Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне мүше болуға ешқандай жарна төлемеген
Қазақстан АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің құрамына кірді. Алайда республика ұйым жарғысында көрсетілген 1 миллиард доллар көлеміндегі ерікті жарнаны төлемеген. Бұл туралы Президент әкімшілігі мәлімдеді.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Бейбітшілік кеңесіне мүше болу — әр мемлекеттің дербес таңдауы және ол міндетті қаржылық төлеммен байланысты емес. Кеңестің жарғысында 1 миллиард доллар көлеміндегі жарна тек ұйымдағы мүшелік мерзімді стандартты үш жылдық кезеңнен ұзарту мүмкіндігін беретін тетік ретінде қарастырылған.
«Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне ешқандай қаржылық міндеттеме алмай-ақ қосылды. Бұл шешім ұйымның жарғы талаптарына толық сәйкес қабылданды», — делінген хабарламада.
Бейбітшілік кеңесі Дональд Трамптың бастамасымен құрылып, қазіргі таңда оған 18 мемлекет мүше. Олардың қатарында Қазақстанмен бірге Сауд Арабиясы, Түркия, Армения, Әзербайжан және өзге де елдер бар.
Сонымен бірге Трамп әкімшілігі кеңеске қатысушы елдерге 1 миллиард доллар көлемінде жарна төлеу мүмкіндігін ұсынып отыр. Жарғы жобасына сәйкес, әрбір мемлекеттің өкілеттік мерзімі құжат күшіне енген күннен бастап үш жылдан аспауы тиіс. Ал көрсетілген соманы төлеген жағдайда бұл шектеу қолданылмайды.
Айта кетейік, 16 қаңтар күні Ақ үй Газа мәселесіне арналған Бейбітшілік кеңесінің құрамын ресми түрде жариялады. Кеңес жұмысына АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф және АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер қатысады.