«Қазақмыс» экс-қызметкері сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді

«Қазақмыс» корпорациясының бұрынғы қызметкері Бақыт Адилова соттың «жалған ақпарат таратты» деген шешімімен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсірді.
Бұған дейін Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Адилованы корпорация жайлы «жалған ақпарат таратқаны» үшін кінәлі деп танып, 78 640 теңге көлемінде айыппұл салған. Сот шешімінде «Қазақмыстың» рудалық өнімдерінің құрамын бұрмалағаны, сондай-ақ Адилованы заңсыз қызметтен шеттетіп, кейін жұмыстан босатқандығы дәлелденбегені айтылған.
Алайда ҚазТАГ-тың жазуынша, Бақыт Адилова апелляциялық шағымында соттың дәлелдерді толық зерттемегенін, экспорт лицензиясына қатысты құжаттардың құқықтық мәртебесіне баға бермегенін алға тартады. Оның пікірінше, сот «Қазақмыс» корпорациясының шикізат экспортындағы заңсыздықтарға қатысты негізгі дәлелдерге назар аудармаған және куәгерлерді тыңдаудан бас тартқан.
"Сот бірінші инстанцияда ұсынылған, тіпті өзі талап еткен құжаттарды тиісті түрде зерттемеді. Лабораторияның заңды мәртебесіне баға берілмейінше, ақпараттың жалған немесе жалған еместігін анықтау мүмкін емес", – деді Адилова.
Ол сонымен қатар өзін «Қазақмысқа» қарсы әдейі бағытталған қысымға ұшырап отырмын деп есептейді. Бұған дейін ол корпорация қызметіне байланысты пікірлерін бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралдарында білдірген. Кейбір сарапшылар бұл істі мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың «Қазақмыс» туралы мәлімдемесімен байланыстырып отыр. Перуашев наурыз айында жасаған депутаттық сауалында корпорацияның сирек кездесетін металлдар мен экспортқа қатысты әрекеттерін сынға алған болатын.
Алайда Бақыт Адилова өзінің Перуашев сөз еткен "сирек кездесетін металлдар" туралы ештеңе айтпағанын мәлімдеді. Ол тек корпорация ішіндегі процестерге қатысты сарапшылық пікір білдіргенін және мұны заңсыз ақпарат тарату деп бағалау орынсыз екенін алға тартады.
Қазіргі таңда бұл іске қатысты апелляциялық шағым қаралуда. Бақыт Адилова мен оның қорғаушылары сот шешімінің күшін жоюды сұрап отыр.