Қазақ тілі тағы 6 жылға шегінді

Жақында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленіп, талқылауға ұсынылды. Еске сала кетейік, бірнеше жыл бұрын қазақ тілінің халін жақсартуы тиіс мұндай тұжырымдама 2020-2025 жылдарға шақталып қабылданған еді. Енді неге екені белгісіз, жаңартылып жатыр.
Жаңа тұжырымдаманың артықшылығы неде екен деп салыстырсақ, негізгі жоба бір. Ара-тұра қайталанатын, қайта өңделген мәтіндер де ұшырасады. Сүйенген зерттеулер мен қалыптасқан жағдай да айтарлықтай өзгермеген. Тек нысаналы индикаторлар ғана басқаша сипат алған. Соған қарағанда жобаны әзірлеушілер өткен тұжырымдамада бойынан биік секіргенін түсініп, мақсатты көрсеткіштерді айтарлықтай төмендетіпті.
Жаңа тұжырымдамада 13 негізгі нысаналы индикатор айқындалған. Оның ішінде мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 2023 жылы 81 пайыздан – 2028 жылы 83,5 пайызға, мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тілді контенттің үлесі 2023 жылы 77 пайыздан – 2029 жылы 90 пайызға дейін арттырылады деген секілді мақсаттар бар. Бір қызығы, дәл мұндай индикатор ескі тұжырымдамада да болған. Ондағы мақсаттар тіпті «ертегі». Мәселен, 2023 жылы латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылар үлесі 20 пайызға, мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 93 пайызға, мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесі 77 пайызға жету керек болған. Жылдан-жылға осыншама өсім көрсетеміз деген тұжырымдама авторлары үш жылда қателіктерін түсінді ме, әлде нысаналы көрсеткішке жете алмаған соң ба, әйтеуір жаңа жобада «көрпесіне қарап көсіліпті». Тағы бір айта кетерлігі, жоспар ғана емес, қалыптасқан жағдай да дұрыс есептелмегендей көрінеді. Өйткені жобадағы дерек бойынша 2022 жылы елдегі құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 96,5 пайызды құрапты. Сонда Қазақстандағы құжаттардың 3,5 пайызы ғана орысша екен... Мұндайға кім сенеді? Әрі халықтың 81 пайызы қазақша біледі делінген. Бұл рас болса, тіл туралы проблема қазіргідей өзекті болар ма еді?
Сандар мен статистикалардың айтқаны – осы. Жаңа жобаның тағы қандай ерекшелігі бар екенін білмекке аталған тұжырымдамаға жауапты ғылым және жоғары білім министрлігіне хабарластық. Тіл комитетінің мамандары «жоба қабылданбайынша ақпарат беруге құқығымыз жоқ» деп ат тондарын ала қашты. Сөйтіп, үкiмет жанындағы мемлекеттік тіл саясаты жөніндегі комиссияның мүшелерін іздедік. Біз хабарласқан комиссия мүшелерінің бірі сауалымызды ести сала «жаңа тұжырымдама дейтін ештеңесі жоқ» деп төтесінен айтты. Басқа сұрақтарымызды қоя бастаған едік, аты-жөнін көрсетпеуді сұрады.
«Тұжырымдама дегенің әншейін нәрсе. Ескісі мен жаңасының бір-бірінен айырмашылығы да шамалы, негізгі сұлба сол баяғы. Әуел баста, талқылауға бергенде-ақ бас салдым, мұның несі артық, 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдама неге далада қалды, кезінде оны не үшін қабылдадық деп едім, мардымды жауап берген ешкім болмады. Және комиссия отырып, ашып ештеңені де талқылаған жоқ. Жобасын жіберді. Біз оқып, қарап, ұсыныстарымызды жолдадық. Жеке өзім көп ұсыныс айттым. Бірақ солар ескерілмеген, өзгертілмеген күйі кетті шамасы. Шыны керек, бұл тақырыпты естісем ашуым келеді. Өйткені ғалымдардың, мамандардың, жаны ашитындардың пікірі де, ұсынысы да ескерілмейді. Әркім өз білгенін істеп отыр», – деді ол.
Тағы бір комиссия мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Алдан Смайыл да ұсыныстар ескерілмей келеді дегенге қосылады.
«Тіл туралы заңдағы қай бап, қай тармақтардың ақсап тұрғанын бәрі біледі. Негізі, бар заңға бағынсақ жаман болмас еді. Орындалмай келе жатқандары қаншама. Сонда да қайсысы орындалмай жатыр, неге орындалмай жатыр деп зерттеп, бас қатырып жүрген ешкім жоқ. Ал тұжырымдамада көтерілетін мәселелер мен ұсыныстарға байланысты біраз жылдан бері айтылып келе жатқандардың мазмұны бір. Соның ішінде тіл туралы заңның 23-бабына нақтылы өзгерістер енгізілуі керек деп ұсыныс айтқанмын. Бұл заң бойынша жұмысқа тұру үшін қазақ тілін білу міндеттеледі. Сондай салалар мен мамандықтардың тізімін де жасағанбыз. Бірақ қолданылып жатқаны көрінбейді. Мәселен, ағылшынша, орысша сөйлей алмаған соң жұмысқа орналаса алмадым дейтіндер көп, ал қазақша білмегендіктен кіре алмадым дегенді естідіңіз бе? Дәл сол секілді «ов, ова» дегеннің де нақты ережесі жоқ. 9, 11-сыныптарды аяқтаған түлектер орыс тілінен мемлекеттік емтихан тапсырады. Ол не үшін? Талап ету жоқ – қажеттілік те жоқ. Егер қазір тізім жасап, нақты бір уақыт интервалын белгілеп, осыған дейін қазақ тілін меңгермегендер қызметтен кетеді десек, әркім өзі үшін үйренер еді-ау. Бұл зорлық та, қиянат та емес. Бұл – ұлттық мүддені қорғау. Бұрындары 10-15 жылда қазақтың саны көбейеді, сол кезде тіл мәселесі өзінен-өзі шешіледі деп бір-бірімізді жұбаттық. Сол кезде қазақ тілін білмейтіндердің саны азаймаса, олар еркін өмір сүре берсе, талап болмаса, қазақ тілі шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналмайды дейтінмін. Расымен солай болып отыр. Әлі де осы, үйренуге құлық-ынта жоқ. Өйткені үйренбесең де ештеңең кемімейді», – дейді комиссия мүшесі.
Тұжырымдамада да аталған 23-баппен қоса тағы бірнеше бап орындалмай келе жатыр деп көрсетілген. Бірақ сол мәселенің шешу жолы мен қадамдары жазылмапты. Онда тағы «Мемлекеттік тіл өзінің мәртебесіне сай негізгі тілдің функциясын атқармай, тек аударма тіліне айналған. Елімізде заң шығарудың негізгі тілі де орыс тілі. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы парламентінің VI және VII шақырылымдарында қабылданған 601 Заңның алғашқы нұсқалары орыс тілінде әзірленіп, қазақ тіліне аударылған. Бұл мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің ресми стилінің қалыптасуы мен дамуын тежейді» делінеді. Бірақ оның да шешу алгоритмі жоқ. Сол секілді мемлекеттік қызметте, қызмет көрсету салаларында қазақ тілі жетекші тіл болуына мүмкіндіктер жасалмаған, қоғамдық қатынастар барысында құжатты мемлекеттік тілде талап ету сұранысы қанағаттандырылмайды, қолданыстағы тіл туралы заңнама мемлекеттік тіл мәселесін тиісті деңгейде шеше алмай отырғандықтан, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуді және жаңартуды қажет етеді деген тезистер бар. Бірақ тағы да шешудің нақты қадамдары ұсынылмаған. Сонда бұл тұжырымдама тіл саясатының бағыт-бағдары болатын құжат емес, қалыптасқан жағдайды сипаттап, индикатор бекітетін жиынтық қана ма? Мәжіліс депутаты кезінде «Енді қазақ тілін білмейтін адам саясатқа араласа алмайды» деп көсілген министр Саясат Нұрбек болса аталған мәселелердің шешімін іздеудің орнына, контенттің күйін күйттей беріпті. Өз сөзінде «қазіргі таңда кез келген тілдің болашағы тікелей цифрлық әлеммен байланысты, тілдің цифрлық алгоритімін қамтамасыз ету – оның тірі қалуының кепілі» дегенді жиі айтатын ол компьютерді қазақшалаймын деп жүріп, шенді әріптестерінің де қазақшасы нашар екенін ұмыт қалдырғандай.
Сайып келгенде бұл тұжырымдама негізінде бюджеттен қыруар ақша бөлініп, нақты бетбұрыстар күтіледі. Ал жобаның түрі жаңағы. Мәселен, жоғарыда сөз болған тіл саясатын дамытудың 2020-2025 жылғы бағдарламасын іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 16989,9 миллион теңге қарастырылған. 17 миллиард теңгелік жоба бекітілгелі үш жыл өтті. Демек, бюджеттің жартысынан астамы игерілді деп болжауға негіз бар. Бірақ бұл тұжырымдама далада қалып, жаңасы жасалып жатқанда нәтиже туралы айтуға ауыз да бармайды.
Көріп отырғандарыңыздай, қозғалған мәселе төңірегінде айтылар дүние әлі де көп. Ресми сауалымызды ғылым және жоғары білім министрлігіне жолдадық. Жауабы келіп қалар, күтейік.
Нұрсұлтан Бағидолла, белсенді:
– Қазақ тілі мәселесін мемлекеттің өзі күрделендіріп жіберген. Отыз екі жылда айтарлықтай нәтижеге жетуге болар еді. Бірақ осындай жүзеге дұрыс асырылмай жатқан бағдарламалар, тұжырымдамалар, халықпен талқылаудың жеткіліксіздігі және саяси жігердің болмауы тіл мәселесінің шешілуін тежеп отыр. Ең әуелі бұл тұжырымдамаларды ойдан құрастырылған сандарға жету үшін емес, нақты нәтижелерге жету үшін бекіту керек. Нақты нәтижелер санмен өлшенетіні түсінікті, алайда тұжырымдамадағы сандардың қаншалықты шынайы екені тағы сұрақ. Онда көрсетілгендей, халықтың 80 пайызы қазақ тілін білетін болса, қазір тіл мәселесі мүлде болмас та еді. Сондықтан алдымен қазақ тілін білушілердің шынайы санын, қазіргі реалды ахуалды анықтап алу керек.
Екіншіден, бұл тұжырымдамада нәтиже беретін әдістер қарастырылуы керек. Ал бізде атауы ғана әдемі іс-шаралар, байқаулар, жиналыстар, конференциялар жиі өткізіледі. Тағы іске қосылған бірнеше сайт бар екен. Бұлардың халықтың тіл үйренуіне ешбір септігі тимейді. «Осындай шараның аясында осындай орын алды, осындай мақсатта қызмет етіп жүргені үшін алғыс білдіреміз» деген нәрсенің түкке де пайдасы жоқ екенін ұғатын уақыт баяғыда келген. Нақты талап пен батыл қадамдар болмаса, осы жүргеніміз жүрген. Бұлай жалғаса берсе 100 жылда да ештеңе өзгермес. Мәселен, мемлекеттік қызметке тұру үшін QAZTEST міндетті болсын, көрнекі ақпараттың бәрі жаппай тек қазақ тілінде жазылсын, құжаттаманың бәрі толықтай қазақ тіліне ауыстырылсын, кинотеатрларда көрсетілетін шетелдік фильмдер түпнұсқада, яғни дубляжсыз көрсетілсе, субтитрлері орысша емес, қазақша берілсін.
Ал қарапайым халық қазақ тілінің қолданысын қалай арттыра алады? Қарапайым ғана қазақша контент тұтын, жаса, қызмет көрсету орындарында қазақша қызмет көрсетілгенін, құжат толтырғанда қазақша нұсқасын талап ет, баланы қазақша балабақшаға, мектепке бер.
Бибарыс Сейтақ, тілтанушы:
– Тұжырымдаманы мардымсыз, қажетсіз дүние дей алмаймыз. Әрине, солай көрінуі де мүмкін, бірақ қайткен күнде салмағы бар құжат қой. Қазақша дубляжға қатысты мәселеге араласып жүргендіктен, түрлі тарап өз позициясын лоббилеп алға тартатынын, заңдағы өзгеріс көп нәрсеге әсер ететінін, оған түрлі мүддесі бар акторлар көңіл бөлетінін байқадым. Мысалы, орыс тілінің позициясын жақтайтындар тіл туралы заңдағы «қазақ тілімен қатар қолданылады» дегенге, турасын айтқанда, айырылмай жабысып алған. Сол секілді бір нәрсенің құжат жүзінде бекітілуі қайткен күнде көп мәселенің нүктесін қойып, адамның сол тараптағы құқығы қорғалатынына кепіл бола алады. Бұл тұжырымдама тек жоспар, патриоттық бастама, ұран емес, белгілі бір деңгейде қоғамның бетбұрысының бастамасы болуы тиіс. Әлбетте, тұжырымдаманың сөзден іске өтуінде истеблишменттің әрекеті маңызды. Алайда тұжырымдамадан бөлек, заңдарда да қазақ тілінің позициясын күшейту керек. Өйткені негізгі күш заңда.
Жалғас Ертай, Qazaqshajaz жобасының авторы:
– Біздің биліктің проблемасы – әдеткі науқаншылдықтарымен мәселені шешкісі келеді, шешуге болады деп есептейді. Бірақ шын мәнінде олай емес. Мәселе мемлекеттік аппаратта отырған адамдардың тілге деген қатынасында екенін айтып та, жазып та болдық. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл деген статусын қалай қабылдап отырмыз? Ішкі, сыртқы, аралық құжаттардың бәрі орысша жазылады, сосын қазақ тіліне аударылады. Демек, мемлекеттің мемлекеттік тілге қатынасы аударма деңгейінде. Яғни қазақ тілі қосымша, жанама күйде. Ал негізгі процесс орысша. Бәрінің түбірі осында. Мың тұжырымдама қабылданса да, осы мәселені шешпей, тілдің проблемасы шешілмейді. Мемлекет саяси ерік-жігерінің бәрін жинап, ертеңнен бастап нағыз мемлекеттік тіл статусына көшеміз, бүкіл жиналыс қазақша өтеді, ішкі, ең маңызсыз құжаттардан бастап салмақты құжаттарға дейін қазақша қабылданады, кейін барып орысшаланады, жұмыс барысында тек мемлекеттік тілдегі нұсқасы талқыланады десе мейлі. Бірақ ондай нышан байқалмайды.
Мемлекет деген – құрылым. Кез келген құрылымның өз ережесі, басқарудағы бағыттары, тілі болады. Мемлекет шешім қабылдап, біз толықтай қазақша сөйлейміз десе, бұл халықтың қанша пайызы қазақша сөйлейтініне тәуелді емес. Халық арасындағы тілдің танымалдылығы немесе танымал болмауы, қолданылуы немесе қолданылмауы мемлекеттік тіл статусына сәйкессіз сұрақтар. Егер осыны түсінбесе, шенеуніктердің өз функциясын да түсінбегені. Мемлекеттік тілдің жағдайы жақсарсын, бірінші құжат қабылдансын, халықтың 80 пайызы қазақша сөйлесін, сосын барып біз де сөйлеміз, ананы-мынаны түзейміз деген – қазір бізге тілдің қажеті жоқ дегенмен тең.
Қазіргі тілге деген қарым-қатынасымыз қағаз бен бағдарламадан асып жатқан жоқ. «Ананы аударамыз, мынаны қазақшалаймыз, мынанша пайыз көрсету мақсатымыз» деген қаншалықты нәтиже береді? Алдымен паравозды вагонның алдына қой, оталдыр, жүргіз, сосын вагондар ілесе береді. Мұнымен айтқым келгені, мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметкерлер мен құжаттарда, жалпы процесте негізгі тіл болсын. Ал қазақша кітап, контент, тағысын тағылары өзі-ақ көбейе береді. Себебі оны қажет ететін, тұтынатын адамдардың қатары артады. «Обходной лист» деген қағазды қазақша беру үшін Шекспирдің шығармаларын аудару міндет емес. Сол сияқты мемлекеттік құжаттарды қазақша қабылдау үшін БАҚ-тың 80 пайызы қазақша болуы соншалық маңызды ма? Жоқ. Тұжырымдаманың аты тіл саясаты, ал іші тек контент өндіру туралы. Саясат жайы, заң жайы қозғалмаған да. Сондай талап болмаған соң, сәйкесінше, ынта да, өзгеріс те, нәтиже де болмай отыр.
Баян Мұратбекқызы