Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 19 Қараша 2025

Қазақ-қырғыз мүддесі. Тарихи тартыс, қоғамдық пікір

Елдес Орда
Елдес Орда

Қазіргі Орта Азия кеңістігі геосаяси мүдделер мен өркениеттік ықпалдардың түйіскен күрделі аймағы.

Әсіресе Қырғыз Республикасының ішкі саяси, мәдени және ақпараттық кеңістігі соңғы жылдары аймақтық үдерістердің айнасына айналып отыр. Елдің қоғамдық белсенділігі, ұлттық интеллигенциясының сергектігі және азаматтық қоғам институттарының күшеюі бір жағынан демократиялық даму нышаны болса, екінші жағынан, сыртқы ақпараттық және саяси ықпалдарға ашық алаң қалыптастыруда. Ондай болса, Қырғызстандағы қоғамдық динамика мен ақпараттық кеңістіктің ерекшелігі, сонымен қатар қазақ-қырғыз ғылыми байланысының қазіргі маңызы туралы сөз қозғап көрейік.

Қырғыз Республикасында тарих ғылымын өркениеттік ұстаным тұрғысынан терең түсінетін, эмоцияға берілмейтін, ғылыми әділеттілік пен объективтілікке сүйенетін тарихшы ғалымдар аз емес. Сондай-ақ ел тағдырына бейжай қарамайтын мәдениет және өнер қайраткерлері, шығармашылық зиялылар мен мемлекетшіл тұлғалар ұлт болашағы үшін жан аямай қызмет етіп жүр. Мемлекеттік сана мен ұлттық идеяны ілгерілету жолында еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер мен қоғамдық белсенділер де аз емес. Сонымен қатар Орта Азия кеңістігіндегі геосаяси өзгерістерді дұрыс бағамдай алатын саясаткерлер шоғырының болуы қырғыз қоғамының интеллектуалдық әлеуетін айқындайды.

Қырғыз Республикасының геосаяси жағдайы айрықша күрделі сипатқа ие. Елдің негізгі бөлігі таулы аймақтарда орналасқан, әрі аймақтық өзендердің бастауы осы өңірден бастау алады. Табиғи байлықтарының молдығы ірі державалардың назарын аудартып, Қырғызстанды аймақтық мүдделер тоғысқан алаңға айналдырған. Дегенмен елде азаматтық қоғам белсенді дамыған, қоғамдық бақылау тетіктері мықты, қырғызтілді орта қоғамдық пікірдің негізгі арнасы ретінде үстем рөлге ие. Мұндай әлеуметтік белсенділік билік жүйесін де үнемі қоғамдық жауапкершілік шеңберінде ұстауға ықпал етеді.

Қырғызстан аймақтық және жаһандық державалардың стратегиялық мүддесі түйіскен кеңістікке айналып келеді. Мұндай жағдайда ұлттық санасы биік, мемлекетшіл қайраткерлердің болуы елдің ішкі тұрақтылығы мен тәуелсіздігін сақтау үшін аса маңызды фактор. Қырғызтілді ақпараттық кеңістіктің ықпалы жоғары болғандықтан, кейбір сыртқы немесе ішкі күштер аудитория назарын маңызды мәселелерден бұрып отыруды көздейді. Бұл бағытта әлеуметтік желідегі белсенді блогерлер мен медиа тұлғалар да пайдаланылып отыр. Нәтижесінде, қоғамдық пікір көбіне рейтинг пен танымалдық көрсеткіштері арқылы айқындалатын құбылысқа айналып келеді.

Қырғыз қоғамында үнемі талқыланып отыратын даулы тақырыптар бар. Олардың негізгілері дін және тарих мәселесі. Қазіргі саяси билік құрылымы біртіндеп парламенттік жүйеден орталықтандырылған президенттік билік моделіне ауысуда. Бұл үдеріс саяси реформалар арқылы жүзеге асырылып келеді. Дегенмен қырғыз қоғамының белсенді азаматтық позициясы авторитарлық жүйенің толық орнығуына кедергі болып отыр. Сондықтан билік тарапынан қоғамдық назарды өз мүддесіне тиімді бағыттау тетіктері жиі қолданылады. Егер қоғам дін немесе тарих тақырыбында белсенді пікірталас жүргізіп жатса, сол сәтте билік пен ірі державалар арасындағы стратегиялық келіссөздер жүріп жатады деген ой туындайды.

Қырғыз блогерлері мен медиа белсенділері ақпараттық технологиялар мен аудиториялық менеджмент тәсілдерін жақсы меңгерген. Соңғы жылдары олар өз контентін тек қырғыз аудиториясына ғана емес, қазақ аудиториясына да бағыттай бастады. Бұрын 5-7 миллион көрерменге арналған материалдар енді ортақ тіл мен тақырып арқылы 20-25 миллиондық аудиторияға жетіп отыр. Ең көп талқыланатын тақырыптардың бірі тарихи тұлғалар мен этногенез мәселелері. Бұл тақырыптар ұлттық бірлікке емес, керісінше, ұсақ араздықты қоздыруға пайдаланылып отыр. Нәтижесінде, кейбір блогерлер танымалдылыққа ие болып, ал қоғам шынайы стратегиялық мәселелерден алыстап барады.

Соңғы жылдары Қырғызстан қоғамында ақпараттық кеңістіктің саясилануы күшейді. Әлеуметтік желілер мен медиа алаңдар тек пікір білдіру құралы емес, саяси бағыт пен қоғамдық сананы қалыптастырудың басты аренасына айналды. Ақпараттық ықпал үшін күрес барған сайын күрделеніп, сыртқы күштер тарапынан да идеологиялық шабуылдар байқалуда. Мұндай жағдайда ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті сақтау мемлекет саясатының негізгі басымдығына айналуы тиіс. Ақпараттық сауаттылық пен медиа мәдениетті арттыру қоғамның иммунитетін күшейтудің ең тиімді жолы.

Қырғызстан үшін қазіргі тарихи кезең ұлттық бірегейлікті нығайту мен әлеуметтік тұтастықты қамтамасыз етудің шешуші сәті болып отыр. Ұлттық элита мен интеллигенция елдің ішкі тұрақтылығын сақтауда шешуші рөл атқарады. Ұлтшылдық пен мемлекетшілдікті өркениеттік бағытта ұштастыра білу елдің келешек дамуында стратегиялық маңызға ие. Сондықтан аймақтық ынтымақтастық, мәдени алмасу және ғылыми интеграция сияқты ұғымдар тек ұран емес, нақты іске асатын ортақ бағытқа айналуы тиіс.

Енді не істеу керек?

Тарих ғылымы өркениет принциптері негізінде, саяси ықпалдан тәуелсіз бағытта дамуы қажет. Ғылыми әдіснаманың басты ұстанымы объективтілік пен сыншыл рационализм. Тарих билеуші таптың идеологиялық құралы емес, қоғамның өзін тану және даму заңдылықтарын айқындау тәсілі болуы тиіс.

Қазақ-қырғыз тарихшылары арасындағы кәсіби диалогты күшейту сыртқы күштердің ықпалын азайтудың ең тиімді жолы. Ғалымдар мен зерттеу орталықтары арасындағы тұрақты ғылыми байланыстар, біріккен жобалар мен конференциялар өзара сенімді нығайтып, ортақ тарихи мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.

ХХ ғасырдың басында қазақ-қырғыз интеллигенциясы екі халықты жақындастырудың әртүрлі механизмдерін жүйелі түрде зерттеді. Бұл ізденістердің нәтижесінде олар АЛАШ ұғымына тоқтады. Алайда Алаш қозғалысы тек советтік идеологияның мақсатында тап жау ретінде қарастырылған жоқ; сонымен қатар ол идеологиялық тұрғыдан маңызды, тіпті жойқын күш ретінде бағаланды. Сол себептен Алаш қозғалысын талқандау арқылы екі халықты біріктіретін эволюциялық механизм жүз жылға кешігіп, процесс толықтай тоқтатылды. Қазіргі кезеңде қазақ-қырғыз тарихын талқылау барысында жиі туындайтын даулардың көп бөлігі осы советтік идеологиялық мұраның нәтижесі болып табылады. Мұздатылған процесті қайта жандандыру және оның эволюциялық динамикасын қалпына келтіру мақсатында, бүгінгі қазақ-қырғыз интеллигенциясы ХХІ ғасырдағы өркениет стандарттары мен принциптері аясында АЛАШ ұғымын қайта қалыптастыруы қажет. Осы тұрғыдан, қазақ-қырғыз АЛАШ идеологиясы негізінде екі халық Түркі бірлігіне өзара келісіп, біріккен платформа арқылы қатысуы тиіс. Бұл, бір жағынан, Түркі бірлігіне кірерде алдымен қазақ-қырғыз тараптарының өзара стратегиялық кеңестерін жүзеге асырып, біріктірілген платформаны дамыту арқылы оның құрылысын тиімді басқаруға және оның ықпалын ұзақ мерзімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақ-қырғыз ақпараттық кеңістігінде жауапкершілікті медиа мәдениетін қалыптастыру қажет. Ғалымдар мен журналистер ұлтаралық тақырыптарды рейтинг пен танымалдық құралына айналдырмай, ғылыми-танымдық деңгейде талқылауды дәстүрге айналдыруы тиіс. Бұл ақпараттық манипуляция мен саяси спекуляцияның алдын алудың басты шарты.

Мемлекеттік құрылымдар, ғылыми орталықтар және қоғамдық ұйымдар арасында өзара үйлесімді саясат жүргізу маңызды. Тарихи және мәдени тақырыптарды ашық, ғылыми негізде талқылау арқылы билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға болады. Бұл тәсіл сыртқы ықпалға қарсы тұра алатын дербес идеологиялық иммунитетті қалыптастырады.

Елдес ОРДА

Тарихшы, ғалым

Тегтер: