“Қазақмыс” дауынан кейін бұрынғы қызметкерге айыппұл салынды

Сот «Қазақмыс» компаниясының бұрынғы қызметкерін корпорация туралы жалған ақпарат таратты деп танып, оған әкімшілік айыппұл салды.
«Сот қаулы етті: Әкімшілік құқық бұзушылық жасады деп танылып, мемлекеттік бюджетке 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынсын. Іс материалдарына құқықтық баға бере отырып, сот «Қазақмыс» тарапынан елден тыс жерге экспортталатын кен мен оны өңдеу өнімдерінің химиялық құрамын қолдан бұрмалау, сондай-ақ заңсыз қысқарту немесе қызметінен шеттету туралы айтылған фактілер сот отырысында расталмағанын мәлімдеді. Қорғаушы тараптың Адилова тарапынан құқық бұзушылық құрамы болмағаны жөніндегі уәжі дәлелсіз деп танылды», – деді судья Әділбек Дүйсебаев сәрсенбі күні шығарған үкімінде.
Судьяның айтуынша, бұл әкімшілік құқық бұзушылыққа қылмыстық жауапкершілікке қарағанда қатаң талап қойылмайды, яғни таратылған ақпараттың жалған екенін әдейі білу немесе оның нақты салдары болу шарт емес.
«Соттың пікірінше, YouTube платформасында көпшілікке таралған мәліметтер ел экономикасына елеулі әсер ететін ірі тау-кен металлургиялық компания – “Қазақмыс” қызметіне қатысты болғандықтан, ресми ақпаратқа деген сенімге селкеу түсіріп, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға алғышарт жасайды. Осыған байланысты әкімшілік хаттама заңды түрде толтырылған, ал әрекет дұрыс сараланған», - деді судья.
Сот қаулысына шағым түсіруге болады.
Бақыт Адилова бұл шешіммен келіспейді. Бұған дейін ол сотта корпорацияның суды әдейі бұрғанын алға тартқан болатын.
Адилованың адвокаты бұрынғы қызметкердің бұқаралық ақпарат құралдарында сарапшы ретінде пікір білдіріп, корпорациядағы жағдайға алаңдаушылық білдіргенін, жалған ақпарат тарату ниеті болмағанын айтқан. Сондай-ақ ол айтылған мәліметтердің жалған екенін дәлелдейтін нақты деректердің жоқ екенін мәлімдеген. Ал «Қазақмыс» өз тарапынан Адилова айтқан сөздер корпорация туралы жалған пікір қалыптастырып, салдарға әкелуі мүмкін деп санаған.
Еске салайық, «Қазақмыс» өзінің бұрынғы қызметкері Бақыт Адилованы «жалған ақпарат таратты» деп айыптап, полицияға арызданған. Полиция оның әрекетін әкімшілік құқық бұзушылық деп танып, істі сотқа жолдаған. Бақыт Адилова бұған дейін «Қазақмыста» химиялық зертханалар басқармасының бастығы болып жұмыс істеген.
Басылым мәліметінше, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспеген Адилова сотқа шағым түсірген. Ол хаттама негізсіз екенін және өзін жаңылыстырғанын айтқан. Бақыт Адилова бұған дейін де БАҚ-та «Қазақмыс» корпорациясының қызметі туралы жиі пікір білдіріп жүрген. Оның айтуынша, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің корпорацияға қатысты наурыз айындағы мәлімдемесінен кейін компания өзіне қарсы арыз түсіруге мәжбүр болған.
Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Қазақстаннан сирек кездесетін металлдар мен кендердің экспортталуына қатысты депутаттық сауал жолдап, «Қазақмыстың» бұрынғы қызметкерінің пікіріне сілтеме жасаған. Бірақ Адилова бұл сөздерді айтпағанын жеткізген. Депутат өз сауалында рудалар мен концентраттарға сараптама талаптары бар-жоғына қатысты ақпаратты нақтылап, егер ол жалған болса, мұндай деректердің компаниялар мен саланың беделіне нұқсан келтіретінін айтып, таратушыларға қатысты шара қолдану керегін айтқан болатын. Осыдан кейін полицияға шағым түсіп, іс сотқа жетті.