Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:52

Қазақстан Азербайджан арқылы мұнай тасымалын қайта бастау мәселесін қарастырып жатыр

мұнай
Фото: из открытых источников

Қазақстан ұлттық компаниясы «ҚазМұнайГаз» Азербайджанмен Баку — Тбилиси — Джейхан (БТД) мұнай құбырлары арқылы қазақстандық мұнай жеткізілімін қайта бастау жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр.

Ақордада өткен баспасөз мәслихатында министрге БТД арқылы экспортты қалпына келтіру жұмыстарының қазіргі жағдайы туралы сұрақ қойылды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенжанов ресми оператор тарапынан әлі нақты мәлімдеме жоқ екенін, бірақ келіссөздер шынымен жүріп жатқанын атап өтті. Министр мұнай жеткізілімдерінің уақытша тоқтатылғанын БАҚ арқылы білгенін айтты.

«Қазіргі уақытта «ҚазМұнайГаз» аталмыш бағыт бойынша жеткізілімдерді тезірек қалпына келтіру жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Жоспарларға келетін болсақ, есептеулер жасау қажет. Жалпы, бұл құбырдың өткізу қабілеті өте жоғары. Қазір ол жылына 25 млн тонна мұнай тасымалдайды, ал оның қуаты — 50 млн тонна. Сондықтан жоспарды орындау мүмкіндігі әрқашан бар», - деді Ерлан Ақкенжанов.

Министрлік бұған дейін Теңіз бен Қашаған кеніштерінен БТД арқылы мұнай жеткізілімін ұлғайтқысы келетінін білдірген болатын. Бұл Қазақстан үшін шикізатты Ресей арқылы өтпей экспорттаудың негізгі баламалы бағыттарының бірі болып саналады.

Өткен жылы ведомство Баку арқылы жеткізілімдерді бірнеше есе арттыру жоспарын жасаған еді. Алайда, «ҚазМұнайГаз» пен азербайджандық мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR арасында қол жеткізілген нақты келісімдер әлдеқайда аз болды. Себебі қазақстандық мұнайдың сапасы азербайджандық Azeri Light брендінен төмен, сондықтан құбыр тек Теңіз бен Қашағаннан алынған шектеулі көлемдегі шикізатты қабылдай алады.

Тамыз айының ортасында Қазақстанға Баку арқылы мұнай жөнелтуді уақытша тоқтатып, жеткізілімдерді Каспий құбыр консорциумы инфрақұрылымына бағыттауға тура келді. Себеп — БТД резервуарларының хлоридтермен ластануы, бұл азербайджандық мұнайдың сапасы мен бағасын күрт төмендетті. Кейін анықталғандай, Қазақстан бұл оқиғаға қатысы жоқ — Теңіз бен Қашаған мұнайында органикалық хлор қосылыстары табылмаған.

Тегтер: