Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 23 Желтоқсан 2025

Қазақ өнерінің төлқұжаты

Асанәлі Әшімов
Фото: ашық дереккөз

Асанәлі Әшімов – кинода болсын, театрда болсын, өз орнын ойып тұрып алған тұлға. Ол кісінің болмысының өзі феномен ғой. Феномен екенін еңбегі арқылы, «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» сияқты кинолары арқылы дәлелдегенін білеміз. Кино әлемінде осы рөлдерімен алтын қазығын қаққан адам. Театр туралы да осыны айтуға болады.

Асанәлі ағамыз – адамгершілік парасатымен, пайымымен, жаратылысымен, қасиетімен биік тұлғаға айнала алды. Адам бойында қадір-қасиет, жақсы пейіл болмаса, өнерге деген, өмірге деген шексіз сүйіспеншілік болмаса, өнер адамы болып қалыптасуы қиын. Тіпті қалыптасқан күннің өзінде, Асанәлі ағамыз сияқты қазақ өнерінің төлқұжатына айналған үлкен аңыз адам болып шығуы мүмкін емес. Ол кісінің өмірге деген көзқарасы, адамдарға деген танымы мен талғамы, табиғаты, терең болмысы, адамгершілігі, адамдарға деген терең сүйіспешілігі жайлы айтар сөз көп.

Үлкен болсын, өзінің қатары болсын, кейінгі орта буын болсын, қазіргі жас ұрпақ болсын – бәріне теңдей қарайтын. «Қадірлі менің жас достарым» деп Абай айтқандай, бәріне өзінің қадірлі жас достары іспетті қарады, шәкірттері санады. Бізді алақанына салып аялады, өнерге бағыттады, өмірдегі өзінің таным-талғамын, көзқарасын, жақсылыққа бағытталған бар ойын біздің бойымызға сіңіруге тырысты.

Ол кісі – телегей теңіз. Менің сөзіме сыятын, менің баға беруіммен шектелетін адам емес. Кешегі Кеңес одағы кезінде қазақ халқына сіңірген еңбегін алып қарасақ, ол кісіні әлемдік дәрежеге көтеріліп кеткен тұлға деп есептеуге болады. Кеңес одағы кезінде 15 республиканы бағындыру арқылы бүкіл әлемді аузына қаратқан. Қазақта азуын айға білеген деген сөз бар, Асанәлі ағаны дәл осындай өнердің тарланы деп санаймын.

Аға ретінде көп жақсылығын көрдік. Сонау сарыауыз балапан шағымызда, театрға алғаш барған кезімізде «Сұлтан болсам егер мен» деген спектаклін қойды. Сол спектакльде марқұм Төлеубек Аралбай, Баян Имашева және театрға алғаш аяқ басқан Дулыға Ақмолда екеуміз ойнадық. Қойылымда бірнеше рөлді қатар сомдаймыз, бірнеше киім ауыстырамыз, әртүрлі грим жасаймыз, маскалар жасаймыз. Спектакльде жасаған еңбегімізді көріп, бізді бауырына басып, жылы тартып, жақсы көріп кетті. Тіпті кей күндері троллейбусқа төлейтін 15 тиынымыз жоқ болып қалғанда үйімізге машинамен апарып тастаған кездері болған. Сондай кішіпейіл кісі еді. Театрға жаңа келген, ешкім танымайтын, ешкім білмейтін жас балаларға осындай жақсылық жасап, кісілік көрсетіп, көңіл түкпірімізден орын алған еді.

Кейін «Ақбілек» спектаклінде Дулыға екеуміз тағы ойнадық. Мен Қарамұрт деген Ақбілекке ғашық болатын офицерді ойнадым. Сондай-ақ Асанәлі аға қойған «Фархат-Шырын» спектаклінде уәзірдің рөлін ойнадым. Ол кісі 10 жылдан кейін театрға оралып, «Ымырттағы махаббат» қойылымында бас рөлді сомдады. Сол кезде ол кісімен бір сахнада өнер көрсетіп, қасында жүретін алаяқ заңгердің рөлінде ойнадым. Сөйтіп, ол кісінің спектакльдерінде ойнадық, қасында қатар жүріп әріптес болдық, бірге өнер көрсеттік.

