Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:35

«Қазақфильм үшін өлуге бармыз». Киногерлер тағы да наразылыққа шықты

Қазақфильм
Фото: Qazaqfilm

Ұлттық кино студиядан тағы да дау шықты. «Қазақфильмнен» тарт қолыңды!» деп ұрандатқан бір топ киногерлер өздерінің мәселелерін көтеріп және қазіргі басшылыққа көңілдері толмайтындарын айтып, Тоқаевқа үндеу жолдады.

 Киногерлердің айтуынша, Алматыдағы Рысқұлов даңғылының бойында «Қазақфильмге» тиесілі 1 гектар жері мен 2-3 ғимараты бар «Қазкино» кешені алдымен қалалық әкімдіктің балансына өтіп, кейіннен сатылғалы жатыр. 

Бұдан бөлек, киностудия мен Алматы әкімдігінің ісіне наразылардың шеруіне бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүрген кино саласындағы мамандар да қосылған. Арасында халық әртістері бар киногерлер тамыз айынан бері еңбекақысын ала алмағандарына алаңдаулы. «Қазақфильм» алдына жиналып, «Әділетті Қазақстанның еститін үкіметіне бар шындықты тікелей жеткізуге мәжбүрміз» деген киногерлер алдымен Тоқаевқа үндеу жолдады. Үндеуде қазіргі мәселелерден бөлек, бұрынғы проблемалар да көтерілді. Мысалы, киногерлер 2021-2023 жылдары «Қазақфильмді» модернизациялауға жұмсалған миллиардтаған теңгенің қайда кеткені белгісіз екенін айтады. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы басшыларының көбінің киноөндірістен түк хабары жоқ, бұл саланы мүлде білмейді дейді.

«Ол үшін өлуге бармыз»

Jas Alash тілшісі «Қазақфильмге барып, киногерлердің наразылығына куә болды. Олардан жеке-жеке бүгінгі наразылықтың себебі неде екенін сұрап көрді.

Ерлан Төлеутай
Фото: Жас алаш

«Қазақфильм» анимация шығармашылық орталығының редакторы Ерлан Төлеутай бүгінгі наразылыққа кино саласында мәселелер күннен күнге қордаланып, ушығып бара жатқандықтан, амалсыз шыққандарын жеткізді. Анимация орталығы редакторының сөзінше, аталған мәселелерді шешуге ешкім ұмтылып жатқан жоқ. Керісінше, қайтадан қысым жасалып жатыр. Ерлан Төлеутай «қазақша білмейді» деген киностудияның қазіргі басшысына да көңілі толмайтынын айтты.

«Алматы әкімдігімен ауыз жаласып, біздің Рысқұлов, 101 мекенжайындағы ғимараттарымызды қалалық әкімшіліктің балансына өткізбекші. Бізді дүрліктірген сол шаруа. Біз бұл туралы министрліктен сұрадық. Бірақ келер жауабын да шамамен біліп отырмыз. Олар: «Ғимараттар апатты жағдайда тұр. Комиссия шығарып, ғимараттарды әкімшіліктің балансына береміз» деп айтпақшы. Қысқаша айтқанда, бұл – ғимараттарды заңды жолмен алып қою. «Қазақфильмге» қызығып тұрғандар, киностудияға табыс әкелетіннің бірі – «Қазкинопрокат» екенін біліп отыр. «Қазақфильмді» 2019 жылдан бастап мемлекет қаржыландырмайды. Біз бюджеттен көк тиын алмаймыз. Бірақ осындай ғимараттарымызды жалға беріп күн көріп, тып-тыныш отырған едік. Енді мына Айдар Омаров, Әсет Ерназовтар келді. Бұлардың барлығы әкімшілік салада жұмыс істегендер. Солардың қызығушылығын жүзеге асыру үшін әкімдік қитұрқы әрекеттер ойластырып отыр. Енді «Қазкинопрокатты» әкімшілік алып қойса, «Қазақфильмнің» бір бүйірі опырылып қалады. Бұл ғимараттар айына 10 млн табыс әкеле алады, қазірдің өзінде киностудияға 4,5 млн теңге құйып тұр. Бұлар оны кемітіп, 4-6 пайызын жабады деп көрсетіп отыр. Қанша пайызын жапса да, біз оны бере алмаймыз. Ол ғимараттар біздің тарихи ескерткішіміз. Бізді осылай тұралату арқылы Алматы қалалық әкімшілігі бар, басқасы бар, «Қазақфильмді» банкрот етпекші. Себебі айналамыз толған көлік сататын орталықтар. Мына студия көзге күйік боп тұр. Еліміздегі 262 олигархтардың бір тобы мұны алғысы келеді. Бұл негізі жасырын жасалып жатқан дүние. Оның құжаттарын қолға түсіріп алдық. Содан кейін наразылыққа шықтық. Бұдан бөлек, «Қазақфильмде» әлі басшы жоқ. Қазақ киносын білетін адамды ұсындық. Бізде 200 мүше бар ғой. Неге соның ішінен бір басшы табылмайды. Жоқ, бұлар басшыны әкімшіліктен әкеліп қояды. Әкімшіліктер «Қазақфильмнің» мүддесін көздемейді. Айдар Омаров деген әлі бір ауыз қазақша үйренген жоқ. Сөзімізді ешкімге жеткізе алмаймыз. «Қазақфильмнің» бір сүйем жерін бермейміз. Ол үшін өлуге бармыз», – дейді Ерлан Төлеутай.

«Ұлттық киноны қолдау орталығы киноға зиянын тигізіп жатыр»

Киногерлердің наразылығына бірнеше фильмдердің қоюшы суретшісі, «Оралман» фильмінің режиссері Сәбит Құрманбеков те келіпті. Ол Jas Alash тілшісіне Ұлттық киноны қолдау орталығы киноға зиянын тигізіп жатқанын айтты.

 Сәбит Құрманбеков
Фото: Жас Алаш

«Бұл орталық ебедейсіз бе, киноға пайдасы жоқ па, соны түсінбей жатырмыз. Мысалы, биыл мен жас режиссерге суретші болдым. Сонда байқадық, өкімет ақша бөледі. Бірақ киноорталық сол қаражаттың 30-ақ пайызын береді. Өнімді толық тапсырғаннан соң ғана қалғанын қолыңа ұстатады. Бұл не деген масқара?! Біз қалай бар қаражаттың 30 пайызына фильм түсіре аламыз?! Мысалы, мен суретші ретінде декорация жасап, киім тіккізуім керек. Гримі бар, басқасы бар дегендей... Соның бәріне «ақша жоқ» дейді. Азын-аулақ ақша береді. Ол не қонақүйге, не жанармайға, не тамаққа жетпейді. Қаншама фильм түсірдік, бұлай болмаған. Мұның бәрі қолдан жасалып жатқан сықылды. Ай сайын көрінген затқа есеп беруіміз қажет. Бұл мүмкін емес. Киноны қолдау орталығы қазір бақылау орталығына айналып кетті. Тек есеп сұрайды. Жоба басталмай жатып, кінәлі боп қаласың. Біз көпір салып жатқан жоқпыз, шығармашылық жұмыс істеп жатырмыз. Біз шығармашылықтың адамымыз. Қазір қайда бара жатырмыз? Қазақ киносы керек пе?!» – дейді суретші.

«Қазақфильм» зиратқа ұқсайды»

Продюсер Қанат Төребай да әріптесінің сөзіне қосылады. Ол кейінгі уақытта кино саласында әділеттілік жоғалып бара жатыр деп есептейді.

Қанат Төребай
Фото: Жас Алаш

«Киностудияның ішінде бұрын өмір қайнап жататын. Қазір ішіне кірсеңіз, зиратқа ұқсайды. Ешкім жоқ, жұмыс та жоқ. Өмірін киноға арнаған адамдар «Қазақфильмнің» ішіне кіре алмай жүр. «Қазақфильм» киностудиясының ұлттық статусы бар. Ұлттық студияны қазақ тілін білмейтін адам қалай басқарады? Кино саласында жүрмеген адам қалай киноға басшы болады? Не тәжірибесі, не білімі жоқ. Бөтен адам. Сондықтан киногерлер наразы болады. Сол үшін жиналып тұрмыз», – дейді продюсер.

 Адай Әбділда
Фото: Жас Алаш

Киногерлер құқығын қорғауға Киногерлер одағының төрағасы Адай Әбділда да келіпті. Одақтың төрағасы ғимараттардан бөлек, бірнеше қызметкер жалақы ала алмай жүргенін жеткізді.

«Қазақфильмнің» басынан неше жылдан бері дау арылмай келеді. Одақ атынан, киногерлер атынан қаншама арыз жолдадық. Ұлттық киностудия басшылығында ұлттық дегенге еш қатысы жоқ адамдар отыр. Қазақ киносын, мәдениетін білмейді. «Қазақфильмге» кіріп-шығуымыз қиындап қалды. Сондықтан президент атына үндеу жолдадық. Одақ атынан Рысқұловтағы ғимаратты көрдік, ол жердегі қызметкерлер де бізді шығарғалы отыр деп арызын айтты. Бұдан бөлек, мүйізі қарағайдай ақсақалдарымыз, жас мамандарымыз бар, қанша уақыттан бері жалақыларын ала алмай жүр. Олар да мәселелерін көтеріп, осында келді. Тоқаев «Қазақфильмге» өзі келіп, киногерлердің мәселесін шешеді деген ойдамын», – дейді Киногерлер одағының төрағасы.

