«Қазақфильм» қызметкерлері еңбекақыларын ала алмай жүр
«Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері бір жылдан бері еңбекақыларын алмаған, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Анимация бөлімінің мамандары бірнеше мультфильм жасап шығарған. Соның ақысы - 500 миллион теңге әлі берілмепті. Олар басшылықтың анимация бөлімін жауып тастағанын айтады.
«Алтын адам» жобасында былтыр тамыз айынан бері біздің ұжым — суретшілер, аниматорлар еңбекақысын ала алмай келе жатыр. Мұнда 5 миллионнан бастап, 3 миллионға дейін жұмыс істеген мамандар бар. Алатын жұмысымыздың ақшасы осы , ,бір жерде ғана. Біз сыртта жұмыс істемейміз. Еңбекақымызды берсін. Бұл жерде бәрімізде келісімшарт бар. Заңды түрде істегенбіз. Қағаз бар. Бір тиынымызды қалдырмай төлесін, дейді анимация бөлімінің қызметкері Жанәділ Байдарбеков КТК арнасына.
Аниматорлар жасаған туындылардың бірі — «Алтын адам» атты толық метрлі мульт жобасы былтыр толық аяқталған. Бірақ мемлекеттен бөлінген тиісті қаражат әлі күнге дейін қызметкерлерге берілмеген. Еңбекақысын күте-күте қарызға белшесінен батқан өнер адамдары бұл былыққа басшылықты кінәлайды.
Түрме сияқты. Темір тормен қоршалған бәрі. Мұнда түрменің ,бүкіл «пахандық» режимі орнады. Кеше сақшылары келіп, мына жастарды қуып шығып, неше түрлі жала жауып, анимацияны жауып қойып, түрмедегідей «шмон» жасап жатыр. Бұл бандиттік шабуыл деп бағалау керек. Азамат Сатыбалдының өзі рөлді ойнап жүр. Бірақ кімнің рөлін ойнап жүргенін білмейді. Қазір Азамат Сатыбалдыны ,«Қазақфильмнің» президентін тура осы жерге шақырып, жауап беруін талап етеміз, дейді анимация бөлімінің редакторы Ерлан Төлеутай.
Қазақфильмнің басшысы Азамат Сатыбалды наразылардың алдына шықпаған, қоңырауға жауап бермеген. Ал, оның орынбасарының айтуынша, «Алтын адам» жобасы бойынша 88 миллион теңге қарызы бар.
«Алтын адам» жобасы бойынша жағдай былай. Бізде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталғымен келісімшарт болды. Олар мультфильмге 2020 жылы тапсырыс берген. Біз туындыны 100 пайыз жасап жібергенбіз. Бірақ тапсырыс беруші қабылдамады. Қазір осыған қатысты сот ісі жүріп жатыр, дейді «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Айдар Омаров.
Ал, жобаны қабылдамаған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы журналистер сауалына жауап бермеген.