«Қазақмыс» корпорациясы жұмысшылармен келісімге келгенін хабарлады
Корпорация Оңтүстік Жезқазған кенішінің жұмысшыларымен келіссөздердің аяқталғанын хабарлады.
Келісім негізінде 13-жалақыға қосымша 30 пайыз үстемеақы төленеді. Тоқсан сайынғы үстемеақы және жалақыны 8,5%-ға индекстеу енгізілді.
Жұмысшылар өз тарапынан Оңтүстік Жезқазған кенішінің толық жұмысын қалпына келтіруге дайын екендіктерін жеткізді.
Бұл ретте корпорацияның басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев компания тарапынан ереуілге қатысушыларға ешқандай талап қойылмайтынын айтты.
Айта кетейік, желтоқсанның 17-сі күні "Жезқазғанцветмет" құрамына кіретін Оңтүстік Жезқазған кеніші мен Жыланды кенішінің жұмысшылары ереуілге шықты. Үшінші ауысымдағы жұмысшылар шахтадан шығуды бас тартып, жалақыны көтеру және еңбек жағдайын жақсарту қажеттігін айтты. Оны "Қазақмыстың" Жамбыл облысы, Балқаштағы бөлімшелері де қолдады.
19 желтоқсан күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Қазақмыс» компаниясының қызметкерлері еңбек заңнамасын бұзғанын мәлімдеді.
"Заң бойынша олар алдымен жұмыс берушінің талаптарын ресми түрде алға тартып, оның қаралуын күтулері керек еді. Содан кейін ғана келісім болмаса, келісім комиссиясына хабарласуы қажет екен", - деген хабарламада.
Басқарма аталған ережелерді сақтамай өндірісті тоқтатуға болмайтынын еске салды. Мұндай әрекеттері үшін қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Министрлік қызметкерлерді жұмысқа қайта оралып, кәсіпорын басшылығымен дауды заң аясында, татуластыру рәсімдері арқылы шешуге шақырды.