Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 30 Тамыз 2024

Қазақбай сал

Қазақбай сал
Суретті салған Серғазы Жаманғараев

Қазақта кейінгіге белгілі өнер иелерінің ішінде «сал» деген атағы барлар саусақпен санарлық секілді көрінеді. Біздің ойымызша олай емес.

 Кешегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманда, яғни ұлт мәдениеті бейбіт өмірдің аясында етегін кеңге жайған кезеңде қазақтың әр руының, әр тайпасының салдары болғаны ақиқаттан алыс емес. Өйткені көшпелі өмір салтында бір ауыл екінші ауылмен бәсекелес болған. Олар затындық игіліктерімен де, рухани құндылықтарымен де санасатын, сөйтіп бірі-бірінен озық екенін қайткенде дәлелдеуге тырысатын. Бұл әсіресе той-томалақ, ас-жиындарда анық байқалатын. Осы дүбірлі басқосуда елдің намысын қорғайтын ақындар, әншілер, сал-серілер, палуандар, мергендер, атбегілер, құсбегілер, т.б ерекше қабілеті бар адамдар еді. Жалпы бәсекелестердің бір тарапы қандай ойын көрсетсе, соған екінші жақ та сақадай-сай болған. Ал енді мұндай кезде бір басында бірнеше өнері бар дарын иелері айрықша көзге түсетін. Ондай адамдар өнерлерін осы ас-жиында ғана емес, басқа күндерде ел кезіп жүріп те көрсететін. Кей ауылдың өнерпазы жеке-дара ел аралап, өнерімен көрген елдің көңілінен шығып, атағы аспандаса, кей ауылдың бірнеше өнерпазы бірге жүріп салдық құрған. Сөйтіп, қазақ даласында жеке сал әдебі мен әдеті және салдық топ ғұрпы салтанат құрған. Топталып жүріп салдық құру көбінесе жастық шақтарына тән. Жас шағында топпен бірге өнерімен атағы көтеріліп, аты елдің жадында қалған салдар егде тартқанда өзінен кейінгі жеткіншектерге орын беріп, өздері реті келгенде ғана жеке сапарға шыққан. Сөйтіп, жеке салдық әдеті мен әдебін қалыптастырған. Әдетте салдық топ құрамындағы өнерпаздардың бірінің ақындығы басым болса, бірінің әншілігі үстем, енді бірі палуан, тағы бірі мерген, ендігі біреуі шабандоздығымен дара, басқа бірінің күйшілігі, домбырашылығы өзгеден озық. Мұндай топ өз кезегінде ел ішіне өнер таратуды ғана мақсат тұтпайды, келген ауылының да өздері секілді өнерпаздарынан жақсы машықтарды үйренеді. Олармен бәсекелесе жүріп өнердің өркендеуіне, өрістеуіне жол ашады. Келген ауылынан көргені мен үйренгенін келесі ауылға жаяды. Бұларға өзге де өнерпаздар еліктеп, өздерінше салдық топ құрып, ел аралап, бақ сынаған, өнерлерін шыңдаған.

Шындығында, ұлттық құндылық дегенде біздің әлі түгел әрі толық зерттеп болмаған мұрамыз - салдардың, серілердің тіршілігі, мәдениеті, әдебі мен әдеті және атқаратын қызметі мен шығармашылығы.
Серілік тек әнші ақындар арасында болмаған. Серілікті күйші-домбырашылар да жанына жақын көргендігін Ахмет Жұбановтың Тәттімбетке қатысты мына сөзінен білуге болады: «Тәттімбеттің жасынан «сері» атануы да тек талантының ерте көрінуінен емес, бір жағынан әдемі киініп, атының ер-тұрманын, ноқта-жүгенін, құйысқан-өмілдірігін әшекейлетіп, күміс шаптырып, ал аттың жабуын кестелетіп, зерлетіп, осындай неше алуан сахара жағдайында «қызылды-жасылды» болып жүруі, оны әртіс етіп көрсеткен. Бірақ ол кездегі қазақ даласының сөздігінде «әртіс» деген сөздің болмағандығынан, халық «сері» деген. «Сері» дейді академик, шын мәнісінде тек әдемі киюші, ала-құла ер-тұрманды ат мінуші, тек осылар арқылы көзге түсуші емес, бір жағынан үлкен өнер иесі, адамдарға халықтың жазба жарғысыз берген «өнерге еңбегі сіңген» деген құрметті атағы да». (Жұбанов А. Ғасырлар пернесі.-Алматы: Дайк-Пресс,2002. 214-бет).

