Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 02 Сәуір 2024

Қазақ көші қашан түзеледі?

ч
Фото: из открытых источников

2023 жылдың 11 қарашасынан бастап, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасында мемлекеттердегі азаматтарға қатысты ақпарат алмасу туралы келісім күшіне енді.

Бұл келісімнің негізгі мақсаты – осы елдер арасында елге келу, берілген визалардың саны жəне азаматтығына қабылданған адамдар туралы мəліметтермен алмасу. Мұндай құжатнамалық реттеулер мен сақтық шараларын күшейту аса қажет екені даусыз. Одан бөлек, Қытай мен Қазақстан арасында 30 күндік визасыз режим белгіленіп, қозғалыс аз да болса еркін бола бастады. Осы секілді ірілі-ұсақты шаралар қабылданып, игілігін көрсетіп жатса да, Қытайдан Қазақстанға көшкісі келетін қазақтар үшін кедергілер мен қағазбастылықтың бар екенін де жоққа шығара алмаймыз. Бұл туралы бірнеше жыл бұрын Қытайдан Қазақстанға көшіп келген қандасымыз Ықпал Қапарғазы айтып берді. Ары қарайғы əңгімені кейіпкердің өз сөзімен беруді жөн көрдік.

Қазақстанды туыс-таныстың əңгімесі арқылы таныдық

Қазақстанға бару, көшу туралы ойдан бұрын, Қазақстан деген ұғымның қалай қалыптасқаны туралы айту керек шығар... Бұл ұғым бала кезден құлағымызға сіңді, көкірегімізге құйылды десек, өтірік болады. Қытайдың коммунистік партиясы мен ондағы заңдар, заңдылықтар, оқу-ағарту жүйесінде тəрбиеленгендігіміз тағы бар. Бастауыш мектептің үшінші, төртінші сыныбына барғанда біздің ауылдан болмаса көрші ауылдан, көршілес аудандардан елге көшкен ағайын-туыс, таныс-тамыр қыдырып келе бастады. Міне, сол кісілер арқылы мен құралпы балалар, жігіттер мен қыздар ел туралы, Қазақстан туралы түсінік қалыптастыра бастады, отанына оралған туыс-туғандардың əңгіме-сөзіне қарап толғанды. Олай болатыны да заңды. Себебі əлеуметтік желі деген енді ғана дамып жатыр. Ал бұрын ондай еркін хат алмасу, ақпарат алу деген болған жоқ. Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдары да, телеарналары да Қазақстанды айтып, көрсетіп қарық қылмайды. Сондықтан сол туыс-таныстың əңгімесі көзімізді ашты деуге болады.
Кейіннен, есейіп, ес жия келе өзіміздің ұлттық мүддеміз тиісті деңгейде қорғалмайтынына көзіміз жетіп, түсіне бастадық. Содан болар, елге, жерге деген сағыныштан гөрі, Қытайдың қыңыр жүйесінен қашу үшін Қазақстанға көшуді көп ойлай бастайсың. Махаббаттан емес, теперіштен туатын ниет... Əрине, ол əуелдегі ой ғой.

Құжатбастылық белең алып тұр

Негізі, Қытайдағы қазақтардың көпшілігі елге көшкісі келеді. Ондағы ресми деректер Қытайда 1,5 миллион қазақ тұрады дейді. Ал шын мəнінде 3 миллиондай қазақ Қытайда өмір сүріп жатыр деп айтуға болады. Солардың
жартысынан көбі Қазақстанға көшуді ойлайды, ниет етеді, жоспарлайды. Бірақ өкінішке қарай, олардың алдынан кесе-көлденең шығатын мəселе көп. Себебі ондағы құжаттау мен бюрократиялық рəсімдер өз халқына ыңғайлы болғанымен, қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз сынды Шынжаң өлкесінде өмір сүретін халыққа қолайсыз екені жасырын емес. Соның əсерінен болар, Қазақстанға көшіп келетін қазақтың қиындығы Қытайдан басталады. Елге барамын деп шешкен адамға паспорт жасату үлкен əуре. Алдымен Қазақстандағы бір туысы шақырту жіберуі керек немесе оқу визасын жасатасың. Басқа нұсқа жоқ. Сол қоңыр паспортты алу үшін көп жүгіресің, сан түрлі қағазбастылық, бітпейтін əңгімелесу, қоятын мөрлері мен таңбалары тағы бар. Жауапты мамандар Қазақстанға не үшін барасың, барғанда сені не күтіп тұр, осы барғаннан қайтып келесің бе, жоқ па деген сұрақтар қояды. Осы нəрселер кейде адамды қажытып, елге келуге деген меселіңді қайтарып та тастайды. Осылай, барғысы келсе де бара алмайтын, келгісі келсе де келе алмайтын жағдайлар көп...

