Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 05 Желтоқсан 2024

Қазақ мұнайына +1 қытай басшы

1
Фото: из открытых источников

Қазақстан экономикасы шикізат саудасына байланып тұр. Әсіресе мұнай біздің елдің жанды жері саналады.

 Әлемде мұнай бағасы өссе, халыққа одан еш пайда болмаса да, балаша қуанып қалатынымыз, ал баға төмендесе, теңге «құлап», зат қымбаттап, қатты қиналатынымыз содан. Жақында бір АҚШ долларының құны 525 теңгеге бір-ақ жетті. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мұны мұнайдың арзандауынан деп түсіндірді.

Қара алтынның қазақ үшін қаншалық маңызды екенін мына екі статистика айқындап береді. Біріншісі, Қазақстан былтыр шетелге 78,7 миллиард доллардың өнімін сатса, соның 53,8 пайызы мұнай өнімдері болды. 2022 жылы бұл көрсеткіш тіпті 55,5 пайыз болды. Яғни еліміздің сыртқы саудадағы экспорт көлемінің тең жартысынан астамы мұнайға тиесілі. Екінші есеп, еліміз 2023 жылы жалпы 89,9 миллион тонна мұнай өндірді. Соның арқасында әлемдегі алпауыт мұнай өндірушілер рейтингінде 2022 жылмен салыстырғанда бір саты жоғарылап, 12-орынға жайғасты.

Бірақ біз мұнай өндіруші ел болғанымызбен, мұнай өңдеуші ел емеспіз. Жерден қазып алған қара алтынның көбін шикізат күйінде шетелге сатып жатырмыз. Біздің биліктің қолынан келері сол ғана. Тіпті байтақ қазақ даласындағы мол мұнай қорын өз бетімізше қаза алмаймыз да. Жұмыстың көбін шетелдік компаниялар жүргізіп отыр. Яғни жіліктің майлы басы ерке инвесторлардың қолында.

Қазақ мұнайының қожасы кім?

Былтыр өндірілген 89,9 миллион тонна мұнайдың 60 пайызға жуығы елдің батысындағы «Теңізшевройл», «Қашаған» және «Қарашығанақ» кенішіне тиесі. Бұл кен орындарын шетел компаниялары жалға алған, өнім толықтай экспортқа шығады. Бұлар 40 жылға шетелге жалға берілген. Негізгі құқық солардың қолында. Бұларға қазірше біздің тісіміз батпайды. Ал басқалардың жайы қалай?

2023 жылғы еліміздегі ең ірі мұнай өндірушілер тізімінде жоғарыдағы үшеуінен кейінгі, 4-орынды «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ иеленді. Компания былтыр 6 млн 150 мың тонна мұнай шығарған. Жақында осы компанияның бас директоры қызметіне Вэнь Цзяцзюнь атты Қытай азаматы тағайындалды. Қоғамда елдегі ең ірі мұнай компанияларының бірін неге шетел азаматы басқарады деген сұрақ желдей есіп тұр. Мысалы, мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желіде «Мұнайшыларды ерегестіріп, халықтың қытығына тиіп, ереуіл елді еліктіру кімге керек болды? «Ротация кадров» жасау ауадай қажет болып тұрса, көдедей көп қазақстандық мұнайшының арасынан менеджер табылмады ма?» деп жазды.

1978 жылы Қытайда дүниеге келіп, Ресейде университет оқыған Вэнь биыл мамыр айынан бері «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарыпты. Оған дейін Қызылорда облысындағы «SNPS – Ай Дан Мұнай» АҚ-да қызмет еткен екен.

«Маңғыстаумұнайгаздың» баспасөз қызметі кадрлық ауыс-түйіске не себеп болғанын хабарлаған жоқ. Тек «акционерлер туралы келісім ережесіне сәйкес, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның (ММГ) жоғары буын және бөлімшелер басшыларын 3 жыл сайын ротациялау қарастырылған» деп жазды. Бірақ мекеменің бұған дейінгі бас директоры Мұрат Мұстафаев бұл қызметке 2023 жылғы ақпанда келген, 3 жыл жұмыс істеген жоқ. Демек, директорлар кеңесі не үшін аяқ астынан басшы ауыстырғанын, оның үстіне неге Қазақстан азаматының орнына Қытай азаматын тағайындағанын түсіндіруі керек еді. Бірақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ресми түсініктеме берген жоқ. Мұның себебін сұрау мақсатында мекеменің ресми сайтында көрсетілген телефон нөмірге бірнеше мәрте хабарласып, байланысқа шыға алмадық.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 1963 жылы құрылған. Ол – Қазақстандағы бес ірі мұнай-газ компаниясының бірі. 2009 жылы қараша айында оны «ҚазМұнайГаз» АҚ (50% акция) мен CNPC (50% акция) бірлескен кәсіпорны саналатын Mangistau Investments B.V. сатып алған. Мұндағы CNPC – Қытай ұлттық мұнай корпорациясы. Демек «Маңғыстаумұнайгазға» Қытай билігі 50 пайыз иелік етіп отыр деген сөз.

Бас директордың 3 жыл сайын ауысатыны да осыған байланысты болса керек. 2018 жылы қарашада бұл қызметке қытайлық Лю Цзиньчэн тағайындалып, толық 3 жыл қызмет етті. Оның орнын басқан Дәулетжан Хасанов 1,5 жылдай жұмыс істеді. Мұстафаев та 1,5 жыл директор болды. Яғни Қазақстанға берілген 3 жылды 2 адам бөліп отырған болып тұр. Осы жолғы ротацияға Қытай тарапы бастамашы болды деген ақпарат бар. Соған қарағанда, қытайлық инвестор бас директор ұнамаса, ауыстырып тастауға қауқарлы сияқты. Сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның басшылар алқасында 4 Қытай азаматы бар. Бас директор Вэньнің Ян Лисинь, Чжан Ицюнь, Ван Хайцюнь атты 3 орынбасары бар. Ал қазақтар екеу ғана – бірінші орынбасар Болат Сейітмағанбетов пен геология жөніндегі орынбасар Нұрболат Құсайынов. Мұнда да 50/50 принципі сақталмаған.

Біздің елде өзге елден келген инвесторлар басқарып отырған мұнай компаниясы «Маңғыстаумұнайгаз» ғана емес. Мысалы, Қазақстандағы алтыншы ірі мұнай өндіруші «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бас директоры – Қытай азаматы Ли Шуфэн. Компания акциясының басым бөлігі жоғарыда біз атаған Қытай ұлттық мұнай корпорациясына тиесілі. Компания былтыр 2 млн 678 мың тонна мұнай өндірді. Айтпақшы, мекеме сайтының қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ екен.

Ал 2023 жылы 2 млн 54 мың тонна мұнай өндірген «Қаражанбасмұнай» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы – Ван Синьли есімді Қытай азаматы. Директорлар кеңесінде одан бөлек, Ши Сяобэй, Юйчуань Тянь, Чжао Хунбин сынды қытайлар бар. Компания директоры қазақстандық болғанымен, 10 орынбасарының бесеуі қытайлық.

Жақында ҚР энергетика министрлігі ұйымдастырған онлайн аукционда мұнай-газ қорына бай 6 кен орнының бесеуін Қытай мен Сингапурдан келген инвесторлар сатып алды деген ақпарат тарады. Сондай-ақ биыл шілдеде премьер-министр Олжас Бектенов CNPC корпорациясы Шымкент мұнай өңдеу зауытына инвестиция салатынын хабарлаған. Мұның бәрі Қытай компаниялары иелік ететін кеніштер мен өндіріс орындары көбейіп келе жатқанын аңғартады. Ресми ақпарат бойынша CNPC Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібіне 45 млрд доллардан астам қаражат салған. Корпорацияның Қазақстанда 7 мұнай өңдеу жобасы, 2 мұнай құбыры, 2 газ құбыры, бір мұнайды қайта өңдеу зауыты мен темір құбырлар шығаратын бір зауыт жұмыс істеп тұр.

Ерке инвесторлар

Біз жоғарыда қытайлар басқаратын бірнеше компанияны ғана атадық. Шын мәніндегі, елдегі мұнай компанияларының көбінде шетелдік мамандар басшылық етіп отыр. Өйткені қазақ мұнайын негізінен шетелдік инвесторлар игереді. Бұған дейін «Теңізшевройл», «Қашаған» және «Қарашығанақ» кенішін шетелдіктерге өзімізге тиімсіз шартпен беріп, мол пайдадан қағылып отырғанымызды жазған едік. Мысалы, «Қашаған» Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 20 пайызын береді (2023 жылы – 18 млн 774 мың тонна), ал одан мемлекетке түсетін пайда 2 пайыз ғана.

