Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:06, 13 Ақпан 2024

Қазақстан ақпараттық көкпардың алаңына айналды ма?

ақпарат
Фото: из открытых источников

«Жас Алаштың» 6 ақпандағы нөмірінде «Агрессивті ақпарат». Қазақстанда ресейлік БАҚ-тарға тыйым бола ма?» атты мақала жарияланды. Онда отандық ақпарат кеңістігінде кейбір шетелдік медиа тарапынан қысымның үдей түскені жайлы жазылған.

Аталған мәселені тереңірек зерделесек, бүгінде Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде түрлі бағыттағы мәлімет, мақала, репортаж, подкаст, видео – бәрі өріп жүр. Сырттай қарасаң, әр тілшінің төл туындысы сияқты. Бірақ көбінің өз тапсырыс берушісі бар десек, сенесіз бе? Нақтырақ айтсақ, тапсырыс беріп, жаздыратын елдердің ықпалы да, саны да артып келеді. Оның үстіне үкіметтік емес ұйымдар да халық санасына таласты үдете түсті.

Жалпы, кейбір шет мемлекеттердің Қазақстан ақпарат кеңістігіне келудегі, белсенділік танытудағы мақсаты не? Олар неге ықпалын арттырғысы келеді? Неге олар өз діттегеніне жету үшін құны миллиондаған доллар болатын гранттарды бөлуге даяр? Ал мұндай ақпараттық қысымда біз, қазақстандықтар, не істеуіміз керек?

Ресейлік «бұлбұлдардың» жыры

«Қазақстанда орыс тілі мен орыс ұлтын шеттетеді» деген дақпырт сөздің пайда болғаны бүгін емес. Бұл сөздің екі елдің ақпараттық алаңында жүргеніне біраз болды. Бірақ Қаңтар оқиғасы кезінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының құрама жасағы елімізге келгенін де кейбір орыстілді медиа сан-саққа жүргізді. «Кеше ел тыныштығына қауіп төнгенде сендерді кім құтқарып қалғанын ұмытпаңдар» деп көз алартып қоятындары тағы бар. Бұл көбіне айтар оң дәлелі мен келтіретін аргументі қалмағанда соңғы «қару» ретінде қолданылатын әдіске айналып барады.

Негізі, 2022 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының төраға-мемлекеті Армения болатын. Ал ұйымның құрама жасағында ресейлік қана емес, Армения, Беларусь және Қырғыз Республикасы бітімгерлері де болған. Яғни көрші елдегі кейбір БАҚ өкілдерінің аталмыш жайтты бұра тартуының астарында дәлелсіз арандату ғана бар.

Жалпы, көрші елден жасалатын ақпараттық шабуылдар аз емес. Мысалы, бұған дейін Дума депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоров көпшілік алдында мәлімдеме жасап, «Қазақстан деген ел болған жоқ, Солтүстік Қазақстан бұрын мүлде қоныстанбаған жер болатын. Шын мәнінде, Қазақстан территориясы – Ресей мен Кеңес Одағының үлкен сыйлығы» деген орынсыз пікірін көгілдір экраннан жар салған. Тіпті Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінің алдына «Солтүстік Қазақстан – Ресей жері» деген баннер іліп кеткендер де болған.

Бұған күні кеше болған Тина Канделакимен болған кейсті қосыңыз. Өз елімізде өз жеріміздің атауын қазақылағанымыз ресейлік БАҚ өкілдерінің кейбірі үшін орынсыз болып көрінеді екен. Яғни олардың ойынша «Рабочая, Трудовая, 30 лет октября, Кочегарная, Петровка, Кирпичная, Полевая» сынды советтік атаулар мызғымай, жылдар бойы елдің түкпір-түкпірінде айдарынан жел есіп, атаңнан қалған мұрадай самсап тұра беруі тиіс.

Мұндай ақпараттық шабуылдың артында кім тұр? Екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа сына тағушылардың көздегені не?

Мұндай ақпараттық шабуылды жасаушылар қазақ қоғамында өздерінің соңынан ерер жақтас жинауды көздейді. Ондайлар аз емес, оның арасында қаракөздер де жеткілікті. Ал егер қазақ қоғамы сенгіш, иілгіш келіп, олардың айтқанымен жүріп, айдағанына көнетін болса, бұл арандатушылар үшін төбеден түскен сый емес пе?

Бұдан бөлек, отандық медиа кеңістікте де түрлі аноним Telegram-арналар мен блогерлер арқылы қазақстандықтардың көңіліне күдік ұялатып, «орыс тілінде сөйлейтін жандарға қысым көрсетілуде, олар өздерін қазақтар сияқты қоғамның тең мүшесі сезінбейді» деген оймен үгіт-насихат жасап жүрген ақпарат арналары жетерлік. Олардың көздегені – ел ішіне іріткі салу мен ел бірлігіне сызат түсіру.

Себебі ресейлік арналар Қазақстан территориясында емін-еркін ақпарат таратып, еш қысымға ұшырамай қызмет етіп келеді. Осы тұста орыс тіліне деген шектеу бар деген сөзге сену Қазақстандағы ішкі саясаттан мақұрыммын дегенді білдірсе керек. Себебі қазір орыс тілінің емес, қазақ тілінің кең қолданылуы үлкен мәселеге айналды. Жас буын жыл өткен сайын солтүстік көршінің тіліне ауып барады.

Украиналық медиа Қазақстанға қалай ықпал етуде?

Қазақстандық медиа кеңістікті жайлап алған келесі тақырып – Украинадағы соғыс туралы ақпарат. Жалпы, Украина ақпарат тарату бойынша посткеңестік елдер арасында көш ілгері екені баршаға аян. Әсіресе жалған ақпаратпен күрес жолдары жақсы жолға қойылған. Жылдар бойы Ресейдің үгіт-насихат жұмыстарымен күресіп жүрген украиналық медиа Қазақстанды да өз тарапына тартуды көздеп жүргені қазір жақсы байқалады. Бірақ бұл тек соғыс басталғалы жолға қойылған іс емес. Қаңтар кезінде де Василь Гончар секілді блогер-стримерлер әлеуметтік желілер арқылы «Қазақстанды Ресей басқыншылығынан құтқарайық» деген сынды ой тастап, оны Қуат Хамитов сияқты отандастарымыз қолдап кеткен болатын.

2014 жылы Донбаста басталған соғыс кезінде Украина билігі мен ақпараттық үгіт-насихат технологиялары мұндай жағдайға еш дайын болмаған еді. Ал соңғы 10 жыл ішінде олар өздерінің ақпарат тарату тәсілдерін барынша жетілдіріп, әсіресе үгіт-насихатқа көп көңіл бөлді. Бұл тек Украина ішінде ғана емес, іргелес жатқан Ресеймен алыс-берісі бар елдердің ақпарат кеңістігіне де тараған. Ал 2022 жылы соғыс басталған тұста ақпарат тарату тек үдей түсті. Енді олар өздеріне жақтас жинау үшін көп елдің ақпараттық алаңдарын шабуылдай бастады. Бұл жерде Ресеймен шекаралас жатқан, әсіресе солтүстік өңірлерінде көрші елдің ақпараттық ықпалы басым Қазақстан нысанаға бірінші ілікті. Осыны пайдаланған украиналық БАҚ-та қазақстандық қоғамда Ресейге өшпенділік ояту, өршіту мақсатында аянбай ақпараттық соғыс жүргізіп жатыр.

Мұндай ақпаратты таратып жүрген қазақстандық блогерлер мен медиа өкілдері де баршылық. Ал үгіт-насихат жұмыстары жүрген жерде қап-қап ақша жүретіні жасырын емес. Нақты қанша, кім, кімге, не үшін төлеп жатыр деген сұрақтарға жауап бере алмаймыз. Бірақ ақпараттық майданның жайдан-жай өтіп жатпағаны анық.

«Келесі кезек Қазақстандікі, енді Ресейдің басты нысаны – Қазақстан, сондықтан оларға қарсы шығу керек» деген сынды үндеулер әлеуметтік желілер мен кейбір шетелдік сайттарда жиі көрініп қалады. Қазіргі қазақстандық қоғамның басты мақсаты – Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты ескере отырып, қай елдің болса да үгітіне көнбей, соғыс атаулыдан іргені аулақ салу. Әрине, кез келген басқыншылық соғысты айыптайтынымызды білдіріп жүрміз және қандай геосаяси жанжал болса да бұл соғыстың бізге қатысы жоқ екенін, біз бейбітшілікті қалайтын ел екенімізді бұған дейін де білдірдік.

Қытай қазақстандық ақпарат алаңында кімнің назарына ілікті?

Қытай сияқты көршімізді қазақстандық қоғамға жағымсыз кейіпте көрсетуге тырысатын күштер бары жасырын емес. Олар қазақстандық БАҚ өкілдерінің арасында да бар. Шығыс Түркістан немесе Шыңжан Ұйғыр автономиялық ауданы деген атпен таныс аймақтағы мұсылмандарға көрсетілетін қысым туралы ақпарат та кең таралған.

Қазақтілді медиа кеңістікте Қытайда туып өсіп, елге келген Серікжан Біләш («Нағыз Атажұрт еріктілер» ұйымы), Равхат Мұхтаров сынды қоғам белсенділері Шыңжандағы адам құқықтарының бұзылуы, мәжбүрлі еңбек туралы, Шығыс Түркістанды Орталық Азияның бір бөлігі ретінде мойындау сынды жиі үндеу тастайды. Тіпті Равхат Мұхтаров, Медина Базарғали және Зарина Мұқановалар бірігіп, әлгі үндеумен «Жаңа Шекара» кинофестивалін өткізген.

Белсенділер Қазақстан билігіне талап қойып, Ұйғыр автономиясында көрсетіліп жатуы ықтимал қысымның жауапкершілігін Қазақстан президенті мен ел басшылығына артуды көздейді. Алайда олар жат елдің саясатына Қазақстан араласа алмайтынын, әрі Қытаймен екі ортада ынтымақтастық келісім бар екенін түсіне бермейтін сынды. Сонда Қазақстан мен Қытай арасына іріткі салу кімге керек?

Қазақстандық ақпарат кеңістігіндегі бүгінгі ахуал қандай?

Жалпы, қазір әлеуметтік желілер дамып, сайт, Telegram-арналар қарқынды жұмыс істеп жатқан шақта мәліметтерді шектеу мүмкін емес. Бүгінгі таңда отандық ақпарат алаңында мемлекеттік те, тәуелсіз де, шетелдік медиа да тең дәрежеде қызмет етіп келеді.

Алайда бұқаралық сана оңай басқарылатын тетік секілді. Оны үгіт-насихат көмегімен қалаған бағытқа бұрып, қалаған мақсатта пайдалану мүмкін екенін тарих талай дәлелдеген. Сондықтан шетелдік медиадан төнетін қауіпті бәсеңдету, тіпті мүлде жою үшін шетелдік медиа мен шетелдік тарапты қолдайтын ақпарат көздерінің жұмысына бақылау жүргізу, тексерістен өткізу керек. Еліміз оңай шағылатын жаңғақ болмасын десек, халыққа жетіп жатқан ақпаратты електен өткізіп отыру маңызды.

Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар тарапынан жүріп жатқан ақпараттандырудың нәтижесі қандай болады? Оны да ойлану керек. Оның ең белсенді өкілдері ретінде Internews Network пен «Азаттық» радиосын мысалға алуға болады. Осындай ұйымдардың тағы бірі National Endowment for Democracy (NED). Олар шет елдерде демократия мен адам құқықтарын дамыту саласындағы зерттеулерге гранттар береді деген ақпарат бар. Бірақ бұл зерттеулердің қандай мақсатпен жасалып жатқаны және алынған ақпараттың бәрі Қазақстанның деректер қорына еніп жатпағаны белгілі. Бірақ соған қарамастан, аталмыш ұйыммен қоян-қолтық қызмет істейтін жобалар елімізде жетерлік.

Қазақстандағы қаржы көлемін тақиясына тар көріп, тек шетелден қаражат алып, солар қойып берген бағытта мәселе көтеретін үкіметтік емес ұйымдарға сұрақ көп. Олар БҰҰ бекіткен өзге елдің ішкі істеріне араласпау мен елдің саяси егемендігін құрметтеу деген қағидаттарды мүлде көзге ілмейді. Көп жағдайда демократия, либерализм секілді терминді ту етіп, қоғамға іріткі тастайтын немесе дәстүрлі ұғымдарды жоққа шығаратын мұндай ұйымдар жетерлік. Олардың қатарында «Қадыр-Қасиет» ҚҚ, КМБПЧ, «Ар.Рух.Хак» ҚҚ және т.б. бар. Айтпақшы, олардың көбін қаржы министрлігі «шетелден тұрақты қаржы алушылар» деп былтыр арнайы көрсетті.

Қорыта келгенде, бүгінгі отандық ақпараттық кеңістікке сырттан ықпал зор. Онда әр ел өз күйін күйттеп, халықты өз жағына тартуға тырысады. Мұнда Ресей, Украина, Қытай немесе АҚШ деп жеке елдер мен олардың басшылығын алып қарастыра алмаймыз, бірақ қарап тұрсақ, олардың әрқайсысына қазақстандық қоғамның иілгіш, сенгіш болуы пайдалы сынды. Елдің бүйрегін өзіне бұрғысы келеді. Сондықтан әр ел өзінің ұлттық қауіпсіздігін қорғауға мүдделі әрі құқылы. Осы құқықты әрі мүмкіндікті біз жан-жақты қолдануымыз шарт.

Көшкін Қадырұлы

Астана