Қазақ көші қайта қаңтарыла ма?
Шетте жүрген қандастарды елге шақыру – қазақ билігінің тәуелсіздік алғаннан бері жүргізген ең маңызды саясатының бірі. Шенділер мұны үлкен мақтанышпен айтып та жүрді.
«Әлемде өз қандастарын жинап жатқан бірнеше мемлекет қана бар, соның бірі – біз» деген сөзді биік мінберлерден талай естігеміз. 1991 жылдан бері елге 1-1,5 млн қазақ көшіп келді деген ақпарат бар. Айтарға оңай көрінгенімен, осы миллиондаған қазақтың әрбірі Қазақстанға келіп, көк паспорт алғанға дейін талай қиындықты бастан өткергені анық.
Қазақ көші түрлі кедергілерден көз ашқан емес. Өткен 35 жылда көші-қон заңына сан мәрте өзгеріс еніп, шекара асқан ағайынды талай әуреге салды. Билік жаңа талаптар енгізуден, қандастар бума-бума құжат жинаудан шаршады. Соның ішінде ең шулысы – «сотталмағаны туралы анықтама» мен «бұрын тұрған еліндегі тіркеуден шыққаны туралы анықтама». Ел арасында «қос анықтама» атанған атышулы құжаттар қазақ көшін қаңтарып тастағаны есімізде.
Әрине, халықаралық тәртіп тұрғысынан алғанда бұл екі анықтама «жеті қат жерастынан ғана табылатын» құжат емес. Өзбекстан, Қырғызстан сияқты елден келген қандастарымыз үшін оны алу аса қиын болған жоқ. Ал әлемдік келісімдерге мойын бұрмай, өз бетінше әрекет ететін Қытай үкіметі бұл құжаттарды бермей, жұртты әуреге салған. Бермегенде былай ғой, Бейжің бір кездері «сотталмағаны туралы анықтаманы» берілмейтін құжаттар тізіміне қосқан. Өтініш жазып, Қытай тіркеуінен шығу да мүмкін емес. Ол үшін өзге елдің азаматтығын алу қажет, сонда Бейжің сізді өз тіркеуінен автоматты түрде өшіріп тастайды.
Қоғам белсенділері мен заңгерлер осыны Қазақстан билігіне түсіндіру үшін бірнеше жыл уақыт жұмсады. Ақыры, 2017 жылдан бастап Астана «қос анықтаманы» қандастардан талап етпейтін болған. Бірақ осы тұста Қытайдың аз ұлттарға бағыттаған қудалау саясаты басталып, оған коронавирус пандемиясы қосылып, көш бірнеше жыл тоқтады. Ал кейінгі 2-3 жылда шығыстағы шекарамыздан елге ағылған ағайынның саны арта бастаған. Мысалы, 2025 жылы 16,8 мың қазақ қандас мәртебесін алыпты, соның 7 мыңнан астамы Қытайдан келген екен.
Жаңа талап – жаңа кедергі
Бірақ осы оң үрдіс тағы тоқтайтын сияқты. Ел билігі көші-қон тәртібін кезекті рет өзгертіп жатыр. Жақында ел билігі «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру» және «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» қызметтері бойынша пилоттық жобаны жариялады. Жасанды интеллект және цифрлық даму, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрлері қол қойып, Сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті келісім берген құжат қазақ көшіне бұрын-сонды болмаған үлкен тосқауыл қоюы мүмкін.
Құжат мәтінімен біз де танысып шықтық. Шенділер Қазақстан азаматтығын алу барысында қандастарға берілетін жеңілдікті алып тастауға бел буғандай көрінеді. Біріншіден, бұдан былай қандастар азаматтық алу үшін қазақ тілінен емтихан тапсыруға міндетті болады. Сондай-ақ Қазақстан тарихы мен Конституция негіздерін білуге міндеттеледі.
Көк паспорт алуға ынта танытқан шетелдіктерді қазақ тілінен емтихан тапсыруға міндеттейтін ереже 2023 жылы пайда болған. Сол кезде қоғам мұны құп көрген еді. Бірақ содан бері қанша шетелдік қазақ тілінен тест тапсырып, қанша балл жинағаны жайлы еш жерде ақпарат жоқ. Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан азаматы атанған бірнеше белгілі тұлғаны, спортшыларды білеміз. Олардың қазақ тілінде сөйлеп жүргенін көрген емеспіз. Көрші елдерден келген қарапайым азаматтардың да тест тапсырып, сүрінбей өткеніне сену қиын. Бірақ бұл арнайы зерттеуді талап ететін бөлек мәселе.
Бұған дейін шеттен келген қандастар емтихан тапсырмайтын. Енді олар да өзге шетелдіктер сияқты қазақ тілін білетінін дәлелдеуі қажет. Қазақ болса, қазақ тілінен емтихан тапсыруға неге қиналады деуіңіз мүмкін. Мәселе әліпбиде болып тұр. Шеттен келген қандастар біз қолданып жүрген кириллицаны білмейді. Бұл әліпби Моңғолия мен бұрынғы ТМД елдерінде ғана оқытылады. Ал Қытай, Иран сияқты алыс шетелде қандастарымыз басқа әліпбимен оқыған. Қазақстанға алғаш келгенде кириллица жазуды оқып, түсінуі қиынға соғады. Демек, қазақ тілін біліп тұрса да емтиханнан құлап қалуы мүмкін.
Оның үстіне Қытай 2010 жылдан бастап қазақ мектептерін жауып, тек қытайша оқыта бастады. Қазір ол елде ана тілін толық білмейтін қазақ жасөспірімдер көп. Бұл жағдай сол елдегі қандастардың арқасына аяздай батады. Сол үшін «ұрпағым қазақ болсын» деген ниетпен Қазақстанға келеді. Ал оларды шекарадан күтіп алып, өмірі көрмеген әліпби бойынша емтихан алу орынды ма?
«Моңғолиядан келген қазақ емтихан тапсыра алуы мүмкін. Әріп таниды, тез оқып, түсіне алады. Материал қарап, біраз уақыт дайындалса, емтиханнан өтіп кетуге мүмкіндігі бар. Ал Қытай қазақтарында мұндай мүмкіндік жоқ. Олар Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиімен білім алған. Зиялы деген қауымның өзі алғаш келгенде кириллицаны үйреніп, оқып-жазып кете алуы қиындау. Оқи алған күннің өзінде кейбір атауларда айырмашылық көп. Әсіресе заң тілінде, Қазақстан тарихына қатысты атауларда өзгешелік бар. Қазақ тілінің грамматикасын да кез келген адам біледі деп айта алмаймыз. Сол үшін Қытай қазағының осы үш түрлі емтиханнан өту мүмкіндігін 0 пайыз деп айтуға болады. Демек бұл талап алынып тасталмайынша, Қытайдан келген ешбір қазақ қандас мәртебесін алмайды. Оны алмаса азаматтық та жоқ деген сөз», – дейді журналист, ақын Қуаныш Ілиясұлы.
Ең қызығы, қандастарды қысымға алып отырған бұл талап «халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алатын» тұлғаларға қойылмайды. Мұндағы «халықаралық шарттар негізінде» деп Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы келісімді айтып отыр. Яғни аталған үш мемлекеттен келген адам Қазақстан азаматтығын алу үшін қазақ тілінен емтихан тапсырмайды. Басқаша айтқанда, қандастарға қимаған жеңілдікті, өзге ел азаматтарына беріп отырмыз.
Қарапайым логикаға салсақ, Қазақстан азаматтығын алуға этникалық қазақтардан бөлек, Ресей мен Беларусьтан келгендер ғана ынта танытуы мүмкін. Әлдекім алыс шетелден, Еуропадан келіп, көк паспорт алыпты дегенді көп естімейміз. Соған қарағанда, қазақ тілі емтиханын тек қазақтар тапсыратын сияқты. Мұны әділдік деуге келе ме?
«Екі анықтама» қайта оралады
Қазақ көшіне тұсау салатын екінші кедергі – жоғарыда біз сөз еткен «екі анықтама». Заң бойынша елге көшіп келген қазақ азаматтық алу үшін алдымен «қандас мәртебесіне» қол жеткізуі қажет, онсыз азаматтық берілмейді. Ал біздің билік бұл құжатты беру тәртібін қиындатып, солтүстік пен шығыстағы алты облыстан ғана алуды талап етіп жүр. Басқа өңірге тұрақтау үшін тегі бір туысың немесе ресми жұмысқа шақырушы болуы қажет. Бұл – Солтүстік өңірлерге халықты шақыруға бағытталған мемлекеттік стратегия. Оған ешкім қарсылық танытқан жоқ, бірақ билік онсыз да қиын осы талапты тағы күрделендіріп жіберді.
Енді «қандас мәртебесін» алатын қазақ өзі келген елден «сотталмағаны туралы» және «тіркеуден шыққаны туралы» анықтама әкелуі қажет. Жоғарыда 2017 жылдан бастап бұл анықтамаларды сұрау тоқтағанын жазған едік. Енді Қытай билігі осы анықтамаларды беруге келісіпті. Бірақ мұндағы келісім қағаз жүзінде ғана. Қытайды жақсы білетін мамандардың айтуынша, қандастарымыз қоныстанған Шыңжаң өңірінде мұндай құжатты алу мүмкін емес. Аяу Қашаған есімді азамат арнайы зерттеу жүргізіп, Шыңжаң көлемінде «сотталмағаны туралы құжаттың» онлайн берілмейтінін анықтағанын жазды. Ал азамат жеке куәлігін алып, жергілікті полицияға барған күннің өзінде бұл анықтаманы беруге ешкім тәуекел ете алмайды. Өйткені Қытайда «кім қол қойса, сол жауап береді» деген қағида бар. Яғни шетелге шыққан азамат кейін заң бұзса, анықтамаға қол қойған адам жауап береді. Қытай сияқты коммунистік елде мұндайға кім тәуекел ете алады?
Ал Қытай тіркеуінен шығу бұдан да қиын. Ресми Бейжің мемлекеттік келісімдер негізінде тіркеуден шығаруға келіскендей түр танытқанымен, жергілікті атқарушы орган оны орындай қоюы екіталай. Осыдан бірер жыл бұрын ғана ауыр саяси қысым көрген қандастардың қытай шенділерінің алдына барып, «Қазақстанға кетейін деп едім, тіркеуден шығарып, сотталмады деген анықтама бер» деп айтуы мүмкін емес. Егер анықтама берілмей, Қазақстанға кете алмай қалса, алдағы уақытта қудалауға немесе қысымға ұшырауы мүмкін. Қазақстанға Қытайдан келіп жатқан қандастардың түгелге жуығы туысшылау немесе оқу мақсатында келіп, қалып қояды. Арнайы көші-қон бабымен келгендер өте аз.
Оның үстіне Қытаймен визасыз режим орнағаннан бері қандастар бір айлық сапарлап келіп, осы жақтан С1 визасын рәсімдеп, көк паспорт алатын болған. Олардың көбі – «Қазақстанға кеттім» деп, Қытайдағы мал-мүлкін сатып, жүгін арқалап, біржола келгендер. Олар енді «анықтама қажет» деп қайта шекара асса, қытайлар құшақ жая қарсы алады дегенге сену қиын. Тіпті «неге бір айға кетіп, қайта келмей қойдың» деп әлек салуы да ғажап емес. 2017 жылдан бері жалын шашып тұрған лагерьге жауып тастауы да ғажап емес.
«Бұл анықтамаларды сұрау халықаралық тәжірибеде бар. Басқа елдерде оңай беріледі. Мұндай тәртіп Қытайда да бар. Бірақ Қытайда екі түрлі саясат жүреді. Яғни басқа облыстарда бір саясат, Шыңжаңда бөлек саясат бар. Шыңжаңдағы көп жұмыс заң бойынша, құжат жүзінде істелініп жатқан жоқ. Бар шаруа аймақтық партия комитеті мен жергілікті үкімет арқылы жүреді. Көп жұмыс ауызша бұйрық арқылы жүзеге асады. Әкімшілік аумақ төмендеген сайын тіпті күрделене түседі. Аймаққа, облысқа, ауданға, ауылға түскенде жұмыс мүлде жүрмейді. Демек Шыңжаңда «сотталмады» деген анықтама берілмейді. Сондай-ақ кезінде Қытайда «кепіл болу» деген саясат жүрген. Яғни Қазақстанға шығатын адамның тыныш барып, тыныш қайтуына сол жақтағы бір туысы кепіл болып, құжатқа қол қоятын. Анықтама беру деген тура сол сияқты. Анықтамаға қол қойған қызметкер басымен жауап береді.
Ал «тіркеуден шығып келу» деген де мүмкін емес шаруа. Тіркеуден шығу деген сөз ол жақтағы барынан бас тартып, толық тазалану дегенді білдіреді. Ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген ағайын 49 жылға алған жер-суын үкіметке тегін өткізуі қажет болады. Демек, бұл да өте күрделі жұмыс. Бұл екі құжатты Қытайдағы кез келген ағайын ала алмайды. Екі ортада біреулердің ақша жасайтын құралына айналады. Бұл елге келгісі келетін ағайынның қалтасына салмақ салып, жұмыс қарқынын баяулатады. Сондықтан мұны да қазақ көшін тоқтататын қадам деп есептеймін. Сондықтан бұл талаптарды жеңілдету қажет. Біріншіден, қандастардан емтихан алудың күшін жою қажет. Бұл биліктің өз қолында тұр. Екіншіден, Қытайдан алатын анықтамалардың тізгіні сол елдің қолында тұр. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі ол жақпен келісіп, оңтайлы шешім қабылдау керек», – дейді Қ.Ілиясұлы.
Айтпақшы, Қазақстан билігі қандастар туралы айтқанда үнемі «мемлекеттік қолдау көрсету», «жұмыспен қамту», «ортаға бейімдеу» және «біліктілігін арттыру» деген бағдарламаларды алға тартады. Осынша бағдарламаны не үшін жасағаны белгісіз. Сарапшылар оның ешбірі оңды жұмыс істеп жатпағанын айтады. Бәрі «қандастарды қолдап жатырмыз» деген есеп үшін ғана қажеттей көрінеді. Негізі шеттен келген қазаққа ең керегі – құжаттарының кедергісіз бітіп, тезірек азаматтық алу. Ал «жұмыспен қамту, ортаға бейімдеу» деген сияқты шенділер өздері ғана білетін бағдарламалардың қажеті шамалы. Үкімет қандастарды шын қолдағысы келсе, көп әуреге салмай, көк паспортты тезірек берсе болғаны. Ал қалғанын қандастар осындағы 20 млн халықпен бірге көруге дайын...
Бурахан Дақанов
Қандастың шетелдіктен еш айырмасы қалмайды
Биылдан бастап елге келетін қандастар күрт азаяды деп болжап отырмын. Өйткені енді елге келген ағайын қандас мәртебесін алу үшін Қазақстан тарихы, Қазақстан Конституция негіздері және Қазақ тілінен емтихан тапсырады. Сұрақтармен таныстым, өте күрделі, оны тіпті елдегі қазақтардың өзі тапсыра алмауы мүмкін.
Мысалы, Конституция негіздері бөлімінде мынадай сұрақ бар. «Республика Конституциясына сай азаматтардың мына құқықтары шектелмеуі тиіс:
А. Бірлесу бостандығы,
B. Мемлекеттік істі басқаруға қатысу,
С. Өмір сүру,
D. Сайлау және сайлану еркіндігі».
Ал Қазақстан тарихы бөлімінде мынадай сұрақ кездеседі. «1992 жылы, 7 мамырда не құрылды?
A. Қазақ КСР қарулы күштері,
B. ҚР Қорғаныс министірлігі,
C. Қазақстан халық ассамблеясы,
D. ҚазАКСР қарулы күштері».
Қазақ тілінен тест кәдімгі көп сөйлемді жұмбақтардан тұрады. Оның үстіне емтихан кирилица жазумен алынады. Енді елестетіңіз, Қытай, Иран және Ауғаныстанда сол елдің білім жүйесімен тәрбие алған қазақ мына сұрақтарға қалай жауап береді? Оның үстіне, бір рет тесттен өту бағасы – 9000 теңге. Сынақ ретінде тапсыру – 3535 тенге. Тесттен бір құласаң, бір айдан кейін қайта тапсырасың. Екінші рет өтпесең – 3 ай, тағы өте алмасаң – 6 айдан соң ғана мүмкіндік беріледі. Демек шеттен келген қазақтан мұндай емтихан алу – нағыз утопия!
Сондай-ақ жаңа ереже бойынша елге келген қандас бұрынғыдай бір жылда азаматтық ала алмайды. Енді шеттен келген гасторбайтерлар сияқты 5 жыл бойы бөтен елдің азаматы ретінде жүреді. Басқалардан айырмашылығы, қандас деген статус ғана. 5 жыл уақыт өткен соң ғана азаматтық беріледі. Мұндай тәртіпті мүлде түсіне алар емеспін. Қандастар елге Қазақстан азаматы болу үшін келеді. Ал көк паспортты алу үшін 5 жыл күтетін болса, кім келеді? Азаматтық алмаса, қандас мәртебесі болғанымен, Қазақстанда тұрып жатқан шетел азаматы ғана болады. Жер иеленіп, егін егіп, мал баға алмайды. Үй сатып ала алмайды. Қазіргі ережеге сай, елге келген қазақ бірден виза рәсімдеп, қандас куәлігіне алып, 7-8 айда азаматтық ала алады. Көк паспорт алған соң өз бетінше тіршілік құрады. Енді қалай боларын түсінбей отырмын. Сонда қандастың шеттен келген өзге ұлт өкілінен еш айырмасы болмағаны ма?
Қуаныш Қаппас