Қазақ ортақ әліпби түгілі, өз әліпбиін реттей алмай жүргенде…
6 қараша Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдерді ортақ әліпбиге өтуге шақырды.
Бұған дейін Түркі Академиясы 2024 жылғы 9-11 қыркүйек күндері Бакуде өткен Түркі әлемі ортақ әліпби комиссиясының үшінші отырысында қабылданған «Ортақ түркі әліпбиі декларациясын» жариялаған еді. Қазір осы ортақ әліпби туралы пікір қызу талқыланып жатыр. «Жас Алаш» ортақ әліпбиге қатысты сұрақтарды біраз тілші ғалымдарға қойып көрді. Бірақ біраз ғалымдар сұрағымыздан ат-тонын ала қашты. Әртүрлі сылтау айтты. Арасында «осы сұраққа жауап бермей-ақ қояйыншы» дегендер де болды. Енді біреулері сұрағымызды тыңдаған соң «айта алмаймын» деп қысқа қайырды. Ал біздің сұрағымызға филология ғылымдарының докторы, профессор Анар Салқынбай, Эрзинжан Бинали Йылдырым университетінің профессоры, халықаралық сарапшы Айнұр Ноғаева және А.Байтұрсынұлы музей-үйінің ғылыми қызметкері, түркітанушы докторант (PhD) Әділет Ахметұлы қатысты.
1. Ортақ түркі әліпбиіне көшу бастамасын сіз қалай қабылдадыңыз, не себепті қолдайсыз немесе не себепті қолдамайсыз?
2. Түркі Академиясы ұсынған латын графикасына негізделген 34 әріптік ортақ түркі әліпбиімен таныстыңыз ба, қандай алып қосарыңыз бар?
3. Осыған дейін латын әліпбиіне көшеміз дедік, енді түркі халықтарына ортақ әліпби туралы айтыла бастады, егер ортақ әліпбиге көшсек, латын әліпби дегеніміз аяқсыз қала ма? Әлде латын әліпбиіне көше беріп, кейін ортақ әліпбиді қайта қарастырған жөн бе?
Анар Салқынбай: Ортақ әліпбиден түрік дүниесінің ұтары мол
1. Ортақ түркі әліпбиі туралы мәселенің қозғала бастағанына биыл 33 жыл болыпты. Яғни 1991 жылы Ыстамбұл қаласында өткен «Қазіргі түркі әліпбиі» деп аталған симпозиумда барлық түрік тілдеріне мынадай ортақ әліпби нұсқасы қабылданған-ды:
a ä b с ç defg ğ hi ı jkqlmnño ö p r s ş tuüvwxyz
Бұл ортақ әліпби негізінде жеке түрік тілдері өзіне сәйкестендіре отырып, лайықты әліпбиін түзуі тиіс еді. Алайда іс жүзінде ортақ әліпби өзбек, түрікмен, әзербайжан, қазақ тілдерінің кей дыбыстарын нақты таңбалай алмады.
Қыркүйек ортасында өзіңіз айтып отырғандай, Баку қаласында Түрік әлемі үшін ортақ әліпбидің жаңа нұсқасы қабылданды. Әрине, бұл тек тіл білімі ғалымдарын ғана емес, латын әліпбиіне көше алмай, алайда ықылас-пейілі латынға әбден ауған әрбір қазақстандық азаматты бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз. Олай деуіміздің мәнісі, бүгінде Қазақстанның кез келген қаласында да, ауданы мен ауылында да латын әліпбиімен жазу белең алғаны, тіпті сәнге айналғаны анық. Өкініштісі сол, әркім өз білігімен жүйесіз жазуда...
«Ортақ түркі әліпбиі» – түрік халқының мәдени, әлеуметтік, саяси, экономикалық бірлігін сақтау үшін, терең дамыту үшін маңызды. Тілі бір, діні бір, ділі мен дәстүрі бір халықтың жазуы әрқашан ортақ болып келген-ді. Көне түркі кезеңіндегі бітік жазуы, орта ғасырдағы араб жазуы – түрік халықтарының ортақ мұрасын қалыптастырды, ортақ тарихы мен ортақ дәстүрін сақтады. Бұл тарихи жағдай тек ХХ ғасырда Кеңестік саясаттың салқынымен өзгеріске түсіп, біздің экономикалық, саяси, мәдени салада бір-бірімізден алшақтауымызға себеп болды. Тарихи төл жазуымыз саналатын Көк түріктің бітік жазуын жаңғыртып, қайтара алмасақ та, бүгінде түрік дүниесі сыры мен сипаты бөлекше болғанымен, мәні бір латын негізді ортақ түрік жазуына қайта оралды. Бұдан жалпы түрік дүниесінің ұтары мол. Жаһанды жайлаған ғаламдану үдерісінде түрік халқының бірлігі мен ынтымағы әрқашан маңызды әрі өзекті болмақ.
2. Соңғы қабылданған «Ортақ түркі әліпбиімен» таныспын, әрине. Бұл нұсқада әзербайжан, қазақ тілдерінде белсенді қолданатын «Ә» таңбасының енуі, кирилл әліпбиіндегі Й-дің У (уай) арқылы берілуі, Ы-ның I мен таңбалануын жылы қабылдадым. Осы мәселе төңірегінде өзіміздің қазақстандық ғалымдар арасында талай пікірталас болған еді. Ортақ әліпбиде бұл дыбыстардың таңбалануы біздің пікірлерімізбен толық сәйкес келді.
Ортақ әліпбиде Қазақ әліпбиі үшін шешілмеген негізгі бір мәселе бар. Ол қазақ тілінің маңызды заңдылығы саналатын сингармониялық құбылысты сақтаушы басты дауыссыз дыбыс «у»-ды таңбалаушы «W» таңбасының болмауы. Әлемдік тіл жүйесінде дыбыстардың үйлесімі мен үндесімін, яғни сингармонизмді сақтайтын бірнеше ғана тіл бар. Қазақ тілі осы сингармонияны берік ұстаушы тілдің санатында. Бұл – әлем тілдері арасында қазақ тілінің феномендік қасиетін танытар басты белгілердің бірегейі. Немістің атақты түркітанушы ғалымы В. Радловтың қазақ лебізін «әуезді» деп тануының бастауы да, қайнар көзі де осы сингармонияда ғой. Қазақ тіл ілімінде «У»-дың дауыссыз дыбыс екені А.Байтұрсынұлы, Е.Омарұлы еңбектерінен бастап, профессор Ә.Жүнісбек зерттеулеріне дейінгі аралықта әбден дәлелденген, ғылыми негізділігі айқындалған. Ортақ әліпбиде осы «У» дауыссыз дыбысының «U» дауысты дыбысты таңбалайтын әріппен берілгені қынжылтқаны рас. Дейтұрғанмен бұл болашақта оң шешілетін мәселе екеніне сенімім кәміл, өйткені адам қолымен жазылатын, өзгеретін, өзгертілетін заң – тілдік заңдылықтарды нақтылауға әрқашан ұмтылары хақ.
3. Біздің 33 жылдан бері көшкелі жүрген латын әліпбиіміз бен ортақ әліпби арасында Қытай қорғаны жоқ, болмауы тиіс. Оның негізі – бір. Ортақ түркі әліпбиіне сәйкестендіре отырып, әр жеке тіл өз тілдік заңдылықтары негізінде төл әліпбиін құрастыра алады.
Құрастырушы авторлары күні бүгінге дейін белгісіз болып қалып отырған қазақ әліпбиінің бастапқы нұсқалары біресе диграфқа, біресе апострофқа, біресе акутқа сәйкес құрастырылып, ғылыми негізсіз, жүйесіз болғандықтан, қабылданбады, рас.
Болашақта қазақ әліпбиі осы «Ортақ түркі әліпбиі декларациясы» негізінде қабылданған ортақ әліпби бойынша құрастырылуы ықтимал.
Ең бастысы, елді елеңдетіп отырған, ендігі қабылданатын Қазақ әліпбиінің нұсқасы қайта-қайта өзгере бермей, ұлт дәстүрі мен мәдениетін, мемлекеттік тіліміздің жүйесін жазба тілде айқын да анық сақтайтын, ғұмыры ғасырларға созылатын канондық жазу болғай. Жазу – ұлт мәдениетінің басты көрсеткіші, ұлттық сананың дәстүрлі дамуының маңызды тұғырының бірі. Жазудың тұрақтылығы – ұлттық құндылықтардың, дәстүрдің, ұлт мәдениетінің берік сақталуының кепілі. ХХ ғасырда қазақ жазуы төрт рет алмасып, біз өзіміздің тарихи санамыз бен генетикалық есімізден жаңылыса жаздағанымызды ұмытуға болмас. Ендігі күтеріміз – ортақ түркі әліпбиіне негізделген, тіліміздің басты заңдылықтарын бұлжытпай таңбалайтын ережесі мен емлесі бар ұлттық жазу.
Айнұр НОҒАЕВА: Бұл бастаманы түрік ғалымдары қолдайды
1. Бұл бастаманы қолдаймын, себебі бұл түркі мемлекеттердің интеграциясына тығыз ықпал ететін маңызды қадам.
Қазіргі таңда ауқымды шаруалар атқарылды, сонымен қатар ортақ сана қалыптастыру үшін жасайтын нәрсе әлі көп деп ойлаймын.
Себебі түркі мемлекеттерінің қазіргі уақытқа дейін тарихи жағдайлар кесірінен Мағжан Жұмабаев, Мұстафа Шоқай секілді түркі халықтарының тұтастығын ұрандап келген алыптардың ізбасарларының үні айтарлықтай шықпады/шығарылмады деуге болады. Алайда түрік елінде бұл екі тұлға өте маңызды. Мағжанның «Алыстағы бауырыма» өлеңі мен Мұстафа Шоқайдың «Екі Отаным бар, біреуі – Түркия» дегенінен олардың шынайы сезімі білінеді.
Жақында Түркиядағы орта мектептерде тарих оқыту үдерісінде өзгерістер енгізілді. Түркі мемлекеттеріне көзқарас тереңдетілді деуге болады, Орталық Азия аймағының аты өзгеріп, «Түркістан» деп аталатын болады. Мен кезінде бұл құбылыстың жай ғана өзгеріс емес, тереңде жатқан саясат екенін жазған едім. Сондықтан Ердоғанның соңғы саммитте айтқан сөзі осы жалпы ұстанымның белгісі деп білемін. Дегенмен бұл ұстаным ешқандай басқа елдерге қарсы жасалған қадам емес, бұл тек қана тарихи сынақтардан өткен бауырлас елдердің өзара қарым-қатынастары мен ынтымақтастығын қайтадан жандандыру, демек артық болмайды. Әрине, ортақ әліпби бір-екі жылда жасалатын нәрсе емес, бірақ алға қойылған орта мерзімді мақсат деп ойлаймын.
2. Бұл ортақ түркі әліпбиі бірнеше елден тіл саласындағы көптеген ғалым бірнеше рет отырыс жасап, ақылдасып шығарған дүние. Сондықтан бұл өте күрделі және керекті нәрсе деп ойлаймын. Неге десеңіз – әріптер ортақ болған соң бір сөз барлық түркі мемлекеттерде бірдей жазылады, бірдей оқылады, дәл сол сөз екені анық болады. Бұл осы жағынан маңызды. Бұл бастаманы Түркиядағы ғалымдар қолдайды. Әліпби қабылдаған туралы жаңалық тараған соң бір-бірін құттықтап жатқанын көрдім, себебі – бұл ортақ дүние. Жалпы көзқарас осы деуге болады.
3. Ортақ әліпбиге көшу осы бір-екі жыл ішінде болады деу қиын, сонымен қатар әсіресе Қазақстан үшін жаңадан немесе қайтадан өзгеріс емес, бастапқы кезеңде Қазақстанның латын графикасына өту үдерісінде және келешекте Қырғыз елі үшін осы латын графикасына негізделген ортақ түркі әліпбиі қолданылса дұрыс болады деп ойлаймын.
Әділет Ахметұлы: Әліпбиді бірнеше рет ауыстырудың қасіретін тартқан халықпыз
1. Бұл мәселені әуелі тарихи тұрғыдан және әлем елдері арасындағы әліпбиге қатысты жағдайлар тұрғысынан қарастырғанымыз жөн. Түркі текті халықтар тарихта әлемге өз әмірін жүргізген халықтардың санатында аталады. Бірақ бізде қазір түркі мәдениеті десе көз алдымызға көшпелілер ғана елестейді. Бұл жаңсақ түсінік. Біріншіден, көшпелі өркениет түркілерге ғана тән емес, екіншіден, түркілер отырықшы мәдениетті де дамытқан. Демек, түркілер жазу мәдениетін тым ертеде қалыптастырған елдердің бірі. Мұның түп төркіні сақ, ғұндарлардан бастау алады. Онан бергі Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштерінің тарихы 1500 жыл. Бұдан соң түркілер көне ұйғыр жазуын пайдаланды, мұны соғды жазуы деп те атайды, ежелгі найман хандығында, керей ұлысында, одан соң Шыңғыс хан империясында осы жазу пайдаланылды. Көне ұйғыр жазуынан кейін ислам дінінің әлемді шарпуына байланысты көшпенділер араб жазуын қолданды. Мұнда да аздаған арабтың элементтері сақталғанымен, бұл жазу үлгісі де түркі мәдениетіне қызмет етті. Араб жазуын сонау Қарахан мемлекеті кезінен, яғни 900-жылдардан бастап, XX ғасырдың басына дейін мың жылдай қолдандық. Кейінгі кездері бұл жазу үлгісін шағатайлықтар көбірек пайдаланғандықтан, мұны «шағатай жазуы» деп те атайды. Шын мәнісінде бұл да көшпелі түркілер ислам мәдениетін қабылдағаннан кейін пайдаланған жазу үлгісі. Міне, арғы тарихын айтпағанның өзінде көшпелі түркілер – әлем өркениетіне ықпал еткен үш ірі жазу үлгісін қалыптастырған ұлыс. Ал бұл жазуларды ауыстырудың тарихи, діни және басқа да өз себептері болды. Бірақ бұл үш жазу үлгісі де түркі халықтарына ортақ, біртұтас болды. Мысалы, күні кешеге дейін, Абай, Шохандардың қолжазбаларын, хан сұлтандардың жазысқан хаттарын, А.Байтұрсынұлы төте жазуға өзгерткенге дейінгі жазбалардың барлығын қазақ жазса, татар, ноғай, қарақалпақ, өзбек, қырғыздың оқығандары толықтай түсінетін. Ортақ әліпби дегеніміздің өзі – осы. Кейіннен А.Байтұрсынұлы бұл жазудағы қолайсыздықтарды зерттеп, төте жазу үлгісін жариялады. Осыдан соң басқа да туысқан халықтар бізге еліктеп, төте жазу үлгісіне көшті. Алайда XX ғасырдың басында біз орыстардың отарына айналдық, сөйтіп, Түркияның түріктерінен алыстай бастадық. Олар біраз уақыт османлы жазуын пайдаланды. 1921 жылы Түрік Республикасын құрып, бұрынғы жазуынан бас тартып, латын әліпбиіне көшті. Ал орыстың қарамағындағы түркі халықтары біраз жыл А.Байтұрсынұлы үлгісіндегі төте жазуды пайдаланды, кейіннен латын әліпбиіне ырықсыз түрде көшірді. Одан соң Совет өкіметінің нығаюына байланысты өзінің қарамағындағы түркі халықтарын тұтас кирилл жазуына көшірді. Ал Совет өкіметі ыдыраған соң түркі халықтары мәдени рухани тұрғыдан тұтастыққа ұмтылды. Олардың алдында өздерінің ежелгі жазу үлгісіне көшу керек пе, әлде әлемнің қатынас құралына айналған латын әліпбиі негізіндегі әліпбиге көшу керек пе деген сұрақ тұрды. Туысқан ұлт ғалымдарды осы мәселені жиі талқыға салды. Біраз уақыттан соң, өзбек, әзербайжандар латын әліпбиіне көшті, бірақ әлі де жартылай кирилл жазуын пайдаланады. Қазақстан латын әліпбиіне көшеміз дегенімен, әлі көше алмай келеді. Бірақ менің ойымша, өзінің ежелгі төл жазуы бола тұра, бізбен тікелей қатысы жоқ латын әліпбиін қолданатындай біздің басымызға не күн туды? Сондықтан менің пікірім, латын әліпбиіне көшуге асықпау керек. Себебі латын әліпбиі әлемнің жазуына айналса да біздің тарихымызбен, мәдениетімізбен ешқандай қатысы жоқ. Өздерінің ұлттық жазуы бар араб, парсылар, қытайлар латын әліпбиіне көшкен жоқ, көшпейді де. Біз де дәл осы елдер секілді кезінде мәдениет жаратқан, өз жазуы бар қағанат деңгейіндегі ел болдық. Арада бірнеше ғасыр өз тізгініміз өз қолымыздан кеткенімен, тәуелсіздік алып, қайтадан тұғырымызға қондық. Сөйте тұра латын әліпбиіне көшпекшіміз. Латын әліпбиіне көшу – барлық түйткілді шешеді деу жадағай пікір. Ал егер түркі халықтарына ортақ жазу қажет болса, ата-бабамыздан қалған ежелгі жазуымызға көшу керек.
