Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:21

«Қазақмыс», Огай мен Ким, қымбат металл...

Ким мен Огай
Фото: Жас Алаш коллаж

Ұлытаудағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішіндегі апаттан кейін кәсіпорын айналасында дау көбейіп тұр.

Қазір депутаттар мен қоғам тарапынан корпорацияға қатысты айыптау мен сын көп айтылып жатыр. «Қазақмыс» кен орындарын ресейлік компанияға сатады» және «Қазақстаннан «Қазақмыс» арқылы сирек металдар шығарылып жатыр» деген хабарлар жұрт арасында резонанс тудырды.

кеніш
Фото: shutterstock

Ұлттық байлық ресейлік компаниялардың қолына өте ме?

 БАҚ-та тарап жатқан мәліметтерге қарағанда, «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы иелігіндегі сегіз кен орнын сату бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Компания қожайындары Владимир Ким мен Эдуард Огай активтерінен құтылудың жолдарын қарастырып жатқан көрінеді. Соның бір нұсқасы – кен орындарын ресейлік компаниялар сатып алуы мүмкін. Егер кен орындары шетелдік компанияларға сатылатын болса, тағы да Қазақстан өз ресурстарынан айырылады деген сөз. Алдымен, ашық дереккөздерге сүйеніп «Қазақмыс» қандай кен орындарын сатпақшы болып жатқанына тоқталып өтейік. Сатуға қойылған кен орындарының ішінде мырыш, мыс, алтын, күміс, литий, кадмий, теллур сияқты стратегиялық металдарға бай нысандар бар. Бұл элементтер тек қарапайым өндіріс үшін ғана емес, жоғары технологиялық құрылғылар мен қару-жарақ өнеркәсібі үшін де аса маңызды. Егер бұл орындар шетелдік компанияларға өтсе, Қазақстанның тек шикізат экспорттаушы ел ретінде қалу қаупі күшейеді. Біз өз байлығымызды өзге елдерге арзан бағамен өткізіп, өңдеу мен пайдасын басқа мемлекеттер көретін үрдісті жалғастыра береміз.

Қазақмыс
Фото: ашық дереккөз

Бұл қандай кен орындары?

«Соқырқой» кен орны – Қарағанды облысындағы мыс пен алтынға бай аймақ. Алдын ала бағалаулар бойынша, мұнда шамамен 350 мың тонна мыс пен 16 тонна алтын қоры бар. Қазіргі уақытта кен орнында жоғары дәлдікті магниттік барлау, терең электрбарлау және аэротопографиялық түсірілімдер сияқты геофизикалық зерттеулер аяқталу сатысына жақын.

«Өзенді» кен орны – Қарқаралы тау жоталарынан 230 шақырым оңтүстік-шығыста орналасқан, аумағы шамамен 70 шаршы шақырымды құрайды. 1972 жылы алғашқы зерттеулер барысында мұнда 400 мың тонна мыс қоры анықталғанымен, рудадағы мыстың төмен мөлшері (0,36%) және сол кездегі технологиялық шектеулерге байланысты игерілмеген. Қазіргі уақытта геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде «Өзенді» кен орнында 1 миллион тоннаға дейін мыс қоры болуы мүмкін деген болжам жасалған.

«Белоусовское» кен орны – Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы Белоусовка ауылына жақын, Өскемен қаласынан солтүстік-батысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерде мыс, қорғасын, мырыш, темір, барий, күміс, теллур, алтын, кадмий сияқты қымбат металл түрлері бар. Белоусовское кен орнында 12 миллион тонна руда қоры бар. Бұдан бөлек, аталған кен орнында 490 мың тонна мырыш, 611 мың тонна күміс, 116 мың тонна селен қоры бар.

«Дүйсембай Орталық» кен орны – Қазақстанда жаңадан ашылған ірі қорғасын-мырыш кен орындарының бірі. Бұл кен орнындағы қорғасын мен мырыштың жалпы қоры шамамен 2,8 миллион тоннаны құрайды. 2024 жылы Қазақстанда алғаш рет қатты пайдалы қазбалардың 12 кен орны тіркелді, олардың қатарында «Дүйсембай Орталық» та бар.

Бұлардан бөлек, «Анисимов ключ», «Александровское», «Солтүстік Николаевское» сынды кен орындарында да күкірт, мыс, қорғасын, мырыш, алтын, күміс сынды бағалы металл қоры бар. Бұлар да ресейлік инвесторларға өтіп кетуі мүмкін кен орындары тізімінде тұр.

Владимир Ким мен Вячеслав Ким
Владимир Ким мен Вячеслав Ким. Фото: Коллаж Ulysmedia

Огай мен Ким сирек металдарды сатып жатыр ма?

5 наурызда «Қазақмыс» корпорациясы химиялық зертханалар басқармасының бұрынғы басшысы Бақыт Әділованың «Қазақмыс» сирек металдарды шетелге шығарып жатыр» деген мәлімдемесіне сүйенген «Ақ жол» фракциясының депутаттары антикор мен өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне «зертханалық талдаусыз шетелге кеткен шикізаттың нақты құрамын анықтау мүмкін емес. Бұл ұлттық байлықтың жасырын түрде сыртқа кетуіне алып келуі мүмкін» деген мәнде арыз жолдап, Әділованың мәлімдемесіне сәйкес қатаң тексеру жүру керегін талап етті. Ал 10 наурызда «Гиперборей» Youtube-арнасына берген сұхбатында Бақыт Әділова корпорация жоғары дәлдікті химиялық талдау әдістерін қолданбай, оның орнына рентгеноспектральдық экспресс-талдауға жүгінгенін, бұл әдістің дәлдігі төмен, тек технологиялық процесті түзету үшін ғана пайдаланылатынын айтты. Әділованың сөзінше, 2019 жылы Балқаш пен Жезқазғандағы негізгі химиялық зертханалар шетелдік компанияларға аутсорсингке берілген. Дәл осы жерде кен шикізаты мен оны қайта өңдеу өнімдеріндегі металдардың нақты құрамы бұрмаланған. «Қазақмыс» бұл зертханаларды заңсыз аккредитациядан өткізіп, ресми рұқсат алған.

«Қарапайым жұмысшыдан бастап кәсіпорын басшысына дейін бәрі біледі: рентгеноспектральды әдіс – дәлдігі төмен, жартылай сандық талдау тәсілі. Ол тек технологиялық процесті түзету мақсатында пайдаланылады. Ал металдардың нақты мөлшерін есепке алу және өзара есеп айырысу үшін жоғары дәлдікті химиялық талдау әдістерін қолдану қажет. Бұл талаптар біздің ұлттық және мемлекетаралық стандарттарымызда айқын көрсетілген», – дейді Бақыт Әділова.

«Қазақмыс» кәсіпорнының экс-қызметкері айтқан бұл мәлімдеме лезде БАҚ беттерін шарлап кетті. Бұл мәселе тек әлеуметтік желілерде ғана емес, саяси деңгейде де қызу талқылана бастады.

 «Қазақмыс» не дейді?

 «Жас Алаш» тілшісі «Қазақмыс» кәсіпорнына хабарласты. Корпорация өкілдері айыптың бәрін жоққа шығарды. «Қазақмыс» корпорациясы сирек кездесетін жер металдарын өндірумен мақсатты түрде айналыспайтынын, сирек кездесетін металдардың мардымсыз мөлшері күкірт қышқылы мен қымбат металдар өндірісінің қалдығы – шайынды қышқылынан алынатынын айтады. Корпорациясының ресми өкілі Арман Тілеукенов:

«БАҚ-та тараған бірқатар ресми мәлімдемеге қарамай жалған ақпараттың тарауы тоқтайтын емес. Жалған ақпарат таратқан БАҚ өкілдері кәсіпорнымыздың ресми мәлімдемесін жарияламай, жалған ақпараттарын таратуды жалғастырып жатыр. Бір қызығы, олар бізден жазбаша не ауызша жауап та сұрамады. Компанияға ақпараттық шабуыл не үшін жасалып жатқаны белгісіз. Компания диалогқа ашық. «Қазақмыста» жасырын шешімдер жүріп жатқан жоқ», – деді Арман Тілеукенов.

«Қазақмыс» корпорациясының сынға ұшырап отырғаны бір бұл емес. Кәсіпорын – еліміздегі түсті металл өндіру саласының көшбасшысы. Өткен жылы компанияның қаржылық айналымы 12 трлн теңгеге жуықтап, 225 млрд теңгеден астам салық төлеген. Дегенмен мұндай ірі табысқа қарамастан, кәсіпорында апаттар мен жұмысшылардың еңбек жағдайына қатысты мәселелер жиі көтеріледі. Қаржылық қуаты зор бұл корпорацияда жұмысшылардың қауіпсіздігі мен құқықтары екінші кезекке ысырылатыны да БАҚ беттерінде жиі жазылады. Кәсіпорын қаржысын қайда жұмсайтынына қатысты да сұрақтар көп. Жақында корпорация 82,8 млн долларға жеке ұшақ сатып алғаны белгілі болды. Кейін БАҚ-та корпорацияның ұшақты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев үшін сатып алғаны туралы ақпарат шықты. Алайда «Қазақмыс» мұны да жоққа шығарып, ұшақты өндірістік қажеттіліктер үшін сатып алғанын мәлімдеді. Бірақ ұшақтың нақты қандай өндірістік мақсаттарға қажет болғаны әлі де белгісіз.

Ұшақ іші
"Қазақмыс" сатып алды делінетін ұшақтың ішкі көрінісі. Фото: видеодан скриншот

«Қазақмыс» компаниясының Назарбаевпен тікелей байланысы бар екені бұрыннан айтылып келеді. Владимир Ким 2018-2022 жылдар аралығында Назарбаев қорына 79,4 млрд теңге аударған. Ким мен Огайдың байлығы артқан сайын, шетелден жылжымайтын мүлік сатып алулары да көбейе түскен. Қаңтар оқиғасынан кейін Кимнің Лондоннан 39,5 млн долларға үш қабатты пәтер сатып алғаны белгілі болды. Ол бастапқыда АҚШ-қа көшуді жоспарлағанымен, визалық мәселелерге байланысты Лондонда қалған. Оның қызы да Еуропадан бірнеше жылжымайтын мүлік сатып алған. Ал серіктесі Эдуард Огай 75 млн долларға Сауд Арабиясының сұлтанына тиесілі пәтерді, 40 млн долларға Беверли-Хиллзден зәулім сарайды сатып алғанын бұған дейін де жаздық.

P.S. «Қазақмыс» арқылы сирек металдар сатылып жатыр деген сөз бұған дейін де айтылып жүрген. «Жас Алашта» да қарт металлург Төлеген Бүкіровтің сұхбаты жарияланған. Сұхбатта әлемдегі ең қымбат металдың бірі – осмий-187-нің (1 грамы шамамен 200 мың АҚШ доллары) тағдыры туралы айтылады. Аталған металл таза түрінде тек Жезқазғанда ғана өндіріледі. Ал оны алғаш рет өндірген Бүкіров болған. 2001 жылы шенеуніктер Бүкіровті қызметінен кетіреді. Себебі сол кездегі индустрия және сауда министрі Владимир Школьник пен оның орынбасарлары осмийден түскен пайданы жасыруды талап еткен. Ол бас тартқан соң, кәсіпорын басқа ұйымға қосылып, он жыл бойы жинақталған шикізат Алматыға жөнелтілген. Оның кейінгі тағдыры белгісіз. Ал 2011 жылы Ресейде Қазақстан азаматы 2,5 грамм осмий-187 металын сатуға тырысқанда ұсталды. Бұл мәліметтердің барлығы Жезқазғандағы сирек металдардың сыртқа шығарылмайды деген сөзге қоғамның күмәнмен қарауына әкеледі. Себебі қазір ғылым, әскери қару-жарақ осмий сынды сирек металдардың арқасында дамып жатыр. Сондықтан дамыған елдерде сирек металдарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Ал Жезқазғанда сирек металдар қоры бар. Осмий сынды сирек, қымбат металды килограмдап өндіре аламыз.

Тұрсынбек БАШАР