Қазақстан Бас прокуратурасы шешен белсендісін Ресейге экстрадициялауға келісті
Қазақстанның Бас прокуратурасы шешен белсендісі Мансур Мовлаевті Ресейге экстрадициялау туралы ресейлік тараптың сұрауын қанағаттандырды.
Бұл туралы Азаттық Азия басылымына оның адвокаты Мұрат Адам мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, Бас прокуратура бұл жөніндегі қаулыны 27 қаңтарда шығарған. Құжатта Мовлаевты шешім қабылданған күннен бастап 30 күннен кешіктірмей Ресейге беру тапсырылған. Алайда қаулыда экстрадициялау себептері егжей-тегжейлі түсіндірілмей, тек Ресейде оған қатысты қылмыстық істің бар екені ғана көрсетілген.
Мұрат Адам бұл шешімді «күтпеген ғана емес, шок тудырған жағдай» деп атады. Қорғау тарапы шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді, оған заң бойынша 10 күн уақыт берілген.
Бұған дейін Қазақстан билігі Мансур Мовлаевқа босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Осы шешімге жауап ретінде белсенді тергеу изоляторынан хат жазып, Ресейге берілген жағдайда өзінің «қаза табуы мүмкін» екенін айтқан.
Адвокаттың хабарлауынша, Мовлаевқа босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешім қазір сотта даулануда. Алдын ала сот тыңдауы 11 ақпанға белгіленген. Қорғаушылар егер белсенді Ресейге экстрадицияланса, оны саяси қудалау мен азаптау күтіп тұр деп алаңдайды.
Қазіргі таңда Мансур Мовлаев Алматыда экстрадициялық қамауда отыр.
Мансур Мовлаев 2020 жылы Ресейде «есірткі заттарын заңсыз сақтау» бабымен сотталған. Алайда оның жақтастары бұл істі қолдан жасалған, ал қудалауды Грозныйдағы билікті сынағаны үшін кек алу деп есептейді. Адвокаттардың айтуынша, Мовлаев Шешенстанда жемқорлық, «кадыровшылардың келіп, адамдардың із-түссіз жоғалуы» туралы ашық айтқан.
2022 жылы ол шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Сол жылдың тамызында, құқық қорғаушылардың мәліметінше, Шешенстанда күштік құрылым өкілдері оны ұрлап әкетіп, құпия түрмелердің бірінде ұстаған. Ол кезеңде аймақта адамдарды ұрлау жиілеп, кейбір жағдайларда оларды Украинадағы соғысқа жібереміз деп қорқытқан.
Мовлаев қашып шығып, құжатсыз Қырғызстанға жеткен. 2023 жылы Бішкек соты оны шекараны заңсыз кесіп өткені үшін алты айға соттап, жазасын өтеген соң елден шығаруға шешім қабылдаған. Түрмеден босап шыққаннан кейін ол Қазақстанға қашып өткен, бірақ 2025 жылдың мамырында Алматыда ұсталып, алдымен 40 тәулікке, кейін қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылған.
Құқық қорғау ұйымдары Қазақстан Ресейде саяси көзқарасы үшін қудаланған адамдар үшін қауіпсіз ел емес екенін бірнеше рет атап өткен.