2. Қазіргі ұсынылып отырған ортақ әліпбиде 34 әріп бар. А.Байтұрсынұлының зерттеуінше, қазақ тілінде 28 ғана дыбыс бар, оны 24 таңбамен және дәйекшелермен жазған. Яғни мәселені оңай шешкен. Туыстас ұлттар ұзақ уақыт бір-бірінен бөлініп қалғандықтан, аздаған тілдік айырмашылық байқалады. Мысалы, оларда бар кейбір дыбыстар бізде жоқ немесе керісінше. Сондықтан бұл жерде туысқан ұлттардың мүддесіне қарай, әліпбидегі әріптердің саны көбейіп отыр. Сондай-ақ мұнда қайсы ұлттың тілі негіз етіліп отыр деген сұрақтың да басы ашылмаған. Себебі ортақ жазу болуы үшін ортақ тіл болуы қажет қой. Міне, осы жағы да бұлдыр. Сондықтан ортақ латын әліпбиінің дәл қазір біздің тіліміздің түркілік құнарын арттыратындай ықпалы болмайды. Өйткені ол көзге көрініп тұрған мәтін ғана.
3. Латын әліпбиіне көшу – айтыла-айтыла әбден ерқашты болған тақырып. Біздің халық әліпбиді бірнеше рет ауыстырудың қасіретін тартқан, одан да сабақ алатын кез келді. Өз тарихына қатысты жазба мұраларды түпнұсқадан тікелей оқып зерттей алмайды. Тарихтан бері ерікті-еріксіз түрде бірнеше рет әліпби ауыстырудан бүгінгі таңда өз жәдігеріміз өзімізге құбыжық сияқты болып көрінеді. Сондықтан әліпбиді түбінде бір ауыстыратынымыз шын болса да, тым салқынқандылықпен шешім қабылдауымыз керек. Яғни тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асқан халықтың ұлт ретінде бекемдеп, кемеліне келтіріп алуға тиісті өзге де мәселелері жетерлік. Қазіргі сәтте біз ондай кемеліне келе қойған елміз деу ерте. Ұлт болашағына тікелей әсер ететін бұл реформаны жеделдетуге күй-жайымыз келіңкіремейді. Мысалы, араб әліпбиі Османлы жазуынан латын графикасына асығыс көшкен Түркия түріктері ата-бабадан келе жатқан ң мен қ сынды түркілік дыбыстарынан айырылып қалды. Өзбекстан латын графикасына көшкелі ұзақ жылдар өтсе де, әлі кириллді қатар алып жүр. Тек елу пайыз жұртшылық қана латынша сауатты екенін өзбек ғалымдары мойындайды. 1930 жылы көшкен латын әліпбиіміз де жадағайлау жазу боп шыққан. Негізі бұл тақырыпты бір сауалнама көлемінде таратып айту мүмкін емес. Бірақ ол әліпбидің де жүйесіз, икемсіз тұстары баршылық. Қытайдағы қазақтар да жиі құбылған саяси реформалар жетегінде төтеден латынға, латыннан төтеге ауысқанын біреу білсе, біреу білмейді. Қытайдағы латын қарпімен оқып өскен бір буын әлі төте жазуды оқи алмайды. Не Қазақстанның кирилл қарпін білмейді. Ауғандағы, Ирандағы қазақтар да кирилл әрпін оқи алмайды. Енді соншама алуан түрлі, ала-құла жазумен оқып өскен қандастар Қазақ еліне келетін болса, олардың алдынан қазіргі кириллді және көшкелі отырған латынды үйрену деген проблема шығады. Мұны да ескерген жөн.
Ең дұрысы, экономикалық, саяси, ұлттық идеология жағынан еңсе көтеріп алған соң, бірегей бір жазуға көшкеніміз абзалырақ болады.
P.S. Мамандардың бізге айтқан пікірі, міне, осындай. Дегенмен бұған дейін латын әліпбиіне көшеміз деп аз сабылған жоқпыз. Әліпбидің бірнеше түрін жасадық, айтыстық, тартыстық, ақыры аяқсыз қалды. Қазір қазақ қоғамы осы секілді «күшімізді біріктіреді, айбарымызды асырады, экономикамызға жамау болады» дейтін ортақ шаруаларға тіпті күле қарайтын секілді. Естеріңізде болса, кезінде Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта жасаймыз деп шабылдық, ақырында ол да нәтижесіз аяқталды. Ал ортақ түркі әліпбиі де қазақ қоғамын селт еткізбесі анық, себебі қазақ әліпбиінің өз жыры бітпей жатыр, Ердоған мырза.
Дайындаған
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