Қазақстан 15 жылға 168 млрд теңге қарыз алады
Мәжіліс депутаттары Қазақстан мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ) арасындағы қарыз туралы келісімді ратификациялауға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдады.
Мәжіліс депутаты Татьяна Савельеваның хабарлауынша, несиелік келісімге Астанада 2024 жылдың тамыз айында қол қойылған.
«Қазақстанға Азия даму банкінен 52,3 млрд иен (167,4 млрд теңге – шамамен) сомасында несие 2027 жылдың 1 маусымына дейін жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 15 жыл өтеу мерзімімен берілді», - деді Савельева.
Оның айтуынша, Қазақстанға жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет тапшылығының бекітілген мөлшері шегінде экономиканың тұрақтылығын сақтау үшін қаражат қажет.
«Қаржы және бюджет комитеті бұл заң жобасын зерделеп, қорытынды жасауға дайын», - деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін Ислам даму банкі Қазақстанның су саласына 1,15 млрд доллар инвестиция салатынын хабарлаған болатын.