«Казақмыс» Жезқазғанда жұмысын тоқтатпайтынын мәлімдеді

«Казақмыс» корпорациясы Жезқазғандағы мыс балқыту зауытының жабылатыны туралы қауесеттерді жоққа шығарды.
Компанияның мәлімдеуінше, «Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиғадан кейін өндірістің уақытша тоқтауы зауыттың қызметіне ұзақ мерзімді әсер етпейді.
«Кеніш жұмысының уақытша тоқтауына байланысты концентраттың жетіспеуі мүмкін, бірақ бұл тек қысқа мерзімге созылады», – деп хабарлады корпорацияның баспасөз қызметі.
Осыған қарамастан, мыс балқыту зауыты штаттық режимде жұмысын жалғастырады.
Айта кетсек, «Казақмыс» корпорациясы бұған дейін де бірнеше рет қоғамда резонанс тудырған мәлімдемелер жасауға мәжбүр болған. Жақында компания экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұшақ сатып алды деген ақпаратты жоққа шығарды. Сонымен қатар, наурыз айының басында компания басшылығы сирек кездесетін металдарды шетелге заңсыз сату туралы айыптауларды да жоққа шығарған болатын.
Еске сала кетейік, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде табиғи газдың атылып шығуы салдарынан жеті кенші қаза тапқан еді. Оқиғадан кейін кеніш жабылып, тергеу басталды.