Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 26 Маусым 2024

Қазақ мүддесі – «Қазақ» газетінен басталған

Айгүл Рамазан
Фото: Айгүл Рамазан

«Публицистикада ең маңыздысы – хабар беру емес, реакция тудыру» деген екен америкалық журналист Генри Луис Менкен. Алаш көсемдерінің газет беттеріне жариялаған үндеулері арқылы ұйықтап жатқан ұлт санасын түртпектеп оятқан істерін ескерсек, пікірі қисынға саятындай.

Жалпы публицистика деп қоғамның өткір мәселелерін толғайтын жанрды атайды. Қазақша айтқанда, көсемсөз. Ұлт зиялыларының «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» сынды Алаш аманатын арқалаған басылымдары бүгінгі көсемсөз өнерінің негізін қалап кетті. Қандай әлеуметтік мәселе көтерілмесін олардың жалғыз көздегені – қазақ мүддесі. Әңгімемізді ары қарай өрбіту мақсатында филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспагерлік-редакторлық іс және дизайн өнері кафедрасының меңгерушісі Айгүл Рамазанмен тілдесіп көрдік.

– Қазіргі қазақ публицистикасының түп тамыры Алаш публицистикасынан бастау алады. Тәуелсіздікті ту еткен «Қазақ» сияқты газеттер болмағанда қазақ журналистикасы болмас еді. Себебі біз отар болған елміз. Қазақ журналистикасының тарихын «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» газеттерінен тарқатады. Тарихта солай. Бірақ бұл газеттер шын мәнінде отарлаушылардың үні болған. Ал біздің қазақтың мүддесін көздеген, шынайы сөзін сөйлеген басылым – «Қазақ» газеті. Сондықтан біз қазақ журналистикасының тарихын «Қазақ» газетінен бастау керекпіз деп есептеймін.

Біз үш рет әліпби ауыстырған халықпыз. Бұл ұрпақтың өз басылымдарын оқуына кедергі келтірді. Төте жазумен шыққан басылымдарды қазіргі ұрпақ оқи алмайды. Мәселен, ғалымдар осы уақытқа дейін 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналының тек №11 саны шықты деп жүрді. Бірақ кей мәліметтерде «Жүсіпбек Аймауытов редакторы болған. №12 санын шығардық. Сонымен тоқтап қалдық» деген «Сарыарқа» газетіне шыққан ақпарат бар. «№12 саны бар ма, жоқ па?» деп іздеп жүрсек, ол Мұхтар Әуезов музейінде тұр. Міне, бұл төте жазуды білмегеннің қасіреті.

– Апай, жалпы тәуелсіздіктен кейін қазақ көсемсөзін зерттеуде қандай жұмыстар жүргізілді?

– Біз Алаш публицистикасымен тәуелсіздіктен кейін таныстық. Тәуелсіздіктен кейін Алаш публицистикасы төте жазудан қазіргі біздің айналымдағы кирилл қарпіне ауыстырылып, шығарылды. Одан кейін бірнеше үлкен жобалар да болды. Оған дейін қазақ газеттері туралы кандидаттық диссертациялар қорғалды. Мысалы, үлкен жобалардың нәтижесінде «Алаш көсемсөзі» деген он томдық кітап дүниеге келді. Бұл жобаның жетекшісі, біздің ұстазымыз, филология ғылымының докторы, профессор – Намазалы Омашев. Жоба Астанадағы журналистика институтының жобасы ретінде жүзеге асқан болатын. Қазіргі студенттер мен ғалымдар осы он томдықты пайданалады.

Одан бөлек, жаңа айтқандай, жергілікті қазіргі қазақтар төте жазуды білмейді. Бірақ қазақ газеттерін төте жазудан кирилл қарпіне ауыстыруда айрықша үлес қосқан Ұшқын Сайдархман деген шәкіртіміз. Алаш публицистикасын төте жазудан кирилл қарпіне ауыстыруда тыңғылықты жұмыс істеп жүр. Ал таяуда ғана «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнес «Айқап», «Сарыарқа» сынды газеттерді бірнеше томдық етіп қайтадан басып, жарыққа шығарды. Алаш баспасөзін қазіргі оқырманға таныстыруда осындай жобалар жүзеге асып жатыр. Осындай азаматтардың еңбегін ерекше айтып өту керек. Ал сол замандағы Алаш зиялыларының аттың жалында, түйенің қомында жүріп істеген істеріне таңғаласың. Әр қоғам қайраткері саяси өзгерістерге қарамай кітап та жазды, газет те шығарды. Сіңірген еңбектері телегей теңіз.

– Саяси журналистикада публицистика жанры кеңінен қолданылады. Қоғамның келелі мәселелерін көтеріп жүрген көзі тірі публицистика майталмандарынан кімдерді атай аласыз?

Қазіргі саяси журналистиканың бастауы Семейде шыққан «Сарыарқа» газеті. Бұл сол кезеңнің саясаты толық көрініс тапқан газет. «Қазақ» газеті де саясаттан тыс қалмады, алайда ол көбіне оқу-ағарту, жер, тіл мәселесін көтеріп, партияның рөлін атқарды. Жалпы, саяси тақырыпқа мақала жазу оңай емес. Саясатта білімің жоқ болса құр қызыл тілмен саяси тақырыпты жаза алмайсың. Мәселен, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың тұтану себебін білмесең, Ресейдің астамшылдық, империялық мақсат-мүддені көздеп отырғанын түсінбесең, жалпы Ресей саясатынан, Украина жағдайынан хабарың болмаса, қалай жазасың?

Өз басым мықты публицист ретінде екі-үш адамды мойындаймын және өзімнің дәрістерімде ұдайы алға тартып, солардың шығармаларын оқытуға тырысамын. Біріншісі, өзінің бүкіл шығармашылығын қазақ журналистикасына арнаған өте еңбекқор адам – Жанболат Аупбаев. Жастардың бұл кісіден үйренері өте көп. Оның еңбекқорлығы, тақырыпты таба білуі, жазу шеберлігі, зерттеу жұмыстары керемет. Бір тақырыпты түбіне жеткізіп, зерттеп жазады. Екіншісі, Әмірхан Мендеке. Өте мықты публицист, әрі әдебиет сыншысы. Бұл кісінің «Өз анамды өз қолыммен бауыздап өлтірдім» атты тіл мәселесі туралы ғажайып эссесі бар. Тілін өлтірген адам, өз анасын өз қолымен өлтірді дегенді меңзеп тұр. Жазғанда оқырманның сезіміне әсер етіп, құйқаңды шымырлатады. Одан кейін, мықты публицист Бауыржан Омарұлын айтуға болады. Бірнеше публицистикалық еңбектері бар ғалым. Өзінің эсселері арқылы әр адамның портретін ғажап жасайды.

Сұхбаттасқан

Нұрмұхаммед РАЙЫМБЕК