"Қазақмыстың" 30 пайыз акциясын кім сатып алды?
"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев "Қазақмыстың" 30 пайыз акциясын сатып алды. Бұл туралы «Выход к правде» телеграм каналы хабарлады.
Телеграм каналдың жазуынша, қазіргі корпорация төрағасы Эдуард Огайдан 30 пайыз акцияны сатып алған.
"Қазақстандықтар неліктен сонша кедей екендігімізді анықтап, түсінуге тырысып жатқанда, мына жақта ақша сытырлар саналып жатыр. Біреу үнемі бір нәрсені сатып алады, сатады, береді және алады. Мысалы, Нұрахмет Нұриев «Қазақмыс» корпорациясының 30 пайыз акциясын сатып алған. Ол небәрі 34 жаста, қазірдің өзінде еліміздегі ең бай ЖШС-нің басқарма төрағасы. Мыс компаниясының негізгі акционері олигарх Владимир Ким екені белгілі, оған 70% акция тиесілі. Одан кейінгі орында Эдуард Огай еді, бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін ол қандай да бір себептермен өз үлесінің 30 пайызын Нұриевке берді. Неліктен «Қазақмыстың» 30 пайызы кенет Нұрахметтің қолына өтіп кеткенін ешкім түсіндірмеді, бірақ бұл акцияны еліміздің кез келген азаматы сатып ала алмайтыныны анық. Себебі бұл тым қымбат. Нұрахмет Forbes тізімінде бар және отанын сатқан Кәрім Мәсімовпен тығыз байланысымен есте қалған Айгүл Нұриеваның жиені. Билік шетелде ұрланған, жасырылған дүниені қалай қайтарамыз деп ойланса, алдыңғы қатарлылар, атақтылар мен байлар әлі де мал-мүлкін көбейтіп жатыр", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2022 жылы желтоқсан айында Қазақмыс Холдинг" ЖШС Директорлар кеңесінің шешімі бойынша, "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы болып Нұрахмет Нұриев тағайындалды. Ол компанияны 2006 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан Эдуард Огайдың орнына келді.
Нұрахмет Қанатұлы 1989 жылы туған. Ұлыбританияда білім алған, сонымен қатар Anglia Ruskin University іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие. "Қазақмыстағы" алғашқы еңбек жолын 2020 жылы жобалау тобының басшысы қызметінен бастады. Сол жылдың қыркүйек айынан бастап "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС аутсорсинг жөніндегі директоры қызметін атқарды.
2021 жылдың маусымында "Қазақмыс Смэлтинг" ЖШС бас директоры болып тағайындалған болатын.