Қазақ қуанар енді не қалды?
Өзі де көп қызық көрмеген, ертеңге деген үмітін өлтірмей, ғажайыпқа сеніп қана күн көріп келе жатқан қазақ халқының төрт жыл сайын бір даурығып, мәре-сәре болып қалатыны болушы еді. Бұған үйреткен де биліктің өзі болатын.
Олар спортты өз ойындарына пайдалануға бар күшін салды: чемпиондарды билік партиясына мүше қылды; президентті мақтайтын отырыстарға спикер сайлады; ыңқылдатып сөйлетіп депутат қылды; шенеунік те жасап жіберді; ең ауыры – наразылық митингілеріне әкеліп «титушка» жасады... Ақыры, біз олимпиадада алтынсыз қалдық. Алтын керек қылып па, күміссіз қайттық. Токио олимпиадасынан есте қалғаны – «біздің спорт қола дәуіріне бір-ақ құлдырады» деген қыжыртпа сөз ғана. Ал биыл... Бәрін көрдіңіздер.
Еліміз 1994 жылдан 2014 жылға дейінгі 6 реткі Азиадада жалпы командалық есепте 5-орыннан түсіп көрмеген (4 рет 4-орын, 2 мәрте 5-орын алды). Тіпті Азияда Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан кейінгі спорт державасы саналған. Бірақ 2018 жылы Джакарта (Индонезия) 9-сатыға сырғыды. Бұл құлдыраудың басы ғана екен – 2023 жылы Ханчжоуда (Қытай) 11-орынға бір-ақ түсті.
Ал 2021 жылғы Токио Олимпиадасында спортшыларымыз 8 қола медаль ғана алып, кестенің ең төменгі жағынан (81-орын) көрінді. Парижде бұл көрсеткіш сәл жақсарғанымен, бәрібір көп көңілінен шыққан жоқ. 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында да ел қоржыны бос қайтты.
Бұл – спортта кездесіп жататын бір сәттік сәтсіздік емес, ұзақ уақытқа жалғасқан жүйелі жеңіліс. Соған қарағанда ел арасында айтылып жүрген «қазақ спорты бұған дейін КСРО мектебінен қалған иннерциямен жетістікке жетіп жүрді, ол үзілген соң құр ұранға құрылған қазақстандық мектеп өз деңгейін көрсетті» деген уәждің жаны бар.
Бірақ билік бұл пікірмен келіспейді. Спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев спортшылардың Парижде көрсеткен нәтижесіне оң баға берді. Спорттағы жетістік мемлекет дамуының көрсеткіші деп бағалайтын біздің шенділер салада кемшілік барын ешқашан мойындамасы анық.
Бас бапкерді қуу бар мәселені шеше ме?
Билік мойындамаса да, жеңілісті жұрт көріп отыр. Әсіресе барша қазақ көз тігіп отырған бокстағы сәтсіздік бірден көзге түседі. Жоғарыда біз атаған 4 ірі турнирде боксшыларымыз бірде-бір алтын медаль алған жоқ. Желіде ерінбегеннің бәрі федерацияны, бапкерлер штабын және боксшыларды сынап жатыр.
Жақында бокс федерациясының инстаграм желісіндегі ресми парақшасында Олимпиададағы нашар нәтижеге байланысты вице-президент бастап, бас бапкер қостап қызметтен қоштасқаны жайлы хабарландыру шығып, бірер минут өтпей жатып жазба жойылған. Бірақ кей жанкүйер оны көшіріп алып үлгерген екен.
Хабарландыруда бокс федерациясының вице-президенті Әзиз Қожамбетов, бас бапкер Мырзағали Айтжанов, аға жаттықтырушы Марат Жақиев және Нұркен Андасов, Нұржан Насанов, Ғании Ашкеев, Ермек Ерсаев, Талғатбек Жақпеков, Закир Сафиулин, Азамат Мақажанов, Жамил Жүсіп, кеңесші Донатас Янусевичус қызметтен босатылғаны жазылған.
Біз федерацияға хабарласып, осы ақпараттың шын-өтірігін сұрадық. Мекеменің баспасөз хатшысы ресми парақшада мұндай ақпарат шықпағанын, желіде тарап жүрген тізімнің қайдан шыққанын білмейтінін айтты. Бірақ федерацияда маңызды өзгеріс болатынын, ол жайлы жақында ресми ақпарат шығатынын айтты.
Материал дайын болып, газет беттеліп жатқанда бокс федерациясы әлгі ақпаратты қайта жариялады. Көпшілік болжағандай, біршама өзгеріс те бар екен. 2000 жылы Сидней Олимпиадасына боксшыларымызды бастап барған жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов ҚБФ президентінің кеңесшісі болып тағайындалыпты. Өзгесі «өшірілген» хабарландырумен бірдей. Вице-президент Қожамбетов пен Айтжанов бастаған 10 маман отставкаға кетіпті.
Мейлі, бас бапкер қызметінен кете берсін. Бірақ Айтжановты отставкаға жіберу бар мәселені шеше ме? 2018 жылғы Азиядадан кейін бокс құрамасының жаттықтырушысы 3 рет ауысты. Боксшыларды Токиоға Ғалымбек Кенжебаев бастап барды, одан кейін тізгінді Қайрат Сатжанов ұстады. 2023 жылы құрамаға Айтжанов қайта оралды. Одан ештеңе өзгерген жоқ.
Біз бір адамды орнынан алып тастауды реформа деп есептейтін жүйеде өмір сүріп жатқан елміз. Бір мәселе туындаса, халықтың сынынан құтылу үшін біреуді құрбандыққа шалып, қызметінен ала салу қазақ билігінің ежелгі әдістерінің бірі. Мысалы, үкіметті таратады да министрлерді сапырылыстырып, бірінің орнына бірін қояды немесе жұмысы мандымаған министрді қызметтен қуып, орнына вице-министрді тағайындайды. Мұндай «реформадан» ештеңе өзгермейтінін билік те, халық та біледі. Біле тұра екі тарап та осындай өзгерісті қанағат тұтып отыра береді.
Ақша мен саясат жүрген жерде спорт жоқ
Қазақстан 2023 жылы спортқа 660 миллион доллар (300 млрд теңге) бөлген. Бұл туралы былтыр желтоқсанда спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев айтты. Zertteu Research Institute директоры, экономист Шолпан Әйтенованың айтуынша, бұл еліміз алғаш рет Олимпиадаға қатысқан 1996 жылмен салыстырғанда 10 есе көп қаржы. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиадада спортшыларымыз 3 алтын алған. Демек, қаржы көбейген сайын, медаль азайған болып тұр.
Әділін айтуымыз керек, бұл жердегі 660 миллион доллар түгелдей Олимпиадаға қатысуға жұмсалмаған. Бұл ақша елдегі барлық спортқа жұмсалады. Вице-министр Жарасбаев Париж ойындарының жалпы шығыны 980 миллион теңге болғанын айтты. Ал Әйтенованың есебінше, 2020-2024 жылдары «Самұрық-қазынаның» спортты қолдау қоры олимпиадалық спорт түрлеріне 10 миллиард теңге жұмсапты. Орнымен жұмсалса, бұл да аз сома емес. Бірақ осы қаржыға ешкім ашық есеп бермейді. Бюджеттен бөлінген әр теңге жетер жеріне жетті ме, әлде орта жолда бөтен қалтада кетті ме деген сұрақ әр қазақстандықтың басында қайнап жатыр.
БАҚ-та Өзбекстан 2023 жылы спортқа 160 миллион доллар бөлді деген мәлімет тарады. Бұл біздің спортқа бөлген қаржыдан әлдеқайда аз, бірақ нәтижесі бізден оқ бойы озық тұр. Бұрын Қазақстанға қызыға қарайтын көршіміз қалайша бізден оңай озып кетті? Бұл сұрақтың жауабын өзбек президенті Шавкат Мирзиеев 2018 жылы айтқан. Сол жылы Өзбекстан жастар құрамасы Азия чемпионатында топ жарды. Жас футболшыларды марапаттау рәсімінде Мирзиеев «біз спорттағы жемқорлықты жойдық. Міне, соның нәтижесі, жастарымыз құрлық чемпионы атанып жатыр» деген еді.
Біздің шенділер Мирзиеев сияқты мақтана алмайтыны анық. Өйткені біздің елде жемқорлық бабымен түрмеге түскен спорт саласындағы басшылар аз емес. Тіпті мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов дәл осындай айыппен ұсталған. Осы саланы біраз жыл бойы басқарған экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының жағдайын да жақсы білесіздер. Бірақ... Тағы сол сұрақ: Соншама ұстаулар, соншама соттаулардан кейін қазақ спорты неге дамып кетпейді? Жемқорлық неге жойылмайды?
Спортты саяси жүйе қалай пайдаланады?
Бір спортшымыз Олимпиадада алтын алса, көп қазақтың еңсесі көтеріліп қалады. Бұл халқымыздың қанында бар әдет пе, әлде билік соған үйретіп тастады ма, әйтеуір, жеке спортшының жеңісін елдің жетістігі деп санайтын әдеттен арыла алмай келеміз. Иә, Олимпиада алғаш тәуелсіздік алған кезде өз туымыздың астында жеңіске жеткен өрендер елдің көңілін аз босатқан жоқ. Бірақ бұл Тәуелсіздікті алғаш сезінгендегі көз жасы еді. Уақыт өте келе үйреншікті жағдайға айналар, ел «еее, жеңіп жатыр екенбіз, жарайсыңдар» деп, үйде отырып, тақымын бір қысып қойып жүре беруге тиіс еді. Олай болмады. Біз спортшыларды төбемізге көтеріп, марапаттай бастадық. Өйткені біздің билікке «титушка» керек еді. «Жеңісін елбасына арнайтын чемпиондар» керек еді.
Билік спорттың бәйге екенін, жарыс екенін ұмыттырып, оны Кеңес кезіндегідей идеология құралы ретінде пайдаланып келеді. Спортшының жетістігін мемлекет саясатының жеңісі ретінде көрсетеді. Ұзақ уақытқа жалғасқан осы үгіт-насихаттың нәтижесінде халық шырғаға шындап түсті. Қазір біздің елде ең танымал тұлғалар – спортшылар мен әншілер. Солардың шетелде қол жеткізген аз жетістіген малданып, әлеуметтік жағдайымызды, тұрмыс өремізді естен шығарып алатын кездеріміз жоқ емес. Бұл – билік пропагандасының жеңісі екені анық.
«Спорт саясаттан, қоғамнан тысқары тұрған жоқ. Сондықтан билік халықтың көңілін көтеріп, назарын аудару үшін спортты міндетті түрде пайдаланады. Екіншіден, спортқа көңіл бөлу арқылы жастарды патриотизмге, отаншылдыққа тәрбиелеуге болады. Салауатты өмір салтын насихаттау үшін де спорттың маңызы зор. Спортшылар табанды, қайсар, нашар әдеттерден ада болады. Мысалы, Парижде күміс алған Нариман Құрбанов осы медаль үшін 20 жыл талмай еңбек еткенін айтты. Осы тұрғыдан спортшылардан үлгі алуға болады.
Өмір деген – бәсеке, сол бәсекеден бәсіре алып, биікті бағындырған спортшыларды бағалаған жөн. Бірақ тек жеңіске жеткен сәтінде ғана емес, мансабын аяқтаған соң да естен шығармау керек. Бүгінгі Олимпиада жүлдегерін ертең түкке керексіз етіп лақтырып тастау дұрыс емес. Мысалы, жақында Геннадий Головкин ҰОК-ға басшы болды. Сол сияқты басқа спортшыларға да жаттықтырушы, кеңесші сияқты қызметтер беруге болады», – дейді саясаттанушы Сайын Борбасов.
Головкин қазақ спортын қайта түлете ала ма?
Биыл ақпанда ҰОК-ны 8 жыл басқарған экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев қызметінен кетіп, оның орнына даңқты кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин келді. Бұл тым тосын шешім болды. АҚШ-та әр жекпе-жегі үшін неше он миллион доллар гонорар алып, шалқып жүрген Головкин Қазақстанға оралып, шенеунік болады дегенді түсінде де көрмеген көпшілік «бұл қалай» деп таңғалып жатыр.
Головкин – халықты Қазақстанның «ұлы жетістігіне» сендіретін басты қару болғаны жасырын емес. Біздің билік мұхиттың арғы бетінде кәсіпқой бокспен айналысып жүрген спортшыны да мемлекеттің жеңісі ретінде көрсетті. GGG-дің сол биікке жетуіне билік көмектесті деген алыпқашпа әңгіме болған. Ол биыл күтпеген жерде ҰОК-ға келгенде көпшілік осы әңгімені қайта еске алды. Яғни шенділер қазақ спорты шатқаяқтап, халық сенімінен айырыла бастаған тұста Генаның атағымен жұртты сабырға шақыруды көздеп отыр. Олар халық басқа-басқа, Генаны сынамайды деп сенген болуы мүмкін.
Бірақ Головкиннің беделі белуардан құйға батқан ел спортын құтқара алмауы мүмкін. Өйткені бұл сала түзу жолдан әлдеқашан адасып қалған. Спортты біресе мәдениетке, біресе туризмге қосады. Оның өзін сол саланың маманы емес, қайдан келгені белгісіз адамдар басқарады. Ал спорт федерацияларына министр-миллионерлер иелік етіп отыр. Мысалы, қазірдің өзінде хоккей федерациясын Асқар Мамин, жеңіл атлетиканы Даниал Ахметов, теннисті Болат Өтемұратов басқарады. Айта берсек мысал көп...
Еліміз құрамасы 1996 жылы Атлантада 3 алтын, 2000 жылы Сиднейде 3 алтын алды. Егер қазақ спорты дұрыс бағытта дамып келе жатса, Токио мен Парижде кемі 10 алтын алуымыз қажет еді. Бірақ бәрі керісінше екенін көріп отырмыз. Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы мүшесі Мұхит Амантаев бір сұхбатында боксшылардың дәл қазіргі жаттығу процесі 2000-жылдардағымен бірдей екенін айтты. Яғни 20 жылда ешбір жаңа технология енбеген.
Қазақ бұрынырақта өзбек озып кетсе «мына жаман қайтеді-әй?!» дейтін, биіктен қарап. Биыл... Үндей алмады. Өйткені өзбектерде басқасы оңып тұрмаса да, ең болмаса олимпиада медалі көп. Шетінен алтын. Онша пайдасы болмаса да қуанғанға, бір сәт арқа-жарқа болғанға жақсы. Ал бізде не қалды? Қазақ енді неден жұбаныш табады? Неге қуанады?..
Қуаныш Қаппас