Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:36, 13 Қаңтар 2024

Қазақфильмдегі қытай көліктері, жалға берілген жер дауы. Азамат Сатыбалдымен эксклюзив сұхбат

Азамат Сатыбалды
Фото: из открытых источников

«Қазақфильм» төңірегінде тағы да жанжал туды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті Азамат Сатыбалды таңнан кешке дейін автокөлік жарнамалайды.

 Актер Қуандық Дүйсенбаев әріптесін осылай сынға алды.

Осыдан соң актердің мәлімдемесін қолдайтындар табылып, от үстіне май құйғандай жанжал одан әрі үдей түсті. Азамат Сатыбалдыны бірқатар әріптестері сынады. Оның бұл ісі ұят екенін айтып, әлеуметтік парақшаларында жазды. Тіпті «Қазақфильмдегі көліктер қытайдың көлігі, Азамат Сатыбалды бірнеше қызметкерін қысыммен жұмыстан шығарып жіберді» деген ақпараттар да тарады. Бірқатар режиссерлер Қазақфильмнің жағдай қазір мүшкіл екенін айтты. Содан кейін бұл оқиғаға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да назар аударып, пікір білдірді.

Осы орайда Jas Alash порталы Қазақфильмнің басшысынан мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында арнайы сұхбат алды.

Азамат Сатыбалды
Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

– Азамат мырза, 11-қыркүйек күні Аspan motors компаниясының амбассадоры болғаныныңызды жарияладыңыз. Әлеуметтік парақшаңызда көліктерді жарнамалап тұрасыз. «Аспан моторс» компаниясымен қанша уақытқа келісім шарт жасастыңыз?

«Аспан моторспен» ешқандай келісімшарт жоқ. Бұл компанияның иелері – достарым. Қазақтың жігіттері, бауырларым болғаннан кейін қолдап жатырмын. Ел айтып жүргендей ешқандай қытайларға да қатысы жоқ. Әр түрлі көлік түрлерін сатады. Оның қатарында қытай көлігі де бар. Бұл іс менің жеке брендімді дамыту. Осы уақытқа дейін де танымал адам едім. Актермін. Сондықтан мұны істеуді ешқандай әбестік деп санамаймын.

– Әріптестеріңіз «өзі амбассадор болған компанияның көліктерін Қазақфильм аумағына әкеліп қойыпты» деп айыптап жатыр. Қазақфильм аумағында қанша автокөлік тұр? Жалдың құны қанша? Оған қатысты дауға не айтасыз?

– Адамдар бір нәрсені түсініп алуы керек. Қазақфильм ішінде автогараж бар. Аумағы 1,5 гектар. Оның 80 пайызы бос тұр. Былтыр желтоқсанның айлығын 5-6 күнге кешіктіріп әрең бердік. Қаңтар-ақпан кино түсірілмейтін «өлі» уақыт. Техника жалға берілмейді, бәрі тұрады. Бізге ақша түспейді. Бұл енді менің кінәм емес. Келер жылға қаңтар-ақпанға дайындаламын. Тамызда келдім, үлгерген жоқпын. Енді осы мәселені не істейміз деп, әріптестермен келісіп, ақысыз демалысқа жібердік. Жұмыс істеуі керек адамдарды алып қалдық. Енді біраз жалға алушылар жыл аяғы болғасын келісімшарт бітіп, кетіп жатыр. Бос ғимараттарымыз қалды. Соларға жалға алушыларды табу үшін арнайы хабарландыру жарияладық. Енді сол сияқты автогаражды да жалға бердік. Олар заңды түрде келісімшартпен келді, заңды түрде ақшасын төлеп, көліктерін қойды. Бізде 178 адам жұмыс істейді. Жалақыны мемлекет бермейді. Өзіміз табамыз. Оның «Аспан моторсқа» ешқандай қатысы жоқ. A- cars деген таксопарк. 50 автокөлігі тұр. Бұлар машина сатумен айналыспайды. Ел айтып жүргендей автосалон емес.

Әр қадамыма есеп беремін

Азамат Сатыбалды
Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

⁠Бұдан Мәдениет министрлігі хабардар ма? Аида ханым біле ме?

Әрине біледі. Барлығы хабардар. Заңды түрде істеліп жатқан жұмыс. Қазір министрлікпен бірігіп жұмыс істеп жатырмыз. Кішкентай кезімізде әкеміз бізге үнемі жұмыс істеп, ақша тауып жүрген адам боп көрінетін. Бізде сондай психология қалыптасты. Ол ауырмайтын, темір адам сияқты. Бірақ ауырып қалса, «әке тұр жұмыс істе!» демейсің ғой. Күтесің. Қазақфильм де біздің әкеміз сияқты. Қазір сәл сырқаттанып тұр. Келгеніме төрт ай болды. Министрлікпен бірге емін таптық. Енді емдеп жатырмыз. Аурудың әр түрі бар. Тұмау сияқты түрі болады – бір аптада жазылатын. Созылмалы түрі болады – бірер жыл уақыт кететін. Мына ауруды емдеуге бір жылдай уақыт кетеді. Қазақфильмге жеке қаражат бөлдіріп, осындай «арендаға» телмірмей жұмыс істеу үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Өзіңіз білесіз заңға өзгеріс енгізу 2-3 күннің жұмысы емес, ұзақ процесс. Аида Ғалымқызына рахмет. Келгелі осы Қазақфильммен айналысып жатыр. Біраз этаптан өттік. Алдағы уақытта оның бәрі жемісін береді.

Бұрын Қазақфильмнің бар мүмкіндігін Ұлттық киноны қолдау орталығына берген. Бізде дым қалмаған. Қазақфильм өзімен-өзі өмір сүруі үшін жаңа айтқанымдай заңға өзгеріс енгізу қажет. Қазақфильм деген заңда бірауыз сөз жоқ. Бәрі ұлттық киноны қолдау орталығы туралы. Арыға бармай-ақ қояйық. Жаңа айтып өткендей аурудың емі табылды. Құдай қаласа осы жылдың ортасына дейін мәселелер шешіледі. Соған дейін бізге сабыр керек. Егер мен осы жерде 10 жыл президент болып отырып, осындай мәселе болса онда «Азамат, не істеп жатырсың, ұят болды ғой» деп айтуға болады. Келгеніме 4-5 ай болды. Мынадай ұйымды қалпына келтіру үшін 4-5 ай аз уақыт. Мен мәселені зерттеп, енді бітіп жатырмын.

 Қазақфильмнің президенті емес, базарком сияқтымын

Алдағы уақытта заңға өзгеріс енсе, Ұлттық киноны қолдау орталығына түсетін ақшаның 35 пайызы тікелей мемлекеттен Қазақфильмге аударылатын болады. Одан кейін дубляж мәселесі бар. Қазір дубляжды орыс компаниялары ұтып алады. Бізде де дубляж бөлімі тағы басқа, бәрі бар. Бірақ қатыса алмаймыз. Сыртынан қызықтап қарап отырамыз. Заң бойынша дубляжбен Қазақфильм айналыса алмайды. Былтыр мысалы, Ресей ұтып алды да тапсырысты біз арқылы жасады. Соны тікелей Қазақфильм істеуге болады ғой. Қазақфильмді барлық жағынан шектеп тастаған ғой. Соның бәрін ашып жатырмыз. Министрлікте Аида Ғалымқызы бастаған қанша адам қарап отыр. Әр қадамыма есеп беремін. Заң енсе ғана тынысымыз кеңейеді. Елге мына жерлерді жалға беріп, қайыршы сияқты отырмаймыз. Алдағы уақытта тек киногерлерге ғана жалдауға беріп, басқаларды кіргізбей-ақ қоямыз. Бірақ адамдар жағдайды түсінуі керек. Мен қазір Қазақфильмнің президенті емес, базарком сияқтымын. Аренданың ақшасын алам да қызметкерлерге жалақы төлеймін.