Салдың киім киісі де өзгеден бөлек. Ғалым-этнограф Ә.Диваев: «Салдың үстіне киген киімі халық кимеген түрден болады»,-дегенді көзімен көргеннен кейін айтқан. Егер киімін өзгеден ерек тіктіріп кисе, онда ол - салдардың өзіндік киім үлгісін, сонымен бірге өзгеден ерек киіну әдебін де өмірге енгізген жасампаз жан. Сал-серілердің кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, сөз саптауы мен сөйлеу мәнері де қатардағы адамдардан бөлек болған. Демек, олар – ұлттық этиканың да, эстетиканың да жарлаушысы әрі жарнамасышы рөлін атқарған озық мәдениет иелері. «Салдар сайқымазақ, әзілкеш қулар секілді, елді күлдіріп, думандатып жүрген» деген пікірге қосылуға болмайды. Ондай мінезіне бола ел ардақтап, ауыл шетінен алақанына салып көтеріп апарып күтпейді, құрметтемейді.. Рас, салдық топ құрған өнерпаздар арасында ондай әзіл-ажуаға бейімдері болған. Сондай жекелеген өнерпаздыққа бола бүкіл салдар институтына ондай біржақты баға беру – қате. Салдың классикалық эталоны болып халық санасына мәңгі тұрақтаған Біржан салдың бойынан ондай мінезді көре алмайтынымыз сондықтан. Біржан сал шығармашылығын зерттеген Ахмет Жұбанов Біржанның «сал» деген атағына қатысты мынадай пікір айтады: «Оның халық аузында «Біржан сал» атанып қалуының өзі тегін емес-ті. Күнбе-күн халқының қамын жеп, оның тағдырына ортақ болып, топтан озып шыққан өнер иесіне құрметті атақ беріп отыратын үкіметі жоқ кезде халқының өзі Біржанға ең құрметті атағын берген» (Жұбанов А. Ән-күй сапары. «Ғылым» баспасы, Алматы, 1976, 91-бет.) Көрдіңіз бе, академик Ахмет Жұбанов Біржанның халық берген ең ардақты да құрметті атағы «сал» деп анық та нық айтып отыр. Сонымен бірге академик салдардың «күнбе-күн халқының қамын жеп, оның тағдырына ортақ болып» жүретіндігін айрықша қадап айтады. Яғни салдың атқаратын негізгі қызметтерінің бірі – халқының қамын жеу, тағдырына ортақ болу екен. Сондықтан да салдарды халық ерекше жақсы көрген. Жақсы көргендіктен де еркелеткен, елге сіңірген еңбегі болғаннан кейін салдар да әдептен озбай, еліне еркелей білген.

2. «Жаман күн жақсы болар кешікпей-ақ...»

Ондай салдық топ үлгісі Жамбыл облысы Шу өлкесінде халқына қызмет етті. Олар бойына әртүрлі өнер тоғысқан, сегіз қырлы, бір сырлы болғандықтан да бірі ақын, бірі әнші, бірі палуан, бірі мерген, бірі аңшы, бірі құсбегі. Кейбірінде осы өнердің бірнешеуі де болған. Кейде бұлардың құрамы ел аралап жүргенде өзгеретін. Алайда салдық топ саны міндетті түрде алтау болып ел аралай берген. Тіршілік жағдайларына байланысты бір өнерпаздың орнына басқа өнерпаз қосылып, ауысса да Сауытбек, Қазақбай, Жидебай, Балқыбектер ауыспаған. Сауытбек, Қазақбай, Жидебай, Балқыбек, Әтібек, Әлдибек. Міне, осы құрам халық санасында салдық топ ретінде тұрақталған. Ол топ «Ашаның алты салы» деген атпен тарихта қалды. Біз осылардың әрқайсысын арнайы жеке зерттесек болар еді. Рас, Сауытбек Усаұлы туралы және оның кейбір әріптестері жайында азды-көпті мақалалар жарияланды. Әйтсе де әр салды жеке-дара зерттеу нысаны етіп арнайы іздестіруді қазақ ғылымы қолға ала қойған жоқ. Біз сол олқылықтың бір мысқалын болса да толтырса деген ниетпен «Ашаның алты салының» бірі – Қазақбай сал туралы өз ойымызды ортаға салмақпыз. Қазақбайдың жеке өзі туралы республикалық, облыстық, аудандық газеттерде әр жылдарда Мырзатай Жолдасбекұлы, Темірбек Қожекеев,Мәмбет Қойгелдиев, Ахметжан Қосанов, Қожахан Жабағиев, Гүлмира Жұман, Елікбай Иса, Әлқуат Қазақбаев, Айгүл Уайсовалар айтты. Қазақ радиосының айтаманы Мұстафаұлы Қошан «Інжу-маржан» хабарында арнайы ғылыми-танымдық хабар жүргізді. Олар таныстыру уәжінде ғана еді.

