Қазақстан баспасөз бостандығы рейтингінде 141-орында— RSF

Халықаралық «Шекарасыз репортерлар» (Reporters sans frontières, RSF) ұйымы 2025 жылға арналған жаһандық баспасөз бостандығы рейтингін жариялады. Бұл тізімде Қазақстан 180 елдің ішінде 141-орынға жайғасты.
Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстан бір сатыға жоғарылағанымен, елдегі жағдай RSF есебінде «өте күрделі» деп бағаланған.
Цензура — заңда тыйым салынса да, өмірде бар
Есепте Конституцияда цензураға тыйым салынғанына қарамастан, оның әлі де бар екені көрсетілген. RSF мәліметінше, жала жабу қылмыстық кодекстен алынып тасталғанымен, «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша журналистерді қудалау жалғасып жатыр.
Дереккөзді қорғау — шартты ұғым
Сонымен қатар, журналистердің ақпарат көздерінің құпиялылығына құқықтары сот шешімімен оңай жойыла алады. 2024 жылы қабылданған БАҚ туралы заңдағы өзгерістер үкіметтің медиа саласына бақылауын күшейткен.
— «Сыртқы істер министрлігі енді кез келген журналист немесе БАҚ-ты аккредитациядан бас тартуға құқылы. Ол үшін тек "ұлттық қауіпсіздік" деген бұлыңғыр себеп жеткілікті», — делінген RSF есебінде.
Журналистикаға сенім төмендеп барады
Ұйымның айтуынша, Қазақстанда журналистикаға деген қоғамдық сенім де төмен деңгейде қалып отыр. Халықтың көп бөлігі ақпаратты блогерлер мен әлеуметтік желідегі аноним көздерден алуды жөн көреді.