Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:44, 24 Қараша 2023

Қазақ тілінің тағдыры мен тәлейі

мемлекеттік тіл
Фото: из открытых источников

Ұлттың ұлттық болмысын айғақтайтын негізгі құндылықтарының бірі – оның ана тілі. 

Тілінің әуелгі сап, таза қалпын бұзбай сақтаған ұлттың ділі де, дүниетаным, философиялық пайымы да бұзылмайды. Осыны ертеден-ақ сезген, қапысыз білген отарлаушы ұлттар табаны тиген жердегі ұлыстар мен ұлттардың ең әуелі тілін жоюға әрекет еткен. Қазақ ұлты да мұндай озбырлықтан шет қалған жоқ. Кезінде болмысымыз бұтарланды, тіліміз шұбарланды. Діліміздің өзегіне қарақұрт түсті. Бірақ түбегейлі тұралап, бір жола құрдымға кеткен жоқпыз. Жадау, жамау қалпымызбен тәуелсіздіктің табалдырығын аттадық.

Ең өкініштісі – тәуелсіздіктен кейін ана тіліміздің жағдайы бірден оңала қоймады. Әрине, егемендік жариялағаннан кейін көп кешікпей тіліміздің мәртебесін нақтылайтын заң қабылданды. Бірақ оның іске асуы тұсаулы аттай кібіртіктей берді. Тіл саясаты жөнді жүргізілмеді. Сырт көзге дабырлап, митингіге шығып, мінберлерден сөйлеп, тіл тағдырына күйініп жатқандай көрінгенімен, шын мәнісінде мұның бәрі жылтыр, жадағай, таяз әрекеттер еді. Тіпті бірде бұрынғы президент Н.Назарбаев қазақшаланған атау терминдерге мін тағып, «мұражай», «күйсандық» деген сөздерді қазақша атамай-ақ, әлемдік атауы бойынша айтқан дұрыс деген сыңайда, бұйыра сөйледі. Осыдан соң біраз атау терминдер қазақша тонын шешіп, әуелгі қалпына көшті.

Президент Қ.Тоқаев билікке келгеннен кейін де мемлекеттік тілдің мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Президент 2019 жылғы алғашқы жолдауында

«Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болатын кезең келіп жетті» деген сөз айтты. Ал 2021 жылы «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» деген анықтама келтірді. Одан кейін де қазақ тіліне қатысты бірнеше мәрте айналып соққан. Соның бірі – қазақ тілін ғылым, техника тіліне айналдыру мәселесі. Тәуелсіздік алғалы бері бір қарағанда қазақ тілінің жоғын жоқтап жүргендердің өзі де жалығып болардай уақыт өтті, дегенмен бұл тараптағы жұмыстар тоқтамауға тиіс еді. Экс-президент терминдерді қазақшалауды сынап, құлақ пен көз қатар үйренген «мұражай» сөзін маңдайшалардан сырып тастағанбыз, енді жаңа президент тілді ғылым тіліне айналдыруды ұсынып отыр. Осыдан соң-ақ мемлекеттік тілді дамыту, оның қолданыс аясын барынша кеңейту, қазақ тілін ғылымның, өнердің жаңа технологияның тіліне айналдыру бағытында түрлі жұмыстар қайта қызғандай әсер қалдырды. Мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінді.

«Жас Алаш» газеті мемлекеттік тілді қалай ғылымның, техниканың тіліне айналдыра аламыз деп тиісті мамандардан сұрап көрді. Және мұндағы басты кедергілер мен көлеңкелі тұстарды да назардан тыс қалдырмады. Басты мақсат – тіліміздің түрленіп, жанданып, ғылымның, техниканың тіліне айналу жолын нақтылап көрсету. Кеміс тұстарын айту әрі оны шешудің жолын нұсқау. Біздің сауалымызға Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты әлеуметтік лингвистика бөлімінің ғылыми қызметкері Қуат Дүйсен мен ақпараттық және есептеу технологиялары институты басшысының орынбасары, ғалым Өркен Мамырбаев жауап берді.

Қуатбек Дүйсен:

Тіл ата-анадан балаға берілсе, өміршең болады

Қуатбек Дүйсен
Фото: из открытых источников

Президенттің ғылымға ерекше көңіл бөліп жатқаны қуантады. Ғылымдағы проблемалардың биліктің назарына іліккені бір жағынан еліміздің дамуы үшін ғылыми мекемелердің маңызын көрсетіп, аталған бағыттың стратегиялық мәнге ие екенін көрсетсе, екінші жағынан ғылым саласында көптеген жылдар бойы қордаланып, шешімін таппаған мәселелердің де бар екенін білдіреді. Мен бұл бағытта жасаған үш маңызды қадамды атап өткім келеді. Алғашқы қадам, 2022 жылы елімізде ғылым үшін жауапты жеке ҚР ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды. Екінші маңызды қадам – Ұлттық ғылым академиясы былтыр мемлекеттік статус алып, сол мезеттен бастап «Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы» атанды. Үшініші қадам – 2022 жылдан бастап ғылымдағы саясатты қалыптастыратын «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң жобасын әзірлей бастады.

Қазір мемлекеттік тілді қайтсек ғылымның тіліне айналдыра аламыз, осы саладағы кедергілер және оны шешудің жолы қандай деген сияқты сұрақтар жиі қойылады. Бұл сауалға жауап беруден бұрын «тілдің өміршеңдігі немен өлшенеді» деген сұраққа жауап берейік. БҰҰ зерттеушілерінің айтуынша, тіл ата-анадан балаға берілсе, өміршең болады екен. Сол секілді елдегі ғылым салаларында, ғылыми мекемелерде ақпарат алмасу мемлекеттік тілде жүретін болса, мемлекеттік тіл ғылым тілі ретінде толыққанды жұмыс істер еді. Қазіргі кезде ғылым және жоғары білім министрлігі әзірлеп жатқан «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қазақ тілінің дамуына тың серпін беріп, алдағы онжылдықтарда қазақ тілінің Қазақстан ғылымында берік орын алуы үшін іргетасқа айналатынына сенеміз.

Өркен Мамырбаев,

Жасанды интеллект дамыса, қазақ тілі де дамиды

Өркен Мамырбаев
Фото: из открытых источников

– Қазақстан халқы жақында ғана 20 миллионға жетті. Осыған сәйкес қазақ тілінде сөйлейтін, қазақ тілінде ақпарат алатындардың саны да күн санап артуда. Адамдардың көбі қазақ тілінде оқып, қазақ тілінде ақпарат алғысы келеді. Өздеріңіз байқасаңыздар, осы үрдіске орай әлеуметтік желіде қазақ тіліндегі ақпараттар көбейе бастады. Мұндай жағдайлар жасанды интеллектінің де жанданып, қазақы ортаға ойысуын тездетті. Жасанды интеллект қазақ тіліндегі ақпараттарды іздеу, өңдеу, табу жөнінен айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ біз жасаған жүйе сіздің аудио дауысыңызды сөйлеп отырған сәтте-ақ мәтінге айналдыра алады. Сонымен қоса, сіз көлік жүргізіп келе жатырсыз дейік, кітап оқи алмайсыз, әлгі кітапты синтезге салып, аудио түрінде тыңдай бересіз. Ал егер сіз ағылшынша білмесеңіз, онда қазақша айтасыз сол сөзді, сізге ағылшынша дауыстап айтып береді. Мұның дауысты дауысқа аударып беру деген де түрі бар: Сіздің қазақ тілінде айтқаныңызды әлемнің кез келген тіліне аударып береді. Сол арқылы сіз шетелдік азаматтармен еркін сөйлесіп, пікір алмаса аласыз.