Тарихи шындық енді-енді ашылуда, талай ақиқат кезегін күтіп архивтерде жатыр. Қазақбай салдың және оның әріптестерінің қудаланғаны, сотталғаны жөніндегі құжаттардың көп ұзамай жарыққа шығары сөзсіз. Өйткені олардың тергеуі мен сергелдеңі бергі кеңес өкіметі кезіндегі сталиндік-голощекиндік қуғын-сүргін науқаны мен әкімшілдік-әміршілдік жүйе зобалаңы тұсында жүрген. Олардың бәрін өздерінің саяси мақсатының ыңғайына қарай хаттап қойғандары да өтірік емес. Десе де сол архивтік құжаттар талай шындықтың басын ашары кәміл.

Қазірше біз қолымызға түскен аз ғана деректі қанағат тұтамыз.

Әуелі Қазақбайдың туған жері туралы. Қазақбай салдың туған жері қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының аумағындағы, бұрынғы Әулиеата уезінің Аша болысына қарасты Шымыр жайлауы. Бұл аймақ сонау ежелгі дәуірлерден бері ата-бабаларымызға қоныс болған жанға да, малға да жайлы мекен. Археологиялық деректер бұл аумақта тарихи орындар көп екенін айғақтайды. Шу өзенінің бойындағы Мерке, Мүйіздіқора, Қасқасу, Қоралассазы, Таяқсалды, Белсаз, Шөлсай, Тоғансай, Сұлусай, Қарасай, Қоржайлау, Сандық, Шәйсандық, Жайсаң, Аралтөбе, Мыңбұлақ, Аша секілді киелі мекендер (Досымбаева А. История тюркских народов. Алматы, «Service Press», Алматы, 2013, -250 стр.: стр.25-35 ). Қазақбай салдың сан рет көзі көріп, көңілі сенген ежелден келе жатқан атақонысы. Соның ішінде оның кіндік қаны тамған жері – Шымыр мекені. «Қазық қақса, қарағаш өсетін, түгін тартса, майы шығатын» қасиетті мекеннің табиғаты тумысынан дарынды Қазақбайды сан мәрте сүйсіндірген, шабыттандырған. Оның Алла берген ақындығының көзін ашуға, өркендеуіне тұмса табиғат та, тылсым тарих та ықпал еткені сөзсіз.

Қазақбайдың тегі туралы айтсақ, ол Ұлы жүз Үйсіннен тарайтын Дулат тайпасының Шымыр тармағынан сабақтасқан Құттық атадан өрбиді. Әкесі Ергөбектен алты ұл туады. Олар – Тезекбай, Күзембек, Кенжебек, Ахмет, Мұсабек және Қазақбай. Қазақбай 1880 жылы дүниеге келген.

