Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:31

«Қазақстан балалары»: Үкімет балалардың құқықтарын қорғауға арналған бірыңғай тұжырымдаманы қабылдады

балалар
Фото: театрдың жеке мұрағатынан

Қазақстан Үкіметі балалардың құқықтары мен әл-ауқатын жүйелі түрде қорғауға бағытталған «Қазақстан балалары» атты бірыңғай тұжырымдаманы бекітті. Құжат білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік және әлеуметтік қолдау салаларын қамтиды.

Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 7 миллион бала өсіп келеді, бұл ел халқының 34 пайызына тең. Балалардың қандай ортада тәрбиеленетіні мемлекеттің болашағына тікелей әсер ететінін атап өткен Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы осы бағытта бірыңғай тұжырымдама әзірлеуді тапсырғанын еске салды.

Үкімет отырысында салалық министрлер тұжырымдаманың негізгі бағыттары туралы баяндама жасады. Құжатта балалардың құқықтарын қорғау бойынша нақты іс-шаралар жоспары көзделген. Ол білім беру, медицина, қауіпсіздік, әлеуметтік қамсыздандыру және отбасылық әл-ауқат мәселелерін қамтиды.

Қандай шаралар іске асырылды?

Премьер-министрдің айтуынша, соңғы жылдары балалардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар маңызды қадамдар жасалған:

  • Балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін заңнамалық база айтарлықтай кеңейтілді;
  • Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Әрбір өтініш бойынша міндетті түрде көмек көрсетіліп, тексерулер жүргізіледі;
  • Барлық өңірде балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер қызмет атқарып, жергілікті жерлерде бақылау жүргізуде;
  • 1 ақпаннан бастап барлық білім беру ұйымдарына «кенеттен тексеру» қағидаты бойынша қатаң бақылау енгізіледі. Бұл балалардың қауіпсіздігі, тамақтануы және сауықтыру мәселелеріне қатысты.

Сонымен қатар, қамқоршылық органдары мамандарының штаттық нормативі жаңартылып, әр 5 мың балаға кемінде бір маман қағидаты енгізілді. Нәтижесінде бір жыл ішінде бұл саладағы мамандар саны үш еседен астам артты. Әр өңірде балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылуы тиіс.

Алайда Олжас Бектенов бұл бағыттағы жұмыстың барлық өңірде бірдей жүрмей жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ақмола және Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ елордада ғана жүйелі жұмыс жүргізілген. Қалған өңірлерге екі ай ішінде тиісті басқармаларды құру тапсырылды.

Шешімін күтетін мәселелер бар

Премьер-министр бірқатар проблемалық тұстарға да тоқталды. Соңғы жылдары балалардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі артқанымен, дәрігер мамандар мен дәрі-дәрмек тапшылығы, сондай-ақ балалар реабилитациясы мәселелері әлі де өзекті.

Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау тетіктері енгізілгенімен, дефектолог, логопед, сурдолог сияқты тар бейінді мамандар жетіспейді. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігі, әсіресе цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлер, ауылдық жерлердегі үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларына қолжетімділіктің төмендігі де алаңдататын жайт ретінде аталды.