Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:25, 12 Сәуір 2024

Қазақ олигархиясы. Қайыр қылу – қаржы бөлу ғана ма?

1

Соңғы ресми мәлімет бойынша апатты өңірлерден жалпы саны 72 мың адам эвакуацияланған, оның 16 мыңы бала.

Эвакуацияланған халықтың үштен бірі уақытша қоныстандыру орындарына орналасқан, ал қалғандары туған-туысын, жақындарын сағалап кеткен. Биліктің ақпаратына сүйенсек, мұндай табиғи апат елде бұрын-соңды болмаған. Осыған ұқсас жағдай 1994 жылы болған деседі. Ірі-қараны жаңқадай ағызып, трактор мен техника атаулыны қайықтай қалқытқан қарғын судың екпінінен халық та шошып қалған. Өмір бойы еңбектеніп, тірнектеп жиғанынан бір-ақ сәтте айырылған ел «барлығы жақсы болады» деген сөзге бір сенеді, бір сенбейді.

Су басқан аймақтарға гуманитарлық көмек барып жатыр. Қиындықта жұдырықтай жұмылуды мақсат еткендер қауіпті аймақтарға өздері барып та жатыр. Арнайы есепшот ашып, эвакуацияланған халықтың қажеттілігін өтеп жатқан қайырымды жандар да бар. Қарапайым жұрттың арасынан суырылып шығып, тегін такси қызметін көрсетіп, эвакуацияланған елдің біразын өзінің үйіне апарып орналастырып, жағдайын жасап жатқандар аз емес.

Су басқан аймақтарға президент Қасым-Жомарт Тоқаев та, үкімет басшысы Олжас Бектенов те барды. Өз кезегінде Бектенов әкімдердің су тасқынының алдын алуға қатысты жұмыстары жеткіліксіз болғанын, олардың тек қағаз жүзінде есеп беруге дайын екенін мойындады. Қоғам да эвакуация жұмыстары дұрыс ұйымдастырылып жатқанына күмәнмен қарайды. Көпшілік эвакуацияланған елдің бір қабат көрпені ғана төсеніп, мектептердің еденінде жатқанын, осыған байланысты «адамдар неге мектептерді паналауы керек?! Елді қонақ үйлерге, демалыс орталықтарына, санаторийлерге неге орналастырмасқа?! Қаншама жұрт үйі салынып біткенше мектепті паналап отыра ма?! Мектепте күнделікті жеке басқа қажетті гигиеналық жұмыстарды қалай жасайды?!» деген сауалдар талқылана бастады.

Рас, мұндайда «басына күн түскен жан күй талғамайды. Кез келген қауіпсіз жер елге пана. Адам шығыны болмағаны да үлкен олжа» деп қанағатшылдыққа саларымыз анық. Бірақ келесі бір жағынан ойлап қарасақ, бізге қайырымдылық жасаудың жолдарын да сауатты меңгеру керек екенін пайымдайсың. Мәселен, су басқан аймақтарға жер жерден көмек келіп жатыр. Еліміздің сыртқы істер министрлігі «әзірге сырттан келетін көмекке зәру емеспіз» дегенімен, бауырлас елдер де жүк көлігімен гуманитарлық көмек жіберіп жатыр. Жекелеген адамдар да арнайы пункттерге барып, қолындағы барын беріп жатыр. Ал осындайда ірі-ірі қонақ үйлердің, ірі компаниялардың иелері, холдинг басшылары, квазисектордың акцияларына иелік етіп отырғандар неге үнсіз қалуы керек?! Есептесек, әзірге тасқын судан зардап шеккендерге «Қазақстан халқы қоры» 5 млрд теңге, «Самұрық-қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қарамағындағы барлық компаниялар бірігіп 15 млрд теңге, «Шеврон» компаниясы 3 млн доллар бөлді. Қалған ұлттық компаниялар мен холдингтер әзірге тым-тырыс. Тіпті олардың қайсыбірі халықтың қайғысынан тон пішкісі келетін тәрізді. Араларында ұшақ билеті мен теміржол билетінің бағасын шарықтатып қойғандары да бар.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Серік Нұрсағымовтың сөзіне сүйенсек, осыдан он күн бұрын Ақтөбеден Алматыға дейінгі ұшақ бағасы 45-50 мың теңгенің аралығында болса, қазір бұл баға 150 мың теңгеге шарықтап шыға келген.

«80 жастағы анам бар еді. Мектепте жату жайсыз болғандықтан ұлыммен қосып Алматыға туғандарыма жібергім келді. Ұшаққа билет іздедім. Билеттің бағасы қатты шарықтап тұр. Бір адамға билет құны 150 мың теңге. Теміржол билетінің өзі қымбаттап кеткен. Пойызға билет жоқ. Ақыры ұлымды алып қалып, тек анамды ғана 40 мың теңгеге билет тауып, пойызбен Алматыға жібердім», – дейді ол.

Бұл бір ғана адамның басындағы жағдай емес. Әлеуметтік желі қолданушылары да, депутаттар да мемлекет үшін аса қиын осы бір сәтте әуе компанияларының бағаны шарықтатып жібергеніне наразылық танытты. Бұған қатысты мәжіліс депутаттарының арасында көлік министрі Марат Қарабаевтың атына сын айтып, «халықты ашық тонап жатқан әуе компанияларына шара қолданбай, неге үндемей, бұғып отырсыз» дегендер де бар. Артынша, елдегі ірі әуе компаниясы саналатын Air Astana Ақтөбе, Атырауға қатынайтын қосымша рейстер шығаратынын, су басқан аймақтарға гуманитарлық көмекті әуе компаниясы арқылы да жеткізуге мүмкіндік барын айтып, ақталды. Бірақ билет құнын арзандату жөнінде компания өкілдері тіс жармайды. Ал елдегі қонақ үйлерге келетін болсақ, олар зардап шеккен халықты өздеріне орналастыру жағын мүлде есепке де алмаған. Араларындағы бірді-екілісіне телефон шалып, біз де хабарласып көрдік. Мысалы, Ақтөбедегі ірі қонақ үйлердің бірі саналатын «Байтау» қонақ үйінде жай нөмірге бір түн түнеп шығудың құны 22 мың теңге екен. Біз тілдескен қонақ үй қызметкері су басқан аймақтардағы елді қонақ үйге орналастыруға орын жоқ екенін, тіпті жеңілдік жасау жөнінде сұрақтар көтерілмегенін жеткізді.

Әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева қайырымдылық концепциясын сауатты меңгермеген елдің қиыншылықта мәселесі одан әрі ушыға түсетінін айтады. Маманның ойынша, үкімет келешекте табиғи апат қаупі бар болсын, жоқ болсын, әр қалада эвакуация пункттерін салуды жоспарлау керек.

«Біріншіден, әрбір қалада кем дегенде бес мың адам сиятын, іргетасы берік, техногендік және табиғи апаттарға төтеп бере алатын эвакуациялық орталықтар салынуы керек. Қазіргі мектептердің де құрылыс сапасына айтылар сын көп. Салынғанына көп өтпеген білім ордаларының іргетасы мүжіліп, қабырғасына сызат түсіп жатқанын да көріп жүрміз. Сондықтан үкімет эвакуациялау орталықтарының мәселесін шешкені жөн. Екіншіден, біздегі бизнес өкілдері қайырымдылық жасауды жетімдер үйіне бір теледидар немесе компьютер сыйлап, оны бүкіл БАҚ өкілдері арқылы жарнамалап көрсету әдетінен арылу керек. Бұл ақылды қайырымдылық емес, қайырымдылықтың да «ақылды», «ақылсызы» болады. Бізге қажеттісі – сол «ақылды» қайырымдылықты меңгеру», – дейді маман.

Әлеуметтанушының ойынша, қандай да бір кәсіпкердің, ірі компаниялардың балаларды лагерьге жіберіп көмектесуі, ноутбуктар сыйлауы немесе балалар үйлеріне барып жаңа жиһаздар алып беруі «ақылды» қайырымдылыққа жатпайды. Мұндай шаралар тек жәрдем ретінде саналады.

«Оның орнына ұзақ мерзімді жобалар жасауға дағдыланған абзал. Балаларды дамытатын тренингтер өткізу, олардың шетелде білімін жетілдіруге жағдай жасау, ересек өмірге даярлайтын семинарлар желісін ұйымдастыру, ЖОО-ға түсіру, стипендиялар тағайындау ақылды қайырымдылық болар еді».

Су басқан аймақтардың балаларына да осындай жағдайлар жасалса игі. Белгілі бір ірі компаниялар балаларға өз атынан ЖОО-на түсуге гранттар бөлсе, аймақтағы студенттерге арнайы стипендиялар тағайындалса, жас мамандар компанияларға жұмысқа шақырылса, сауатты шешім болмақ.

Алайда біздегі компаниялардың қайырымдылықтың мұндай үлгісін көрсетуі екіталай. Мәселен, жоғарыда «Самұрық-қазына» компаниясының су басқан аймақтарға барлық қарамағындағы компанияларымен бірігіп 15 млрд теңге бөлгенін айттық. Аталмыш компанияның қарамағында 14 ірі акционерлік компания, 15-ке жуық ЖШС бар екенін ескерсек, бұл компанияның көмекке одан да мол қаржы ұсына алатын әлеуеті барын байқаймыз. Елге келгенде елп етіп кете қоймайтындардың арасында екінші деңгейлі банктер де бар. Мысалы, былтыр елдегі банктер 68 млн теңгеге қайырымдылық шарасын өткізіпті. Бірақ соның ішінде бірде-бірін «ақылды» қайырымдылық дей алмаймыз. Әншейінде экология, денсаулық сақтау, спорт салаларын қолдап, ЮНЕСКО аясында қайырымдылық шараларын өткізгіш банктер әзірге көзге көп түсе қойған жоқ. Ал үкімет осы уақытқа дейін жағымсыз портфелі көбейіп, дағдарысқа түскен қаншама банкке қолдау қаржы бөліп, демеп келді.

Жалпы, қаржы институттарының, квазимемлекеттік сектордың, алпауыт компаниялардың қайырымдылық жасауға келгенде «жұмған аузын аша бермейтінін» экономист-ғалым Оразәлі Сәбден де жоққа шығармайды.

«Біздегі ірі компанияларға міндетті түрде үкімет талап қою керек. Біреу жетектеу қажет. Олар сол кезде ғана қайырымдылық жасау керектігін сезе бастайды. Меніңше, бұл арада ол компаниялардың кәсіподағына белсенділік керек. Шетелде қандайда бір компаниялардың жұмысшылары наразылыққа шықса оларға кәсіподақ барып «барлық жағдайды жасаймыз» деп, елдің ұсынысына құлақ асып, оны басшылыққа жеткізіп, талаптың орындалуына ықпал етеді. Бізде мұндай жоқ. Сондықтан кәсіподақтың деңгейін көтеру керек. Олар басшылықпен тең дәрежеде сөйлесуі тиіс, қайырымдылық шараларын да кәсіподақ арқылы жетілдіріп отырған абзал», – дейді экономист-ғалым.

Бұған қоса Оразәлі Сәбден 5 млн ғана халқы бар Финляндияның қайырымдылық жасаудағы шаралары бізге үлгі болуы керектігін айтады. Маманның сөзіне сүйенсек, Қазақстаннан бірнеше есе аз халқы бар Финляндияда 130 мың қоғамдық ұйым бар екен. Елінде әлдеқандай қиындық бола қалса, сол қоғамдық ұйымдар өре түрегеліп, бірден қайырымдылық шараларын қолға алады. Аталмыш елдің қоғамдық ұйымдарымен үкімет те жақсы санасады. Себебі олар кез келген қиыншылықта елге жәрдем беруге даяр.

Сайлау кезінде ғана елдің жайын «күйттейтін», ал сайлаудан кейін үні шықпай қалатын партиялардың барын да мойындауымыз керек. Тіпті сайланып алған соң да елдің ахуалы жайлы бір ауыз тіс жармайтын саясаткерлер де бар. Мұндайда расымен әлемдік деңгейдегі тұлғалардың халқына деген жанашырлығын, қайырымдылығын біздің елден де іздеп тапқың келеді.Мысалы, 2010-2015 жылдары Уругвайдың президенті болған Хосе Мухиканы замандастары әлемнің ең кедей президенті санайды. Ол президенттік айлығының барлығын түгелдей дерлік қайырымдылық шараларға аударып отырған. 2018 жылы Хосе Мухика өзіне мемлекет тағайындаған зейнетақыдан бас тартқан. Ол ай сайынғы алатын 12 500 доллардың тек 10 пайызын, яғни 1 250 долларын ғана қалтасында қалдырып, қалғанын қайырымдылыққа жұмсайды екен. Ал әлемдік тұрғыда супермаркеттер мен дүкендер желісін құруды ең алғаш қолға алған кәсіпкер ирландиялық Чак Фини жеке қазынасында 7,5 млрд доллар қаржысының 6 млрд долларын қайырымдылыққа жұмсаған екен. Ол заманауи мектептер мен ауруханалар салуға, әлеуметтік пәтерлерді ұстауға қайырымдылық ретінде қаржы бөліп отырған.Заманға сай калькуляторды ойлап тапқан американдық Джек Килби жыл сайын 10 млн долларын жетім балаларды оқытуға жұмсаса, климаттық өзгеруден орын алып жатқан экологиялық апаттарға 5 млн доллар аударып отырады. Ал Қазақстанда қайырымдылықпен жүйелі түрде айналысатын кімің бар? Қапелімде ауызға сөз түспей қалады, иә?

Қиын жағдайда жатқан ағайын дәл қазір ең алдымен психологиялық қолдауға мұқтаж. Олар қаржы бөлініп жатқанын да, оның жалғасатынын да біледі. Бірақ ұзақ уақыт бойы кісі есігін сағалау, мектептерді паналау – жүйкеге үлкен күш салатын жағдай. Сондайда олар шын ниетпен көрсетілген демеуді күтеді. Күні кеше сөз болған көрпе-жастыққа таластың төркіні де осындай психологиялық қысым мен билікке, қоғамға, ертеңге деген сенімнің жоқтығының бір көрінісі. «Қаржы бөлдім, қайыр қылдым» деп, міндетсінген кейіпте, сырттай тамашалап отырумен іс бітпейді.

Қазақ даналығы «қайыр қылсаң, бүтін қыл» дейді...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: