Қазақша балалар контентіне кім жауапты?

Қазір бала тәрбиесінде басты рөлді экран ойнап отыр. Бұрын ата-ана, мектеп, кітап балаға үлгі болса, қазір смартфон мен планшет сол орынды басып алды.
Балалар күні бойы YouTube қарайды, TikTok ақтарады, мультфильмдер көреді. Бірақ сол көріп жүрген дүниелердің тілі қандай, мазмұны қандай, бала санасына не сіңіріп жатыр – осы жағы көбіне ескерілмейді. Бүгінгі бала – орысша сөйлейтін, ағылшынша ән салатын, бірақ өз тілі мен өз тарихын білмейтін ұрпаққа айналып бара жатқандай.
Қазақша балалар контенті бар, бірақ аз. Balapan арнасында, YouTube-та «BilimKids», «Oy-la» сияқты жобалар кездеседі. Анимация студиялары да жоқ емес. Дегенмен бұлардың бәрі тым мардымсыз, тұрақсыз. Біреуін бала қызығып қарап жатса, жалғасы шықпайды. Бір видеосы жақсы болса, екіншісі сапасыз. Қазақша контенттің негізгі проблемасы – сапа мен жүйенің жоқтығында. Әркім шамасы келгенше бірдеңе жасап жүр, бірақ тұтас ұрпақтың танымына әсер ететіндей қуатты мазмұн жасалмай отыр.
Осы жерде заңды сұрақ туады: бұған кім жауапты? Бұл бір ғана мекеменің шаруасы емес. Балалар контенті – бірнеше сала тоғысқан маңызды бағыт. Мәдениет министрлігі – жалпы медиа саясатқа, Оқу-ағарту министрлігі – баланың танымы мен тіліне, телестудиялар – техникалық өндіріске, ал ата-аналар мен қоғам – сұраныс пен бақылауға жауапты. Бірақ бұл құрылымдардың ешқайсысы балалар контентін басым бағыт етіп қарастырмайды. Қаржы да тұрақты бөлінбейді, арнайы бағдарлама да жоқ.
Енді не істеу керек? Ең алдымен, қазақша балалар контентіне арналған ұлттық бағдарлама қабылдау керек. Қаржылай қолдау болуы тиіс. Балалар жазушылары, сценаристер мен аниматорлар ынталандырылуы керек. Ұлттық ертегілер мен қазіргі балалар әдебиетінің кейіпкерлері мультфильмге айналуы қажет. Тіпті қарапайым балалар әндерін де қайта жаңғыртып, клип түрінде ұсынуға болады. Ең бастысы – балаға лайық тілмен, балаға қызық формада, бірақ ұлттық реңкін жоғалтпай ұсыну қажет.
Бала көргенін қайталайды. Егер ол күні бойы бөтен тілде жасалған, бөтен ұғымдарға толы видеолар көрсе, оның санасында туған тіліне, еліне, мәдениетіне орын қалмайды. Сондықтан қазақша контент тек уақыт өткізу құралы емес, ол – тәрбиенің, тілдің, ұлттық болмыстың кепілі. Бала көретін емес, өсіп-жетілетін, ойы мен тілі дамитын, рухы қалыптасатын мазмұн керек. Қазақша балалар контентіне жауапты – біз бәріміз. Бұл жауапкершіліктен ешкім шет қалмауы тиіс.