Менде ұлттық лицейдің шақыртуы болды

Өзімнің оқиғама келер болсам, менде «Қазбілім» ұлттық лицейінің шақыртуы болды. Сол шақыртуды ауылымдағы жергілікті басқару органдарына көрсеткен соң паспортымды қолыма берді. Бір қызық жері, біздің паспортымыз өз қолымызда, өзімізде тұрмайды. Қазір азаматтардың өзіне беріледі, бірақ 2023 жылға дейін бəрі де жергілікті полиция департаментінде сақталып тұратын. Не керек, паспортыңды алып, Қазақстанға келесің. Алдымен, «Е-қонақ» бағдарламасы арқылы тұрақты тіркеуге тұрасың. Сөйтіп, емтихан тапсырдым да, университеттегі дайындық курсына тіркеліп, тізімге енгізілгенімді қадағаладым. Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық факультетіне қабылдансаң, паспортыңды, туу туралы куəлігіңді, аттестатыңды алып, оны аудартып, тиісті орынға өткізесің.
Осы нəрсе де мені таңғалдырды, Қазақстандамыз, бірақ құжаттардың бəрі, процестер толығымен орысша жүргізіледі. Осы тұста Қытайдан келген қазақтар көп ыңғайсыздықтарға тап болуы мүмкін. Себебі таза қазақша жəне қытайша оқып, сөйлеп келген адамға біздің еліміздегі шамадан тыс көп жəне «аса маңызды» орыс тілі түсініксіз болады. Ол заңды да. Мəселен, Өзбекстаннан немесе Моңғолиядан келген қазақтар орысша түсініп, ақпарат алмасуы мүмкін, ал Қытай қазақтарына құжатнаманың орысша болуы ыңғайсыз. Қарапайым «ЦОН», «нотариус» дегендердің өзін түсінбей, қиналып жатады. Бəрі қазақша болғанда, бəлкім, мұндай қолайсыздықтар болмас па еді?
Оқуға емес, өзі келген қазақтар да туу туралы куəлігін, паспортын алып келеді. Енді оларға тұрақты тіркеуге тұру өте қиын. Оның үстіне белгілі бір мерзім ішінде тұрақты тіркеуге тұрмасаң, төлететін айыппұлы бар. Азаматтық алу үшін де міндетті түрде бір жерде тұрақты тіркеуің болуы тиіс. Туған-туысқа, таныс-тамырға шығып, тұрақты тіркеуге тұруға болатын үй іздеп сабыласың. Қалалық көші-қон мекемелеріне барып, құжаттарды
рəсімдеп, азаматтыққа тапсырасың. Тура осы секілді жеке сəйкестендіру нөмірін алу, қандас куəлігін алудың да жүгірісі көп. Осындай қағазбастылық бір адамның қалтасынан 40-50 мың ақша шығарады. Ал бір отбасы көшіп келгенде ше? Мейлі, осының бəрінен соң азаматтығыңды аласың. Сонда арқаңнан жүк түскендей болады, көңілің мен жаның тынышталады.

P.S. Əрине, кейіпкеріміз айтқандай, қандастарымыздың елге келуіне кедергілер жоқ емес. Дейтұрғанмен, оларға жасалатын жағдай жақсарып келеді. Мəселен, 2023 жылы басынан бері елге жиыны 21 323 қандас келген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2100 адамға көбірек. Қандас мəртебесі бойынша құжаттар «Е-қонақ» мобильді қосымшасы арқылы қабылданып жүр. Əрі бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істеледі. Демек, уақыт шығынын азайтуға бар мүмкіндік жасалып жатыр.
Сондай-ақ қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізілген этникалық қазақтар үкімет айқындаған өңірлерге қоныс аударады. 2023 жылы қандастарды қоныстандыру үшін еңбек күші тапшы өңірлер – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс жəне Солтүстік Қазақстан облыстары қарастырылған. Осы өңірлерге қоныстанған қандастарға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Оның ішінде, отбасының əрбір мүшесіне 241 500 теңге біржолғы жəрдемақы төленді. Жəне тұрғын үй жалдау, коммуналдық қызметтер шығынын жабу үшін бір жыл ішінде ай сайын 51 750 теңгеден 103 500 теңгеге дейін ақы төленіп тұрды. Мұндай квотамен өткен жылы 1 925 адам қамтылса, биыл өңірлік квота 2 433 адамды, қоныс аударушыларға – 7 050 адамды құрайды.

Жазып алған
Балауса Ділдəбек

Фото: pixabay

Тегтер: