Қазақстан азаматы ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша Ресейден экстрадицияланды
Ресей Федерациясынан ірі көлемдегі алаяқтыққа күдікті Қазақстан азаматы елге экстрадицияланды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлады.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2024-2025 жылдары Тараз қаласында өзін коммерциялық ұйымның қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға «тиімді әріптестік» ұсынған. Ол адамдарды көтерме сауда арқылы түрлі тауарларды сатып алып, кейін қайта сату жөніндегі ортақ бизнеске қаржы салуға үгіттеген. Күдікті жоғары табысқа уәде бергенімен, құқық қорғау органдарының мәліметінше, өз міндеттемелерін орындамаған және жиналған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Нәтижесінде Қазақстанның алты азаматы материалдық шығынға ұшыраған. Келтірілген жалпы залал көлемі 100 миллион теңгеден асады.
Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті елден бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Ол осы жылдың тамыз айында Ресей аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланған.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айып бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.