Қазақстан банктің алдында қол жайып тұр

Күні кеше ғана Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдеріндегі ең арзан және ең қымбат несиелерді атады.
Аталмыш комиссия ұсынған деректерге жүгінсек, Беларусьте несиелер бойынша орташа мөлшерлеме 11,8 пайыз болған. Арменияда – 12,7 пайыз, Ресейде ұзақ мерзімді несиелер үшін мөлшерлеме – 17,1 пайыз, қысқа мерзімді несиелер үшін – 22,3 пайыз, Қырғызстанда – 17,3 пайыз, ал Қазақстанда несиеге – 19 пайыздан 25,5 пайызға дейін мөлшерлеме белгіленеді. Осылайша, біздің елдегі несиелер өте қымбат болып отыр.
Мөлшерлеменің қымбаттығына қарамастан елде несие алу көрсеткіші де өсіп барады. Мәселен, 2024 жылы несие портфелінің жалпы көлемі 31,5 трлн теңгеге жеткен. Соның ішінде жеке тұлғаларға берілген несие көлемі 20,7 трлн теңгеге дейін өскен. 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша шамамен 9 млн-нан астам адамда несие бар деп есептеледі.
Елдің несиеге белшеден батқаны енді есіне түсті ме, биыл жыл басынан бері Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова несие рәсімдеуге, несие шарттарына қол қоюға қатысты жаңа реформаларды ұсына бастады. Соның ішінде 30 жыл бойы өзгеріске түспеген «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасының да таныстырылымы болды. Аталмыш заң жобасын мәжіліске апарған Әбілқасымова қазіргі заңның тым ескіргенін, 30 жылда бұл заңға 140-тан астам толықтырулар мен өзгерістер енгізілгенін, енді жаңа заң жобасы керегін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа заң жобасы экономиканы көтеруге, цифрлық активтер мен цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесін бекітуге, банктердің халықпен етене жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Алайда сарапшылар Әбілқасымованың жаңа заңы халықты қарыз құрсауынан құтқармайтынын айтады. Себебі қазір бұл салада делдалдардың айласы асып тұр. Мәселен, әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз «несие тарихыңызға қарамай кредит әпереміз», «бастапқы жарнасыз-ақ ипотека рәсімдейміз», «тауар алатын несиені қолма-қол ақшаға айналдырып береміз», «100 пайыз кепілдік береміз» деген жарнамалардан көз тұнады. Бұл схеманың соңы алаяқтыққа апарып соғатынын білмейтін халық осы несие делдалдарының қызметіне жиі жүгініп жүр. Деректерге жүгінсек, биыл І тоқсанда ғана халық 4 трлн теңге тұтыну несиесін алған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 6,7 пайыз көп. Сұраныс артқан сайын несие делдалдары да саңырауқұлақтай қаптап барады.
Әдетте несие делдалдары – банктер мен қарыз алушылардың арасында делдалдық қызмет атқаратын жеке немесе заңды тұлғалар болуы керек. Олар банктердің немесе микроқаржы ұйымдарының атынан клиенттерге несие рәсімдеуге көмектеседі, кеңес береді, құжаттарды дайындайды. Олардың қызметі: кімге, қандай банк несие беруі мүмкін екенін бағалап береді, әртүрлі банктердің шарттарын салыстырады, клиенттің атынан өтінім беріп, келіссөз жүргізеді. Қазақстанда ресми түрде тіркелген несие делдалдарының қызметін Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі бақылайды. Заң бойынша олардың жалған ақпарат беруге, алдауға, жасырын комиссиялар алуына тыйым салынған. Банкпен немесе микро қаржы ұйымдарымен ресми шарт негізінде ғана жұмыс істеуі талап етіледі. Десе де, осы талапқа пысқыра бермейтін, заңға бағынбайтын делдалдардың көбейіп кеткені жасырын емес.
20 пайыздық қызмет және несие тарихын тазарту
Мақала жазу барысында біз «кез келген банктен несие алып беруге 100 пайыз кепілдік береміз» деген жарнама берген делдалдардың біріне хабарласып көрдік. Өзін Зарина деп таныстырған алматылық бойжеткен барлық банктермен жұмыс істейтінін айтты. Делдалдың негізгі қоятын шарты – несие алатын адамда мерзімі өтіп кеткен кредит болмауы керек. Ал оның тапқан табысы жете ме, жоқ па, оған қарамастан, бес жылға 8 млн теңгеге дейін кепілсіз несие алып бере алады. Ол 8 млн теңгенің 20 пайызын, яғни 1 млн 600 мың теңгесін өзінің қызметі ретінде алып қалады. Қалған 6 млн 400 мың теңгені қолыңызға береді. Заринаның айтуынша, олардың комиссиясы 8 млн теңгеге дейінгі несие сомасы бойынша 20 пайыз, ал 8 млн теңгеден жоғары болса 15 пайыз екен. «Табысым орташа жалақыға жетпесе де несиенің рәсімделетініне қаншалықты кепілдік бересіз» деген сұраққа ол: «100 пайыз кепілдік беремін, комиссия несие шыққанда ғана алынады. Егер күмәндансаңыз, кеңсеге келіңіз, сөйлесейік», – деп қысқа қайырды.
Өзіне алып қалатын комиссиясының қомақтылығына қарап және «кез келген несиені шығарып беремін, несие тарихыңызды да тазартуға болады» деген уәделеріне қарап-ақ бұл несие делдалының қызметіне жүгіну қауіпті екенін аңғардық. Негізінде бұл делдал заң бойынша тіркелген болса қызмет көрсеткені үшін алатын комиссия құны 12 пайызға жетпеуі керек. Бұдан соң ол тұтынушының зейнетақы жарнасын, табыс салығын толық тексеруі тиіс. Егер кірісі жетпей тұрған болса қомақты көлемде несие рәсімдеуге кеңес бермейді. Демек, Зарина тәрізді делдалдар өзінің қалтасын қампайтуды ғана ойлап, халықты қарыз тұзағына байлап береді.
ҚНДРА әу бастан осындай делдалдарға тұсау салу керек еді. Өкінішке қарай, қазір бұларды бақылау, қадағалауғ, қатаң талап қою мүмкін болмай тұр. Тіпті олар кепілсіз несие мен тұтынушылық несие нарығынан бөлек ипотека нарығын да жайлап барады. Делдалдардың ипотека нарығындағы қызметі 300 мың теңгеден басталып, 1,5 млн теңгеге дейін барады екен. Ипотекаға пәтер алатын кезде делдалдардың қызметіне жүгінгендердің бірі алматылық Ажар Еспенбетова. Оның айтуынша, жұмысбасты болғандықтан әуелі осындай «көмекшілерге» барған.
«Бізде банктен, Отбасы банк арқылы ипотека рәсімдеп, баспана алу өте қиын. Өзін «ипотека брокерімен» деп таныстырған адам мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып беретін болды. Оның сөзіне сеніп, 3 млн теңгені ұстатып жібердім. Міне, содан бері төрт жыл өтті. Не үй жоқ, не кезегім жылжымайды. Мен бұл жерде алаяқтық барын білмедім. Ол өзінің қызметін таныстырып, сендірді. Қазір оның үстінен арыз жаздым. Мені ғана емес, бірнеше адамды алдағаны анықталды. Бірақ қамалған жоқ. Жайбарақат жүр. Телефон шалсақ алады, сауатты жауап береді. Арыз жазғанымызды да айттық. Бірақ еш саспайды», – дейді алматылық кейіпкеріміз.
Заңгер Жандос Өмірғалиев бұл саланы қадағалайтын заң әлсіз дейді. Делдалдардың көпшілігі маркетингтік айла-амалдарды шебер қолданады, клиентке өз қызметін «өткізеді». Көмек сұрай келген азаматтарға олардың несие тарихының нашар екенін, жалақысының жетпейтінін немесе басқа да айла-шара жасай отырып несиеге немесе ипотекаға қол жеткізудің жалғыз жолы – солардың қызметін пайдалану екенін айтып азғырады. Арыз жазылып ұсталған күннің өзінде олардың жазасы жеңіл.
«Мысалы, несие делдалдарына рұқсатсыз коммерциялық қызмет көрсетсе немесе ақпаратты жасырған жағдайда әкімшілік айыппұл салынады. Лицензия талаптарын бұзған ұйымдарға, жекелеген тұлғаларға лицензиядан айыру, қызметті тоқтату сияқты әкімшілік санкциялар қолданылады. Бұдан кейін азаматтық жауапкершілік деген бар. Мұндайда заңсыз рәсімделген несиелерді (егер дәлелденсе) сот арқылы жою талап етілуі мүмкін. Жәбірленген тұлға моральдық және материалдық шығынды өндіруді талап ете алады. Бірақ бұл ұзақ процесс. Осыны білгендіктен де несие делдалдары аса бір қорқа қоймайды. Ал қылмыстық жауапкершілік ретінде тұтынушының жеке куәлігін пайдаланумен жасалған қылмыс, құжаттарды жалған түрде жасау, ақша жымқыру секілді белгілерге сай келсе, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Алайда делдалдардың көбі әкімшілік жауапкершілікпен сытылып кетеді. Сондықтан ҚНРДА өздері ұсынып отырған «Банк және банктік қызметтер туралы» жаңа заңға несие делдалдарына қатысты бірнеше бап енгізу керек. Заңды қатаңдату қажет», – дейді заңгер.
Несие жолын қиындату проблеманы шеше ме?
Қатаң заң болмаса қазіргі ұсынып отырған пилоттық жобалардың бірде-бірі іске аспайды. Банк саласы дамымайды. Мәселен, ҚНРДА жуырда ғана Қазақстанда енді ірі көлемдегі несие рәсімдеген азаматтардың шешімін қайта қарауға қосымша уақыт ұсынылатынын айтқан. Бұл туралы агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова несие шартына қол қойылғаннан кейін банк белгілі бір уақыт аралығында қаражатты қарыз алушыға бірден аудармайтынын, бұл кезеңде тұтынушының да шешімін қайта ой елегінен өткізіп, тіпті несиеден бас тартуға мүмкіндігі болатынын мәлімдеді. Әбілқасымованың сөзінше, егер несие сомасы 1 млн теңгеден жоғары болса, қарыз алушыға қосымша 24 сағат уақыт беріледі. Бұл кезеңде клиенттердің алаяқтардың құрбаны болмауы үшін қосымша тексеріс жүргізіледі. Қарыз алушы алаяқтардың ықпалымен әрекет еткен болса, есін жиып, қайта ойланып, несиеден бас тартуға мүмкіндік алады. Орташа сомадағы қарыздарға – 8 сағат. Яғни 150-ден 250 айлық есептік көрсеткіш (шамамен 600 мыңнан 1 млн теңгеге дейінгі) көлемінде рәсімделетін несиелерге 8 сағаттық қосымша уақыт қарастырылған.
Бұл түсінікті делік. Бірақ несие беруді қиындату өз алдына, заңды айналып өтушілердің (делдалдардың) жазасы қандай болу керек? Банк секторының маманы, экономист-сарапшы Дәурен Арын «мұндай бастамаларды 2005 жылдан бері қолға алу керек еді», дейді. Бұған дейін мұндай қарызды бірнеше минут ішінде рәсімдей салатын. 2005 жылдары банктер аялдамаларда филиалдарын ашып алып, халыққа несиені тегін беретіндей таратты. Мұның салдарынан халықтың төлем қабілеті төмендеп, екінші деңгейлі банктердің проблемалы несие портфелі артты. Қаншама банктер тоқырауға түсті.
Енді қаржы ұйымдары несие берерде қарыз алушының тек несие тарихын ғана емес, қаржылық тәртібін де бағалайды деп жатыр. Яғни табысын басқару, жинау және жұмсау мәдениеті назарға алынады. Сонымен қатар жаңа ереже бойынша несие төлемін бір күн кешіктірген тұтынушыға да қарыз берілмейді. Яғни банктер төлемін 30 күнге кешіктіргендерге, ал микроқаржылық ұйымдар небәрі 24 сағатқа кешіктіргендерге несие рәсімдеуге тыйым салады. Өткен жылы агенттік 90 күннен астам мерзімін кешіктіргендерге несие беруге тыйым салған еді. Алайда мәселе шешілмеді, керісінше, проблемалық қарыз алушылар саны өскен. Мысалы, 2023 жылы «қара тізімнен» 280 мың адам шығарылса, биыл тағы 300 мың адам қосылған.
«Мұның барлығы кезінде осы салаға бақылаудың жоқтығынан болды. Банктер осы уақытқа дейін халыққа несие берумен ғана айналысып келді. Біздегі банктердің негізгі қызметі несие беру; жеке тұлғаларға: тұтынушылық несие, ипотека, автонесие; кәсіпорындарға: бизнес-несие, айналым қаражатын қаржыландыру, депозит тарту, жеке және заңды тұлғалардың қаражатын сақтап, пайызбен қайтару, ақша аудару, шот жүргізу, есепшот ашу, аударымдар жасау, төлем карталарын шығару. 30 жылдан асса да бірде-бір банктің ғылымды қаржыландырғанын, ғалымдарға гранттар бөлгенін, инновациялық жаңалықтарды өндіріске енгізуге ықпал еткенін көрмедік. Мысалы, өз жерінде машина‑құрылыс, автомобиль өндірісі, ауыр өнеркәсіп, жоғары технологиялы мұнай‑газ салаларын қаржыландыратын Ресей банктері Қазақстанға келіп жұмыс істегенде ондай жұмыс тәсілін ұстанбайды. Себебі бізде ондай талап жоқ. Заң жұмсақ, бақылау төмен. Жалпы, біздің үкіметке де жобаларды қаржыландыруға шетелдік банктер қарыз береді. Ал өзіміздің коммерциялық банктерден пайда шамалы. Олар тек халықты қарызға батырып күнелтіп отыр. Сондықтан да бұл салада несие делдалдарының айы оңынан туып тұр. Ал қазір ҚНДРА-ның несие беруге шектеу енгізіп жатқаны – делдалдардың дәуренін тіптен дәуірлетуі мүмкін. Себебі қазір қарапайым халықтың несиесіз тірлігі бітпейді. Қалайда несие алғысы келетін халық енді делдалдардың қызметіне жиі жүгінуі әбден мүмкін. Осы жағын да ойлау керек. Елімізде заң бойынша мұндай «көмекшілердің» қызметіне тыйым салынбаған. Өйткені олар көбінесе консалтинг компаниясы ретінде тіркеледі», – дейді Дәурен Арын.
Біз осы уақытқа дейін отандық банктерді экономиканың игілігіне пайдалана алмадық. Маман айтқандай, өндіріс қуатын арттыратын ауқымды жобаларға үнемі шетелдік банктерден қарыз алып келеміз. Қазір қарапайым халық той-томалағынан бастап, басқа да жөн-жоралғының барлығын кредит арқылы шешіп жүр. 2020 жылдан бері өз алдына жеке агенттік болып құрылған ҚНРДА бұл мәселеге енді-енді ғана назар аудара бастады. Гарвард пен Колумбияуниверситеттерінде мемлекеттік саясатты талдау, қаржы жүйесінің тұрақтылығы жәнеэкономикалық қауіпсіздікті меңгерген Мәдина Әбілқасымова «Қазақстанның қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» жайында да жиі айтып жүр. Тағы да ертегілік 2030-ды күтеміз...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