Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:40

Қазақстан-Британ техникалық университеті мемлекетке өтті

1

Қазақстандық бірқатар БАҚ Алматыдағы Қазақстан-Британ техникалық университеті мемлекет меншігіне өткенін хабарлады.

Қаржылық есептілік депозитариіне сілтеген баспасөз құралдары 27 ақпаннан бастап университетке "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" иелік ететінін жазды.

"Қазақстан-Британ техникалық университеті" акционерлік қоғамы осыған дейін "Нұрсұлтан Назарбаев білім қорына" тиесілі болғаны көрсетілген. Қордың негізін қалаушы және құрылтайшысы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы Динара Құлыбаева.

Университеттің бұқарамен байланыс жөніндегі қызметкері бұл ақпаратты телефонмен растай алмайтынын айтып, сауал-хат жолдауды сұрады.

Forbes басылымының ақпаратына қарағанда, Динара Құлыбаева күйеуі Тимур Құлыбаев екеуі Қазақстанның ең ауқатты адамдарының қатарында. Басылым екеуінің байлығын 10 млрд долларға бағаланады.

Ақпанның басында Bloomberg басылымы Тимур Құлыбаев Қазақстан үкіметіне 1 млрд доллар төлеу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Тегтер: