«Қазақмыс» қорымы. Тағы да жеті боздақ

«Қазақмыста» тағы да қайғылы оқиға болды. Ұлытау облысындағы кәсіпорынға қарайтын «Жомарт» кенішінде топырақ опырылып, 7 кенші қаза тапты. Қазіргі күнде арнайы комиссия құрылып, тау-кен ісінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Апаттың алдын ала себебі газдың жарылуы болуы мүмкін. Бұл 2025 жылдың басынан бергі «Қазақмыстағы» екінші апат. 21 қаңтарда осы кәсіпорынның 40 жастағы жұмысшысы мерт болған. Жалпы, «Қазақмыс» компаниясында қауіпсіздік ережелері сақтала бермейтіні, жыл сайын бірнеше жұмысшы көз жұматыны бұған дейін де бірнеше рет айтылды. Бұдан бөлек, жалақының аздығы, жұмысшылар құқығының бұзылатыны туралы да БАҚ беттерінен түспейді. Тіпті былтыр желтоқсан соңында кеншілер ереуілге шығып, соңы әрең тыншыған. «Назарбаевтың әмияны» атанып кеткен Владимир Ким мен Эдуард Огайға қарайтын кәсіпорынның былықтары осымен ғана бітпейді.

«Қазақмыстағы» апаттар мен ереуілдер
«Қазақмыс» корпорациясы – еліміздегі түрлі-түсті металл мен кен өндіру саласындағы алып кәсіпорын. Былтырғы қаржы айналымы 12 трлн теңгеге жуық, бір жыл ішінде 225 млрд теңгеден астам салық төлеген. «Қазақмыстың» құрылтай құрамында 2700-дей жеке және заңды тұлға болғанымен, негізінен акцияларының 100 пайызы голландиялық KCC B.V холдингіне қарайтын Kazakhmys Copper компаниясына тиесілі. KASE-де жарияланған хабарларға сәйкес, оның 70 пайыз үлесі Владимир Кимге, ал 30 пайыз үлесі корпорацияның бұрынғы басқарма төрағасы Эдуард Огайға тиесілі. Кәсіпорынның 36 түрлі компанияға қатысы бар, яғни солардың құрылтай мүшесі саналады. Басқасын айтпағанның өзінде, Кимнің қалтасын қалыңдатып отырған Кazakhmys smelting пен KAZ Minerals-қа қарайтын KAZ Мinerals Аktogay компанияларының қаржысы 12 трлн теңгеден асады. Әрине, «Қазақмыстың» қаржысы тек бұлармен ғана бітіп қалмайды. Біз оның қандай алып компания екенін білдіру үшін ғана ірі 2-3 компаниясына тоқталып өттік.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: «НАЗАРБАЕВТЫҢ ӘМИЯНЫ». ВЛАДИМИР КИМНІҢ МЫС ИМПЕРИЯСЫ

Сонымен, 12 трлн қаржысы бар корпорацияда адам өлімі, жұмысшылар зардап шегетін түрлі апаттар жыл сайын болып тұрады. Болып тұрады дегеннен жыл сайын бірнеше рет қайталанады дегеніміз дұрыс шығар. Мысал үшін бірнеше дерек келтіріп өтейік.
Алысқа бармай-ақ, кейінгі екі жылды алып қарасақ, 2023 жылы кәсіпорында 5 апат орын алған. Салдарынан 6 жұмысшы қаза тауып, 6 адам жарақат алған. 2024 жылы да Қарағанды облысындағы «Саяқ-3» шахтасында газ шығып, екі кенші көз жұмды. ҚазТАГ басылымы кейінгі 15 жылда «Қазақмыста» 64 жұмысшы мерт болғанын жазды. 2023 жылы «Қазақмыс» корпорациясындағы апат пен жұмысшылардың жарақат алуы өткен жылдармен салыстырғанда 3 есеге артқан.
Адам өлімімен қатар кәсіпорында жұмысшылар еңбек өнімі онша бағаланбайтынын, жалақының аздығын үнемі айтып келеді. Былтыр күзде өндірісте зардап шеккен жұмысшылар құқығы тапталып жатқанын, өтемақы дұрыс төленбейтінін айтып, наразылық білдірді. Ал желтоқсан айында жұмысшылар тобы ереуіл жасап, кен астынан шықпай қойды. Жалақыны көтеру, жұмысшыларды қудаламау бойынша президентке үндеу жолдады. Дерек ретінде келтіріп отырған бұл мысалдар, «Қазақмыстағы» ереуілдердің бір бөлігі ғана, 2017 жылы жұмысшылар басшылыққа 6 талап қойған еді, 2020 жылы мен 2023 жылы да кеншілер еңбек жағдайын жақсарту, жалақыны көтеру бойынша наразылық білдірген.

«Қазақмыс» қандай көмек көрсетеді?
«Жас Алаш» бірнеше кеншімен сөйлесіп, жағдайды анықтауға тырысты. Бірақ былтыр желтоқсандағы ҰҚК кеншілерді қудалаған жағдайдан соң ба, олардың ешқайсысы «Қазақмыстағы» жағдайды ашып айтқысы келмеді. Қауіпсіздік жағын сұрағанымызда «жақсы» деуден арыға баспады. Олармен сөйлесіп ұққанымыз, дәл сол күні жеті кенші «Жомарт» кенішінің су толып кеткен, жұмыс істемей тұрған бөлігін тазартып, қайта қалпына келтіріп, ішіне кіру жұмыстарын істеп жатқан. Дәл қазір кеншілердің өздері де апаттың неден болғанын анық білмей отыр. Марқұм болғандардың ең жасы 27 жастағы Ардақтың артында бір баласы қалған. Әкесі ерте көз жұмған, бір отбасының жалғыз асыраушысы. Тағы бір кенші 50 жастағы Қайрат Ақшоловтың артында бес баласы қалған. Көмек көрсетілу жағын сұрап, кәсіподақ өкілдерімен де сөйлестік. Олар қажетті көмектер көрсетіледі деп отыр.
«Қазір жерлеу рәсіміне байланысты жұмыстарды реттеп келе жатырмыз. Жұмыс беруші тарапынан жерлеуге әр марқұмға 2 млн теңгеден бөлінетін болды. Үкімет тарапынан комиссия құрылды. Оның ішіне мен де ендім. Алдағы уақытта бұл тексерістің әділ өтуін қадағалаймыз», – дейді «Әділетті жол» кәсіподағының төрағасы Асылбек Қойлыбай.
«Жас Алаш» «Қазақмыс» корпорациясына да хабарласты. Кәсіпорын өкілі әзірге нақты ақпарат бере алмаймыз, комиссия іспен айналысып жатыр» деп қысқа қайырды. «Марқұм болған кеншілерге қандай көмек көрсетіледі» деген сұрағымызға: «Қазақмыс» ұжымдық келісімшартта көзделгендей, «Жомарт» кенішінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетеді. Қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері және 2 миллион теңгеден астам жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді. Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие және қарыздарын жабу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған», – деп жауап берді.

«Қазақмыс» қауіпсіздікті қаншалықты сақтайды?
Қоғам белсендісі Жарқын Күреңтаев кен орнындағы қауіпсіздік мәселесін бір тараптан емес, екі тараптан да қарастыру керек деп есептейді. Кешегі апаттан кейін Жезқазғандағы белсенділер мен жұмысшылар Күреңтаевқа хабарласып, «Қазақмыстың» кейбір кемшіліктеріне байланысты жаңадан кәсіподақ ашуға атсалысуын сұраған.

«Мына апаттан кейін маған бірнеше адам хабарласты. Мысалы, Qarmet-те 7 сағаттық жұмыс баяғыда енгізілген. Ал Жезқазғандағы өндірістегі жұмысшылар 12 сағат жұмыс істеп, бірақ 7 сағаттық жалақы алады екен. Негізі «Қазақмыс» бізге ештеңе де берген жоқ. Қазір барып қарасаңыз, сол Совет өкіметі кезінде салынған технологиялармен тұр. Жаңартылған ештеңесі жоқ. Кимнің қызы Лондоннан 14 млн долларға үй сатып алды. 18 жастағы қыз соншама ақшаға үй сатып ала ала ма? Әрине, жоқ! Ол біздің ақша. Елімізде жемқорлықтың өршіп тұрғаны айдан анық. Жоғарыда қандай заң керек – сондай заң қабылданады. Өкінішке қарай, «Қазақмыс» басшыларын сотқа келтіре алмаймыз. Өйткені бізде заң солай. Алдағы уақытта жаңа кәсіподақ құруды жоспарлап жатырмыз. Кейінгі қайғылы оқиғаларға Владимир Ни мен Нұрлан Нығматулин кінәлі деп есептеймін», – дейді қоғам белсендісі.
«Қазақмыстағы» қауіпсіздік мәселесінің қандай екенін кеншілерден біле алмаған соң, ұлытаулық тұрғындарға хабарласып көрдік. Жезқазғандықтар кеншілерге берілетін жалақы еңбегіне сай емесін, қауіпсіздік мәселесі де сақтала бермейтінін айтты.

– Қауіпсіздік сақталмайды. Әйтпесе, осындай апаттар жиі болушы ма еді. Мен Ұлытаудың тумасымын. Ес білгелі шахтада үнемі жарылыс. Қаралы үй, қаралы шаңырақ... Ағылған адам. Содан бері 40 жыл өтті. Еш өзгеріс жоқ. Кеншілер өндірген өнімнің бағасы жыл сайын артып жатады. Ал алпауыттар үшін Ата заңымызда айқын көрсетілген, яғни мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі көк тиынға айналды. Бала кезімде алғаш рет қаралы үйге адам жиналып жатқанын көргенде анам кендегі апаттан көз жұмғанын айтқан еді. Содан бері әлі өзгеріс жоқ. Студент кезде туысым шахтада қаза тапты, құрбымның әкесі де кенде көз жұмды. Тіпті денесін таппады. Міне, осындай оқиғалар көп. Біздің билік адам өлімінен кейін ғана дабыл қағады. Оған дейін әрекет етуге болмайтын ба еді?! – дейді Алма Түсіпбекова.

«Қазақмыс» Назарбаевқа арнап ұшақ сатып алған ба?
«Жомарт» кенішіндегі апатқа байланысты үн қатқан мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров «Ұшақ сатып алғанша, өндірістің қауіпсіздігін қамтамасыз етпейсіз бе, Ким мырза?» деген сөз айтты. Бұл не қылған ұшақ?
Жұмысшыларының жалақысын реттей алмай жатқан корпорация жақында 82,8 млн долларға ұшақ сатып алды. Кейіннен БАҚ беттерінде кәсіпорын ұшақты Назарбаевқа арнап сатып алыпты деген сыбыс тарады. Алайда «Қазақмыс» корпорациясы «ешкімге әуе кемесін сатып алмағанын, ұшақты сатып алу тек компанияның өндірістік қажеттіліктеріне байланысты» екенін айтып, жауап берді. Бірақ кейіннен кәсіпорынның ұшақты 52,5 млн долларға сатып алғаны, ұшақ салонын жасау үшін 28 млн доллар жұмсағаны туралы келісімшарттардың суреті тарады. Бір қызығы, корпорация өндіріске қажет болды деген ұшақтың көлемі – 73 шаршы метр. Жолаушылар сыйымдылығы – 18 адам. Ішінде бірнеше жатын, демалыс орны мен бар, vip-әжетхана орналасқан. Ұшақ тоқтаусыз 10 мың шақырым жолды ұшып өте алады, яғни Қазақстаннан Еуропаға немесе Еуропадан Америка елдеріне емін-еркін ұшып бара алады. Мұндай қымбат ұшақтың өндіріске не үшін керек болғаны әлі түсініксіз, ал «Қазақмыс» бұған қатысты жауап берген жоқ.
Бұл жерде тағы да айта кететін дерек, «Қазақмыстың» тікелей болмаса да экс-президент Назарбаевқа қарайтыны бұрыннан айтылып келеді. Себебі Ким жыл сайын Назарбаев қорына ақша аударады. Мысалы, 2018-2022 жылдар аралығында аталған компания оның қорына 79,4 млрд теңге аударған.

«Қазақмыс» кәсіпорнының тағы бір иесі Эдуард Огайдың байлығы 800 млн доллар. Ол Kazakhmys Holding Limited компаниясының ірі акционері. «Қазақмыс Көмір» АҚ және «Қазақмыс Корпорациясы» кіретін Kazakhmys Copper АҚ-ның 30 пайыз акциясына иелік етеді. Бұдан бөлек, балаларымен бірге «Қаражыра» АҚ-ның 70 пайыз акциясын қолында ұстап отыр. Қазір екі олигарх та шетелден мүлік сатып алуды жиілеткен. Мысалы, Владимир Кимнің Лондонға қашпақшы болғаны Қаңтар оқиғасынан кейін белгілі болды. Ол Hyde Park-тен үш қабатты пәтер сатып алған. Мүліктің құны – 39,5 млн доллар. Ким алғашында АҚШ-қа кетуді жоспарлаған. Бірақ визаға байланысты Лондонға тоқтаған. Қызының да бірнеше үй сатып алғанын жоғарыда жаздық. Сол сияқты, Огай да шетелден үй сатып алудан Кимнен қалыспайды. Былтыр, The Daily Beast басылымы Сауд Арабия сұлтаны Абдул-Азиз Аль Саудқа тиесілі пәтерді Огайдың 75 млн долларға сатып алғанын жазды. Бұдан бөлек, Огай жоғарғы Вест-Сайдтан 16 млн долларға тағы бір үй, 40 млн-ға Беверли-Хиллзден 10 жатын бөлмелі 16 ванна бөлмесі бар тағы бір сарай сатып алған. Өндіріске қажет деген ұшақпен екі миллиардер болашақта осы дүние мүліктеріне жетуді жоспарлаған шығар...
ОҚИ ОЫРЫҢЫЗ: ЖАҚИЯНОВ АЙЫРЫЛҒАН «ҚАРАЖЫРА» – ОГАЙДЫҢ ОЛЖАСЫ
«Қазақмыста» жұмысшылар қаза табады, жалақы төмен төленеді, бірақ Ким мен Огайдың табысы еселеп арта береді. «Жаңа Қазақстан» ұраны аясында азды-көпті олигархтар тексерілді, ақшасын қайтарғандар да, президент Тоқаевтан кешірім сұрағандар да бар. Ал Назарбаевқа жақын делінетін қос миллиардер тау қозғалса да қозғалмайды.
Тұрсынбек БАШАР