Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:18

Қазаққа урбанизация қажет пе?

урбанизация
Фото: zakon.kz

Урбанизация дегеніміз – қоғам дамуында қалалар рөлінің басымдыққа ие болуы екен. Яғни аумақтық еңбек бөлінісі үлкен қалаларда шоғырлануының нәтижесінде қала халқының саны өсуі һәм сапасының жақсаруы.

 Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі экономикалық даму қандай жолмен болса да урбанизация деңгейімен байланысты. Ал Қазақ­станда Тәуелсіздіктің 30 жылында байқалған динамикаға қарасақ, 2050 жылға қарай урбандалу деңгейі 70 пайызға жетуі мүмкін екені болжанған. Сонда урбанизациядан біздің қазіргі қоғам не ұтады? Ой таразысына салып көрелікші...

Бүгінде Қазақстанда қанша ауылдың жойылғаны туралы ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Көптеген ауылдар тоз-тоз болып, тұрғындары тіршілік қамымен тарыдай шашырап кетті. Тоқсаныншы жылдардың топалаңында басталған бұл кесел бертінге дейін жалғасты. Тіпті оның салдарынан «болашағы жоқ ауылдар» деген қасаң көзқарас қалыптасты. Біздің мемлекет бұл мәселені шешудің жолдарын қарастыруда. Атап айтар болсақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын іске асыру бойынша, 2021–2025 жылдары базалық қызметтерге тұрғындардың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй құрылысын дамыту, көлік қатынасын жақсарту есебінен азамат­тардың қолайлы өмір сүру ортасын құру жайы жоспарланған болатын. Елімізде үш ірі мегаполис пайда болды (Алматы, Астана, Шымкент). Ауыл тұрғындары қалаға қарай көшуін әлі тоқтатар емес. Тіпті еліміздің Солтүстік және Шығыс өңірлерінде қаңырап, бос қалған ауылдар саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай тұр. Тек бір Солтүстік Қазақстан облысынан 60 ауыл «болашағы жоқ ауыл» атанып, мүлдем жойылып кетіпті. Ал басқа өңірлердің жайы қалай екен?

Кеңестер Одағы кезінде қазақтардың 70%-дан астамы ауылда еді. 90-жылдардың жабайы нарығы тұсында табиғи урбандалу процесі бұзылып, ауылдағылар қалаға жаппай үдере көшті. Қалаға күнкөріс, оқу іздеп келіп жатақханада, жалдамалы пәтерде, қала шетіндегі саяжайда немесе ауладағы сарай-лашықтарда тіршілік етті. Біреулері амалсыз ипотекаға жүгінді, сөйтіп қарызға кірді. Олардың бір бөлігі тапқандарының жартысын ауылдағы қарт ата-анасына, туыстарына көмекке жіберіп отырса, кейбірі жетіспеушілікті ауылдың көмегімен жабуға тырысады. Ала жаздай үй салу секілді бітпейтін тірліктің қамымен жүретіндер аз болмады. Себебі қара қазан, сары баланың қамын ойлау керек-ті. Сол үшін дұрыс, уақытылы демалу деген жайына қалды. Денсаулығына қарамай, ауыр жұмысқа жегіліп, денсау­лығын құртқандар саны көбейді. Осылайша не ауылға қайта көше алмай, не қалада дұрыс өмір сүре алмай жүргендер тобы артты. Олардың қаладағы сол әбігер тіршілігін көріп, ертеңін ойлап, еріксіз жүрегің сыздайды. 

Сонда халықтың санасында қала қандай рөл атқарады? Қазір ауылдан келген кейбір адамдар қаладан ауылға көшкісі келетінін айтады. Бірақ бармайды. Не үшін? Біздің санамызда екіұдайылық бар. Ауылды сағынамыз, еске аламыз. Бірақ жақсы тұрмыс кешу үшін қалада тұру керек деп санаймыз. Көріп жүрміз, қалада керемет ештеңе жоқ. Көше толы көлік, олардың кептелістері, айқай-шу, сабылып-асығып жүрген адамдар, қолқаны қабатын лас ауа және т.б. әйтеуір бір тыныштығы жоқ өмір...

Қазақ қоғамы бірте-бірте рухани дағдарысқа ұшырап барады. Егер ауылда өркениеттің белгісі – интернет, сандық жүйелер, денсаулық сақтау, энергия, инфрақұрылым мәселелері шешілсе, ауыл мен қалада өмір сүрудің парқы төмендер еді. Жұмыс көзі көбейіп, халықтың тұрмысы жақсарар еді. мұндайда ел де қалаға шұбырмайды. Қаладағы әлеуметтік жағдайдың қиындауы – үкіметтің «Ауыл» бағдарламасының да, серіктес қалаларды дамыту жоспарының да дұрыс жұмыс істеп тұрмағанын көрсетіп отыр. Жұмыс істеу меха­низмі жүйеленбеген. Байқап жүрміз, ауылда өскен, білім алған жастар «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарламаның барын біле тұра, ауылға барғысы келмейді. Әйтеуір бір жолын тауып, қалада тұруды мақсат етеді. Өйткені ауылда адамның заманауи талаптарға сай өмір сүру үшін жағдай жасалмаған. Әрине, ауыл тұрғындарының көңілінен шығып, жағдайларын жасап отырған шаруа қожалықтары жоқ емес, бар. Бірақ ондайлары тым сирек.

Ой таразысына салсақ, мегаполистерде тұрған, өмір сүрген қолайлы, жақсы шығар. Бірақ тұрғындардың шамадан тыс көптігі көптеген пробле­малар туғызып отыр емес пе? Мысалы, Алматы мен Астана көшелеріндегі кептеліс, жаз айларында ауыз судың, электр энергияның, табиғи газдың жетіспеуі, экология және де басқа толып жатқан мәселелер кез келген адамға әсер ететіні, тіпті депрессияға шалдықтыратыны белгілі. Ауылдан безіп, мегаполистердің төңіректеріне қоныстанған жандардың ауыр тірлігін теледидардан көріп жүрміз. Бірақ сол қиындықтарға қарамай, күз бен көктемде белуардан батпақ-лай кешіп, таза су ішпей, электр энергияның, интернеттің рахатын көрмей, жолдың азабын тартып жүргендерді көріп, оларды шынымен аяйсың. 

Астанадағы көпқабатты үйлерде су тапшылығы сумен жабдықтау көздерінің ғана емес, жалпы мегаполистердің бақылаусыз урбанизация мәселесін де көтерді. Үкіметте және парламентте елордаға көші-қонды шектеу жоспарлары туралы айта бастады. Көші-қонды реттеуді енгізудің нақты мерзімдері әлі белгісіз, заңнамаға түзетулер әзірлеу сатысында тұр. Алдын ала ақпарат бойынша тіркеуге шектеулер болуы мүмкін. Алайда елордадағы су тапшылығы – ірі қалалардың даму қарқыны халық санының өсуіне ере алмай, артта қалуына байланысты пайда болған инфрақұрылымдық проблемалардың басы ғана. Бүгінде әрбір төртінші қазақстандық үш мегаполистің бірінде тұрады. Ал егер бес жыл бұрын Астана, Алматы, Шымкент тұрғындарының жалпы үлесі ел халқының 20,8%-ын құраса, биыл ол 23,8%-ға жетіпті.

Қаладағы өмір жеңіл еместігін көріп жүрміз. Әсіресе Алматы, Астана сияқты мегополисте тұру көптеген қиындықтар туғызады. Таң сәріден, әтештермен жарыса тұрып, сағат 6-да жұмысыңа беттейсің. Балаңды балабақшаға немесе мектепке жеткізіп тастап, көшенің кептелісіне түссең кем дегенде 1,5–2 сағат зая кетеді. Жұмыстан үйіңе қайту да жеңіл емес. Көше бойы қаптаған авто­транспорт, даңғазаға толы айқай-шу, машиналар дыбысы жүйкеңе әсер етпей қоймайды. Қаланың ауасы мен шаңы, моторлар түтіні де мұрныңды жыбырлатып, бронхитыңды қоздырады. Сөйтіп түннің ортасына қарай үйіңе жетіп, сүріне құлайсың. Балаларға, отбасы проблемаларына көңіл бөлуге, сөйлесуге, ой бөлісуге уақытың жетпейді. Сол себептермен бала тәрбиесі, рухани тәрбие жайына қалды. Балалар өздерін өздері, айфондар мен интернеттер немесе баз біреулерін көше тәрбиелеп жатыр. Қазіргі қала жастары арасында қатыгездік өсіп, бауырмалдық, аяушылық жоғалып барады. Аласұрған, дүние қуған, мың құбылған мына теңіздей толқыған өмір сырғып өтіп жатыр, өтіп барады... 

Астанада көпқабатты тұрғын үй қорының бақылаусыз өсуіне байланысты су тапшылығы елорданың жалғыз проблемасы емес. Халық санының көбеюіне кедергілер тізіміне өткен қыста мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеген жылумен жабдықтау жүйесінің қуат тапшы­лығын қосу керек. Әлеуметтік инфра­құрылымның халықтың нақты санына сәйкестігі де күрделі проблема болып қала береді. Елордада балабақшалар мен мектептер жетіспейді. Оқушы орындарының тапшылығы 20 мыңды құрайды, балабақшадағы балалардың кезегі 45 мың адамнан асады. Алматыда да осындай жағдай, балаларды балабақшаға немесе мектепке орналастыруда проблемалар көп, жылдар бойы шешілмей келеді.

Ойда көптен бері жүрген бір мәселе – неге біз белді-белді компания нысандарын, кәсіпорындарды, зауыттарды Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда шоғылдандырып, онсыз да проблемасы көп қалаларды қолдан «тұншықтырып» жатырмыз? Неге әлгі нысандарды пойыз және автокөлік жолдары бар Шу, Қаратау, Жаңатас секілді шағын қалаларға орналастырмаймыз? Кеңес заманында солай болды емес пе? Мысалы, Жаңатаста еліміздегі ірі Үй құрылыс комбинаты (ДСК), айтулы жөндеу-механикалық заводы (РМЗ) өндіре жұмыс істеді. Оларда мыңдаған жұмысшылар қажырлы еңбек етті. Егемендік алған жылдары ол кәсіпорындар тоқтап, талан-таражға ұшырап, істеп тұрған құрылымдар, токарлық станоктар және т.б. металломға айналдырылып, өкінішке қарай, Қытай асып кетті. Олардың пайдасын жеке пысықай шенеуніктер көрді осыны ойласаң, өзегіңе өрт түсіп, «Қайран да, қайран, желге ұшқан, рәсуа болған халықтың байлығы-ай» деп қынжыласың.

Шу қаласында да өнеркәсіптерді жандандыруға болады. Оған ол өте қолайлы. «Тоғыз жолдың торабы» демекші, белді зауыт салынса, ауылдан келген біраз жастарға жұмыс орны болар еді. Үй-баспана проблемаларын да қысқамерзімде шешу қиын емес. Ойланатын жайт. 

Бүгіндері еліміздің әр өңірінен қаңырап бос қалған, қираған, тек «қаңқасы» қалған бұрынғы сүт-товар фермаларының (МТФ) ескі ғимарат­тары бұрынғы кеңес заманының ескерткіштері сияқты көзге шалынуы жасырын емес. Кезінде әр совхозда, колхозда үлкенді-кішілі сүт-товар фермалары болып, онда жүздеген адам қысы-жазы еңбек етпеді ме? Ауылдардағы машина-трактор станцияларда (МТС) да жұмыс қайнап жататын. Сол алғашқы егемендік алған жылдары мемлекетімізді басқарған Н.Назарбаев: «бізге қызыл директорлар керек емес» деп, совхоз бен колхоздарды ойсыз, негізсіз таратып, техникалар мен жерді «ханталапайға» салғаны әлі есімізде. Содан кейін-ақ ауылшар­уашылық саласы тығырыққа тірелді, жұмыссыздық жайлады, халық күн көрудің жолын іздеп, біреулері қалаға, екіншілері ала дорба арқалап, қала-қаланы кезіп, тентіреп кетті. Бала-шағаны бағу, нәпақа табу, әрине, жеңіл болмады, халық күйзеліске ұшырады. Тек қана санаулы іскер азаматтар дер кезінде есін жиып, жауапкершілікті қолға алып, агрофирмалар, агрохолдингтер ұйым­дастыра білді. Олардың өздері алғашқы жылдары үкіметтен қолдау таппай, көптеген қиындықтарға ұшырады. Қазір олардың өзі көп емес, саусақпен санарлық. Мысалға, Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Иван Адамович Сауэр басқаратын «Родина» ЖШС агрофирмасы – еліміздегі ең беделді, өнегелі алдыңғы қатардағы шар­уашылық. Агрофирмада 900-ден астам адам еңбек етіп, шар­уашылықтың ісін өрге домалатып отыр. Олар жыл сайын 16,2–16,5 млрд тенгенің өнімін өндіріп, оның 68 пайызын мал шаруашылығы арқасында (ет, сүт және сүт өнімдерімен) көріп отыр. Одан бөлек, көкөністер, жеміс-жидектер мен картоп өсіріп, Астана қаласына жыл сайын 80–90 тонна сүт тапсырып келеді. Агрофирма өз қаражатына жұмысшыларға үй салып, мектеп, монша, мәдениет үйін, спорт кешенін тұрғызып, көшелерін асфальт­тап, ауыз су, энергия мәселесін шешіп алған. Талапты жастарды ЖОО-ға жіберіп, өз қаражаттарына оқытып, өздеріне керекті мамандар дайындап жатқан жайы бар. Міне, осындай агрофирманың ісіне риза болып, жұмысшыларының тұрмыс-тіршілігін көріп жүрегің жылиды. 

Өткен кезеңде біздің Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданындағы Жарлысу ауылындағы «Шәушен» агрофирмасы жайлы халық арасында жақсы пікірлер айтылып жүрді. Оның жетекшісі марқұм Сайрамбай Дөненбаев шаруашылықтың ісін жандандырып, қой санын 15 мыңға жеткізіп, мыңғыртып, жылқы мен ірі қара өсіріп, етпен, қымызбен Алматы, Астана тұрғындарын қамтамасыз етті. Жұмысшыларына қамқорлық жасап, үйлер мен мектеп-интернат, клуб, балабақша ғимараттарын тұрғызып, туған ауылына жаңа рең беріп, абаттандырды, асфальт жол салып, су құбырларын жүргізіп, көптің батасын алды. Науқастарды емдейтін сауықтыру-емдеу, оңалту орнын ашты. Көпшіліктің қолдауымен оған еліміздің ең жоғары наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген болатын. Әттең, көлденеңнен келіп қосылған тажал – коронавирус инфекциясы іскер азаматты өмірден ерте алып кетті. «Шәушеннің» қазіргі жайы бізге беймәлім. 

«Ауыл – алтын бесігіміз» деп жар салып, даурығып жүріп, елімізде бірнеше бағдарламалар (мысалы, «Ауыл жылы», «Ауыл аманаты») қабылданса да, одан тірлік жақсарып, ауыл өркендеп кетпегенін көріп отырмыз. Сөз бар да, іс жоқ. Қанша «тәтті, тәтті» дегенмен, ауызда оның дәмі жоқ болып тұр.

«Урбанизацияға жол беру керек. Бүкіл әлем соған бағыт алып отыр» деп билік басында отырғандар жұрт алдында ақталып жүргенде, ауыл тіршілігін тым қожыратып алғанымызды көзіміз көріп отыр. Осыншама дарқан, кең жеріміз бар мемлекетіміздің тұрғындар саны 20 миллионнан сәл ғана асып жығылады. Ойланыңызшы, ауылдарды талақ етіп, көпшілік халықты қалаға әкеп «қамағанымыздан» не ұтамыз? Бос қалған кең байтақ далаларымызға, егіндіктерімізге, көрікті жерлерімізге ертең кім ие болады? Онсыз да көптеген аймақтарымыздағы (Солтүстік, Шығыс өңірлерімізде, шекараға жақын аймақтарда) ауылдардан ырыс-береке кетіп, біразы қаңырап бос қалып, халық саны күрт азайып кетпеді емес пе? Иесіз қалған ата-бабамыздың қан төгіп, тер төгіп қорғаған жері, көпшілігіміздің кіндік қанымыз тамған атамекеніміз кімге қалады? Оған ертең кім ие болады? Ауыл мәселесі шешілмей, ілгері басамыз, байлыққа кенелеміз деу – жарға жығар бос, берекесіз, желбуаз сөз. Осы Алтайдан Жайыққа дейінгі жерді алып жатқан еліміз тамақ өнімдерін сырттан, яғни көрші елдерден алуымыз ұят емес пе? Неге өзімізді өзіміз нанмен, картоппен, етпен, балықпен, күріш пен тарымен, май мен айран-сүтпен қамтамасыз ете алмаймыз? Оңтүстікте жыл сайын мыңдаған тонна мақта жинаймыз, ол қайда, кімдерге кетіп жатыр? Неге киімді (тіпті нәски-шұлықты) сырттан тасимыз? Бүгіндері ешкімге керек болмай, ауыл-аймақта шіріп, өртеніп жатқан тонна-тонна жүн мен тері өнімдерін «тірілтіп», қайта қолға алып, неге өзімізде пайдалы зат­тарды өндірмейміз? Тері мен жүнді керек етпей, шет елдерден солардан жасалған киім-кешектерді, аяқкиімдерді және де басқа бұйымдарды пәленбай қаржы жұмсап, сатып алып жатқанымызды не дейміз? Өзімізді өзіміз қолдан кедейшілікке ұрындырып отырғанымыз намысқа тимей ме?

Дүниеде болып жатқан өзгерістерді, проблемаларды адам шешеді. Демек, адам – басты капитал. Әдетте, капитал десе ойымызға қаржы, байлық, ақша, құн, мұнай, газ, алтын мағынасында түсінік келеді. 

Егер адам өз еліндегі өмір сапасына қанағаттанса, балаларының болашағына сенімді болса, онда ол басқа жақтан жұмақ іздемей, осы мемлекетте бизнесін ашады, кәсіпорнын дамытады, жұмыс істейтін компаниясының көрсеткіштерін жақсартады. Еліміздегі адам капиталының нашарлауының негізгі факторлары – білім беру, денсаулық сақтау және еңбек нарығы жүйелерінің қазіргі әлемде болып жатқан экономикалық қиындықтардың факторларына да­йын емес екені.

XX ғасырдың 20-шы жылдары алғашында ресейлік, кейін америкалық көрнекті әлеуметтанушы ғалым Питирим Сорокин революция көсемі В.Ленинмен үлкен пікірталасқа түсіпті. «Сіз социа­лизм қоғамын құрамын дейсіз. Сіздің адамдық материалыңыз қандай? Кімдермен құрасыз? Ресей социа­лизмге әлі дайын емес. Сіз оны күшпен, я қуғын-сүргінмен құрмасаңыз, адамдық потенциал, адамдық әлеует Ресейде жоқ» дегенді айтқан екен. Кейін, солай да болды. П.Сорокин сол айтыстан кейін көп кешікпей Ресейден Америкаға қоныс аударып, сол жерде 79 жасында қайтыс болады. Сол Питиримнің мынадай сөздері бар: «Қандай да қоғам болмасын, сол қоғамның жағдайы ең алдымен оның азаматтарының қадір-қасиетіне, біліміне байланысты» деген. 

Қандай керемет, тапқыр сөздер! Қоғамды алға жылжытып, жақсылыққа жету үшін ақылды, білімді, қабілетті, іскер, белсенді, батыл, жігерлі азаматтар керек. Олар озық ойларымен, өз игілікті істерімен, ерен басқару қабілетімен қоғамға локоматив бола алады. Қазіргі заман бізден соны талап етіп отыр. 

Бүгінгі қоғамымызда, өкінішке қарай, майдаланған, ұсақталған берекесіз көзбояушылар, бос уәде берушілер, тойымсыздар, әділетсіздер, арсыз, менмен, жағымпаз жандар көбейіп бара жатқан көпшілікті әжептәуір алаңдатады. Оған, сірә, заманды кінәлеу дұрыс болмас. Заманды жасайтын адамдар, яғни мына сіз бен біздер емеспіз бе? Ойланатын жайт... Өмір кемесі бізді қайда алып барар екен? Лайым, барлығы жақсылықпен аяқталса болғаны.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.