сақталмақ. Театрда Асекең ұлттық драматургия мен заманауи драматургияны қатар меңгерген тұлға ретінде танылса, кинода мінезді терең психологиялық тереңдікпен бейнелеу арқылы есте қалды. Асанәлі Әшімов экранда пайда болып не сахнаға шыққан сәттен бастап кейіпкерді ойнамайды, кейіпкердің ішкі әлемін, рухани салмағын, адамдық трагедиясын көрерменнің жүрегіне тікелей жеткізеді. Сондықтан да Әшімов сомдаған бейнелер уақыт өткен сайын көнермей, керісінше, жаңа қырынан ашылып, әр буын көрерменімен қайта тілдесе бермек. Асанәлі Әшімов феномені оның қазақ театрындағы актерлік мектеп қалыптастыруымен де байланысты. Ол тек жеке шеберлігімен емес, сахна мәдениетіне деген талапшылдығымен, өнерге деген адалдығымен әсер етті. Актер үшін рөл – уақытша міндет қана емес, өмірлік жауапкершілік екенін ол өз болмысымен, іс-әрекеті арқылы өмір бойы дәлелдеді. Сахнаға шыққан әр сәтінде ол кәсіби тәртіп пен рухани дайындықтың не екенін, қандай боларын дәлелдеп, таланттың шынайы үлгісін көрсетті. Бүгінде Асекеңнің мектебінен түлеп ұшқан актерлар көпке танымал, талантты тұлғалар. Өзі құрып кеткен «Жаңа ғасыр» театры – бүгінде көрерменге сапалы спектакльдер ұсынып жүрген жас театрлардың бірі. Профессор ретінде талай шәкіртті ұясынан ұшырды. Асекеңнің сомдаған рөлдеріне қарап, бет түзеп, алдынан тәлім алмаса да, өзін шәкірт санайтын елдің түкпір-түкпірінде талай әртіс жүр. Асанәлі Әшімов феномені – ұлттық рухты өнер арқылы жеткізіп, экран мен сахнада қазақ болмысының айнасына айналған тұлға бола алуы шығар. Тек актерлік шеберлік қана емес, тұтастай ХХ ғасырдың мәдени кеңістігінің көрінісі осы Асекеңде тұр деп ойлаймын. Ағамыздың жатқан жері жаннат болсын деп тілейміз! Қазақ өнерінен тұтас бір дәуір көшіп бара жатқан сияқты... Бірер жылдан соң 90-ға толады деп іштей күтіп, қуанып жүр едік. Соңғы рет аэропортта кездесіп қалып, сұхбатқа шақырғанымда «Барлық нәрсе айтылды ғой» деп күлген еді. Радио, теледидар, газеттерге талай сұхбат беріп жүр ғой, арасын суытып, кейін айтамын деген ниеті шығар деген оймен, сол сәтті күтіп жүр едім. Асекең өз өмірі мен тағдырын, замандастарын, шығармашылығын, көргені мен түйгенін күнделік, кітап, эссе мен естелік қып артына жазып қалдырып кетті. Біздің бақытымызға орай, Асекеңнің артында қалған бірнеше кітабы, қолжазбалары бар. Ендігі ұрпақтың міндеті – соны зерттеу, түю, талдау.
Амангелді Мұқан