ChatGPT қосымшасы сізге шығарма жазып көмектеседі. Осының бәрі жасанды интеллектінің пайдасы. Бұл ғана емес, сіз бен біз қолданып жүрген компьютердегі бағдарламаны қазақ тілінде жасау да жасанды интеллектінің еңбегі. Негізі мұның мүмкіндігі шексіз. Егер біз оны ұтымды пайдалана алсақ, тілімізді дамытуға үлкен септігін тигізеді. Мысалы, күнделікті өмірде қолданылатын «Яндекс» сияқты бағдарламалар қазақ тіліне көшсе, сонымен қоса емханаға барсақ ондағы аппараттардың бәрі қазақ тілінде сөйлеп тұрса қандай жақсы. Тіпті кейбір орыс тіліндегі ақпараттарды түсіне алмай жатсаңыз жасанды интеллект сізге аударып, қазақ тілінде дауыстап оқып береді. Негізі біз жасанды интеллектінің мүмкіндігін пайдаланып, Yandex, Google сияқты мемлекеттік тараптағы өз компанияларымызды ашқанымыз жөн. Сөйтіп, өз қосымшаларымызды іске қоссақ, өз қаражатымыз өз қалтамызда қалады. Жасыратыны жоқ, осындай олқылықтың салдарынан қаншама ақшамыз шетелдің компанияларына кетіп жатыр, егер соны өзіміз жасасақ, күнделікті отырып жүрген такси пұлдың ақшасы өзімізге түсер еді. Міне, осының бәрі іске асса, қаржыдан бөлек, қазақ тілі дамиды. Қазақ тілінің қолданыс аясы кеңиді. Енді осы тұста кейбір түйткілдерді де айта кеткен жөн. Мысалы, біз көбінесе шетелдік интеллектіні көп қолданамыз. Әуелі мұны қыруар қаржы жұмсап сатып аламыз. Сондай-ақ бұл ақпараттық қауіпсіздігімізге зиянын тигізуі мүмкін. Егер осы дүниелерді тездетіп шешпесек, біз шетелге тәуелді болып қала берміз. Сондықтан мұны жедел қолға алып, ұлттық нақышта жұмыс істейтін ғылыми институттарға көбірек қаржы бөлгеніміз жөн. Ал ұлттық компаниялар мемлекет мүддесімен байланыса отырып, өнімді жұмыс істеуі қажет.

Қазір байқасаңыздар, көптеген білікті мамандар шет елге кетіп жатыр. Оның себебі де түсінікті. Бізде өнеркәсіп жөнді дамымаған, жұмыс табу да қиын. Жұмысқа орналасқан күннің өзінде жас мамандарға жоғары еңбекақы төленбейді. Ал шетелдік компаниялар жоғары еңбекақы ұсынып шақырады, сондықтан жастарымыз өзге елге кетеді. Сондай-ақ шет елде мамандарға барлық жағдайлар жасалған, пәтері, білім алуы компания жағынан қамтамасыз етілген. Мұны көрген жастарымыз ғана емес, орта жастағы мамандарымыз да сыртқа ағылуда. Айталық мені қытайлық Huawei компаниясы ұсыныс жасап, жұмысқа шақырды. Олар «пәтер мәселесін шешеміз, жалақыңызды қазіргіден бес есеге көтереміз, білім алуыңызға мүмкіндік береміз, тіпті балаларыңыздың оқуын қамтамасыз етеміз» дейді. Бірақ мен бұдан бас тарттым. Мұны тоқтату үшін мамандардың еңбекақысын көбейту қажет. Мұнымен ғана шектеліп қалмай, оларға үй беру, болашаққа деген сенімін арттыру да аса маңызды. Біздің кейбір жастарымыз болашаққа сенбейді. Мемлекет болған соң оған жоспарлы дамыту процесі қажет. Мынадай университет салынады, мұнша қаржы бөлінеді деген сияқты, сонда жастарымыздың сенімі артады, жұмыс істеуге құлшынады.

Көптеген шетелдік компаниялар Қазақстан нарығында қалу үшін өз бағдарламаларын қазақ тіліне көшіріп жатыр. Әрине, оның қазақшаланғаны қуанарлық жағдай. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, ақшаның бәрі шет елге ағылып жатыр, ақпаратымыз солардың бақылауында, мұнда ұтатын тағы да шетелдік компаниялар. Ал бізде өндіріс аз, сұраныс төмен болғандықтан, үлкен компаниялармен иық тірестіріп, бәсекелесе алмаймыз. Негізі жастар небір жаңа дүниелерді жасай алады, бірақ қаражат қол байлайды. Ғалымдарымыз түрлі дүниелерді ойлап тауып, жасап жатыр, бірақ өндіріске шығара алмаймыз. Қарапайым құрылғыларды шет елден әкелеміз, осының бәрі отандық өнім болғанда біздің ғылымдағы жетістіктеріміздің бәрі өндіріспен байланысар еді. Ғылымда қарапайым және күрделі зерттеулерге кірісе алмай отырғанымыздың бір себебі – осы. Қорыта айтқанда, жасанды интеллект дамыса, қазақ тілі де қоса дамиды. Тілді дамытудың, оны техника тіліне айналдырудың бір жолы – осы.

Мұрат Өтебайұлы

Ана тіліңді өзің сыйламасаң, кім сыйлайды?

Басқасын айтпағанда, біздің ең бірінші егемендігіміз – тіл егемендігі. Алайда тәуелсіз ел атанғалы 32 жыл болса да, тіліміз егемендік алған жоқ. Мемлекеттік тіл екінші сорттағы тілдің күйін кешіп отыр. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. «Қазақ тілінің бүгінгі жағдайына кім кінәлі» деген сұрақтың жауабын биліктен іздеуіміз керек. Тәуелсіз ел болғалы 32 жылдың ішінде қанша қаулы, қарар, үндеулер қабылданды. Санынан жаңылып қалдық. Сол үндеулердің бәрі құмға сіңген судай жоқ болды. Асықпайық дедік, мақсатымызға мысық табандап жетейік дедік. Ол да бос сөз болды. Отыз екі жыл бұрын қазақ тілін керек етпеген елдің игі жақсылары сол тілді қазір де керек етпейді. Себеп біреу-ақ – қазақ тіліне деген қажеттіліктің жоқтығы. Қазақ ұлты атауы бар мемлекеттің атқамінерлері бүкіл қазақтың көзін бақырайтып қойып, қазақ пен қазақ орысша сөйлескенде ыңғайсыз күйде қаласың. «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» дегенді билік пен айналасында жүргендердің өзі бұзып отырса, қалған шала қазақ шенеуніктерге қазақ тілінің керегі не?

Билік басындағылардың жүргізген солқылдақ тіл саясатының кесірінен қазақ халқының едәуір бөлігі өз ана тілінде оқи алмайтын, жаза алмайтын жағдайға жеткені шындық. Егер қазақ тіліне осындай көзқарас қалыптасса, енді отыз жылдан кейін мұнаймен бірге қазақ тілі де құрып бітпесіне кім кепіл? Мансабы биік, биліктің шыңында отырған қазақ! Ең алдымен ана тіліңді өзің сыйламасаң, кім сыйлайды? Өз тіліңді құрметтемей тұрып, қай бетіңмен өзгелерді қазақ тілін меңгеруге шақырасың?! Алайда халықтың осы бір жанайқайына биліктегілер әлі күнге былқ етер емес. Егер Қазақстанда қазақ тілі өзінің позициясын жоғалта берсе, онда тілдің қуаты әлсіреп, жоққа тән болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Қазақстан Ресейдің бір құрамдас бөлігіне айналып кетуі ғажап емес. Қазір мемлекеттік тіл мәселесі мемлекеттік қауіпсіздік мәселесіне айналып отыр. Тіл мәселесінің туындауы осы салада айқын да шынайы мемлекеттік саясаттың жүргізілмеуінен. Қазақ тілін дамыту үшін ең қажеттісі – әділетті, халықтың мұң-мұқтажын көре білетін және онымен есептесетін билік жүйесін құру.

Бүгінгі мемлекеттік қызметтегі бюрократияның 95 пайызы – қазақ ұлтының өкілдері. Егер сол 95 пайыз қазақша сөйлесе, онда бұл проблема шешіледі. Бұл – қолдан жасалып отырған проблема. Осы орайда айта кеткен жөн: жуырда көрші қырғыз ағайын мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді міндеттейтін заңды қабылдап тастады. Тіпті қырғыз үкіметі қатты кетті «Қырғыз тілін білмейтіндер қызметтен кетеді» деген де пәрмен беріп жіберді. Демек, шенеунік болуға дәмелілер де, орын босатқысы келмейтіндер де, енді мәжбүрлі түрде қырғыз тілінде сөйлемек. Қалай айтсақ та, қай жаққа тартсақ та, ақиқаты сол, қырғыз билігінде ниет бар, депутатында мінез бар. Ал бізде, мемлекеттік тіл туралы жаңа заңды қабылдауға ешқандай бөгет жоқ. Тек біздің билікте – ниет, ал депутаттарда – мінез жоқ. Қазақ тілінің жағдайы «Аманат» партиясы парламентте топ құрғанымен немесе комитет құру, халыққа үндеу тастау арқылы жақсарып кетпейді, оны бүкіл мемлекет болып, оны мемлекеттік маңызды мәселе ретінде мойындап, жұмыла жұмыс жүргізгенде ғана жақсарады. Сондықтан бүгінгі билік әлі күнге дейін босағадан сығалап жүрген қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне жетпеуінің нақты себебін анықтап, батыл шара қабылдайтын кезі жетті.

Жақсылық Қазымұратұлы

Тегтер: