Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:28, 14 Наурыз 2024

Қазақ ішінде өзгермеген бір адам

Жұмабай Шаштайұлы
Фото:

Жабырқаулы, мұңлы, ажарсыз сәттің дәл бұлайша тосын келетінін күтпеген сияқтымыз. Жұмабай ағасыз өтетін ендігі күндерді ойласаң, Жұмағаңмен өткен күндерді парықтауға тура келеді екен. Кімсің? Қандай боласың? Қалай өзгересің?

«Әке, өмірлерің алда. Өзгеріп кетулеріңнен қорқам» деуші еді. Қазақ ішінде сәби көңілі өзгермеген бір перзент болса, өзі екенін Жұмағаң білген жоқ. Енді өзгермейміз деп қалай уәде береміз? Қалай өзгермеуге болады? Қалай?

«Арыңды жасыңнан сақта» деген Пушкин сөзіне дәл Жұмағаңдай терең мән беріп, өмірлік қағидасына айналдырған қаламгер тым сирек болса керек. Жасандылықты, көлгірлікті, мақтанды бірден аңғарып қоятын ағаның алдында пенделік осалдығыңды көрсетпеуге тырысушы едік. Әңгімесін тыңдап отырып, тереңдей алмасаң, түсінбей қалсаң, әсерленіп, ұғып отырғандай кейіп көрсетуге дәтің шыдамайтын. Ол кісінің алдында Құдай қалай жаратты, солай ғана өзіңді ұстауға міндетті сияқты көрінетінсің.

Жұмағаңа біздің мақтан – еркелік болатын. Алдында қаншалықты еркін отырсақ, соншалықты ұстамды, шынайы болуға тырысатын едік. Ол кісімен әңгімелесіп, жәй ғана еркелеудің өзі рахат еді. Біз ғана емес, өзі де бізге еркелеп: «Сонда қалай дейсің? Қайталап айтшы» деп, жүрегін аша күліп, иегін сәл көтіріп, қабағы дір етіп, жанары жылт ойнап кетуші еді. Біз де қайталап айтып, жаңа ғана бойды жылытқан сезімді қайта кешіп, дүниенің бір қызығына тап болғандай, одан айырылғың келмей, ұзақ қызықтап тұрушы едік.

Жұмағаңды біреулер аңғал, аңқау деп ойлайтын сияқты қазір қарасам. Рас, қулығы жоқ, саусағын бүгіп қалмайтын. Бірақ жұрт сыртынан ақылситындай жан емес-ті. Оның прозасындағы нәзіктік өмірінде де бар еді. Адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты өте жоғары деңгейде меңгерген Жұмағаң өмірге сол көркемдік талабымен қарады. Тіршілікті қарабайыр сүргісі келмеді. Өміріндегі түйткілдерді де әдебиет өлшемімен шешті.

Ауыл адамдарының мінезі өзгергенін, тіпті маңдайдан сүйетін үлкендер жоқ екенін қапаланып, сағынып айтқаны бар. Қаза үстінде досы Серік Асылбекұлына көңіл айтқанымда, құшақтап, бетімнен сүйгенде Жұмағаңның Серік досын неге құрметтеп, неге жақсы көргенін ұққандай болдым.

Жұмағаң бізді жазуға тәрбиеледі. «Әдейі күрделендіріп, сөйлемді қиындатып құрасың» деп кінәрат таққан досыма не деп жауап қатқаным қазір есімде жоқ. Бірақ осы жолдарды жазып отырып, ойласам, адам өз рахаты үшін солай жазады екен. Оның біреуге қатты түсінікті болуын ойламайсың. Жалпы стилистикасы дұрыс болса – болды. Ары қарай өзің дұрыс, жақсы деп тапқан құрылымды барынша игеруге тырысасың. Біздің қарапайым сөйлемдеріміз неге түсініксіз көрінгенін білмеймін. Ал Жұмағаңның стилистикасы сол жан рахатынан туғанын, оның ешқандай кемшілік болмағанын тап қазір түсініп отырмын.

Аса қадірлі болған ағамызды қара жер құшағына алды. Өзі жақсы көрген Қасымның ғажайып бір жолындағыдай дәл қырға барып жатып, көрпесін қымтанды. Жұрт аяғы қабірден қырық қадам асқанда, аят оқып, тағы біраз қимай тұрдық.

Үлкен баннерге шығарылған суретіне қарасаң, жанарын саған қадап тұрғандай. Мейірімді көзқарас. Ендігі ғұмырыңда өзгере қалсаң, қабағы шытылардай...

                                                                                       Бағашар Тұрсынбайұлы

Жұмабай Шаштайұлы
Фото: zhasalash.kz

Асылдардың жалғасы еді...

Айналайын бауырлар! Қасиетті Жәкеңнің, ұлы Жамбылдың рухы аспанын кезіп, сәулелі нұрын бүкіл қазақ даласына шашып келе жатқан киелі ауылдың жұртшылығы.

Сіздермен бүгін ауыр жағдайда кездесіп, қаралы жиынның үстінде ғайып ерен мінезді, сирек туатын, қаламының ұшынан қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ащы ақиқаттары мен шындықтары төгіліп түскен, қайталанбайтын қаламның иесі, қайта келмейтін суреткер, айналайын бауырым Жұмабай Шаштайұлын соңғы сапарға шығарып салып, бас қосып отырмыз. Бұл – ұлтты жоқтау секілді жиын.

Қаралы жиын үстінде бірімізге-біріміз көңіл айтуымыз – парыз. Екі дүниенің бары хақ. Мына дүниенің, жарық жалғанның қызығын да, шыжығын да, міндетін де Алладан болған тапсырмасын да абыроймен адал орындаған Жұмабай, міне, бақиға аттанып бара жатыр. Жұмабайдың кім екенін, кім болғанын, не бітіргенін халқы жақсы біледі. Кешелі бері, бас-аяғы бір жарым тәулік ішінде бүкіл қазақ елінің ақпарат кеңістігі бір-біріне көңіл айтып, қаламгерлер ғана емес, кітап оқитын, әлі де көкірегінде қазақтың сөзіне деген ізгі құрметі әлсіремеген, азаймаған қалың оқырман аза тұтып жатыр. Кешегі күн бізге Алматының зіл-заласынан кейінгі бір ауыр күн секілді болып елестеді.

Таңғы сағат алты жарымның кезінде Жұмабайдың талантты інісі Жанарбек Әшімжаннан хабар келді: «Үш сағат болды, Жұмағам қоштасып, ана дүниеге кетіп қалды» деп еміреніп, ботадай боздаған. Жанарбектің хабарын оқығаннан кейін сілейіп отырып қалдым, құлағыма сенбедім. Жүрегім де, көңілім де сенбеді.

Аманатқа қиянат жүрмейді. Өзі Атыраудағы Ұлттық құрылтайға кетіп бара жатып, бір уыс топырақ салуды өтініп еді. Қуаныш Сұлтанов, Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы сияқты замандастары қабырғалары сөгіліп тұрып, көңілдерін айтып, хабарласып жатыр.

Соңғы кездескен кезімізде көп жоспары бар екенін айтып еді. Істеймін деген шаруасы да көп еді. «75 жылдықтың қарсаңында шығып жатқан 4 томдық шығармалар жинағымды қолтаңба жазып, апарып берем, Нұр аға. Біз – әдебиеттің бір кезеңінде қатар келе жатқан, бірер жас үлкендігіңіз болғанымен, бір буынның, бір дәуірдің адамдарымыз ғой. Бірімізді-біріміз оқып, бірімізді-біріміз іздеп жүруіміз керек» деп еді. Мұнысы маған аманат секілді сөз болды.

Алғашқы «Қызыл қарынан» бастап ауылдастарының өміріндегі қиындықты тайсалмай жазған, шыңғыртып шындықты жазған Жұмабайдың сол кездегі бүкіл биліктен қалай сөз естігенін бәріміз білеміз. Сонда айтып едім: «Айналайын Жұмабай, сен кешегі ұлы жазушылардың жалғасы секілді өзіңнің қолтаңбаң бар, қайталанбайтын өнегең бар, өрісің кең жазушысың. Бұған бола мойыма» деп. Ең алғашқы таныстығымыз содан басталып еді. Ары қарай жақсы ағалы-інілі болып, қолтықтасып, құшақтасып, өмір туралы, қоғам, заман туралы сырласып келдік.

Жұмабайдың биіктігі де, кеңістігі де ерекше болатын. Жалғыз бір ауыл, бір аудан, қасиетіңнен айналайын Суықтөбенің арғы жақ, бергі жағы немесе осы Алатау, Аспантаудың ғана өңірі оның кеңістігі емес еді. Оның кеңістігі адамзаттың кеңістігі болатын. Ол солай ойлап, қолына қаламын алатын. Жұмабай шындап келгенде қазақтың прозасындағы кешегі Бейімбет Майлин салған мектепті жалғағандардың бірі, әрі бірегейі. Жұмабай кешегі Тәкен Әлімқұловтардың үлгісін, өнегесін жалғап, өзінің қайталанбайтын өрісін жасаған жігіт еді.

Жүз жылдығын қалың елі атап жатқан Бердібек Соқпақбаев ағамыздың екі ғасырдың тоғысындағы жаңғырған жалғасы болатын Жұмабай. Осы топырақтан шыққан ағалары Балғабек Қыдырбекұлының, Сейдахмет Бердіқұловтың өнегесін алды. Өрісі кең осындай бір қалам иесі еді.

Сенің мінезіңдегі екі бірдей қасиетті қадірлеуші едім. Бір қарағанда ұяң секілді, бір қарағанда сабырлы секілді көрінуші едің. Бірақ алдыңа шығып, жолыңды кескен адамды орнына қоятын, қаһарлы, қайсар қалыбың да бар еді. Сенің осы мінезің қаламыңда да, жүрісіңде де, өмір сүру үлгіңде де қос қанатың секілді еді. Кешелі бері жылап, етегіне сүрініп шапқылап, біріне-бірі көңіл айтып жатқан бірін білсең, бірін білмейтін, қолына қалам ұстаған жас буын ғана емес, оқырмандардың алдында да сен енді биіктей бересің. Кешегі сенімен үзеңгілес болған, асығып атқа мініп, бақиға аттанып кеткен қаншама алаштың асыл арыстары кеткен жолмен кетіп барасың. Бұдан кейін сен шаң қондырмай арыңа, даң қондырмай мәртебеңе, қазағыңның алақанында, төрінде тұратын боласың.

Ұлы Жәкеңнің зиратының басында тұрып: «Сөзге өмірін арнаған таза жүректі перзентіңіз кетіп бара жатыр, ата. Қабыл алыңыз, оң жағыңыздан орын беріңіз» дейміз. Алланың көзі артында қалған алаштың жұртына оң болсын. Қазақтың жұртына бүтіндік берсін. Жұмабайдың түпкі арманы осы болатын.

Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын! Біздің ортамызда енді сен жетпей тұрасың. Өйткені сен таза едің.

Суреткерлік, азаматтық тазалығыңа шаң қондырмай кетіп барасың. Бақұл бол, бауырым!

Нұрлан Оразалин

Жұмабай Шаштайұлы
Фото: zhasalash.kz

Әкеммен сырлас, өзіммен сыйлас Жұмағам

Жұмабай Шаштайұлымен менің әкем бірге қызмет етті. Әкем Сәдуақас қолынан қаламы түспеген журналист еді. Өзінен жасы едәуір кіші болса да, Жұмабай ағамызбен қатты сыйлас, тіпті сырлас екен. Бала күнімізде атын естіп, сыртынан біліп жүрсек те, ағамызбен танысудың реті кейін түсті. Бір жиында әдейі іздеп барып, таныстым.

Кімнің баласы екенімді білген соң, тіпті жақын тартты. Мен де шын көңілмен жақсы көре бастадым. Мен әкемнің сыйлаған інісін тауып, онымен сыйласқаныма қуансам, Жұмабай аға баяғы Сәдуақас ағасын көргендей еркелей сөйлейтін.

Менің қалжыңым бітпейтін. Жылда бір рет барып, қыстың сүрін жеуші едік. Оны да: «Үй, аға, сүрдің бәрін жеп қойғансың ба?» деп тиісе сөйлеуші ем. «Әй, Әскен, бар ғой, айтшы» деп, ағам жеңгеме қарап, ақтала кететін. Баладай аңғалдығына мен рахаттанып күліп отыра берер ем. Енді ондай күн қайда?..

Жазуы мен қызметіне адал болғанына шүбәм жоқ. Керек десеңіз, адамгершілікке адал болды. Қысылғанда ақыл сұрасаң, тек жанашырлық тұрғыда айтушы еді. Кейде мінезге салып, ашуға бой алдыруға тура келетін кезде Жұмабай ағаны ойлаушы ем, ақылын сұраушы ем.

Талай сапарда бірге болдық. Соңғы рет Ақтауға бірге барып қайттық. Ағам маған өмірі ауырмайтындай сезілуші еді. Ұсақ-түйек сырқаттар болмаса, үлкен дерт келер деп ойламаппын. Жазымға амал бар ма?

Қимай тұрмын, қиналып тұрмын. Алдың жарық болсын, асыл аға!

Махаббат Бигельдиев

Жұмабай Шаштайұлы
Фото: из открытых источников

Аманатыңды ұмытпаймыз

Ойламаған жерден жайсыз хабар жеткенде, төбемнен жай түскендей, көз алдым қарауытып, есеңгіреп қалдым. Әнеугүні ғана әзілдесіп, биылғы жоспарларымызды кеңеспеп пе едік. Тәуір боп келе жатыр еді ғой... Сенер-сенбесімді білмей, атқақтаған жүрегім аузыма тығылып, көзге толған жасты ішіме жұта бердім. Бізді білетіндер көңіл айта бастағанда, өзіме-өзім ие бола алмай, шарасыз егілгенімді жасырып қайтейін...

Қазақтың асыл азаматы, менің ардақтаған аяулы досым, қазақтың қасиетті қара сөзінің қайыспас, қайтпас қазанаты аяқ астынан мекені алыс, мәңгілік сапарға аттанып кетеді деп кім ойлаған?.. Қабырғам сөгіліп, қабіріңе топырақ салғанда, өң мен түстің арасында, естанды күйде жүргендеймін. Оқыста орға құлап, жазатайым жардан ұшқандаймын. Бауырымды жұлып алғандай, жүрегіме қанжар салғандай, жаным қансырағандай. Тап осы сәтте жарық дүние екіге бөлінгендей... Жұмабай Шаштайұлы бар кезең, Ол дүниеден озған кезең.

Жазмыштан озмыш жоқ екенін бәріміз де білеміз. Біле тұра, сол озмыштан қара үзіп, шығандап кетуге талпынған бейбіт көңіл сенгісі келмейді, өзін-өзі жұбатуға ұмтылады. Бұлқынуыңа да, бұлтаруыңа да мұрша-мүмкіндік бермейтін өктем шындыққа көзіміз жеткенде де, егілуге бармыз, тіпті егесуге де бармыз, бәлкім, қимастығымыз шығар, бәлкім, өмірге құштарлығымыз болар, не десек те, шын жүректен бас иіп, бірден мойындауға жоқпыз... Бәлкім, адамның күрделілігі осы аласапыранда жатқан шығар.

Жұмабай Шаштайұлының қалам ұстаған қаршадай кезінен бастап, көз жұмғанға дейінгі аралықтағы әңгімелері, повестері, романдары адам мен қоғамның қарым-қатынасын зерттеуді айнымас нысанаға алып, адам туралы заманға бағынбайтын асқақ, өр ақиқатты аршуға, заманға мәжбүр әлсіреген ақиқатты айқындауға арналған еді.

Адам билеген қоғамның бірде шыңға шығандаған, бірде шыңырауда шымырлаған шындығын байыптауға шәкірттей құштарланып, данадай ден қойды. Қоғам илеген адамның қатпар-қатпар сырларынан адамды сақтайтын қасиеттерді қашанда қаймықпай іздеп, адамгершіліктің алтын шырағымен сәуле түсіріп, үнемі үңілуден бір сәт тартынғанын көрген жоқпыз, тайсақтағанын естіген емеспіз. Пенде баласының өзі сияқтылар ортасында өз орнын іздегендердің де, іздемек түгіл қажеттілігін сезінбегендердің де, ашық та астыртын сапырылысқан қайшылықтар мен жарыса қатарласқан қат-қабаттарға, адамның өзге түгіл өз табиғатын терең біле алмай, тым құрыса түйсікпен тани алмай, азап кешкен құбылыстарына әлсін-әлсін қайырылып қарау мен қадағалауды қай шығармасында да ұмыт қалдырған емес...

Қайран досым Жұмабай, сенің шығармаларыңның осындай көркемдік әлемі туған еліңе, қаламдастарыңа арнап айтқан ақ сөзің, соңыңа қалдырған ұмытылмас, асыл аманат сөзің деп білеміз.

Бақұл бол, топырағың торқа болсын, пейіште нұрың шалқысын.

Бекен Ыбырайым

Жұмабай Шаштайұлы
Фото: из открытых источников

Жұмабайға түсетін күнде бір ой

Жазушы Жұмабай Шаштайұлы екеуміз ұзақ жыл қызметтес, сырлас болдық. Сондағы байқағаным, ол қазақ әдебиетін ғана емес, әлем әдебиетін меңгерген биік тұлға еді. Әрі өте ізденімпаз болатын. «Саналыға түседі күнде бір ой» демекші, әр жұмыс аптасында жаңа тақырыптар, жаңа көзқарас, жаңа айдарлар арқалап келетін. Және соның жарыққа жарқырап шығуын айналасындағылардан талап ететін.

- Жүке, сіздің толғақты ойлар туындатпай жүре алмайтыныңыз қалай? – деп, кейде әзілге бұра бүйрекке түртетін едім.

- Ереке, өзің де аңғарасың, мен атақты суырыпсалма ақындардың ұрпағымын ғой, – дейтін күлімдеп. – Қос өкпемнен алуан ойлардың қысып тұратыны рас.

Ол қосшы болсын, басшы болсын, өзін бірқалыпты ұстайтын. Өзін ерікті, еркін сезінетін. Өзгелердің де ерікті болуын қалайтын. «Буылып, түйілген жандардан таза шығарма туындамайды» дейтін.

Жұмабай басқарған жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті мазмұн жағынан байыды, тақырыбын кеңейтті. Көтерілген мәселелер дүйім жұртты дүрліктіре, қоғамдық пікірталас тудыратын.

Басшы ретінде талантты жастарды алғашқы қадамынан-ақ танитын. «Қазақ әдебиетінің» шеберханасынан, Шаштайұлының тәрбиесінен шыңдалған шығармашылдар бұл күндері республикалық маңдайалды басылымдар мен ақпарат құралдарының дарынды қаламгерлері, сирек талантты басшылары.

Жүкең өз шығармаларында әр сөздің орын тауып қолданылуын қатаң қадағалайтын. Осы адалдығы өмірінің де нәрі еді.

Қош, қаламдас досым. Жаның жәннаттың төрінде шалқысын!

Еркін Жаппасұлы

Өмір бақи жүректің сөзін айтып өтті

Лев Толстой қартайған шағында ұлы жазушының ұлы шәкірті Антон Чехов айтқан екен: «Мінеки, ерте ме, кеш пе Толстой да өледі, сонда мына дүниеде мағына қалмайды» деп. Қазір мен үшін және Жұмағаңның осындағы бауырлары, жақындары, қатарластары, ондаған шәкірттері үшін дүниеде мағына қалмай тұрған жайы бар. Өйткені мына дүние Жұмағаң секілді таза, адал, жүрегіне ұлы дүниелерді қондырған ойшыл һәм жан-жағына осыншама мейірбан адамдармен ғана қадірлі. Осы дүниені ұстап тұрған Жұмағаң сияқты жақсы, жаны жайсаң, жүрегі кең, пейілі жомарт жандар.

Жұмағаң бізге жүрекпен сөйлеуді, жүрекпен жазуды көрсетті. Жүрекпен өмір сүруді үйретті. О кісі «жазған кезде мынаған сен жүрегіңді салдың ба?» деп сұрайтын. Бұл сөздің астары өте ауыр. Өйткені Абай айтатын «Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін» дегеніндей, Жұмағаң ешқашан еріннің сөзін айтқан жоқ, өмір бақи жүректің сөзін айтып өтті.

Қадірлі ағайын, Жұмағаңның бауырлары, жақындары, достары, шәкірттері, сіздерге, кейінгі буын Жұмағаңның оқырмандарына көңіл айтқым келеді. Қазақ әдебиетіне көңіл айтқым келеді. Қазақ халқына көңіл айтқым келеді.

Жұмаға қош болыңыз, бақұл болыңыз!

Қасым Аманжол

Өмірдің басы – тұнық, аяғы – лай,
Көзіңе көрінеді баяғыдай.
Тұнықтың мөлдіреген тұнбасы еді,
Көкемді Жұмабайдай ая, Құдай!

Өмірдің аяғы – лай, басы – мөлдір,
Мөлдірлік кеткені ме, расымен – бұл?!.
Сол шығар, тазалығы – мұңым таза,
Жыласам, жанарымның жасы – мөлдір!

Жұмаға..!
Жүрегің де шуақты еді...
Жаныңның жылап тұр ғой, бұлақ-көлі.
Сол – тұнық, сол – мөп-мөлдір жаныңызды,
Қарсы алсын,
Пейіш пенен Жұмақ төрі!

Бақыт Беделхан

«Аспанқора» Атанның кебін киіп,
Орғып-орғып өтті ме өмір – киік.
Өзім қиып тұрсам да неге екенін,
Кете алмайтын сияқты көңіл қиып.

Қош деуге де бармай тұр, тілім аға,
Сөнген оттың ізі де шұғылалы, ә?
Биіктігің білініп қалды бүгін,
Бет бұрып ең, сен де енді құбылаға.

Тұр күйдіріп жанымды от па, жалын?
Оразаның күнінде соқты ажалың.
Сені жоқтар артыңда інілерің,
Сені жоқтар соңыңда көп қазағың.

«Әке» деуші ең, айналдым дегендейін,
Болмысыңа жоқта өзің тереңдейін.
Шыққыр көзім көре ме шын биікті,
Асқар таулар кеткен соң сенен кейін.

Көргенім жоқ, өлгеннің тірілгенін,
Табады екен, пендесін түбінде өлім.
Өзің кетті дегенде тарылып дем,
Орныңның қарашы білінгенін.

Қалды екен деп ойлап ем, сәл суықтап,
Тау құлады өзіңмен жаншылып бақ.
Бұл дүниеге келмесің белгілі енді.
Қанша жоқтап жатсақ та, қанша ұлықтап.

Роза Сейілхан