Қазақстан агроөнеркәсібі: жаңғыру жолындағы серпін

Агроөнеркәсіп – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің бір-бірімен тығыз байланыста дамуын көздейтін сала. Бұл жүйе тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен шектелмей, оларды өңдеу, сақтау және тұтынушыға жеткізу тізбегін толық қамтиды.
Сондықтан агроөнеркәсіп кешені елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экономикалық тұрақтылық пен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Агроөнеркәсіп кешеніне ауыл шаруашылығы өндірісі, оны өңдеу өнеркәсібі және инфрақұрылым қызметтері кіреді. Бұл үш бағыт бір-бірімен тығыз байланысып, өнімнің егістен бастап тұтынушының қолына жеткенге дейінгі бүкіл жолын қамтиды. Егіншілік пен мал шаруашылығында өндірілген шикізат тамақ өнеркәсібі арқылы өңделеді, ал арнайы сақтау, тасымалдау және өткізу жүйелері оның сапасын сақтауға және нарыққа шығуына жағдай жасайды.
Астықтың былтырғы рекордтық өнімі ауыл еңбеккерлерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді. Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайды. Отандық тауар өндірушілерді қолдау – мемлекет басшысы басымдық берген негізгі бағыттың бірі. Мемлекеттік сатып алуда машина жасау, металлургия, құрылыс, жеңіл және химия өнеркәсібі, сондай-ақ азық-түлік тауарлары бойынша тек қана қазақстандық өндірушілерден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тізбесі едәуір кеңейтілді. Осы орайда ұлттық даму институттары Қазақстан экономикасына салынатын инвестиция көлемін ұлғайта түсуде. Тек 2025 жылдың өзінде «Бәйтерек» холдингі арқылы 8 триллион теңге инвестиция салынады, ал 2027 жылға қарай мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бұл сома 10 триллион теңгеге дейін ұлғайтылады.
Қазақстан үшін агроөнеркәсіптің маңызы ерекше. Кең байтақ жеріміздің басым бөлігі ауыл шаруашылығына қолайлы, ал климаттық ерекшеліктер әртүрлі дақылдар мен мал түрлерін өсіруге мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы өнімдері ел ішіндегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, экспорттық әлеуетті де арттыруға септігін тигізеді. Әсіресе астық, ет және сүт өнімдері шетел нарықтарында жоғары сұранысқа ие. Агроөнеркәсіп ауылдық жерлерде жұмыс орындарын ашып, халықтың өмір сапасын жақсартады. Бұл, өз кезегінде, ауылдардың дамуына, әлеуметтік инфрақұрылымның нығаюына және ішкі көші-қонның азаюына оң ықпал етеді. Серпінді дамуға қажетті маңызды шарттардың бірі – шетелдік инвестициялар Қазақстан экономикасына тұрақты тартылуда. Мұны шетелдік кәсіпкерлер тарапынан көрсетіліп отырған еліміздің экономикалық әлеуетіне деген үлкен сенім мен жоғары рейтингтер растап отыр. Атап айтқанда, 2024 жылы Қазақстан Moody's агенттігінің «Тұрақты» болжамымен өз тарихындағы ең жоғары Baa1 рейтингіне ие болды. Халықаралық S&P, Fitch рейтинг агенттіктері де Қазақстанның несиелік рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде растады.
С.Бақберген