Біз ОПГ емеспіз

«Қазақфильм» басшысы Айдар Омаровпен кездесіп, айтылып жатқан мәселелерге қандай жауабы барын білгіміз келгенімен, есік алдындағы қаруланған күзет бізді ары қарай өткізбеді. Өзін таныстырудан бас тартқан күзет қызметкері: «Бүгін сенбі, Омаров мырза жұмыста емес» деп, қысқа қайырды. Киногерлер журналистер түгіл бұл ғимаратқа өздерінің де кіре алмай тұрғанын айтты.

«Жүздеген киногерлер өзінің шығармашылық ордасына кіре алмайды. Көксауыт киген жасауылдар автоматын кезеп, киностудияның ішінде тұр. Біз соған лайықпыз ба? Бұл – абсурд! Ақылға сыймайтын дүние көп болып жатыр. «Қазақфильмнің» бассыз басшылары не ойлағанын білмеймін, әскер алып келді. Біз жау емеспіз. Қолымыздағы затымыз – қалам, камера, домбыра ғана. Қолымызға автомат, тапанша ұстайтын Талғардағы ОПГ емеспіз. Біз халықтың эстетикалық талғамы үшін, қазақ кино өнерін тура жолдан тайдырмау үшін өмірімізді арнадық. Қазір басшылық шығармашылық құрамды қысқарта-қысқарта, орнын есепшілер, заңгер және күзетпен толтырды. Киностудияда бірде-бір режиссер, оператор, монтажер жұмыс істемейді. «Қазақфильм» кім үшін тұр?! Осының барлығы бізге әкімдіктен «барып кел, шауып келде» жүрген балаларды бастық қылып қойғанның кесірінен», – дейді Ерлан Төлеутай.

«Қазақфильм» басшылығы киногерлер сөзін жоққа шығарды

Киногерлердің президентке үндеуінен соң бірден Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өкілдерінің оларға қарсы жауабы БАҚ беттерінде жарияланды. Киностудия басшылығы үндеу жолдаған киногерлердің ақпаратын жоққа шығарды.

«Аталған учаскеде авариялық жағдайда тұрған ғимарат анықталды. Бұл киностудия мамандарының бірнеше рет жүргізген тексерулерінде расталды. Аумақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жазатайым жағдайлардың алдын алу мақсатында «Қазақфильм» Алматы қаласы әкімдігінің өкілдерін тарта отырып, кешенді сараптама жүргізуді бастады. Сарапшылардың қорытындысы бойынша осы ғимаратты қауіпсіз пайдалану үшін қажетті шешімдер қабылданады. Жер учаскесі мен кешенді сату туралы барлық ақпарат жалған. Бұл жалған ақпарат әрі қарай таралған жағдайда сотқа жүгінуге құқығымыз бар. Қазіргі уақытта учаске мен ғимарат киностудияның меншігінде және сатуға шығарылмайды», – деді «Қазақфильм» өкілдері.

Бұдан бөлек, сол күні «Қазақфильмнің» ресми Іnstagram-парақшасында киностудияның президенті Айдар Омаровтың мәлімдемесі шықты. Видеоның алдымен пікір жазатын функциясы өшірілді де, кейіннен Омаровтың мәлімдемесі толықтай парақшадан алынып тасталды. Бірақ кейін парақшада аталған видео қайтадан шықты. Ол киногерлердің мәселесін дөңгелек үстелде шешуге бейіл болғанын, бірақ олардың «главный агитаторы» (атын атаған жоқ) басқаша жолды ұстанғанын айтты. Омаров киностудияға кірудің қиындағанын әлемдік тәжірибеге сүйеніп және студия аумағында болған өрт пен қызметкерлерге жасалған шабуылдан соң қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жасалған деп түсініктеме берді. Ол киногерлердің қаржы мәселесіне де арнайы тоқталып өтті. «Қазақфильм» басшысының айтуынша, киногерлер «Қазақфильм» арқылы тапсырған жобаларының ақшасын жыл соңына дейін алады.

P.S. Былтыр желтоқсанда Алматы прокурорлары «Қазақфильмді» тексеру барысында фильмді түсіруге бағытталған 400 миллион теңгенің ұрланғанын анықтады. Киностудияға басшы болып келген Азамат Сатыбалды таңнан кешке дейін автокөлік жарнамалайтыны туралы айтып, бірқатар әріптестері сынады. Сатыбалды бірнеше қызметкерін қысыммен жұмыстан шығарып жібергені туралы да айтылды. 2024 жылы шілде айында «Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері бір жылдан бері еңбекақыларын алмағанын айтып, наразылыққа шықты. Соншама даудан кейін Сатыбалды қызметтен кетті. Бірақ басшылық ауысқанмен, жағдай түзелмей тұрған сияқты.

Тұрсынбек БАШАР