Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 05 Қаңтар 2026

«Қазақмыс» корпорациясына жаңа басқарма төрағасы тағайындалды

Руслан Өскенәлі
Фото: Қазақмыс

Руслан Өскенәлі «Корпорация Казахмыс» ЖШС басқарма төрағасы қызметіне кірісті.

Руслан Өскенәлі 1984 жылы туған. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар АҚШ-тағы Woodbury University оқу орнында MBA дәрежесін алған.

Жаңа басқарма төрағасының коммерциялық және өндірістік құрылымдарда басқарушылық тәжірибесі мол. Әр жылдары ол ірі халықаралық және ұлттық компанияларда жетекші қызметтер атқарған. Атап айтқанда, Kazakhmys корпорациясында, Alstom және General Electric компанияларында жауапты лауазымдарда болған.

2024 жылдың наурыз айынан бастап Руслан Өскенәлі Qarmet компаниясында жабдықтау жөніндегі директор қызметін атқарды. Бұл лауазымда ол сатып алу функциясын стратегиялық дамытуға, жабдықтау үдерістерін оңтайландыруға жауапты болды. Сонымен қатар компания басқарма мүшесі ретінде жалпы басқарушылық шешімдер қабылдауға қатысқан.

Еске салсақ, 2025 жылдың 10 желтоқсанында "Қазақмыс" ЖШС-де бақылау пакетін жаңа акционерге беру көзделген рамалық келісімге қол қойылғаны хабарланған болатын.

Кейіннен «Қазақмыс» корпорациясын Qazaq Stroy компаниялар тобының бенефициары Нұрлан Артықбаев сатып алғаны жөнінде ақпарат тарады.

Компания мәміленің қаржылық және өзге де егжей-тегжейін жарияламады. Дегенмен Qazaq Stroy тобы қолданыстағы жобаларды жалғастырып қана қоймай, жаңа бағыттарды іске асыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Атап айтқанда, геологиялық барлау жұмыстарының көлемін айтарлықтай арттыру көзделген. Бұл корпорация кәсіпорындарын ұзақ мерзімге жеткілікті шикізат базасымен қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Нұрлан Артықбаев – Qazaq Stroy компаниялар тобының негізін қалаушы әрі негізгі иесі. Ол Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің ішінде 44-орында тұр. 2025 жылдың мамыр айындағы бағалау бойынша оның байлығы 228 млн долларды құрайды. Сондай-ақ ол "Қазақтелекомның" 9,84 пайыз акциясына (Telecom Systems Ltd. арқылы) иелік етеді. 2025 жылдың қараша айының ортасында Артықбаев "Ақтөбе" футбол клубының инвесторы атанған.