Қазақстан БҰҰ ұсынған үш маңызды құжатты толық қолдайтынын мәлімдеді
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясы шеңберінде өткен Болашақ саммитінде сөз сөйледі.
Ол өз сөзінде көпжақты ынтымақтастықтың, БҰҰ реформасының және климаттың өзгеруі, ядролық қауіпсіздік және цифрлық трансформация сияқты сын-қатерлерді шешуге бағытталған жаһандық күш-жігердің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстанның БҰҰ Бас хатшысының бастамаларын және Болашақ саммитінің барлық негізгі құжаттарын толық қолдайтынын растай отырып, «Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше барлық елдермен және оның институттарымен біздің планетамыз және бүкіл адамзат үшін де жарқын болашақты қамтамасыз етуде күш біріктіру үшін бүгін Қазақстан осында тұр», – деді М.Нұртілеу.
Министр Қазақстан Болашақ саммитінде қабылданған үш маңызды құжатқа: Болашақ үшін жасалған пактіге, Жаңа цифрлық шартқа және Болашақ ұрпақ туралы декларацияға толық қолдау білдіргенін айтты. Бұл құжаттар көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға және климаттың өзгеруін, технологиялық трансформацияны және қауіпсіздік қатерлерін қоса алғанда, қазіргі заманның экзистенциалды қатерлерін шешу үшін тиімді жаһандық жүйені құруға бағытталған.
Айта кетейік, Пакт 22 қыркүйекте екі күндік «Болашақ саммитінің» ашылуында қабылданды. Ол сонымен қатар Жаһандық цифрлық шарт пен болашақ ұрпақ туралы декларациямен бірге жүреді. Біріншісі цифрлық технологиялар мен олардың қолданылуына қатысты болса, екіншісі әр ел өз ұрпағын түрлі апаттардан құтқару үшін міндеттемелер алуға шақырады.
Құжатты қабылдауға Ресей, сондай-ақ Солтүстік Корея, Никарагуа, Сирия, Судан, Иран және Беларусь қарсы болған.