«Қазақмыс» пен Tranco Balkhash арасында қысылып қалған тағдыр

2024 жылы мамыр айында Балқаштағы Tranco Balkhash кәсіпорнында оқыс оқиға болды. Жұмысқа жаңа қабылданған Тәңірберген Сейітмағзұм теміржол маневрі кезінде жүк көлігі мен вагон арасында қысылып қалған.
Алайда бір жылдан астам уақыт өтсе де бұл іс толық тергелмеген күйі келе жатыр. Ауыр жарақат алған жас маман өтемақы алмаған. Жәбірленуші тарап «істі жауып тастамақшы» деген қауіппен «Жас Алаш» редакциясына хабарласып, көмек сұрады.
Оқиға қалай болды?
2024 жылы 9 сәуірде Tranco Balkhash ЖШС мен Тәңірберген Сейітмағзұм арасында келісімшарт жасалған. Т.Сейітмағзұм оқуын жаңадан бітірген, тәжірибесіз болғандықтан, өндіріс орындарындағы қауіпсіздікті ескеріп, жанына Жабаспаев Б. есімді қызметкерді жетекші етіп бекіткен. Арада көп өтпей жас маман өндіріс орнында жүріп, жарақат алады. Тәңірбергеннің анасы Зәмзагүл Хамиттың бізге жіберген видеосында оның жүк көлігі мен пойыз вагондарының арасына белінен қысылып қалып, вагон мен көлік арасында қысылып, құлағанын көруге болады. З.Хамиттың айтуынша, мұнда пойыздың қозғалысы кезінде жүк көлігінің өндіріс орнына келіп тоқтауы, Тәңірбергеннің тәлімгерінің болмауы сияқты бірнеше заңбұзушылық орын алған. Салдарынан Тәңірбергеннің жамбас сүйегі 19 жерінен сынып кеткен, одан бөлек бірнеше жарақат алған.
Жәбірленуші жақтың айтуынша, оқыс оқиғадан кейін мемлекеттік инспектор толтырған актінің өзі дұрыс рәсімделмеген. Акт мазмұны бойынша оқыс оқиға үшін Tranco Balkhash кәсіпорны емес, жүк көлігінің жүргізушісі Ахметжанов К. кінәлі деп танылған. Бұл тұжырым жәбірленуші тарапқа өтемақы алу барысында кедергі келтіріп отыр.
Оқиға өндіріс орнындағы кептіру учаскесінде болған. Сол учаскеде цех шебері ретінде Өсербеков А. есімді азамат жұмыс істейді. Арыз иесінің айтуынша, бұл учаскеге келетін көліктердің барлығы осы А.Өсербековтің жазбаша рұқсаты бойынша қабылдануы тиіс. Сондай-ақ көліктерді ішке кіргізу мен шығаруға тікелей сол кісі жауапты, ал жүкті түсіру немесе тиеу жұмыстары оның қадағалауымен жүзеге асырылуы керек. Заң бойынша бұл учаскеге жүк көлігі мен пойыз бір мезетте кіруге болмайды. Арыз беруші тараптың сөзінше, жүк көліктерін әкелгендер – «Қазақмыс» корпорациясының зертхана қызметкерлері болған. Олар келерде алдын ала ескертуі тиіс, алайда сол сәтте цех шебері болмағандықтан, жүк көлігі өндіріс аумағына өз бетімен кіріп кеткен. Дәл осы кезде пойыз да келген. Еңбек қауіпсіздігі ережелеріне сәйкес, вагондардың алдында стажер тұрмауы керек. Стажер жұмысқа кіріскен алғашқы екі айда тек вагондардың артында тұруы қажет және үш ай бойы тәлімгердің бақылауында болуы тиіс. Бірақ бұл талаптардың ешбірі сақталмаған.
Мемлекеттік инспектор Садықбекова Д.М. осы оқиғаға байланысты «ерекше пікір» білдіріп, бірнеше заңбұзушылықтарды анықтаған екен. Оларды тізіп айтар болсақ: қозғалыс қызметінің бастығы Сыздықов Б.Г. қауіпсіздік ережелерінің сақталуын бақыламаған, вагон құрастырушы Жабаспаев Б. жұмыс орнында болмаған және тағылымдамадан өтушіні жалғыз қалдырған, вагон құрастырушы Карибеков Г.К. өз міндеттерін орындамаған, станция кезекшісі Махашева А.А. маневрлік жұмыстарды тиісті дәрежеде ұйымдастырмаған және қауіпсіздік шараларын түсіндірмеген.

Кінәлі – бесеу, жәбірленуші – жалғыз, өтемақы – нөл!
Зәмзагүл Хамит жарақат алған ұлын бір жылдан бері емдетіп жүр. Тәңірбергеннің құйымшағы ойнамалы болып қалған. Сүйек сынығынан бөлек денсаулығында да проблемалар бар. Қазір ол жеңіл немесе жүк көлігін көрсе, зәресі ұшып, қатты қорқады. З.Хамит бір жылдан бері баласын үздіксіз емдетіп, кәсіпорынмен дауласып келеді. Бұл оқыс оқиғада жұмыскердің денсаулығына ауыр нұқсан келуіне байланысты, Қарағанды облысы еңбек инспекциясының инспекторы Т.Кулумбетов арнайы тексеріс жүргізіп, сол бойынша қылмыстық іс қозғалып, істі ішкі істер басқармасына да өздері жолдаған. Сол уақытта балалары төсек тартып жатқандықтан, тергеу процесін бақылауға мүмкіндіктері болмаған.
«Олар істі бір-ақ баппен қозғаған. Ол бап «жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы қауіпсіздік ережелерін бұзуға байланысты еңбек дауы» деп аталады. Ал оқыс оқиғаға бір емес, бес тарап кінәлі. Атап айтар болсақ, жоғарыда айтып өткен Tranco Balkhash, бір жеке кәсіпкерлік, жүк көлігінің жүргізушісі және «Қазақмыстың» екі компаниясы. Маған былтыр қарашада «сіздердің ісіңізді жапқалы жатыр» деген сыбыс жетті. Содан мен жанталасып қорғаушы жалдадым. Оған дейін компанияның «алаңдамаңыз, өтемақы төлейміз» дегеніне сеніп, адвокат та жалдамаған едім. Қорғаушыны да Астанадан табуға тура келді. Себебі Балқаштың адвокаттары «Қазақмыс» бізге жұмыс істеткізбейді» деп жоламай қойды. Қорғаушым арқылы бас прокуратура, президент атына арыз жолдадық. Соның өзінде ешбір кінәлі мекеме өз кінәсін мойындауға құлықсыз, өйткені Балқаш қалалық ішкі істер бөлімі белгісіз себептермен істі жүргізе алмай отыр. Өткенде бас прокуратура облыстық прокуратураға мені қабылдауға нұсқау беріпті. Бардым. Облыстық прокуратурадағылар маған «не дам развалить статью» деді. Ол кезде заңгер болмағасын не деп жатқанын түсінбедім. Кейіннен түсінгенім, істі бір баппен қозғаған, енді ары қарай сол бап бойынша ғана қаралмақшы екен», – дейді Тәңірбергеннің анасы.
Кейіннен жәбірленуші тарапты тағы да шақырып, Tranco Balkhash компаниясымен бітімге келуді ұсынған. Компания белгілі бір көлемде өтемақы төлеуге дайын. Алайда жәбірленуші тарап бес мекеме де сот алдында жауап беруі керек дейді. Тергеу органдары тарапынан «не бітімге келіңіз, не іс жабылады» деген шарт ұсынылған. Жәбірленуші отбасы бітімге келейік десе, нақты бітімге келуге дайын компанияны көріп отырмағанын, ал істі сотқа жіберейік десе – іс материалдарының өзі толық емес екенін айтады.
«Оқиғадан кейін компанияның заңгері келіп бізден «сотқа баруға» ниеттісіз бе дегенде ондай ниетіміз жоқ екенін, тек баламызға заң бойынша тиесілі өтемақыларын төлесе болғаны деген едік. Бірақ қылмыстық іс созбаланып кетті, баламның денсаулығына келген нұқсанды өтеуге компания құлықсыздық танытып отыр. Иә, аталған компания баламның дәрілеріне ақша берді. Бірақ біз дәріден бөлек қанша сүйекті қатайтатын дәрумендер іштік. Баланы бір жыл бойы әр жерге апарып қараттық, қанша қаражатымыз кетті. Балам дене жарақатынан бөлек, психологиялық тұрғыдан да ауыр жарақат алды. Ұйқысы да дұрыс емес. Дені сау, жап-жас жігіт «памперспен» жүріп қалды ғой. Маған да сотқа, прокуратураға барып, жағаласып жүру оңай емес. Қорқатыным, іс сотқа жетпейін деп тұр. Астанаға бардық, бас прокурорға жаздық. «Қазақмыс» корпорациясына екі рет хат жаздым. Бұған қатысты дейтін компаниялардың тіпті іспен таныспағанына көзім жетті. Алпауыт мекемелер ғой, біз олар үшін ешкім емеспіз».
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Ардақ Ермекқызының айтуынша, бұл іс бойынша акт түзілген. Сол жерде жұмыс беруші кінәлі ме, әлде жұмыскер кінәлі ме деген мәселе талқыланған. Аталған құжатта жұмыс беруші кінәлі деп жазылған. Бірақ өздері заңға қарама-қайшы «аталған оқыс оқиғада жұмыс берушінің кінәсі жоқ» деп тағы да жазған.
«Бұл жерде біздің конституциялық құқығымыз бұзылып тұр. Заң бойынша үшінші тұлғаның кінәсі жазылмауы керек. Комиссия соны біле тұра кінәні үшінші тұлғаға, яғни жүк көлігіне аударып тұр. Осылайша өздері сүттен ақ, судан таза болмақшы. Иә, жеке кәсіпкердің кінәсі бар. Бірақ акт жасалғанда оның кінәсі көрсетілмеуі қажет. Кәсіпорын аумағына жүк көлігі кіре ме немесе басқа жағдай бола ма бәрібір, қауіпсіздік шараларын сақтауы шарт. Қалалық полиция бөлімі қылмыстық істі бір жылдан астам уақыт ұстаған. Қазіргі таңда тергеу мерзімі өтіп кеткен. Енді іс қысқарып қалуы мүмкін деген қорқыныш басым. Сондықтан бітімге келу қалып тұр. Егер олар бітімге келсе, мен де істі сотқа өткізбеуші едім. Мен мұны да айттым. «Уақыт беріңіздер, шешеміз» дейді. Бірақ уақыт өтіп кетті ғой. Сондықтан істі сотқа жібердім».
Компания өкілдері не дейді?
«Жас Алаш» Tranco Balkhash компаниясының бас директоры Әсет Кәукеновпен сөйлесті.
«Иә, өндіріс орнындағы оқыс оқиға бойынша қазіргі күнде іс жүріп жатыр. Бітімге келу бойынша келісімдер аяғына жақындап қалды. Олар бізден 20 млн теңге өтемақы сұрады. Біз оған келіспедік. Кейін өтемақы мөлшері 10 млн теңгеге тоқтады. Оған келісіп отырмыз. Бірақ «міне, ақша» деп бірден бере салатын аз қаржы емес. Оның да өз заңды жолдары болады. Басшылық ақылдасады, қаншама құжаттары бар дегендей... Әйтпесе, біз өтемақы беруден жалтарып отырғанымыз жоқ. Осыған дейін қызметкердің дәрісі, басқасына кететін шығынды өтедік. Ал өтемақы мәселесі алдағы апта шешіледі. Оған алаңдамаңыздар. Біздің компания үлкен, сондықтан өтемақыдан жалтару деген болмайды», – дейді кәсіпорын басшысы.
Аталған оқиға бойынша «Қазақмыс» корпорациясына да хабарластық, хат жолдадық. Олар да оқиғадан хабары барын айтты. Бірақ жазбаша сауалымызға әлі нақты жауап берген жоқ.
Tranco Balkhash қандай компания?
Tranco Balkhash Kazakhmys Smelting ЖШС-мен жасалған келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Директоры – Әсет Кәукенов. Құрылтайшысы – Tranco Industrial Railways Transportation ЖШС. Кәсіпорынның негізі 2015 жылы қаланған.

Былтырғы қаржы айналымы138 млрд теңгеге жуық. 2,6 млрд теңге салық төлеген. 2016 жылдан бері төлеген салығы 18 млрд теңгеден асады. Ал Tranco Industrial Railways Transportation компаниясының құрылтайшылары TRANCO PL ЖШС мен BRR Group Ltd жеке компаниясы. Заңды тұлғаның түбінде компания бір жеке тұлғаға тиесілі болуы керек қой деген мақсатта аталған кәсіпорындарды одан әрі зерттеп көрдік. Ал жоғарыда аталған TRANCO PL компаниясының құрылтайшысы BRR Group Ltd жеке компаниясы. Қарап отырсаңыздар, заңды тұлғалар бір-бірімен матаса байланған.

Ал бұл екі компанияның артында Ғафур Ихсан деген кәсіпкер тұр. Бұлай дейтініміз, бұған дейін TRANCO PL компаниясының құрылтайшысы Ғафур Ихсан болған. Қазір ол BRR Group Ltd жеке компаниясының жалғыз құрылтайшысы. Бір қызығы, аталған компанияның құрылғанына 1 жыл 5 ай ғана болған. Қаржылық жағдайы туралы мәлімет кездеспейді.
Ғафур Ихсан кім?
Ғафур Ихсан — Қазақстандағы ықпалды кәсіпкерлердің бірі, аты ел ішіндегі саяси-қаржылық топтармен байланысы арқылы танымал. Ол – кәсіпкер әрі Андрей Лаврентьевтің серіктесі және туысы (Андрей Лаврентьев әйелі Гаухар Ихсанова арқылы Ғафурдың күйеу баласы саналады). Сонымен бірге Ғафур Ихсан – бұрынғы президент әкімшілігінің басшысы Аслан Мусиннің отбасы мүшелерімен «жақын серіктес» ретінде аталады.
Ғафур Ихсан – Айгүл Нұриеваның бұрынғы күйеуі. Айгүл Нұриева – Forbes Kazakhstan рейтингінде аты аталған ең бай әйелдердің бірі, ол бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар қорларын және кей деректер бойынша ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің активтерін де басқарған деген болжам бар.
2006 жылы Ғафур Ихсан мемлекеттік қызмет агенттігінің сол кездегі басшысының күйеу баласымен және тағы бірнеше адаммен бірге «Фаджр» атты діни қор құрған. Ол сондай-ақ автомобиль нарығындағы ірі ойыншылардың бірі – Андрей Лаврентьевпен бірге жұмыс істеген. Лаврентьевтің автоөндіріс, болат және көмір салаларындағы активтерін басқаратын QSG Holding құрылымдарына байланысты бірнеше серіктестік қатынастары болуы мүмкін.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Ғафур Ихсан «Транко» АҚ-ның құрылтайшысы. Бірақ қазір аталған АҚ TRANCO PL ЖШС болып өзгерген. Кәсіпкердің атында жалпы 8 компания тіркелген.
Tranco Balkhash – жылдық қаржы айналымы жүз миллиардтан асатын, артында «Қазақмыс» пен Ғафур Ихсан сияқты ықпалды құрылымдары бар ірі компания бола тұра бір жұмысшысының тағдырын шешуге келгенде, бітімге келудің орнына, істі созып, жауапкершілікті үшінші тұлғаларға ысырып, сытылып шығуға тырысып отырғандай көрінеді. Зәмзагүл Хамит «қорғаушым еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, бас прокуратураға арыз жазса да іс жүрмей тұр, қайда барып әділет табамыз?!» – деп ашынады.
Аталған іс бойынша «Жас Алаш» бас прокуратураға да ресми сауал жолдады.
Тұрсынбек БАШАР