Оның үстіне шетелдік инвесторлар иелік ететін өндіріс орындарында еңбек даулары жиі туындап тұрады. Жергілікті жұмысшылар бірдей жұмыс істеп жүрсе де, шетелдік мамандарға жоғары жалақы төленетініне наразы болып жатады. Мысалы, былтыр Ақтөбе облысындағы Қазақстан мен Қытайдың бірлескен «Батыс-Мұнай» компаниясының (бас директоры – Чэнь Цзюнь) жұмысшылары ереуілге шығып, жалақыны көтеруді талап еткен.

Сондай-ақ инвесторлар табиғатты ластағаны үшін немесе белгіленген мөлшерде өнім өндірмегені үшін айыпталып жатады. Былтыр сәуірде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев шетел акционерлерінің үстінен 13 миллиард долларға шағым түсіргенін айтқан. Оған дейін «Қашаған» мен «Қарашығанақ» операторларына қоршаған ортаға келтірген залалы үшін 5 миллиард доллар айыппұл салуды сұраған.

Биыл шілдеде Қазақстан, Ирак және Ресей ОПЕК+ белгілеген мұнай өндіруге арналған квотаны сақтамады деген ақпарат шықты. ҚР энергетика министрі мұны мойындап, артық өндірген өнімді төлеуге уәде етті. Қазақстан белгіленген шектен тәулігіне 45 мың баррель артық өнім шығарған. Қазақстан қазан айында күніне 1,29 млн баррель мұнай өндірген. Бұл ОПЕК+ шарты бойынша өндіруі керек көлемнен 90 мың баррель артық. Министрлік 2025 жылы қыркүйекке дейін артық өндірілген өнімді төлеуге міндетті. Соған қарамастан, «Теңізшевройл» жаңа жобасын іске қосып, көбірек мұнай өндіруді көздеп отыр. Бұл қазақстан үшін ОПЕК+ талабын орындауды қиындата түседі.

Билік шетелдік инвесторларға неге сөзін өткізе алмайды? Саясаттанушы Әзімбай Ғали «Жас Алашқа» қазақ билігі бар билікті инвесторларға беріп, оларды әбден еркелетіп жібергенін айтты.

«Шетелдік инвесторлардың көбі отаршылдық жүйенің принципімен жұмыс істейді. Бұлар біздің айтқанымызды істеуге міндетті деп санайды. Өйткені оңды-солды пара беріп жатырмыз, біздің талапқа көнуі керек деген ойда болады. Мәселенің бәрі осында жатыр. Қазір елде жартылай отаршылық жүйе қалыптасқан деп санаймын. Билік шетелдік инвесторларға өндіріс орнын толық меншікке беріп, салық төлесеңдер болды, бәрін істей беріңдер дегендей ұстанымда отыр», – дейді саясаттанушы.

Депутаттар неге дүрлікті?

25 қараша күні мәжілістегі үкімет сағатында 4 депутат мәселе көтерді. Ермұрат Бапи ескі олигархтар қазба байлықты сатуды әлі жалғастырып жатқанын айтып, Тимур Құлыбаевтың атын атады. Тағы бір мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров «қазақ мұнайының игілігін кім көріп отыр» деген сауал қойды. Ал Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Еділ Жаңбыршин жаңа кен орындарын барлау жұмысы сылбыр жүріп жатқанын айтып, шикізат қоры таусылу қаупі бар екенін айтты.

Төрт депутат жұмыла қимылдап, Сәтқалиевті жағадан алғанымен, мұнай саласындағы мұз болып қатып қалған ескі дәстүр өзгере қоюы екіталай. Алпауыт олигархтар мен ерке инвесторлар мың жылдық мүддесінен оңайлықпен айырылмасы анық. Бірақ Қазақстанның саясат сахнасындағы әр қимылы сызған шеңберден шықпайтынын ескерсек, бірнеше депутаттың бір уақытта бір мәселені көтеруі және ескі олигархтарға акцент беруі – «жоғары жақта» бір қозғалыс бар екенін білдіруі мүмкін. Билік бюджеттің бүйірі көріне бастаған тұста мұнай өндірушілердің қалтасына қол салуға ұмтылуы әбден мүмкін.

Ал «Маңғыстаумұнайгаз» тізгінін қытай басшының ұстағаны ең алдымен сол өңірдегі мұнайшыларға ұнамасы анық. Биыл қарашадан бері Жаңаөзен мұнайшылары қатаң талап қойып, жұмысқа шығудан бас тартып жүр. Осындай сәтте Қытай азаматының Маңғыстаудағы ең ірі мұнай компаниясына бас директор болғаны отқа май құймасына кім кепіл?..

Қуаныш Қаппас