Қазаққа қандай тарих керек? Тәуелсіздік кезеңінде жасалған тарихи мистификациялар хроникасы

Пролог: Тарих – мұғалім емес.
Бір заманда қағазға түсірілген, нақты бір уақыт белдеуіне байланған тарихи танымға 5 мың жыл болды деп жазады Ясперс. Мәңгілік үшін қас қағым сәт, дегенмен соншама аз да уақыт емес. Бірақ содан бері тарих адамзаттың бір де бір буынына, әсіресе XVI жүзжылдықтан бастап тарихи сана қалыптастырудың арнайы концепциясы жазылған Еуропа елдеріне соғыстың сұмдық апат екенін түсіндіре алмапты. Егер, жалпы адамзат емес, алып елдердің көсемдері ғана арагідік тарихтан сабақ алып отырса, қаншама адам өз ажалынан өліп, қаншама қала өртенбей, қирамай, үйіндіге айналмай аман қалар еді?
Бірақ тарихтан сабақ деген, тарих тағылымы деген – жай ғана метафора. «Қыз сөзіндегі» «ойласаң не таппайсыз» сияқты қылымсу ғана. Ендеше, Марк Блоктың баласы тарихшы әкесінен сұрағандай, тарих не үшін керек? Кімге керек?
Историографиялық нигилизм немесе блогерлік тарих.
90-жылдардың басында бір құбылыс байқалды: бірінен бірі балалап, құжынап жатқан бұқаралық ақпарат бетіне, кейін солардың бәрін бір-ақ орап қысып, тұншықтырып тастаған әлеуметтік желіге ешқашан тарихпен ғылыми таным методы ретінде шұғылданбаған, архив деректерін жүйелі зерттеп дағдыланбаған әуесқой тарихшылар лап қойды. Алдыңғы саптан журналистер мен жазушылар, әдебиетшілер, өздерін саясаттанушы деп жариялап алған ғылыми коммунизм мен ғылыми атеизм мамандары көрінді. Ал күні кеше партия, комсомол тарихынан еңбек қорғаған ғылым кандидаттары мен докторларының дауыстары «біз деген тарихшымыз, мыналарға не жоқ деп» өктем-өктем естіле бастады.
Бұл «жаңа толқын» тарихшылардың екпіні сұрапыл еді. Азғана уақытта қазақ қашан жаралғанынан тартып тың көтеруге дейінгі оқиғалардың астаң-кестеңін шығарды. Әуелден былыққан қазақ тарихы енді мүлде ми батпаққа айналды. Амалсыздан мойындауға тура келеді, дербес, өз пайымы бар қазақ тарихнамасы әлі қалыптасып та үлгермеген кез еді. Міне, дәл осы уақытта қаншама фактор жинала келіп, өздерін тарихшы деп есептейтін шалағат маман, тиексіз блогер үшін «қой үстіне бозторғай ұя салған» бір мамыражай шақ орнады.
Қазақ тарихындағы «ұлы» жеңістер, яғни мистификациялар хроникасы.
Әлбетте, қазақ тарихы туралы жазылған әралуан ұзынды-қысқалы мақала, пост, эсселер, баспа көрген арық, семіз кітаптарды түгендеп шығу беймүмкін. Біздің мақсат – соншама ақпараттық қоқыс арасынан кезінде атаққа шыққан, қайсыбірі сол тұста түсіп кеткен айналымнан әлі күнге шығып қалмай қалқып, керек десеңіз оқулық, оқу құралдарына ілініп жүрген әйдіктерін ғана көктей шолып шығу.
Ғасыр мистификациясы. Расын айтсақ, ғасыр мистификациясы деген құрметті атаққа лайықтысы – үшеу. Бірақ шын жойқыны – «Түп-тұқияннан өзіме шейін» делінетін қалың кітап. Өмір бойы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі Егемен Қазақстан) газетінде қызмет етіп, кейін тарихи романдар, сықақ әңгімелер жазған Балғабек Қыдырбекұлы «тауып алып», екі мәрте кітап етіп жариялатыпты. Әуелде кітаптың өзінен бұрын дақпырты жетті. Сондай да сондай ғажайып... Жер астында көміліп жатқан... Енді, қазақ тарихын әлемге танытпақ. Бүкіл тарихшы атаулы құмалақша шашылып, тентіреп кетпек. Содан соң үзінділері «Егемен Қазақстанға» жарқ ете қалды. Оқыған бетте өзіне деген, кәсібіне деген аз -кем құрметі бар тарихшы Абай «бетті бастым, қатты састым, тұра қаштым жалма-жан» деп айқындайтын, психологтар «эмоционалдық шок» деп диагноз қоятын жағдайға ұшырады. Кез-келген дереккөздің өтірік-шынын (первоисточник) анықтайтын 5-6 шарт бар, - екінші курс студенті білетін қарапайым талап, - бір-екеуін атай кетелік: қолжазбаның тұтастай қарастырғандағы алғашқы оригинал формасы қандай, қолжазба мазмұнының растығына қандай дәлел бар? (көне қағаз, сия, стилистикасы, сол тұстағы оқиғаларға сәйкесер, сәйкеспес тұсы).
Жалпы, бұл кітаптың жалған немесе ақиқат екендігін дәлелдеудің өзі – басы артық шаруа.
Түпнұсқа бар ма? – Жоқ. – Онда барыңыз. – Бармаймын. Бұл ұлы еңбек пәленбай жылда жер астынан қазылып алынып, тұтастай қайта көшіріледі. Әлбетте, қазіргі грамматика, лексикология талаптарына сәйкес. – Бұныңыз дәлелсіз бос сөз. Әлемнің бір де бір есі дұрыс елінде қабылданбайтын, күлкі шақыратын жағдаят. Барыңыз!
Осылай болуға тиіс еді. Бірақ, есептің басқаша шешімі бар болып шықты. Масқара болғанда, осы бір басы ашық фальсификат кітап үшін Ғылым Академиясында үлкен жиын өткен. Үлкен ғалымдарымыз сипақтап, «ұқсауын ұқсайды, айтуға болмайдының» кебін киді. Өйткені бұл кітапты Н.Назарбаев қолдап отыр деген сыбыс тараған.
Жалған тарих туралы Қазақ энциклопедиясы және қаншама басылым мадақ жазды. Мектеп, жоғары оқу орындарының бағдарламасына кіріпті деп естідік. Біреу білер, біреу білмес, бұл мәселе - Батыс елдерінде тарихи негационизм, яғни тарихты бұрмалап, жалғандау делінеді. Өзгеше айтқанда, жалған құжатты шын құжат есебінде ұсынып, заңсыз тарихи ревизионизммен айналысу. Еуропаның кейбір дамыған елдерінде тым шетін фактілер үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Шамасы, ертелі-кеш біз де осындай заң қабылдауға мәжбүр болармыз.
Ғасыр мистификацияларына қатарында Қожаберген жырау шығарды-мыс деген «Елім-ай», «Баба тілі» дастандары да «ойып» орын алады. Қаратай Биғожин деген кісі жыл аралатпай Солтүстік Қазақстанда қыстайды екен, жаз шыға қоржынын «су жаңа» өлең-жырға толтырып, Алматыға оралады екен. Академияға өткізеді, газет-журнал редакцияларын да жарылқап тастайды. «Баба тілін қадірле, болашақтан түңілме. Айналайын боздақтар, аралас тілге үңілме» деп қойыртпақтап жүріп, күзге қарай еліне қайтады. Әрине, әуелде ешкім мән бермеген. Ақыры не болды дейсіз ғой? Ертегідей болды! «Егемен Қазақстан», «Ана тілі» бастаған қаншама БАҚ бірінен бірі асып түсіп, бұл екі құдіретті дастанның қазақ әдебиеті мен тіліне қосқан теңдессіз үлесіне таңырқап жатады. Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт министрінің 2023-2025 жылдарға арналған жоспарына еніп, Астана мен Түркістанда, Солтүстік Қазақстанда «Елім-ай» деген еш жерде ешқашан болмаған (!) дастанның 300 жылдық тойы дүркіреп өтеді. Қаншама игі жақсы қатысып, сөз сөйлейді. Бұнымен де бітпепті, 7-сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығына енгізіліпті деп естідік.
Бұл мистификация кейін есімі қытай, орыс деректерінде жиі кездесетін атақты Шұбарайғыр Қожаберген батырдың тұлғасына көлеңке түсірді... Бұл Қожаберген ел көсемі, әсіресе, қытаймен алыс-беріс, байланыс мәселесінде тарихи жазба деректерде есімі ең көп аталатын тұлға. Қазіргі уақытта сол екі Қожабергенді шатастырушылар көбейді. Қазақ мұндайда «артық қыламын деп, тыртық қылды» дейді.
Соңғы жылдары бұл екеуінен де асып түсетін «жаңалық» пайда болды. Қытайдан қоныс аударған Тілеуберді Әбенайұлы деген кісі «Юань Чао Би Ши» кітабының жаңа нұсқасын (!) тауып, қазақшалап тастапты. Ол тәржіма бойынша Шыңғыс хан осы Жаркент, Жетісуда туған болып шығады. Сөйтіп, XIII ғасырда хатқа түскен атақты эпосты зерттеген, жер бетіндегі негізгі тілдерге аударып қойған қаншама ғалымның жұмысы түкке татымай қалады. Ал, Тілеуберді марқұм көзі тірісінде қолжазбаның бұрынғы нұсқасы қайда, қай кітапхана, архивте жатыр деген сауалдарға жауап берместен дүниеден өтіп кетіпті.
Қазақ тарихындағы советтік дәуірдің бастапқы кезеңінде үлкен билікке жеткен, аса күрделі, қайшылықты тұлғаның бірі Тұрар Рысқұлов.
Қаптаған мақалаға, ондаған «зерттеушілердің» мағлұматына сүйенсек, 1918 жылы елді ашаршылықтан құтқарған, сол үшін басын бәйгеге тіккен жанқияр да өзі, Түркістан түріктерін бір шаңырақ астына ұйыстырмақ болған оңшыл-пантюркист те өзі, сол 1918 жылдың қысында Қоқан жұртын аяусыз қырған дашнак әскеріне тікелей барып, Мәскеудегі орталық алдында бұлардың қылмысын баяндап, дереу қарусыздандыруға араласқан және өзі, Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатовты Семей абақтысынан шығарып алатын да өзі, көп ұзамай Алашпен жауығып кететін де өзі, 1928 жылы Голощекин ұсынған кәмпескелеуге қарсы шыққан, сөйтіп бір кездегі алаш қайраткерлерінің пікірімен үндескен де өзі, арада жыл аспай Сталиндік қаулыға қатігез талаптар енгізіп, қазақты жаппай ашаршылыққа ұшыратуға еріксіз себепкер болған тағы өзі.
Хош. Адамның көз алдында тарихтың сұлбасы, онда да алдамшы жады сүзгісінен өтіп өзгерген суреті ғана қалады дейді Ясперс. Әуелде миф ретінде, кейін, әлдебір саяси идеялардың, содан соң қазіргі тілмен айтсақ, пропагандалық штамп, клишелер мен клипарттардың жиынтық бейнесі ретінде. Осы тұрғыда ойлансаңыз, шындық және сіз шындық деп қабылдаған тұлғалар да сол сіз сенген немесе сізді иландырған тарихи концепцияның бір бөлшегі ғана екенін байқар едіңіз. Мысалы, Тәуелсіздікке дейінгі тарих Тұрар Рысқұлов деген тұлғаның әулие кейіптес образына еш күмән келтірмейтін. Кейін, тәуелсіздік жарияланғаннан соңғы ізденістер тұсында «қызыл жебе» Тұрар бейнесі шытынай бастады. Өйткені бұл кезде әулие статусына кешегі жаулар – Алаш қайраткерлері көтерілген еді. Рысқұлов Алаштың көсемдері мен ізбасарларының соңына түсіп, Сталинның тура өзіне бірнеше мәрте донос жазыпты. Қожановтың сыртынан аңдушы қойыпты. Архивтерде сақталып қалған деректер соның дәлелі. Бірақ, енді құдайшылығына жүгінсек, Сұлтанбек Қожанов пен Смағұл Садуақасов та тіс-тырнақтан жұрдай дәрменсіздер, бейкүнәлар қатарынан емес болатын. Олардың тарапынан да қарсы доностар ағылып жатты. Көп ұзамай Қожанов пен Садуақасов өзара қырқысқа көшеді. Ол құжаттар да сақтаулы. Бірақ, Рысқұловтың мына бір ісі ешқашан өшпейтін таңба іспетті. 1929 жылдың декабрінде ВКПб Орталық Комитеті ұжымдастыруды тездету туралы қаулы жобасын әзірлейді. Сталин жобаны қатты сынап тастайды. 1930 жылдың 3 январында РСФСР Совнарком төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов көсемге қажетті ұсыныстар жібереді.
Олардың түбінде неге, нендей трагедияға әкеп соқтырғанын жоғарыда айттық.
Жалпы, қазір Рысқұлов тұлғасы жайлы айтыс толастамай тұр. Сондықтан ол туралы да жан-жақты, барынша бейтарап зерттеу жасалуға тиіс. Әзірге, анық бір ғана жағдай – Рысқұлов XX ғасырдың басында қазақ ішінен тарих сахнасына шыққан ең жас, өте талантты қоғам қайраткерінің бірі, ең қайшылықты және ең трагедиялық тұлға. Одан әсіре құбыжық жасаудың да, керісінше, мінсіз тұлға сомдаудың да қажеті жоқ.
Сонымен соңғы отыз үш жылдан астам уақыт беделінде қазақ тарихнамасы әр түрлі кезеңге арналып, әр түрлі мақсат көздеген, әр түрлі деңгейдегі мистификацияға шүпілдей толғанын көріп отырмыз. Әуелде елемей, күле қараған ғылыми паңдықтың (снобизм деуге ұялып отырмын) қазір елесі де қалмаған. Қалмай қайтсін, қаншама академик фальсификат-кітаптарға алғысөз жазып, мадақ айтып, телеарналар сериалдар түсіріп, ақпарат құралдары төпелеп жазып, бәрі бірігіп қоғамдық пікір қалыптастыруға атсалысып кетсе.
Әсілі, жалған тарих қоғамдық сананы жалған ақпаратпен улайды. Кез келген псевдомазмұн өзінің пайда болу, санаға сіңу және жақтастарын (апологет, мухлис) ұйытып, манипуляциялау тұрғысынан діни идеяға ұқсап, діни пропаганда тәсілдерімен ұштасып жатады. Сол себепті санасы жалған ақпаратпен бітелген дүлейліктің түбі қайда апарып соқтырарын болжау қиын.
Осы орайда сызаттап басталғанмен, уақыт оза күшейіп, арналанып алған, енді көпшілік еш шүбәсіз сенетін жалған постулатқа, яғни қазақ арасындағы тарихи негационизмнің бір шетін үлгісіне айналған фактіге назар салайық. Бірден басын ашып алайық, қаһармандық эпос принциптері бойынша қапысыз жасалған бұл миф кейіпкерінің өзі туралы мистификацияға ешқандай қатысы жоқ. Тіпті, миф дүниеге келіп, одан адам танымастай боп өрбіп кетпей тұрып, дүниеден озған, өзі туралы, заманы туралы естелік қалдырмаған, сұқбат бермеген, кітап жаздырмаған. Өмір бойы партия-совет қызметінде болған, бес жылдай (1955-60) Жоғарғы Кеңес Президиумының Төрағасы, содан соң бір жылға сәл жетпейтін уақыт (1960-1961) Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметін атқарған. Ол – Жұмабек Тәшенов. Дәл қазір ең танымал қазақ-совет аңызының қаһарманы.
Жалпы, Тәшенов туралы бүгінде 3 кітап, елу-алпыстың үстінде мақала жарияға шығыпты. Мақала саны бұдан да көп болуға тиіс, қазақша-орысша көптеген ақпарат құралдарынан ұшырасады. Барлығының дерлік мазмұны ұқсас, дереккөзі ретінде Қонаевтың естелік кітабына, содан соң тағы бірнеше адамның естелігіне сілтеме жасалады. Ұстын іспетті ұлы жүлге, ортақ мазмұн – Тәшенов Жоғарғы Кеңеске келісімен жер тұтастығы үшін күрескен (Әлбетте Жоғары Кеңестің ол кезде аппараты тым шағын, ЦК мен Совминнен келетін арагідік мәнді, көбінесе мәнсіз құжаттарға қол қоюдан басқа шаруаларға араласпайтын, статусы биік, бірақ функциясы жоғарыда аталған екі органның бөлімдерінен төмен мекеме екендігін ешкім ескермейді).
ҚР Президенті архивінің қорында Өзбекстанға өзбек тарапының өтінішін ескере отырып үш ауданды басы бүтін беру туралы қаулы сақталып қалған. Қаулыға Тәшенов, сол кездегі Министрлер Кеңесі Төрағасы Қонаев және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретары Брежнев (ол кезде ресми құжаттарда бірінші деп нақтыланбайды, секретарь деп қана жазылады) қол қойған. Содан үзінді:
ПОСТАНОВЛЕНИЕ
... Президиум Верховного Совета Казахской ССР и ЦК КП Казахстана постановляют:
1. Удовлетворить просьбу Верховного Совета Казахской ССР, Совет Министров Казахской ССР и ЦК КП Казахстана о передаче Узбекской ССР и ЦК КП Узбекистана о передаче Узбекской ССР из состава Казахской ССР:
а) земли, находящиеся под командованием Южного Голодно-степного канала, в количестве 95 тысяч гектаров;
б) в верхней части земель, находящихся под командованием Центрального Голодно-степного канала, в количестве 75 тысяч гектаров;
в) земель, находящихся во временном пользовании колхозов и совхозов Узбекской ССР, в количестве 329 тысяч гектаров, принадлежащих Кзыл-Кумскому и Пахта-Аральскому районам, Южно-Казахстанской области;
г) Бостандыкского района, Южно-Казахстанской области...
Председатель Президиума
Верховного Совета Казахской ССР Ж.Ташенов
Председатель Совета Министров
Казахской ССР Д.Кунаев
Секретарь Центрального комитета
КП Казахстана Л.Брежнев
Енді ресми құжатқа кісінің қуанышы, қиналысы сықылды эмоциясы, репликалары тіркелмейді, дегенмен Жоғары Кеңес Президиумының жиналысына қатысқан ақын, жазушылардың да сөздері жарқын, Төрағаның өзі де жігерлі сөйлейді. Жоғарғы Кеңестің төрағасы кезекті сөзді Сәбит Мұқановқа береді.
Депутат Сәбит Мұқанов: «...Қазақта ежелден «Өзбек өз ағам» деген мәтел бар. Бұл тектен-текке айтылмаған. Оның терең тарихи мәні бар. Тарихи деректер екі халықтың шыққан тегі бір екенін көрсетеді. Оның бір дәлелі – өзбек халқының құрамында кездесетін қазақ рулары. Тағы бір дәлел, 1598 жылдан бастап 150 жыл бойы екі халықтың едәуір бөліктерінің орталығы Ташкент болған бір мемлекетте тұруы, – дей келіп: – Бірақ, біздің сессиямызға туысқан Өзбекстан делегациясы қазақ жерінің бір бөлігін бөліп беруді өтініп, келіп тұрғанда, мен Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бір депутаты ретінде олардың бұл өтінішін қолдаймын. Өзбек делегациясы жарты миллион гектарға жуық жер мен Бостандық ауданын сұрап отыр. Мен олардың бұл өтінішін қанағаттандыруға дауысымды беремін. Өз дауысымды бере отырып, мен өзбек жолдастарға өзімнің бір тілегімді айтпақшымын. Біз сіздерге Кеңес одағындағы Бостандық ауданы сияқты ең бай және көркем жерді қиып беріп отырмыз. Бұл жерді бейнелеп айтқанда, қызымызды ұзатқандай қиналып, қимастықпен әрі қуанышпен беріп отырмыз», – дейді Сәбең.
Тарихқа «алай болмағанда, былай болар еді...» деген жорамал жүрмейді. Дегенмен, Қазақстан жерлері көршімізге Хрущев уақытында берілді. Және бұл мәселеге байланысты ресми тұлғалар тарапынан қарсы сөз айтылған жоқ. Ал, Жұмабек Тәшеновтің қазір ел арасында жиі айтылатын «Хрущевпен даулы диалогінің» авторлары Кәрішал Асанов пен Сәбит Досанов көркем шығармаларында ол деректерді қайдан алғандарын көрсетпеген. Бұл Жұмабек Тәшенов жер мәселесінде Орталыққа қарсы шыққан жоқ, оның бәрі жалған деген сөз емес, нақты архивтік деректер мен аргументтер жоқ деген сөз.
Біз бұл тұста жер даулайын деп отырған жоқпыз, болған іс тарих еншісінде. Қазтуған жырау айтпақшы, «Қайырлы болсын сіздерге» дейміз. Қолымызда барды ұқсатып алсақ та жарар.
Әлқисса, 1960 жылдың 26 декабрі, дүйсенбіде Целинный край құрылады. Қаулыға Тәшенов Министрлер Кеңесінің Төрағасы есебінде қол қояды. Бұл тұста Тәшенов - Совмин Төрағасы. Он екі күн өткесін қызметтен алынады.
Ары қарай пайымдаңыз, білгіштердің айтқанына көнсек, бас-аяғы бір жылға жетпейтін уақытта Жұмабек Тәшенов Тың өлкесін (Целинный край) құрғызбау үшін күреседі, жазушыларға үй береді, Абай даңғылын аштырады, Абай ескерткішін мүсіндетіп, қазіргі орнына қойғызады, сол жылғы Совмин есебіне қарасаңыз, аста-төк астық орып, энергия өндіріп, болат құйып, тыным таппайды, тағы қаншама алып істердің басында жүреді. Қарапайым адамнан «тау көтерген Толағай» жасау не керек?!
Ақыры Тың өлкесін құрысып, қызметінен кетеді. Не үшін? Енді ғана құрылып бастаған Целинный крайды Ресей құрамына бермеймін деп Хрущевқа қарсы шыққаны үшін дейді бәрін білетін миф.
Шамамен, біз оқыған мақала, естелік атаулының негізгі мазмұны осы. Бір ғана ыңғайсыз тұсы бар. Осыншама күрестің болғандығын дәйектейтін бірде-бір құжат жоқ (!). Басқасы басқа, 2012 және 2015 жылдары Мемлекет тарихы институты шығарған кітапта да дереккөз жағы ескерілмепті. Дерекөз болмаса, естелік иелерінің «сенімді немесе сенімсіз әңгімешілер» екенін айқындайтын әдістер бар екенін сол кітапты жазғандардың білмейтін жөні жоқ еді. Мәселен, ұлттық республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы жергілікті Орталық Комитеттің басынан асыра қарғып, Мәскеумен тікелей еш сөйлесе алмайтындығы белгілі.
Содан соң бір республиканың бес облысын басқа республикаға аударып бере салу соншалықты оңай іс емес. Анықтама, хат, қаулы, қарар сияқты толып жатқан құжаттан бір із қалса керек-ті. Ондай із зым-зия. Ең бастысы партия тарихын, советтік режимде қалыптасқан тәртіпті, олардың қалың әскер, қаптаған лагерьге сүйенген, ешкімді тыпыр еткізбес тегеурінін қазіргі заманды зерттеп жүрген тарихшылар білмесе, кім біледі?!
Ең сорақысы - Қонаевтың естелігіне жасалған сілтемелерді қуып оқысаңыз, көрсетілген беттерде дәнеңе жоқ. Бар, әрине. Басқа жазу. Ал біз іздеген Мәскеудегі пленумда Хрущев Тәшеновты шақырып алып, өз қолымен ас ұсынып, бәйек болатын оқиға, содан соң екеуінің шартпа-шұрт сөзге келісіп, Тәшенов Хрущевқа Конституцияны бұзып отырсың, мен Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымданам деп айбат шегетін жері... жоқ! Жоқ! Жоқты ойдан шығарудың не қажеті бар?
Осылайша салымыз суға кетіп, тарихшы әріптестерден көңіл қалып жүргенде филология ғылымы докторы, профессор Құлбек Ергөбектің осы тақырыпқа жазған «Қазақтың қатепті қара нары» деген мақаласын көрдім. Жарайды, Махамбетше сілтепті, профессордың өзінше ізденісі болар деп оқи бере тоқтадық. Құлбек ағамыз прозамен жазылған ұзын-сонар одамен бастапты. Бір тұста көзге «МӨДЕ» деген сөз шалынды. Ағамыз оны «түрік ұлт-ұлыстары бір-бірінен енші алыспаған бағзыда сұмдық ерлік жасаған қағанымыз» деп санайды екен. Әлемдік тарихнамада күңгірт мәселе, бірақ Ергөбек ағам қағаным деп үздігіп тұр. Солай-ақ болсын! Тек, Мөденің не қатысы бар бұл жерге? «Сол бір сын сәтте қазақ жері үшін тұрыса алған, ұрысып, тұрысып, құрбан болған Жұмабек Тәшенов бағзыдағы Мөде десе болады». Бұдан әрі профессор Құлбек ағамыз атақты әдебиетші ғалым Бейсенбай Кенжебаев туралы, сол кісінің естеліктері туралы толғанысына көшеді. Жұмабек ақсақал өз ажалынан қайтыс болып еді, бәлки, филология докторы бір құпияны білер деп ары қарай жылжыдым. Міне, сол шақта Тәшенов – Хрущев диалогының жаңа бір нұсқасына тап болдым.
Құлбек Ергөбек версиясында Тәшенов былай дейді: «Жер халықтікі. Мен уақытша ғана басшымын. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, көзінің қарашығындай, анасының арындай адал сақтап келген жеріне басшы екенмін деп билік жүргізе алмаймын». Пах, қандай сөз! Өстіп, Құлбек Ергөбек версиясындағы Жұмабек Тәшенов асқақтап алады да, «Қол қоймаймын! Қол қой деп зорласаңыз, халықаралық ұйымдарға шағынамын» дейді.
Құлбек Ергөбек бұл әңгімені Бейсекеңнен естідім деп жазыпты. Ал өзі кейінірек Сәбит Мұқанов шаңырағында Тәшеновпен кездесіпті (Мәриям апайдың шақыруымен). Айтқандай, ол кездесуі жайында «күнделік ақтарып, әңгімесін еркін жеткізермін әлі» деп бір кезек қорқытып та қойыпты. Әлбетте, жазады, жеткізеді. Жұмабек Тәшенов жоқ, Мәриям апай да, Бейсенбай Кенжебаев та жоқ, қалай шалқысаң да «жалған, мен сенбеймін!» деп айғайлайтын тірі жан жоқ. Өте жайлы позиция.
Тәшеновқа байланысты осы қисынсыз өтірікті оқып отырып, қазақтың ардақты ақсақалына жаным ашыды, аруағынан кешу өтіндім! Мына берекесіз шуға қатысы жоқ. «Мені көтер! Қонаевты тұқырт!» деп құпия өсиет қалдырмаған болар. Менен қаһарман жаса деген жоқ. Қолынан келгенше қызметін атқарды, бұйырған дәм-тұзы таусылған күні дүниеден көшті. Қонаевпен ара қатынасы туралы да ештеңе айта алмайсың. Екеуі де - өздері жасаған заманның ұлдары. Білгендер арлы кісілер еді дейді. Айтылмаған қаншама сұмдық сыр іштерінде кетті.
Енді мынау... Бір дереккөзі жоқ, жалған тарих, мистификация деп біз зіркілдеп отырмыз. Дереккөз деген біздегі естеліктерде (романдар мен эсселерде) деп, тарихты біз жасадық деп мақсаты, ойы белгісіз, бір топ отыр доңайбат шегіп...
Ұсыныс көп те емес. Ендігі жерде әзірге жиырмасыншы ғасыр қайраткерлері туралы нақты деректен табан аудармай, олар ғұмыр кешкен заман ерекшелігін ескере-екшей отырып, саяси арылу процестерінен өте отырып, саяси биографиялар циклын жаздырмай, осылай жүре берсек, бағзыдан бұрын кешегі тарихты дақпырт пен аңызға айналдырып, әбден былықтырамыз.
Тегінде тарихты түгендеу керек. Бұл – өркениеттіліктің белгісі. Бірақ, салқынқандылықпен, эмоциясыз, елірмей, фактіге, ғылым талабына сүйене отырып, түгендеген абзал.
Өмір Тұяқбай
PhD докторы, шығыстанушы - тарихшы ғалым