Қазақстан АҚШ-ты 12:4, Ресейді 18:2 есебімен жеңе алады екен...
Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтіп жатыр. Ашылу салтанаты өткен 8 қыркүйектен бері елордада этноспорттың көрігі қызып тұр. Тіпті мұхит асып келген америкалық ковбойлардың өзі тұлпарын тебініп, додаға түсті. Ковбойлардың көкпар тартқанының өзі бір қызық болды.
Ұйымдастырушылар берген ақпаратқа сенсек, турнирде 89 елден келген 2430 спортшы бақ сынап жатыр. Сондай-ақ 560 спорттық ат, 45-ке жуық құс сайысқа түседі. Жарыс 6 күнге созылып, 13 қыркүйекте мәресіне жетеді. Спортшылар көкпар, күрес, садақ ату, арқан тартыс, құсбегілік, жамбы ату, бәйге, асық ату, аударыспақ сияқты 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жалпы медаль саны – 581.
Ойындар Астанадағы «Думан» қонақ үйі, «Қазанат» ипподромы, этноауыл, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны және «Астана Арена» стадионы қатарлы 6 спорт кешенінде өтіп жатыр.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – тарихтағы ең көп мемлекет қатысқан турнир болды. Бұған дейін ең көп болғанда 82 елдің спортшысы өнер көрсеткен. Ал 2014 жылы өткен алғашқы жарысқа небәрі 19 мемлекеттің спортшысы қатысқан. Соған қарағанда көшпенділер ойындарының ауқымы артып келе жатқан сияқты.
Биыл жарысқа алаң қожайындарынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Венгрия, Моңғолия және Ресей ең көп спортшы әкелді. Еуропадан Германия, Чехия, Франция; Африкадан Гана, Эфиопия, Нигерия, Зимбабве елдері Қазақстан астанасына спортшы жіберді. Ойындарға Ирландия, Венесуэла, Лаос қатарлы елдер алғаш рет қатысып отыр.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – әр екі жыл сайын өтеді. Қазақстан бұл жарысты тұңғыш рет қабылдап отыр. Бұған дейін турнир Қырғызстан мен Түркияда ғана өтті. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, Ойындарды өткізуге бюджеттен 5,7 миллиард теңге бөлінген. Бұған демеушілер беретін қаржыны қоссақ, жалпы 8 миллиард теңге жұмсалады.
Ұйымдастыру дирекциясының жетекшісі Наиль Нұров бұл сома – 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарының бюджетінен 20 есе, 2017 жылы Алматыда өткен Универсиаданың бюджетінен бес есе аз екенін айтып ақталды. Сірә, ол көктемде су тасқынынан ауыр зардап шеккен Қазақстан спорт жарысына неге мұнша көп қаржы жұмсайды деген сынға алдын ала жауап бергісі келген сияқты.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 253 миллион теңге. Әр спорт түрінде жеңіске жеткен спортшы әртүрлі сыйақы алады. Мысалы, көкпар, көкбөрі сияқты командалық жарыста жеңіске жеткен команда 10 миллион теңге, екінші орын иегері 6 миллион теңге, қола жүлдегер 4 миллион теңге алады. Әрине, бұл соманы Олимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақымен (алтын – 250 мың, күміс – 150 мың, қола – 75 мың доллар) салыстыруға да келмейді.
Сондай-ақ ұйымдастырушылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде Астанаға 100 мың турист келеді деп жар салып жүр. Бұл меже орындала ма, жоқ па, жарыс соңына қарай белгілі болады. Осындай сан-цифрды естігенде 2017 жылғы ЭКСПО кезінде Астанаға 2,3 миллион турист келеді деп мақтанып алып, жеме-жемге келгенде көрме залдарын мұғалім, дәрігер сияқты бюджеттік сала қызметкерлерімен толтырғанымыз еске түседі.
Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженовке хабарласып, Астана төріндегі дүбірлі дода қалай өтіп жатқанын сұрадық.
«Осы жолғы Көшпенділер ойындарының ұйымдастыру жұмысы осыған дейінгілерге қарағанда жоғары деңгейде болды. Қырғызстан мен Түркиядағы жарыстармен салыстырғанда Астанада инфрақұрылым өте жақсы болды. Жарыстар қалада өтіп жатыр. Бұған дейінгі Көшпенділер ойындары біздегідей алаңдарда өткен жоқ, олар салыстырмалы түрде жұпыны болды. Астанаға келген қонақтар ұйымдастыру мен инфрақұрылымға таңғалып жатыр. Кішігірім кемшіліктерді айтпағанда, ұйымдастыру жұмысына оң баға беруге болады.
Көшпенділер ойындары ұлттық құндылықты дәріптеп, дәстүрімізді жаңғыртып, ұлттық спортқа серпін беруге өте пайдалы деп есептеймін. Қазақша ойлайтын, қазақша сөйлейтін аудитория үшін үлкен мереке, той болып жатыр. Рухани жағынан пайдасы мол деп ойлаймын. Бірақ қаржыны көп жұмсап қойған сияқтымыз. Қазір әлемде шығынды барынша үнемдеуге тырысады. Париж Олимпиадасының өзі осыған баса назар аударды. Қонақжайлылығымыз қаржы шашумен өлшенбейді. Қонақжаймыз деп аста-төк шашыла беруге болмайды. Алдағы спорттық жарыстарда да осыны ескерген жөн. Спорттық жарыс өткізудегі ең басты мәселе – ұйымдастыру жүйесі, қауіпсіздігі және әділдігі.
Ал қаржы жағына келсек, бөлінген ақшаның есебі беріліп жатқан жоқ. Қаржы нақты қайда жұмсалғанын білмейміз. Менің ойымша, қаржы мәселесінде ашықтық керек. Жарыс аяқталған соң жемқорлыққа қарсы ұйымдар тексеріс жүргізу қажет деп ойлаймын. Өйткені ақша бюджеттен бөлініп отыр, сомасы да аз емес.
Біздің елде кәсіпқой спортқа, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлеріне өте көп қаржы жұмсалады. Былтыр депутаттар бір жылда 775 миллион доллар бөлінгенін айтты. Бұл өте үлкен сома. Бірақ Олимпиада, Азия ойындарында сол қаржыға сай нәтиже көрсете алған жоқпыз. Ал ұлттық спорт түрлеріне салыстырамалы түрде мүлде ақша бөлінбейді. Теңіздің тамшысындай ғана қаржы береді. Бұл сала жіті назарға алынбаған, жүйеге түспеген. Мәселе көп, ол жайлы үнемі айтып жүрміз. Бірақ Көшпенділер ойындарының арқасында ұлттық спортқа көңіл бөліне бастады. Осы бағыттан жаңылмай, ұлттық спортты аяққа тұрғызып, дамуын жолға қойып алсақ жақсы болар еді. Сол үшін осы мүмкіндікті жіберіп алмау керек. Қазір парламентте спорт және дене шынықтыру саласына қатысты заңға өзгеріс енгізу мәселесі қаралып жатыр. Сол заңға ұлттық спортты қосу керек деп ойлаймын», – дейді журналист.
Көкпардан жеңілсек, басқа жүлденің құны жоқ
Бүгін турнирдің төртінші жарыс күні аяқталды. Қазірге дейін қазақ спортшылары 27 алтын, 17 күміс, 23 қола медаль (жиыны 67 жүлде) жеңіп алып, командалық есепте көш бастап келеді. Ал екінші, үшінші орында тұрған Өзбекстан мен Қырғызстанның қоржынында 11 және 10 алтын ғана бар. Яғни Қазақстан құрамасы қарсыластарынан оқ бойы озық тұр.
Көшпенділер ойындарының көрігін қыздыратын, жанкүйер қауым асыға күтетін басты спорт – көкпар. Бұл сында Қазақстан мен Қырғызстан арасында бітіспес бәсекелестік бар. Бір кездері екі ел спортшылары арасында көкпарға бола үлкен дау шыққанын да білеміз. Әсіресе Қазақстан ұлттық спортын экс-депутат Бекболат Тілеухан басқарып тұрғанда жағдай ушығып кетті. Көкпардан Қазақстан құрамасы Қырғызстандағы жарысқа жаяу барып, күлкіге қалған. Қырғыздар қазақ көкпаршылары бізбен кездеспеу үшін Өзбекстаннан әдейі жеңілді деп шу шығарғаны да есімізде.
Қазақстан мен Қырғызстан көкпар қазандығы бойынша да бір тоқтамға келе алмады. Біздің жақ алаңға шеңбер сызуды ұсынса, қырғыздар биік қазандық орнататынын айтты. Ақыры екі елдің федерациясы өз дегенінен қайтпай, қазақтар көкпар, қырғыздар көкбөрі (көк бөрү) ойнап жүр. Биылғы ойында да қазандық мәселесі дауға ұласуы мүмкін еді, әркімнің көңілін тапқыш Астана жарыс бағдарламасына көкпар мен көкбөрінің екеуін де қосып, тығырықтан «оңай» шығып кетті.
Сөйтіп, Астанада көкпардан екі финал өтетін болды. Екі финалда да Қазақстан мен Қырғызстан кездеседі. Көкпардан Қазақстан құрамасы ширек финалда АҚШ-ты 12:4 есебімен, жартылай финалда Ресейді 18:2 есебімен жеңді. Ал қырғыздар Түркияны жеңіп, ақтық сынға жолдама алды. Көкбөрі бәсекесінің жартылай финалында Қазақстан спортшылары Түркияны 15:1 есебімен оңай ұтты. Ал Қырғызстан Ресей құрамасынан басым түсті.
Жанкүйерлерді тартысқа толы екі финал күтіп тұр. Екі тарап та алаңға, ойын ережесіне өкпе арта алмайды. Өйткені әркім өз қалауымен бір-бір кездесу өткізеді. Демек, көкпар спортының шын мықтысы осы жолы анықталуы мүмкін.
«Спортшыларымыздың нәтижесі жаман емес. Жалпы командалық есепте көш бастап келеді. Ұлттық спорт түріндегі шеберлеріміздің өнеріне еш сын айта алмаймын. Жанкүйерлер күтіп отырған басты бәсеке – қазақ пен қырғыз арасындағы көкпар финалы және соңғы күнгі бәйге. Егер көкпардан ұтылатын болсақ, оған дейін жеңіп алған барлық алтын медальдің құны жоғалады. Ұлттық ойындағы жеңіс өзге барлық жүлдеден құнды деп ойлаймын. Көкпардың финалын қазақ-қырғыз арасындағы Эль-класико деуге негіз бар. Осы сында жеңсек, үлкен спорттық мереке болады», – дейді Аслан Қаженов.
Күрестен – 12 алтын, кураштан – жалғыз алтын, алыштан – алтын жоқ
Жарыстың үшінші күнін Қазақстан құрамасы – 7 алтын, 7 күміс, 9 қола медальмен аяқтады. 7 алтынның төртеуін балуандар алса, екеуі – аударыспақтан, біреуі – жамбы атудан. Біздің спортшылар аударыспақтан жалпы 5 алтын мен бір күміс медаль алды.
10 қыркүйекте қазақ күресі мен өзбек курашынан бәсеке аяқталды. Қазақстандық балуандар 16 салмақ бойынша өткен (ерлер – 8, әйелдер – 8) қазақ күресінен 15 медаль (12 алтын, 1 күміс, 2 қола) жеңіп алды. Ал кураштан бізге 1 алтын ғана бұйырды. Одан бөлек, балуандарымыз 6 күміс пен 6 қола жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ мас-рестлингтен жарыс мәресіне жетті. Бұл сынды Қазақстан спортшылары 4 қола медальмен аяқтады.
Ал 11 қыркүйек, жарыстың төртінші күні Қазақстан қоржынына 6 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль түсті. Тоғызқұмалақ шеберлері 3 алтын мен 1 күміс медальге ие болды. Осылайша, бұл спорт түрінен сынға түскен 4 спортшымыз да жүлдеге қол жеткізді.
Ал қалған үш алтын асық ату, бес асық және powerful nomad спортынан бұйырды. Бүгін ерлер мен әйелдер арасында 12 салмақ дәрежесінде өткен қырғыздың ұлттық белбеу күресі алыштан Қазақстан балуандарының бірде-бір алтын медаль ала алмағанына таңғалып отырмыз. Атауы күрес, кураш, алыш болғанымен, бәрінің түбі жақын екені анық. Бірақ балуандарымыз өз күресімізден ғана ерледі, ал кураш пен алыштан нәтижеміз нашар.
Сөз соңында ұйымдастырушылар жарыс барысынан ақпарат таратуда сараңдық танытып отырғанын айта кетейік. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ресми сайты бар. Бірақ онда медальдік кесте ғана жаңарады, ал әр жарыстың хаттамасы толық жарияланған жоқ. Туризм және спорт министрлігінің сайты да ақпарат таратудан кешігіп жатыр. Бұл жарыс нәтижесін дер кезінде біліп отырғысы келетін жанкүйерлерге қиындық туғызатыны анық.
Материал дайындау барысында біз де жүйелі ақпарат таба алмай, әуреге түстік. Амалсыз 10 және 11 қыркүйекте еліміз спортшылары қанша медаль жеңіп алғанын өзіміз есептеп, қандай спорттан жүлде бұйырғанын өзіміз анықтауға тура келді. Үшінші жарыс күнінің қорытындысын спорт министрлігі 10 қыркүйек күні кешкі 21:13-те жариялапты. Ал 11 қыркүйектің нәтижесі 22:00-ге дейін шыққан жоқ. Ірі спорт бәсекесін өткізу – сәндеп стадион салып, спортшыларды сынға түсіру ғана емес, көрерменге сәт сайын ақпарат беріп, жарыстың жарнамасын жасай білу қажет. Өйткені спорт – жанкүйер үшін. Егер жанкүйер тамашаламаса, спортшыларды құр әуреге салудың қажеті қанша!
Қуаныш Қаппас