Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:45

Қазақ пен әзербайжан – тамыры бір, тағдыры ортақ халық

1
Фото: dknews.kz

Түрлі этнос пен мәдениетті тоғыстырған Қазақстанда тұрақтылық пен келісімді сақтау – басты құндылық. Соңғы жылдары елімізде ұлтаралық келісімді нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұған жай ұран емес, нақты саясаттың жемісі деп қарау керек.

Олардың қай-қайсысын сөзге тартсаң да, қазақ халқына деген алғысын жаудырып, ризашылығын білдіреді. Сонау 2000 жылдары негізін қалаған «Хазар» әзербайжан этно-мәдени орталығы директоры Махир Мұхтароғлы Рзаев әңгіменің әлқиссасында: «Қазақстан – біздің ортақ отанымыз. Біз осы елдің ауасын жұтып, суын ішіп отырған соң, дамуы мен өркендеуіне атсалысқымыз келеді. Сол үшін еңбек етіп, тер төгіп жүрміз», – деді.

Астана қаласындағы «Хазар» әзербайжан этно-мәдени бірлестігі 2001 жылы құрылған. Ұйымның негізгі мақсаты – Қазақстандағы әзербайжан қауымдастығын біріктіру, олардың мүддесін Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында таныстыру, ұлттық мәдениетті насихаттау және жастардың қазақстандық қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету. Сонымен қатар бірлестік Қазақстан Республикасының президенті жүргізіп отырған мемлекеттік саясатты қолдай отырып, елдегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға өз үлесін қосып келеді.

Бүгінде Қазақстан аумағында 200 мыңнан астам әзербайжан ұлтының өкілдері тұрады. Олардың шамамен 5 мыңы Астана қаласында, ал қалған басым бөлігі елдің оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда, Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында шоғырланған. Сондай-ақ Алматы қаласында 50-60 мыңға жуық әзербайжан өмір сүріп жатыр.

1990 жылдары елімізге атбасын тіреген Махир Мұхтароғлы: «Әзербайжандардың Қазақстанға қоныс аудару тарихы 1933-34 жылдардан басталады. Сталиндік режимнің салдарынан жер аударуға мәжбүр болғанын ескерсек, олардың түрік пен ирандармен қарым-қатынасын үзуді мақсат еткен. Осыған орай 120-130 мың әзербайжан Қазақстанға келіп, оңтүстік өңірлерде қоныстанған. Қазақ пен әзербайжан қай жағынан да ұқсас. Салт-дәстүріміз де өте жақын. Сондықтан да қазақ халқы құшағын ашып, жылы қабылдады. Қиын-қыстау кезеңде демеу болып, аман қалуына жәрдем берді. Бұл қарым-қатынас бұрынғыдан да беки түсіп, ынтымағы арта түсті. Қыз алып, қыз беріп, туысқан болып кеткен халық Қазақстанның тәуелсіздігін қолдап келеді. Әзербайжан этносының 90 пайызы қазақ тілін біледі. Түлкібас ауданындағы кей қазақтар әзербайжан тілін меңгеріп алған. Сол себептен біз өз үйімізде жүргендей сезінеміз», – дейді.

Оның пікірінше, Қазақстан халқы ассамблеясы өзіне жүктеген міндетті артығымен орындады. «Ұлттар татулығын негізге алған ұйым мемлекеттегі ұлтаралық қауіпсіздіктің кепілі болды. Осы уақыт аралығында ел саясатының дамуына үлес қосып, этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірді. Қандай да бір кикілжің мен қақтығыстың тіркелмеуі сырт елдердің де көзін қыздыратын. Бұл жарнама болған жоқ, шын мәнінде жұмыс істеп, азаматтық қоғамды бір арнаға тоғыстырған институт. Енді конституциялық өзгеріске сәйкес, «Халық кеңесі» деп атауы өзгеретін ұйымға 126 адам енеді. Оның 42 орны этно-мәдени орталығынан болады», – дейді «Хазар» әзербайжан этно-мәдени орталығы директоры Махир Мұхтароғлы.

Ол сондай-ақ казақ пен әзербайжан татулығы әртүрлі оқиғадан көрініс табатынын жеткізді. «Ақтау маңында Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшыраған кезде де қолұшын созып, көмектескісі келген қазақтар көп болды. Аман алып қалу үшін қан тапсырып жатты. Мұның өзі бауырлас халық екенін көрсетеді. Әзербайжандағы Қазақстан елшілігінде жыл сайын Наурыз мейрамы ұйымдастырылады. Қазақ үйі тігіліп, дәмді дастарқан жайылады. «Хазар» этно-мәдени орталығында да осы дәстүр жалғасып келеді», – деп түйіндеді пікірін Махир Мұқтароғлы.

Жәнібек Желдібай