Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:20

Қазақстан азаматтарына тәулік бойы бақылау жасайтын ЖИ камералар орнатылады

Адамдар мен камера
Фото: Жас Алаш коллаж

Жаңа жүйе азаматтардың жүзін және көлік нөмірлерін тануға қабілетті болады.


«Ұлттық бейнемониторинг жүйесі» тек анықтау емес, сонымен қатар күмәнді жағдайларды — төбелес, адамдардың көп жиналуы сияқты оқиғаларды да белгілей алады. Бұл туралы Сенатта жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, мұндай технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті күшейтіп, полицияға оқыс жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған жейін Jas Alash жариялаған  "Енді бізді «Большой брат» бақылай ма?"   атты зерттеу мақаласында дәл осы қауіптерге назар аударылған еді. Онда авторлар «еститін мемлекет» идеясынан «тыңдайтын мемлекетке», ал енді «бақылайтын мемлекетке» айналу қаупі туралы ескерткен болатын.

Мақалада айтылғандай Қазақстандағы интернет пен бейнебақылау жүйелерін күшейту үрдісі – елдің цифрлық дамуындағы табиғи қадам сияқты көрінгенімен, оның саяси және құқықтық салдары әлдеқайда күрделі. Бір жағынан, үкімет қоғамдық қауіпсіздік пен құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатын алға тартады. Екінші жағынан, бұл процестер жеке өмірге қол сұғу, сөз еркіндігі мен азаматтық белсенділікті шектеу қаупін тудырып отыр.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің сөзінше, авторитарлық жүйелерде мұндай технологиялар ең алдымен саяси қарсыластар мен тәуелсіз журналистерді бақылауға жұмсалады. Демек, егер қоғамда қоғамдық бақылау мен ашықтық тетіктері дамымаса, кез келген «қауіпсіздік жүйесі» халықтың өзіне қарсы құралға айналуы мүмкін.