Кейін мен Әуезов театрында директор болдым, ол кісі көркемдік жетекші болды. Көптеген сапарға бірге шықтық. Қатар жүріп, абыз ағамыздың керемет тарихи әңгімелерін тыңдадық. Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков сияқты өзімен қатар жүрген әріптестері туралы айтатын. Сұхбаттарында да сол кісілерді есіне алып, сол кісілерді сағынатынын айтып жүрді. Соның бәрі бізге кітап бетіне түскен білімдей әсер етті, сол әңгімелерден ғибрат алдық, тәлім-тәрбие қабылдадық. Өмірге деген көзқарас қалыптастырдық. Барша әңгімесі көкейімізге, жан дүниемізге сіңді.

Асанәлі аға қасымызда досымыз сияқты жүрді, бәрімізге тең қарады. Театрдағы кез келген жасқа, барлық буынға бірдей қарайтын кең пейіл, жомарт адам болды. Өте ақпейіл кісі еді, біреудің көңілін қалдырып, біреуге дауыс көтеріп ұрысқанын көрген емеспін. Теңдесі жоқ, ғаламат адам еді. Қаншама жасқа жақсылық жасады, үйі жоққа үй алып берді, басқадай да көмегін көргендер көп.

Күні кешеге дейін академияда, театрда жолығып қалғанда құшағын айқара ашып, арқамыздан қағып, маңдайымыздан сипап, батасын беріп, жақсы тілегін айтып жүретін. Сондай қадір-қасиетімен есте қалды. Ол кісінің жақсылығы мен жайсаңдығын дәл қазір айтып тауыса алмаспын.

Асанәлі аға – биік десеңіз, көк аспанға барып, күндей жарқырап тұрған, терең десеңіз, жер анамыздың қойнауында жатқан бүкіл жақсылық бір бойынан табылған тұлға. Тағдырдан көргені көп. Жалғыз анасы мен балалық шағы туралы айтқан әңгімелерін студенттеріме тәлім-тәрбие етіп айтып отырамын. Аяқкиімі жоқ болса да мектепке барған. Бір дорбаға күл салып алып, сол күлді әр жерге тастап, сол күлдің үстіне аяғын жылытып алып, қайта жүріп, мектепке жететін болған. Мұндай әңгімені естігенде ет-жүрегің елжірейді. Балалық шағы туралы, анасы туралы, Майра апай туралы, балалары туралы айтатын естеліктері аз емес. Соның бәрін өз аузынан естідік. Сол әңгімелерді естіп, өмірге деген ұстаным қалыптастырдық. Бойымызға үлкен адамгершілік қасиет сіңірді. Өмірде сабырлы, төзімді болуды, шыдамды болып, ауыртпалықты көтеруді, қиыншылыққа мойымауды Асанәлі ағадан үйрендік. Яғни, бізге өнерде ғана емес, өмірде де ұстаз болды. Әкеміздей қадірлі адам деп санаймын.

Ол кісі туралы айтар сөз көп, ризашылығым шексіз. Басыма іс түскенде де қасымнан табылып, қамқор болды. Қайта тұрып, қадам басуымызға демеу болған қайсар, кемеңгер адам. Ол кісінің кемеңгерлігі өмірімізге сабақ болды. Үлкен рухани сабақ қалдырды. Бойымыздағы шоқтығы биік қасиетіміздің бәрін Асанәлі ағадан алдық. Көркем мінезді, өмірі ғибратқа толы, көзбен көрсең, көңілің тоятын, адамды қанаттандыратын, адамға үлкен сенім қалыптастыратын энергияның көзі еді. Ол кісінің жүрген жүрісі, сөйлеген сөзінен қуат аласың.

Ерлан Біләл