Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

«Қазақша сөйлемейді»: Атырауда жұмысшылар басшыларына шағым білдірді

Жұмысшылар
Фото: ЖИ

Атырау вагон жасау зауыты мен "TEXOL" компаниясының жұмысшылары Тоқаевтың атына ашық хат жолдады. Олар жұмыс орнындағы тілдік теңсіздік пен діни еркіндікке қатысты мәселелерді көтеріп отыр.

Ашық хатта айтылғандай, зауыттағы қызметкерлердің басым көпшілігі — қазақтар. Алайда жұмысшылардың айтуынша, басшылық қазақ тілін білмейді, бұл өзара қарым-қатынас пен түсіністі қиындатып отыр.

"Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп нақты жазылған. Бірақ біздің зауытта туған тілімізде сөйлесудің өзі қиын. Мемлекеттік тілді білмейтін адамдар басшылық қызметте отыр. Біз ондай лауазымдарға қазақ және қажет болса орыс тілін меңгерген азаматтар тағайындалуын сұраймыз", – делінген хатта.

Сондай-ақ қызметкерлер жұма намазына қатысуға мүмкіндік жоқтығын айтып, аптасына бір рет, жұма күні бір сағатқа жұмыстан босатуын және тыныш, шағын намазхана бөлмесін бөлуді сұрайды. Бұл олардың жұмыс өнімділігіне әсер етпейді, керісінше моральдық рух пен еңбекке адалдықты арттырады дейді олар.

"Тілімізге, дінімізге, мәдениетімізге деген құрмет – бұл мемлекетті құрметтеу. Сіз, құрметті Президент, жариялаған «Әділетті Қазақстан» қағидатына сенеміз. Сол себепті бұл мәселені заң аясында қарастырып, уәкілетті органдардың араласуын сұраймыз", – деп жазады жұмысшылар.

Жұмысшылардың айтуынша, бұл – шағым емес, қоғамдағы әділет пен құрметке шақыру.

Ақ Жайық басылымының жазуынша, бұл мәселе бойынша Атырау облыстық еңбек инспекциясына және "TEXOL" компаниясының баспасөз қызметіне ресми сұрау жолданған. Әзірге жауап берілмеген.

Тегтер: