Қазақстан алғаш рет Қашаған мұнайын Қытайға тасымалдайды
Қазақстан тарихында алғаш рет Қашаған кен орнынан өндірілген мұнайдың бір бөлігі «Атасу–Алашанькоу» құбыры арқылы Қытайға жөнелтіледі.
Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап, желтоқсан айында Қазақстан Қашағаннан 50 мың тонна мұнайды тікелей Қытайға жеткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Бұған дейін бұл мұнай Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы экспортталуы тиіс еді. Қазақстан мұнайының шамамен 80%-ы дәл осы жүйемен жөнелтіледі.
Алайда 29 қарашада Новороссийскідегі КҚК терминалына украиналық дрондардың шабуылы салдарынан құбыр инфрақұрылымы толық қуатта жұмыс істей алмай қалды. Толық қалпына келтіру 11–13 желтоқсанға дейін басталмайды.
Қашаған мұнайын Қытайға бағыттау логикалық шешім саналады. Себебі кен орнын игеретін NCOC консорциумына қытайлық CNPC компаниясы да кіреді. Reuters мәліметінше, CNPC Қытайға «Атасу–Алашанькоу» арқылы шамамен 30 мың тонна мұнай алады, ал тағы 20 мың тонна – консорциумның жапондық Inpex компаниясының үлесі. «Атасу–Алашанькоу» құбыры Қазақстанды Қытайдың Шыңжаң аймағымен байланыстырады. Қазіргі таңда бұл маршрут негізінен басқа кен орындарының мұнайын тасымалдауға пайдаланылады және айына шамамен 85–86 мың тонна мұнай өтеді.