Қазақ театры: түзелмейтін кемшілік пен ескерілмейтін сын

Кез келген саланың кемшін тұсын сол саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген адам ғана дөп басып айта алады.
Ертеде Қажықұмар Қуандықов, Бағыбек Құндақбаев, Әшірбек Сығай сынды сыншылар театр саласындағы проблемалық тақырыптарды көтеріп, баспасөз беттеріне жиі мақалалар жариялайтын. Оның үстіне, «Театр», «Советская культура» сынды журналдар жарық көретін, онда театрға қатысты әр алуан материалдар жарияланып тұратын-ды. Театрдың басты өнімі – спектакль десек, дайын өнімнің маңызы мен сапасын театрдағы сын секілді терең салмақтай алатын құбылыс кемде-кем. Осы орайда бүгінгі театр сынының жағдайы қалай? Айтылған сынды режиссер мен әртіс қалай қабылдайды деген сұрақтар турасында «Жас Алаш» әңгіме өрбітті. Сауалымызға театр сыншысы Амангелді Мұқан, театр режиссері Елік Нұрсұлтан, кино және театр актері Болат Әбділманов қатысты.

Амангелді МҰҚАН: Кемшіліктердің қайталана беретіні қынжылтады
Театр сыны еліміздің кәсіби театр сахнасында болып жатқан үдерісті бағамдау үшін керек. Кеше мен бүгінді саралап, салмақтап, ертеңге қандай нәтижемен келетінді бағамдайтын бұрынғыдай философ та, әдебиеттанушы да, мәдениеттанушы да, музыкатанушы да емес, театртанушы – осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кәсіби мамандар. Бұған дейін солай болған, кейін де солай болады. Сондықтан театр сынының қоғам мен мәдениеттегі атқаратын орны мен рөлі, мақсаты мен міндеттері зор. Еліміздің жетпістен аса театрларының тыныс-тіршілігін, жүрек соғысын қалт жібермей бақылап, бағалап отырған мамандардың пікіріне есті театр қайраткерлері құлақ асады, келіседі, келіспей пікір таластыратындары да жеткілікті. Біз олармен де пікір таластыруға қарсы емеспіз. Көбінесе сөз ұғатын, уәжге тоқтайтын сахна қайраткерлерімен біздің әңгімеміз бір бағытта өрбіп, ортақ мүдделер төңірегінде тоқайласып жатады. Театр қауымдастығына қажетті, пайдалы іс тындырып жатқанымыз бізге де қуат береді. Ал «бәрін өзім білем», «менікі жөн» дейтін белге шоқпар байлап шығатын әріптестер болса, оларға жазылған заң да, зәкөн де түк емес. Оларға артық сөз шығындаудың өзі бос әурешілік.
Қазақ театр сынының ірі тұлғалары болған белгілі мамандардан кезінде білім алып, ізіне ерген шәкірті болдық, кейін бірге жұмыс істеп, әріптес атандық, бүгінде олардың орнын басып, отандық театртану саласын жалғастырушы жандармыз. Біз бүгінде жұмылса жұдырық болатын белгілі, белсенді топқа айналдық. Қазіргі таңда театр сыны сиреген жоқ, бар, жазылып жатыр. Бұл жалаң сөз емес, оған дәлелім де жеткілікті. Қазір негізгі республикалық газет-журналдар бетінде отандық театрлардың жаңа қойылымдары жайлы рецензиялар, сыни мақалалар, сұхбаттар тұрақты жарияланып келеді. Бұл мақала, сұхбаттардың бәрі тек мақтауға ғана құрылмаған, барлық мақалада дерлік сыни пікір, сырт көзге байқалатын сараптамалық көзқарас, келелі ұсыныстар бар. Кейде біздің жазу-сызуымыз қазіргі қоғамда кімге керек деген сұрақ қойып тосылатын да кездерім болады. Көз майын тауысып жазған мақалаға қаламақы төленбейді, бәрі театр сыншысының алтын уақытының есебінен жазылады, ол көтерген мәселе діттеген жеріне жетпейді, ресми мекеме, театр басшылығына жетсе де көтерілген өзекті мәселеге «үнсіздікпен» жауап беру (бермеу) арқылы үйдей пәлені өздеріне жолатқысы жоқ… Қазақ театрының өзекті мәселелеріне арналған талқылаулар, дөңгелек үстел отырысын ұйымдастыру да тоқтаған жоқ. Мәселе басқада. Аға буын театр сыншыларының белсенді жұмыс істеген кезі Кеңестік дәуірдегі жүйенің күшінде тұрған, Тәуелсіздіктің алғашқы бірнеше онжылдығында театр кеңістігінде ойқастаған кезі болатын. Олардың кезінде орталық газет бетінде жарияланған әрбір сын мақала, рецензиядағы айтылған театрдағы қалыптасқан хал-жай, көтерілген өзекті мәселе ізін суытпай министрлік деңгейінде арнайы комиссия түзіліп қаралатын, шара қабылданатын, ұжымда талқыланып, қорытынды шығарылатын. Бүгінгі таңда біздің театрларда бұл жағынан келгенде демократия. Он жерден дабыл қағылса да былқ етпей отыра беретін, үндемеген үйдей пәледен құтылатын кезіне тап келдік. Министрліктің құзыреті өзінің тек санаулы қол астына қарайтын театрлары төңірегінде қалған, бұдан өзге республикадағы театрлардың 80 пайызы жергілікті облыс әкімшілігі мен ірі мегаполис басшыларының қол астына қарағандықтан, солар шешімді өздері қабылдайды. Осыдан келіп театрларды басқару, отандық театрлар репертуарын жасауда ортақ ұстаным төңірегінде сөз бастаудың өзі қиын шаруа. Болмаса жазылып, айтылып жатқан сыни көзқарастардың кемісі жоқ. Тек солардан нәтиже шығара алмай, кемшіліктерді қайталаулар жалғасын таба беретіні қынжылтады.
Әр дәуірдің, әр ұрпақ көрерменнің өз идеалы, өз геройы, өз кейіпкерлері бар. Ай-күн емес, сағат санап өзгеріске түсіп жатқан айналаңа, ондағы жаңалық үдерістеріне назар аудара отырып кешегі күннің идеалы бүгінгі көрерменге, соның ішінде жас көрерменге мүлдем қызықты еместігін көреміз. Сол кезде мәселе болған репертуар жұтаңдығын бүгінгі театрларымыз да басынан кешіп отыр. Сапалы драматургия қай кезде де театрдың талма тұсы болып келген, қазір де жалғасын табуда. Жас, талантты драматургтеріміз бар, құрамы қалыптасып келеді десек те олар еліміз театрларының сұранысына толық жауап бере алмауда. Театрлар жаңа авторлармен жұмыс жасап жатыр, бірақ белсенді емес. Авторларды театрға тартып, өзіне жақтас етіп, өз тарапына шығара алған жоқ. Жастарға сенім артып, театр қазанының еркін шығармашылығымен бірге, бітеқайнауға мүмкіндік беретін ерік пен жігер болмай келеді. Шекспир, Әуезов, Чехов, т.б. драматургтердің пьесалары сахнаға үзіліссіз қойылып келеді, қойыла да береді. Алайда театр өз заманының тақырыбы мен мәселесін көтеруі, қозғауы керек. Замандас, жас авторларға деген салқындықтан құтылу жолын қарастырып, драматург-авторды театрға арнайы штат енгізу арқылы жақындату жайын өткенде берген бір сұхбатта көтерген болатынбыз. Қазіргі қазақ театрына келген жаңа буын режиссер легі театр картасына соны серпіліспен келді. Әр алуан деңгейдегі фестивальдерге шақыру алып, өнер көрсету құрметіне ие болған үздік қойылымдар да осы жас режиссураның еншісінде. Репертуарда әр алуандық, сан-салада жүріп жатқан ізденістерді байқап жүрміз.
Өткелден өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай аман алып шығу бұл сыншының терең білімі, пайымы, сөз саптау шеберлігіне байланысты. Сонымен бірге бұл айтылатын пікір қанша жерден білікті маман болсадағы, алдымен жеке адамның субъективті ой пікірі. Сондықтан көрген спектакль жайлы театр сыншысы барынша объективті пікірі «айттым болды, кестім бітті» деп емес, кеңірек, ауқымды мәселелермен, салыстырмалы тұрғыда сараптама жасалынуы керек. Қазіргі әлеуметтік желі мен гаджеттің стилі, тілі, сөз саптауы, ойды барынша қысқартып бергеніндей «режиссура әлсіз, актерлік ойын нашар, спектакль жоқ» деген тұжырымдар болмауы керек. Жоғарыда айтқанымдай, жарияланып жатқан мақалаларда қойылған спектакльді талдау, кем-кетігін көрсеткен өткір сын, ұсыныстар бар. Қазіргі театр туралы сөз ұстаған ұстазымыз С.Қабдиева, замандасымыз Б.Нұрпейіс, З.Исламбаева, А.Еркебай, М.Жақсылықова, А.Қадыралиева, А.Ахмет, т.б. театр сыншылардың бәрі аға буын белгілі театр сыншылары: Б.Құндақбайұлы, Ә.Сығай, А.Қадыров, Л.Богатенкованың мектебінен өткендер. Сондықтан қалыптасқан театр сыншылық мәдениеттің жалғастығы бізде бар.

Елік НҰРСҰЛТАН: Сапалы сын – қойылымды тас-талқан қып мінеу емес
«Сырт көз сыншы» дейтініміз бар ғой. Егер жұмысқа жаны ашып тұратын сыншы пікір білдірсе, неге сынды қабылдамасқа? Алайда кейде тұлғалық, азаматтық пікірі мен көзқарасын шығармашылыққа араластыратын сыншылар болады. Осы тұрғыда орынсыз, негізсіз айтылған сынды қабылдағым келмейді. Сынның да «естісі бар, есері бар». Театр сыны арқылы белгілі бір дәуірдегі эстетикалық ой-пікірдің шама-шарқы аңғарылады, әрі ол өз тұсынан әртүрлі театр жүйелерінің қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Театр сыны театрдың түрлі тарихи кезеңдегі мән-мағынасын, оның репертуарын, актерлер ойыны мен режиссурасын, театр ісін ұйымдастыру мен театр декорация өнерін жан-жақты қарастырып, оған баға береді. Қазір сын жоқ деп үзілді-кесілді пікір білдіре салуға болмайды, сапалы сын жазатын кәсіби театртанушылар бар. Мысалы, Анар Саимжанқызы, Меруерт Жақсылыққызы, Айжан Ахмет, Амангелді Мұқан, Зухра Исламбаева, Бақыт Нұрпейіс сынды өз саласын кәсіби деңгейде толық ұғынып, пікір білдіре алатын жандардың ғана пікірін тыңдап, құлақ асамын. Театр синтездік өнер болғандықтан оның табиғатын дұрыс ұғып, спектакльдің көркемдік-идеялық ерекшелігін түсініп, сөз айту, ең алдымен, терең білім мен білікті, яғни өнердің қай түрінен де хабардар болуды талап етеді. Көргеніңді, оқыған-түйгеніңді ақ қағазға суреттей салып жазу тек еңбекпен жүзеге асатын процесс. Аталмыш сыншылардың кәсібилігіне шүбә келтіре алмаймын. Қазақ театрларының бүгінгі жағдайы мен даму жолында сарабдал сын мен сыншының маңызы зор. Еркін Жуасбек ағамыз да қазір театр директоры болғанымен, сапалы сын жазатын қаламгерлердің бірі. Кәсіби сыншы сынды айту мәдениетін де жақсы меңгерген, осы орайда аталмыш сыншылардың театр саласына сіңіріп жүрген еңбегін баса айтқанымыз жөн шығар. Сапалы сын – жұмысты мінеу, тас-талқан қылу дегенді білдірмейтіні анық, кез келген саланы талқы өсіреді. Артықшылығы мен кемшілігін қатар айта отырып, талдау жасалғанда, алға жылжу, даму да болады. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сапалы сынның тек театр өнері ғана емес, жалпы ұлт руханиятында алар орны жоғары. Мен алғаш шығармашылыққа қадам басқан дебютім – Қарағанды театрындағы дипломдық жұмысым еді. Театр өнеріне өлшеусіз қызмет еткен Дәмеш Рахманкуловна, Тұңғышбай Қадырұлы, Болат Атабаев сынды ағай-апайларымыз алғашқы қойылымымды фестивальдан көріп, пікірлерін білдірген. Қойылымның кем-кетігін айтып, өз соқпағымды салу үшін өлшеусіз кеңестерін бергені бар. Менің алғаш қойғаным, Иран-Ғайыптың «Бөшке» спектаклі. Сол сәттен бастап, бүгінге дейін әлі күнге дейін аға буын ағаларымыздың кеңесін, пікірін ескеріп, қабылдап келеміз. Театрлардың шығармашылық беталысын, жетістік-кемшілігін дер кезінде анықтап, сараптама жасап, бағыт-бағдар беріп отыруды да жүйелі түрде қолға алу осы сыншылардың алдында тұрған басты мәселе дер едім. Көрермен мен шығармашылық құрамды жалғайтын алтын көпір-сыншылардың маңызы зор.

Болат ӘБДІЛМАНОВ: Театрдың иісі мұрнына бармайтындар сын жазып жүр
Кезінде Қажықұмар Қуандықов, Бағыбек Құндақбаев, Әшірбек Сығай сынды сыншылар театр саласындағы проблемалық тақырыптарды көтеріп, баспасөз беттеріне мақалаларын жиі жариялайтын. Наркескендей өткір, асыққа құйылған қорғасындай дөп айтылған сын арқылы халық есінде қалған сыншылар бар. Аталмыш қаламгерлер өз ісіне адал беріліп, осы саланың жілігін шағып, майын ішкен еді десек артық айтқанымыз емес. Кәсіби сыншылардың шеберлігі мен білім деңгейіне ешкім шүбә келтіре алмасы анық. Олардың заманында отыз жыл бойы театр өнерінің «алтын ғасыры» орнады. Сол кезде кәсіби сыншылар театрдың әр басқан қадамына баға беріп, артықшылығы мен кемшін тұсы жайында пікір білдіріп отыратын. Дөп басып айтылған сапалы сын өнерді дамытатын қуатты күш. Міне, біз атап өткен кәсіби сыншылар мен алғаш театр сахнасына қадам басқан кезде батасын берген. Сондықтан олардың әр айтқан сөзі әлі күнге құлағымызда жаңғырып тұрады. Мысалы, Бағыбек Құндақбайұлы мен сомдаған біраз рөлге пікір білдіріп, баспасөз бетінде мақалалар жариялаған-ды. Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» шығармасын Райымбек Сейтметов сахналап, мен аталмыш пьесада Михаил Васильевич Фрунзені сомдап шықтым. Шығарманың басты кейіпкері болмаса да, екінші пландағы осы рөлге Бағыбек Құндақбайұлы өз бағасын берген-ді. Фрунзенің сыртқы кескін-келбеті, шиыршық атқан ішкі жай-күйі мен темпераменті, кейіпкер аузынан шыққан әр сөзі мейлінше шынайы шығып, көрермен көңілінен орын алғаны жайлы жазылған сыншының пікірі бойыма қанат бітіріп, өзіме деген сенімділікті арттырды.
Ең алғашқы рөлім әлі есімде. Жан Байжиевтің «Қожа – жас мерген» пьесасын Нұрқанат Жақыпбай сахналап, мен сол шығармадағы басты рөлді сомдадым. Әскерден енді келген кезім. Осы рөліме Әшірбек Сығай сыни пікірін білдірді. Қожас – таудан тауға арқанмен өрмелеп, аң аулап жүрген даланың батыры. Оның үстіне, денесі жартылай жалаңаш, жартылай аңның терісін жамылып жүретін жабайы батыр. Сол рөлге байланысты Ә.Сығай: «Сахнада әртістің терлегені білінбеу керек» деген еді. Физикалық күш түсетін образ әрі денең жалаңаш болуының салдарынан терлегенің көрініп тұратын. Соны ескертіп айтқаны ғой. Жалпы, Ә.Сығай менің шығармашылығыма ықпал етіп, ары қарай даму үшін әсерін тигізген сыншы. М.Әуезовтің «Абай» пьесасын Әзірбайжан Мәмбетов қоюшы-режиссер ретінде сахналаған кезде мен Абайдың рөлін сомдаған едім. Осы рөлге байланысты Ә.Сығай «Парасат», «Егемен Қазақстан», «Жас қазақ» сынды бірнеше баспасөз беттеріне сыни мақаласын жариялап, жоғары бағасын бергені есімде. Атап айтсам, сыншы сол кезде «Парасат» журналына «Соны соқпақ» деген мақала жариялап, менің әртіс ретінде шығармашылық портретімді жазған. Сахнадағы Абай образына толығырақ әрі терең бойлаған сыншының қаламгерлік қабілетінен театрға ғана емес, жалпы өнерге деген терең көзқарасы байқалатын. Абай рөлі менің шығармашылығымдағы ең ұлы образдардың бірі десек, мені ары қарай қамшылап, жігерлендірген сыншы Әшірбек Сығай. Кез келген әртіс, шығармашыл тұлға сын арқылы ғана өседі, дамиды. Құр мақтан бар жерде ешқандай даму да, шыңға талпыну да болмайды. Әртісті неғұрлым қамшылап, сынаған сайын ары қарай жігерленеді, алға жылжиды, болдым-толдым деген сөз, құр мақтан – өнердің қас жауы. Ондай әртісте өсу процесі болмайды, ағынсыз көлшік сынды бір орында тұрақтап қалады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, алдымызда жүрген, біз ізін жалғап келе жатқан аға-апайларымыз бізге жиі сын айтып, ескерту жасайды. Кезінде бірнеше жыл қатарынан Жастар театрында қызмет атқардым. Сол театрда ойнаған алғашқы қойылым Смағұл Елубайдың «Аспаннан түскен адам» (реж. – Нұрқанат Жақыпбай) пьесасы еді. Аталмыш пьесаның ішіндегі мен Адам-Ата образын ойнап шықтым. Осы рөл туралы Ғазиза Әбдінабиева апамыз: «Мына жас әртістің сахнада көзі ашық тұрғанымен, түк көрмейді» дегені бар. Ол кездегі алғашқы рөлдерімнің бірі болғандықтан, бұл пікірге ұзақ ойландым. Сөйтіп, Ғазиза апамыздың айтайын деген сөзін кейін түсіндім. Ол кісі көздегі ой турасында айтқысы келген екен. Адам-Ата мен Хауа-Ана жұмақтан қуылып, аспаннан жерге түскен соң, осы ғаламдағы хикметтерді көріп, таңданыспен жүреді ғой. Жерге алғаш түскен жаратылыс тасқа басқа баға, жапырақ пен гүлге басқаша баға береді, әр дүниеге деген көзқарасы бір-біріне ұқсамау керек. Осындай ескерту мен сыни пікірлер алдыңғы буын ағаларымыздан жиі айтылды, біз де әр айтылған пікірге сынып кетпей, жақсы қабылдадық. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген осы болса керек. Тіпті тағы бір қызығы – мен Абай рөлін сомдаған соң, Хадиша Бөкеева апамыз ризашылықпен үйіне шақырып, маған есік пен төрді жалғайтын кілем сыйлағаны бар. Жазып берген хатында да сомдалған рөлдің шынайылығы мен тереңдігіне сүйсініп, ыстық лебізін білдірген еді. Тіпті осы рөлден соң Сәбит Оразбаев ағамыз маған риза болып, арнайы қымбат жемпір сатып әкеліп, үстіме кигізген (күліп). Осы уақытқа дейін ең құнды, бағалы киімім сол Сәбит ағаның сыйлаған жемпірі шығар. Осы кісілердің жолын жалғап, біз де жастарға, жаңа қадам басып, қаз тұрып келе жатқан буынға қолдау білдіреміз, қол ұшын созамыз, керек кезінде сын да айтамыз. Біздің театрда Нұрғиса Қуанышбайұлы деген жас актер бар. Мен он жыл кино саласында жүріп, қайта театрға келгенімде сол жігіттің сомдаған бір-екі образын көріп, ұнатып қалдым. Жас әртіске не сыйласам екен деп жүргенімде, туған күнімен тұспа-тұс келіп, қолымдағы сағатымды сыйлаған едім. Сонымен қатар Мағжан Асаубайұлы деген жас талант бар театрда. Аяқалысына риза боп, бір кездері өз күртешемді сыйға тарттым. Кей талантты актерлардың үй-күйсіз жүргенін көріп, сынып кетпесін деген ниетпен талай мәрте өз шаңырағыма да қондырған күндерім болды. Бұл, ең әуелі, дәстүр жалғастығы, алдыңғы буын ағалардың кең пейілін кейінгі ұрпаққа көрсету, солардың сара жолын жалғау – біздің алдымызда тұрған басты міндет.
Қазір сапалы сын жазып жүрген кәсіби сыншылар саусақпен санарлық. Мысалы, Асылбек Ихсан деген жігіт Мәскеуден режиссураны, Алматыдан актерлік мамандықты тәмамдаған. Бір жағынан өзі драматургиямен айналысады, былтыр үздік пьеса атанған «Қорқыт» шығармасы – сол жігіттің қаламынан туған туынды. Әртістің де, режиссураның да, драматургияның да азабы мен ғажабын жақсы білетін осындай сыншылар керек бүгінгі театрға. Еркін Жуасбек те сарабдал сын мен пікірін айта алатын жан-жақты сыншы. Олардың әртіс, режиссуралық білімін атап айтпағанда, қаламынан туған пьесалары театр сахнасында көш бастап тұр. Мен атаған сыншылар кезіндегі Әшірбек Сығайлардың, Бағыбек Құндақбайлардың жолын жалғағандар. Қазір театрдың, режиссура мен әртістік өнердің иісі мұрнына бармайтын кей сыншылар бірігіп алып, бір қалыптан шыққан сындар жазып жүргенін байқадым. Бірі екіншісінің пікірін қайталап, бірыңғай «жаман» немесе «жақсы» деп пікір білдіреді. Бұл – сын емес. «Әр кәллада бір қиял» дейді, пікірталас арқылы шындыққа қол жеткіземіз. Орыстардың «Истина рождается в споре» дегені бекер емес. Сондықтан осындай атүсті жазылған сындар бүгінгі театр өнерінің сапасын түсіріп жүргені өкінішті. Оларды өз басым нағыз сарабдал сыншы деп қабылдай алмаймын. Кез келген адам көрермен ретінде пікір білдіре алады, ал сыншының артықшылығы – әртіс пен режиссура, драматургия саласында білімінің жетік болуында. Сапасыз сыншылардың театр өнерінің «ауа райын» дұрыстап, баға беріп жүргеніне қарным ашады. Қарама-қайшылық, пікірталас жоқ қазіргі театр сынында. Ал талас тумаған, қайшылық орнамаған жерден шындықты табу қиынға соғады.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