Осы алты ұлдың ішінде тумысынан ерекшеленген сәби шешесінің емшегін құшырлана, мейірлене емгенде анасының тұла бойы шымырлап, ерекше рахатқа бөленеді екен. Мұны естіген әжесі «құшырлана емсе, ісіне құлшына кіріседі, мейірлене емсе, елге мейірімді болады» депті. Кіндік шешесі Қазақбайдың кіндігін кесіп алып, сыртқа апарып, алысқа лақтырыпты. Сонда жұрт: «Оныңыз не?» десе, «үй күшік болмай, ел адамы болсын дегенім» депті кіндік шешесі. Әжесі мен кіндік шешесінің айтқандарындай, Қазақбай қандай іске де құлшына кірісетін еңбекқор, алғыр, өжет және жастайынан сырттың баласы болып ер жетеді. Әкесі Ергөбек оны алдымен ауыл молдасына береді. Мұсылманша сауат аштырады. Одан кейін медресеге береді. Бірақ Қазақбай мұсылманша білім алғанымен, молда болуды ойламай, Құдай дарытқан өнердің соңына түседі. Әулиеатада оқығандардың ортасына барып, өз бетінше орысша үйренеді. Жазу сауатын жетілдіреді. Естігенін есінде сақтап ала қоятын құймақұлақ зейінді Қазақбайға өзгеден өнер үйрену еш қиындық туғызбайды.

Салдық құратын өнерпаздың бойында «бірнеше өнер қалай қатар жүреді» деп күмәндануға болмайды. Өйткені көшпелі қазақтың тұрмыс-салты азаматтың қабілетін әр бағытта сынайды. Мысалы, қазақ жылқы мінеді. Баптап мінбесе, жылқы жолда қалдырады. Демек, ол атбегілік өнердің әліппесін жастайынан меңгереді. Ел аралауға атты жайдақ мінбейді. Ерттеп мінеді. Ерттеу үшін тоқым керек, ер керек (ерші). Тоқым тігу үшін былғары қажет. Былғары алу үшін теріні өңдеуі тиіс (теріші). Өңделген теріден таспа тіліп, жүген, ноқта, қамшы өреді (өрімші). Ерді де тиісті ағаштан қажетті пішінде ат арқасына ыңайлы етіп өзі шауып жасап көреді (ақ ұста). Жүгенге ауыздық, ерге үзеңгі керек. Оларды металдан жасайды (қара ұста). Дарынды қазақ осы машықтарды алдымен өзі меңгереді. Егер үнемі айналысып, кәсіп қылса, ол не өрімші, не ерші, не ұста болып шығады. Бұдан бөлек, ол әр нәрсеге қызыққыш, «білсем, көрсем, үйренсем, игерсем» деп тұратын шағында домбыра тартып, ән де салып көреді. Өз ойынан өлең де жұптап байқайды. Азық-түлік қамымен әуелі құс салып, ит жүгіртіп, ат шаптырып, аң атып та бағын сынайды. Өзіне жақса, елге ұнаса, сол өнердің соңына түседі. Осындай табиғи қажеттілікке бола бір адамның бойындағы бірнеше өнердің болатын заңдылығын мойындаған қазақтың «жігітке жеті өнер де аз» дейтіні сондықтан. Бір бойына жеті өнер де аздық ететін елден ерек адам – сал. Қазақбай – сондай салдың бірі. Ел аралаған сал көпті көреді. Көргенін көкейіне тоқиды. Білгенін елге жаяды. Салдық құрушылар «үнемі аттан түспей, ел кезіп жүреді екен» деген түсініктің өзі ұшқары. Сал да елмен бірге еңбек етеді. Науқан кездерінде жұртпен бірге болады.

Кеңес өкіметі орнап, әр ауылда қызыл отау құрылып жатқанда оған қырын қарағанның бірі – осы Қазақбай. Бірақ елді жаппай сауаттандыру кезінде бала оқытуға құлшына кіріскені – шындық. Оның бұл еңбегін ел іші әлі күнге дейін ауыз толтыра айтады. Оқыту үшін ауыл-ауылды аралап, мектеп боларлық үй жалдап, жазда жайлауда, қыста қыстауда бала оқыту оңайға соқпайды. Қағаз, қалам, сия, кітап тапшы. Осындай қиындықта бала оқыту машақаты Қазақбайға кеңес өкіметінің отырықшылық саясатын мойындатады. «Бір жерде тұрақтап білім берсем» деген арманын жүзеге асыру үшін осы отырықшылықты қолайлы көреді. Сондықтан да ол отырықшылықты, елді сауаттандыруды насихаттайды. Насихаттап қана қоймай, сол істі жүзеге асырушылардың қатарында болды. Осы еңбектеріне бола туған елі Қазақбай сал Ергөбекұлын Шу өңіріндегі алғашқы мұғалімдердің бірі деп біледі.

Бір бай бой жеткен қызын байлық үшін жас балаға ұзатпақ болып отырғанда қыз сүйгенімен қашып кетіп, арты ағайын арасындағы дауға айналады. Дауға айналған оқиғаға Ашаның алты салының арасынан Сауытбек, Қазақбай, Жидебай араласады. Осы оқиға желісімен Темірбек Қожакеев «Қалыңдықтың қасіреті» атты деректі әңгіме жазды. Жазушының негізгі мақсаты – ел ішінде ардақты болған, кейін кеңес өкіметінің сыңаржақ саясатының кесірінен қудаланған тарихи тұлғалардың есімін ел жадынан өшірмеу. Солардың еңбегін айғайлатып алдыңғы планға шығармай, астарлап жеткізеді. Өйткені ол кезде «әдебиеттің партиялығы», «социалистік шындық» деген қарғыбау әр жазушының қаламына ілінген заман болатын. Солай болса да жазушы өз кезегінде сөз арасына мына эпизодты кіргізеді: «Ендігі әңгіменің тек ақылдасу емес, арбасу болатынын сезген Өмірбек сөзімді сөйлесін, мият болсын деген ниетпен көрші ауылдағы әрі ақын, әрі беделді адамдар Ұсаұлы Сауытбекті, Ергөбекұлы Қазақбайды, Қаленұлы Жидебайды алдырды». (Т.Қожакеев. Шығармалары. 5-том, А.,1994 ж.)

Ғалымның айта кеткісі келгені – Қазақбайлардың ел ішінде әрі ақын әрі беделді адамдар болғандығы. Және олардың өмірде болған тарихи адамдар екенін білдіру үшін әдейі әкелерінің атының соңына «ұлы» дегенді тіркеп жазады. Сонда оқып отырғандар қазақ ішіндегі көп қазақбайдың бірі емес, әрі ақын әрі беделді Ергөбекұлы Қазақбай екенін бірден таниды. Зерттеушінің деректі әңгімесіне арқау болған бұл оқиға 1922 жыл болған еді. Қазақбайлар сотына Иманалы деген белді адам араласып, іс жабылады. Сотталған 7 адам да бостандыққа шығады.

Осыдан кейін Қазақбай салдың кеңес өкіметінен көңілі қалады. Бұрынғы салдық дәурен өтіп, енді қара бастың амандығын ойлау ғана қалғандай күй кешеді. Әйтсе де тыныш отыра алмай, ауыл баласын сауаттандыру, ас, той-томалақта ән шырқап, өлең айтып, реті келсе айтысып, жұрт көңілін көтеру ісімен айналысып жүреді. Саятшылығын тастамайды. Ат баптауды да ұмытпайды. Оның атбегілік қабілетін білетіндер бәйге аттарын сынатып та алады. Қанша дегенмен қырықтың үстінде қылшылдап тұрған қылыштай шағында жаңа заманға ілесіп-ақ кетейін десе кеңес өкіметінің жүргізген саясаты санасына сыймай, көңіліне қонбай-ақ қояды. Содан да ғой оның:

Жолына социалистік көшті өкімет,

Асырып туған айды өткен айдан.

Осылай астын-үстін іс қылмаса,

Жолына Ленин салған жетсін қайдан? –

деп кекете өлеңге қосатыны.

«Асырып туған айды өткен айдан» дегені – нағыз социалистік желөкпелік, жасанды ұран, жанталас жарыс, ал «осылай астын-үстін іс қылмаса» дегені – социалистік саясаттағы шалағайлық, асырасілтеушілік, бармақбасты-көзқыстылық. Осыдан кейін «жолына Ленин салған жетсін қайдан?» дегенінде де кеңес өкіметіне үлкен сенбестік жатыр.

Осындай пиғылдағы Қазақбай салды кеңес өкіметі 1929 жылы тәркілейді. Алдындағы азын-аулақ малы мен мүлкін тартып алып, өзін Алматыдағы абақтыға он бір айға қамап тастайды. Сондағы елін сағынып жазған ұзақ өлеңі (шежіреші Мұрат Әбдірәшитұлынан Дота Қазақбаев жазып алған)оның азаматтық болмысын анық танытады:

...Қайран ел, сағындым-ау, қайран жұртым,

Елестеп көз алдымда көстеңдедің, –

дейді көкірегі қарс айырыла.

Кір жуып, кіндік кескен жерін сағынған ақынның елге деген махаббаты да шексіз:

...Күнде той, күнде қызық, қайран жұртым,

Қапамын бері қарай сегіз айдан, – дейді бозбала, келін-кепшік алдынан анадайдан жүгіре шығып сыйлайтын, жұртының күнде қызық, күнде тойында жүретін сал Қазақбай көз алдынан кетпей қойған қайран жұртын жүрегі жарыла, зор сүйіспеншілікпен есіне алып.

Ол – көптің көңіліне қараған халықшыл жан. Сондықтан да айналасындағы адамдардың әрқайсысына ерекше құрметпен қарайды. Құрметтегендіктен де аттарын бөле-жара атап, ыстық ықыласын аямайды. Түрмеде бірге жатқан Сауытбек, Әтібек, Керімқұл, Қожаберген, Аманжол, Мыңбай, Әлі мырза, Бәйет әжі, Мыңтай, Қашқын, Тайтелі, Шінәлі, Дүйсебай, Абақ, Рысқұлбек, Әбдімомын, Иманбек, Сатылған секілді інілерінің амандығын тілейді. Түрмедегілердің бәрін атап шығуға мүмкіндігі жоқтығынан:

Ашадан қанша азамат қамауда жүр,

Шамам жоқ, бәрін бірдей терер менің, –

деп, бір ғана Ашадан аталған он сегіз адамнан өзге де көп адамның қамауда жатқанын қынжыла, ашына айтады.

Заманның өзгергенін, ел арасының бұзылғанын, кеңес өкіметінің саясатының қазақ деген ынтымағы жарасқан елдің арасына іріткі салғанын «Жолықтық әрекетке өзгеше боп, Анасы қарамастай құлынына» деген жан ауыртар шындық арқылы жеткізеді. Осы кесірлі кеңестік кесапаттың салдарынан өзінің алғашқы болып ұсталғанына қынжылыс білдіреді, өзгелердің де түрмеге қамалуына өзін кінәлі санағандай болады:

Әуелі баршаңызға «жолашар» боп,

Кеңестің мен іліндім құрығына.

Бұл жолдардан Қазақбай салдың адамгершілігі зор болмысын, азаматтық мінезін танимыз.

Осы қамаудан оралғанда азған ел, тозған жұртқа тап болады. «Ел ішіне оралдым, енді оңаламын» дегеніне қарамай, коммунистік қоғам оған ала көзімен қарайды. Кешегі доспын деп жүргендердің теріс айналғанына жаны ауырады. Солай болса да ол әрдайым ел бірлігін, ағайын ынтымағын қолдап, қорғаған, оны өзінің өмірлік ұстанымы еткен. Сондықтан да қамауға алынса да, қудалауда жүрсе де:

Шырақтарым, тіл алсаң ынтымақ қыл,

Тіл алмасаң бекерге сөйледім бе? –

деп елді ынтымаққа шақырудан танбайды.

Сотты болғандарға теріс пікір тарататын кеңестік идеологияның салқыны Қазақбайға ел ішінде де тыныштық бермейді. Сондай зобалаң кезінде:

Қарашы, қатарыңның қайсы қалды,

Қырғи тиген шілдей ғып кетті қуып, –

деп алаңдайды.

Ақыры, қолдан жасалған әлеуметтік-психологиялық қыспаққа шыдамай, өзінің бүкіл әулетімен, туған-туысқандарымен Қырғыз жеріне көшіп кетеді. Сол жақта 1933 жылы қайтыс болады.

Кейін әулеттің аман қалғандары қайтадан көшіп келеді. Осы ары-бері көшу мен босу кезінде де талай құндылықтар жоғалды. Бірақ Қазақбайдың аты, еліне еткен еңбегі ел есінде қалды. Сондықтан да Қазақбай салды, оның өнегелі өмірі мен өнерін зерттеу арқылы да көптеген құндылықтарымызды қайта тірілтеріміз хақ.

Сағатбек Медеубекұлы

филология ғылымының кандидаты, халық өнерін зерттеуші

Тегтер: