Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:21

Қазақ-өзбек тоннелі арқылы жанармай тасымалдаған қылмыстық топ ұсталды

Өзбекстан
Фото: Бас прокуратура

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, халықаралық қылмыстық топ Қазақстан мен Өзбекстан шекарасына жақын маңда 450 метрлік тоннель қазып, сол арқылы жанар-жағармай өнімдерін заңсыз өткізумен айналысқан.

Түркістан облысы прокуратурасының үйлестіруімен Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өңірлік департаменттері Өзбекстан құқық қорғау органдарымен бірлесіп, жанармай өнімдерін шекарадан жасырын тоннель арқылы өткізумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.

Тергеу нәтижесінде бұл заңсыз әрекет екі ай бойы жүргізілгені анықталды. Осы уақыт ішінде шетелдік қаржыландырумен жанармай тасымалдауға арналған логистикалық жүйе мен құпия арна құрылған. Арнайы операция кезінде өзбек тарапынан да тиісті шаралар қолға алынған. Екі елдің құқық қорғау органдары үйлесімді жұмыс атқарып, заңсыз әрекеттердің жолын кесті.

"Нәтижесінде қылмыстық әрекетке қатысы бар барлық тұлғалар анықталды. Қазақстан Республикасының 5 азаматы күдікті ретінде танылды", - делінген хабарламада.

Іс-шаралар Өзбекстанның құқық қорғау органдары мемлекеттік шекараның маңындағы аймағында өткізді. Сонымен қатар көрші мемлекеттен экспортталған жанармайға ақша аудару схемасы анықталды.

Тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.