Қазақстан Армениямен әскери барлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді мақұлдады
Қазақстан Үкіметі Армениямен әскери барлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасын мақұлдады.
Қаулыда:
«Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметі арасындағы әскери барлау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасы мақұлдансын», - делінген.
Аталған келісім 1999 жылғы 2 қыркүйекте қабылданған Қазақстан мен Армения арасындағы достық және ынтымақтастық туралы шарт негізінде әзірленген.
Ынтымақтастық бағыттары
Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына және халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларына сәйкес келесі бағыттар бойынша ынтымақтасады:
-
уәкілетті органдар басшыларының ресми сапарлары мен сарапшылардың жұмыс кездесулерін ұйымдастыру;
-
өзекті мәселелер бойынша әскери барлау ақпараты мен сараптамалық бағаларды өзара алмасу;
-
халықаралық террористік және өзге де қауіп төндіретін ұйымдарға қарсы іс-қимыл жөніндегі ақпарат алмасу;
-
өңірлік әскери-саяси жағдай мен қауіпсіздікке қатер төндіретін факторлар туралы ақпаратты өзара мониторингтеу;
-
тараптардың өзара келісімімен анықталатын өзге де бағыттар.
Келісімнің мерзімі
Келісім 5 жыл мерзімге жасалады. Егер тараптардың ешқайсысы келісімді тоқтату туралы ниетін алты ай бұрын дипломатиялық арналар арқылы жазбаша хабарламаса, оның күші автоматты түрде келесі бесжылдық кезеңдерге ұзартылады.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Армениямен көші-қон саласындағы келісімді ратификациялау туралы заңға қол қойған.