Мен арқылы Қазақфильмге күйе жағуға болмайды, әруақ кешірмейді

Қазақфильм ғылыммен айналысу керек. Барлық киностудиялардың алдында жүруі қажет. Болашақты зерттеп 5-10 жылдан кейін қандай кино түсіруге болады, қандай тақырып өзекті дегендерді біліп, артымыздағы студияларға шашып беріп отыруымыз керек. Біз керісінше елдің соңындамыз. Келер жылы не түсіретінімізді білмейміз. Неге елімізде театр қатты дамып жатыр. Себебі оларда 5 жылдық репертуар, 5 жылдық бюджеті бар. Олар қай жақа кетіп бара жатқанын біледі. Біз білмейміз. Тіпті келер жылы не түсіретіміз беймәлім. Жоспар жоқ. Жоспарлауға тағы болмайды, себебі оған бөлінетін қаржың жоқ. Қазақфильм кейбір жағдайларда монопалист болуы қажет. Себебі бізде бір-ақ ұлттық студия бар. Сол үшін тынысымызды қыспай кей жағдайда мүмкіндік беруі қажет.

Азамат Сатыбалды
Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

Лицензияны өзбектерге беру Орта Азиядағы кино көшбасшылығын беру дегенді білдіреді

Бізде жеке фестиваль бөлімі болуы керек. Фестивальдің ашылуын кейбір адамдар той деп ойлайды. Фестиваль деген қазақ киносын алға сүйрейтін локомотив. Мысалы, Еуразия фестивалін байқауға салып қойған. Оны той ұйымдастыратын агенттік ұтып алды. Ол қалай ұйымдастырады, ашылуын жасап берді, болды. Ортасында дым жоқ. Бізге нота келді, «биыл фестивальді дұрыс өткізбесеңіздер өзбектерге береміз» деген. Ал Орта Азияда бір-ақ лицензия бар. Оны өзбектерге берсек, қайтып ала алмаймыз. Оны өзбектерге беру Орта Азиядағы кино көшбасшылығын беру дегенді білдіреді. Сол үшін барымызды салуымыз керек. Ғабит Мүсіреповтың пьесасында Жантықтың «мен жыласам қатыннан бетер жылаймын» дейтін сөзі бар. Сол айтпақшы Қазақфильмнің проблемасын түн ұйқымды бөліп тұрғызып сұрасаң да зуылдатып айтып бере аламын. Енді түзеліп келе жатқанда аяқтан шалмаса екен. Осы лауазымда бес жыл отырып ештеңе істемей жатсам, айтсын, сынасын. Бірақ қазір мен арқылы Қазақфильмге күйе жағуға болмайды, әруақ кешірмейді.

Қазақфильмнен бір қызметкеріңізді қысыммен шығарып жіберген екенсіз. Оған Қазақфильм мүлкін ұрлады деген айып тағылыпты. Әріптесіңіз мұны жала дейді. Осы іс бойынша сотқа жүгінетінін айтты.

– Қазақфильм ешкімнің жекеменшігі емес. Жекешелеп алуға да ешкімнің құқығы жоқ. 20-30 жыл жұмыс істесең де тиімді жұмыс істеуің керек. Істемейсің ба жұмыстан кету керек. Мен ешкімді желкелеп жұмыстан шығарып жатқан жоқпын. Өздері заңды түрде шықты. Заңсыз жұмыстан шығарсам неге мені сотқа бермейді? Бір қызметкеріміз сотқа береді деп айтып қалдыңыз. Берсін, көрейік. Біздің біреуді айыптауға құқығымыз жоқ. Егер біз жақтан қате кеткен болса, сотқа бере алады. Біздің де отбасымыз бар. Біреуге жала жауып, жұмыстан кет дейтін адам емеспін. Сондықтан жұмыстан шығатын адам да, шығаратын тарап та заң жүзінде жан-жағын түгендеуі керек. Сотқа берсін, қате кетсе қайтарып алады. Мысалы, мен келген кезде бұрынғы басшыны қаржы директоры сотқа берді. Қателігін дәлелдеді сосын айыппұл төлеп бердік. Онда тұрған ештеңе жоқ. Өмір болған соң келіспеушіліктер болады. Бетжыртысып жатудың қажеті жоқ, сот шешеді. Егер біз кінәлі болсақ, айыбымызды төлеп қайтадан жұмысқа аламыз. Егер ол кінәлі болса, моральдық шығын ретінде оны сотқа береміз.

Азамат Сатыбалды
Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

– Дау боп жатқан Қазақфильм айналасындағы әріптестеріңіз сынап жатқан тағы бір мәселе сіз басшылыққа келгесін жал (аренда) құнын көтеріп жіберіпсіз, ғимараттар бос тұр екен?

– Мен ғимараттар бос деген сөзіңізге келіспеймін. Иә, жалдау ақысын көтердік. Әл-Фараби даңғылының бойындағы ғимараттардың жалдау құнын зерттеп көрдіңіз бе? Біз келгенде Қазақфильмде аренде 3,5 мың теңге болды. Бұл деген сұмдық. Мына айналадан 3,5 мың теңге жалдайтын ғимарат таба алмайсыз. Мен менеджер ретінде айлық төлеймін. Мысалы, мына үстел 20 мың тұрады. Оны 5 мыңға сатсам, демек, дұрыс менеджер емеспін ғой. Мониторинг жүргіздім. Алматыдағы бүкіл павилондардың бағасын көрдім. Содан кейін көтердім. Керек болса тұрыңыздар, болмаса қажет жоқ дедік. Оған да сұраныс бар. Алдағы бір жылға жалдап алды. Бәрі заманға сай жүруі керек. Біз коммерциялық ұйымбыз. Театр, академия емеспіз. Басты міндеттеріміздің бірі де табыс табу. Осы уақытқа дейін бәрін ысырып қойып тек мемлекетке қарап отырғанбыз. Мысалы, биыл Қазақфильмде ақша табатын кино жоқ. Фильм түсіреді де сөреге қояды. Бір-ақ фильм таптық. Жақында кинотетрға шығады. Тірсегін кесіп тастаған бөлтірік сияқты, ауызды ашып мемлекетке мені асыра деп отырған дұрыс па?

– Енді басшылыққа келіп жатырсыз, Қазақфильмді қалай дамытатын ойыңыз бар? Мұны сұраған себебім әріптестеріңіздің ішінде «Азамат Қазақфильмді өсіруге емес, өшіруге келді» дейтіндер де табылып жатыр.

Қазақфильм бағытын ауыстыруы керек. Халық көретін кинолар түсіреміз. Үш бағытымыз бар. Бірінші бағытымыз, Қазақфильмнің мемлекеттің имиджіне жұмыс істейтін ауқымды фильмдер. Бұдан біз пайда табуды ойламауымыз керек. Оған кеткен шығын қайтпайды. Екінші бағытты соңынан айтайын. Үшінші бағытымыз, Қазақфильм көбінесе фестивальдерге арнап кино түсірген. Ол ешуақытта пайда әкелмейді, имиджге жұмыс істемейді. Қаншама фильмнің біреуі ғана байқауға өтеді. 30 жыл болды, көптеген фильм түсірдік. Неге Канн, Оскар алмаймыз? Ортанқол фестивальдерге барып жүрміз. Олардың барлығы сөреде тұр. Енді екінші бағытты айтайын. Биылдан бастап мемлекеттен қаржы алмай, шығыны аз коммерциялық фильмдер түсіреміз.

Азамат Сатыбалды
Азамат Сатыбалды Қазақфильм болашақта үш бағытта дамитынын сызып көрсетіп жатыр. Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

Мейлінше халық көретін фильмдерге күш саламыз

Мысалы, комедия түсірмей-ақ қояйық. Заманауи жанрлық фильмдер. Неге мен көп қаржыны талап етпейтін фильмдер деп айтып тұрмын, Нұрлан Қоянбаевтың сөзімен келісемін. Бізде техника, керектің бәрі бар. 100 млн-ға фильм түсіруге болады. Сондай 10 фильм жарыққа шығарайықшы. Жоқ дегенде 200 млн қаржы түсіршінші. Қазақфильм бір жылда миллиард теңге табыс табады деген сөз. Биылдан бастап соны бастадық. Алғашқы қадамы – Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармасы. Демеушілер ақша бөлді. Бастап кеттік. Одан басқа 50 млн-ға «Ана» деген фильм түсіреміз. Тағы екі фильміміз бар. «Қазақфильм ананы жалға бермесін, мынаны істемесін» деп жатыр. Театрдың көрсеткіші спектакль болса, біздікі – кино. Осы уақытқа дейін адамдар жүрді. Қайда киномыз? Фестивальді және деректі фильмдерді қысқарттық. Мейлінше халық көретін фильмдерге күш саламыз. Коммерциялық студиялардың шамасы жетпейтін кинолар түсіруіміз қажет. Мысалы, жеке студия боевикті 300 млн-ға түсірмейді, себебі шығынын ақтамайтынын біледі. Сондықтан 100 млн-ға комедия түсіре салады. Қазақфильмде техника, студия бар, дәл сол фильмді жарты бағасына түсіре алады. Мен жанрлық фильмдерді Қазақфильмде қолтаңба етіп қалдырғым келеді. Комедия болса басқа жақтан көре берсін. Жанрлық фильм десе Қазақфильмді көрсін. Дәл осылай жұмыс істейтін болсақ, оған біз 2-3 жылда жетеміз. Содан кейін екінші бағыттан түскен ақшамен ғана фестивальді фильмдер түсіретін боламыз. Бірінші бағыт мемлекеттің имиджіне, екінші бағыт көрермендерді қамту үшін, үшінші бағыт шетелдерде елдің, Қазақфильмнің беделін көтеру үшін жұмыс істейтін болады. Осы үш бағытты қоса отырып Қазақфильмді дамытқым келеді.

Суретте оңнан бастап санағанда Азамат Сатыбалды, Тұрсынбек Башар
Фото: Азамат Сатыбалды Қазақфильмнің болашақта салынатын ғимараттары туралы айтып тұр. Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

Бұдан бөлек суреттерде көріп отырғандарыңыздай Қазақфильм дамитын болады. Ішінде өзіміздің кинотеатр саламыз. 2-3 музей, 8 мың квадрат 3 павилон болады. Бізде 16 гектар жер бар. Оның 30 пайызы ғана игерілген. Коворкинг орталығы да салынады.

Қазақфильм
Фото: Болашақта Қазақфильмнің өз кинотеатры болады Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

Мұның бәрі президенттің тікелей қадағалауында. Президенттің мақсаты Қазақфильмнің іші парк болса дейді. Адамдар ішіне кіріп демалып, кино көрсе, музейін араласа дейді. Биыл процесс басталып кетті. 2-3 жылда пайдалануға беріледі деген ойдамын. Әкімдікке өтіп кеткен жер де қайтарылды.

Енді өзіңіз амбассадор болған компанияға қайта оралайық, амбассадор ретінде қанша аласыз?

– Ешқандай табыс таппаймын. Бұл менің көмегім. Әлеуметтік желіде 700 мың жазылушым бар. Мемлекеттік жұмыста емеспін. Шығармашылықпен айналысуға құқығым бар. Жеке парақшам болғасын жарнамалауға болатын шығар. Бұдан да әбестік көріп тұрған жоқпын.

Азамат Сатыбалды
Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

– ⁠Сіз Қазақфильмге президент болып тағайындалдыңыз. Алдағы уақытта әйеліңіз Назгүл Қарабалина Қазақфильмнің жобаларына қатыса ма? Ол кісі түсірген сериалдарда басты рөлдерде ойнадыңыз. Назгүл өнер адамы неге Қазақфильм проектілеріне қатыспасқа?

– Мен Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрын 3 жыл басқардым, одан кейін Жүргенов атындағы өнер академиясында ректор болдым. Тетрда басшы кезде Назгүл еш уақытта қызметтік есіктен кірген емес. Ол да басқалар сияқты билет алып премьераға келетін. 3 жылда Назгүл менің кабинетімнің қандай екенін білген жоқ. Отбасы мен жұмысты ажырата білу керек. Әрине кейде Назгүл «жертва» боп қалатын кездер болады. Мысалы, академияға ректор болып келгенімде Назгүлді сабақ беретін ұстаздар қатарына енгізіп қойыпты. Мен келіп алып тастадым. Сол сияқты алдағы уақытта Назгүлдің компаниясы Қазақфильмнен еш уақытта жоба алмайды. Осы сөзімді есте сақтаңыз. Егер сөзім өтірік болса есіме саласыз.

– Әйеліңіз түрлі шараларға тапсырыс алып өткізіп жүр. Мысалы, Үштөбеде өткен Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы. Сіз президентпен жолықтыңыз. Тапсырысты сіз алып бердіңіз бе?

– Назгүл маған дейін де танымал режиссер. Кейбір жобаларда көмек сұраймын. Ал өзінің жобаларын тек өзі алады. Оның жобаларына араласпаймын. Ал Үштөбедегі жобаны бірлесіп жасадық. Кейбір жобаларға мені Назгүл жүргізуші ретінде шақырады. Мысалы, Үштөбедегі жобаға жүргізуші ретінде бардым. Жүргіздім, көмектестім. Бұған менің президенттің қабылдауында болғанымның еш қатысы жоқ.

– Мұқағалиды, Ахметті, Сағат Әшімбаевты ойнадыңыз. Болашақта Тоқаевты ойнағыңыз келе ме?

– Мен президенттің рөлін сомдадым ғой. «Путь Лидера. Астана» деген фильмнің ең соңғы бөлімінде Тоқаевтің рөлін сомдадым. Иә, ол көрерменге толық жете қойған жоқ. Тағы бір нәрсені айтқым келеді. «Ешқашан мүмкін емес деп айтпа» деген сөз бар. Бірнеше жыл бұрын сұхбатымда «ешқашан театрға директор болмаймын» деп айтқанмын. Қазір директор емес, президент болып тұрмын. Сондықтан актер ретінде Тоқаевтың рөлін берсе ойнаймын. Неге ойнамасқа?

– Әңгімеңізге рахмет!

Азамат Сатыбалды
Фото: Jas Alash/Аслан Қажиев

Айта кетейік, театр актеры Азамат Сатыбалды 2023 жылдың шілде айында «Қазақфильм» АҚ-ның басшылығына тағайындалған болатын. Оған дейін Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының ректоры, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызметінде болды.

Былтыр тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Азамат Сатыбалдыны қабылдады. Кездесуде отандық кинематография мен мәдениет саласын дамыту мәселелері талқыланған. Бұдан кейін Тоқаев отандық кинематографияны одан әрі дамыту мәселелері ерекше бақылауда болатынын мәлімдеген. 2023 жылы қараша айында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудияға айналғалы жатқаны белгілі болды. Желтоқсанда Алматы прокурорлары «Қазақфильмді» тексеру барысында фильмді түсіруге бағытталған 400 миллион теңгенің ұрланғанын анықтады. Одан кейін сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқаны хабарланды.